33-жаттығу.Оқып шығып, фразалық тіркестерді табыңыздар да, қандай мәнде айтылып тұрғанына түсінік беріңіздер.
1. Горбунов Амантайды, есіктен шыққанша, жаман көзімен жөнелтіп салды (С. М.). 2. Адассаң, өзім бармын. Жарғақ құлағым жастыққа тимейді, іздейтін боламын (С. Шайм.), 3. Сүттен ақ, судан таза адамды балағаттауға ұялсаңшы (М. И.). 4. Мұндайда аузын бағатын күзетші Мәмет қарт та сөйледі (Ғ. Мұст,). 5. Бірақ жаңағы Сақабаев сияқтыларға сеніп, етек басты болып отырып қала береді (Ә. Нұрш.). 6. Келіні оның құлақ аспаған түрін көрсе де, тоқтайтын емес. 7. Осының бәрі, күнде есіте берген соң, еті өліп, құлағы қанған әңгіме сияқты. 8. Ендігі жан ашырдан жалғыз немере інісі Рай болса әлі жас, қарт әжесі екеуі өз алдына қос болып, түтін түтетіп отьір. 9. Ақбалаға үйленгеннен бері ғана, Еламан өзіне туыс тауып, қайын жұртына кәдімгідей арқа сүйейтін болды. Әйелінің ата-анасы бұған ата-анадан бір де кем болмай, бауыр басып кетті (Ә. Н.). 10. Аспанды алақандай, жерді тебінгідей қылатын ештеңе жоқ. 11. Мейрамның сөзін алғаш естіген Жанәбіл қазір аузының суы құри айтып отыр (Ғ. Мұст.). 12. Мұхаммедияр жұмған аузын ашпады (С. М.). 13. Жан алып, жан берген қызу жұмыс осы арада (Ғ. Мұст.).
№10 практикалық сабақ. Мақал-мәтелдер.
Тұрақты тіркестердің ендігі бір түрі – мақал мен мәтелдер. Мақал мен мәтел – халықтың ғасырлар бойғы іс-тәжірибесінен, өмір тануынан қорытылып, ереже түрінде тұжырымдалған аталы сөзі, ой түйіні.
Мақал мен мәтелдің идиома, фразаларға ұқсас жағы болумен қатар, олардың ерекше айырмашылықтары да бар. Ұқсас жағы – сыртқы құрылымы, сөздердің орын тәртібі тұрақты болады; айырмашылығы – біріншіден, мақал-мәтелдің құрамындағы сөздер өздерінің лексикалық мағынасын толық сақтап, сөйлем мүшесіне талдауға келеді; екіншіден, егер идиома мен фраза сөйлем ішінде басқа сөздермен байланысу үшін тұлғалық өзгеріске ұшыраса, мақал-мәтелдер ешбір өзгеріске түспей, басқа сөзбен не сөйлеммен де етістігі арқылы байланысады. Салыстырыңыз.
Идиома немесе фраза
Бірнеше адам оларды қоршап алған: мәз, қолтықтарына дым бүркіп, дем береді (З .Ш.).