Мақсаттыкелер шақ. Бұл – қимылдың болу, мақсатын білдіреді. Мысалы: бар-мақ-пын, кел-мек-сің, оқы-мақ-пыз, үйрен-бек-сің, сөйлес-пек-сіз. Мақсатты келер шақ етістіктің түбіріне -мақ, -мек, -пақ, -пек,-бақ, -бек жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Жақтық мағына жіктік жалғауы арқылы беріледі. Мысалы: Оқытып, өз қолымнан тәрбиелеп жүрген қаншама балаларым бар, оларды қалай тастап кетпекпін ? (Б. М.).
Мақсатты келер шақ дара, күрделі болып келеді. Мысалы: келмек, көрмек, айтып келмек, біліп қоймақ, жазып жүрмек, көріп тұрмақ т. б.
Мақсатты келер шақтың болымсыз түрі болымсыз жұрнақ және емес сөзінің тіркесі арқылы жасалады. Дара мақсатты келер шақтың болымсыздық мағынасы емес сөзінің тіркесі арқылы жасалады. Мысалы: айтпақ емес, болмақ емес, жүрмек емес. Күрделі мақсатты келер шақтың болымсыздық мағынасы екі жолмен де жасалады:
1. -ма, -ме жұрнағы күрделі етістіктің негізгі сыңарына жалғанады. Мысалы: айтпай қоймақ, жазбай отырмақ, бітірмей келмек т. б.
2. Емес сөзінің тіркесі арқылы жасалады. Мысалы: жазып жүрмекші емес, кетіп қалмақшы емес. 71-жаттығу. Текстен болжалды келер шақты ажыратыңыздар.
1. Жасауды Козловқа тапсырармын, сіз көмектесерсіз ( Ғ.Мұст.). 2. Мүмкін, сол даңқ мұрасының көрнекті жеріне кірпіш болып мен де қаланармын (Ә. Ә.). 3. Біз желкеден қадалған найзадай шығармыз,жау тыныш ұйықтай алмас, ұйқы да бермес, - дедім (Ғ. М.). 4. Өмір бойы бітпеген дауды бітіретін біз болармыз, отағасы (Ғ. Муст.).
3. Өткен шақ Өткен шақ қимыл-әрекеттің сөйлеушінің хабарлауынан бұрын болғанын білдіреді. Мысалы: Лиза жылы жүзбен қызға қолын ұсынды (С.Е.). Мағына ерекшелігіне қарай өткен шақ үшке бөлінеді: жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ауыспалы өткен шақ.
Жедел өткен шақ. Өткен шақтың бұл түрі жақын арада болған қимылды білдіреді.
Жедел өткен шақ етістіктің түбіріне -ды, -ді, -ты, -ті жұрнағы жалғану арқылы жасалады; жақтық мағынасы жіктік жалғауының қысқа түрі арқылы беріледі. Мысалы: Мен келдім. Сен келдің. Сіз келдіңіз. Ол келді. Жедел өткен шақ дара күрделі түрде қолданылады. Мысалы: Келді, алып келді, көрді, айтып көрді, жазды; жазып бердi, қайтты, қайтып кетті. Бұл шактың, болымсыз түрі -ма, -ме жұрнағы арқылы жасалады. Мысалы: бармады, алып бармады, алмай барды. 72-жаттығу.Жедел өткен шақты тауып, оның жасалу жолын айтыңыздар.
Біз келгенде, ойын жаңа басталған екен. Шұғалар өлеңдерін тоқтатып, арқаннан түсті. Жай әзілмен көп уақыт оздырдық. Домбыра алдырып, Әбдірақман ән салды. Бейшара, жігіт еді ғой. Ондай ойындарда бір түрлі ұстайтын аркасы бар еді. Өлеңді түйдектетіп үзбестен соқты. Жұрттың бәрі Әбдірақманның аузына қарады. Жатып қалған бірен-саран кемпірлер шапандарын жамылып келіп, өлең тыңдасты. Ойын-күлкінің қызығымен таң атқанын да білмей қалдық (Б. М.).