Саяси сананың атқаратын қызметтері. Саяси сананың коғам өмірінде атқаратын рөлі оның кызметтеріне байланысты сан килы болып келеді. Адамдардың, саяси топтардың өз мүдделерін түсінуі, басқалардың мүмкіндіктерімен салыстыра қарастыруы, мемлекеттік билік институттарымен қарым-қатынастарын сана-сезім елегінен өткізуі, саяси іс-әрекеттерге белсене қатысуға жұмылдырылуы осы саяси санаға тәуелді. Саяси сананың қызметтерін былай деп жіктеуге болады:
а) танымдық (когнитивтік): саясат саласының әр түрлі қыр-сырларын танып-білуге деген мұқтаждық;
ә) идеологиялық: мемлекетті, ұлтты, саяси партияны билікте қол жеткен шептерді берік ұстап, сақтап калуға топтастыру қажеттілігі;
б) коммуникативтік: саясат субъектілерін билік институттарымен өзара байланыстыруды камтамасыз етуге деген кызметі;
в) болжамдық: саясат субъектілерінің саяси үдерістердің барысын бағдарлауға, соған орай саяси мақсаттар қоя білуге деген қабілеттілігі;
г) тәрбиелік: белгілі мақсат-мұраттарға сай саяси мінез- құлықты қалыптастыруға ықпал етуге деген мүмкіндігі.
Саяси сана деңгейлері. Жүйелі құрылым ретіндегі саяси сананың өз деңгейлері бар. Ең төменгісі — оның қарапайым деңгейі, яғни адамдардың күнделікті өмірде туындайтын саяси көзқарастары, пікірлері, соларға байланысты сезімдері, жай-күйлері. Саяси ахуалға орай ол тез өзгеріп, құбылып отырады. Одан кейінгісі — субъектілердің саяси үдерістерге тікелей қатынасынан, саяси-тәжірибелік іс-әрекетінен туындайтын эмпириялық деңгей; бұған саяси құбылыстарды қабылдаудан туатын сезімдер, елестер, күйзелулермен қатар индуктивтік қорытындылар жатады. Саяси сананың жоғары деңгейі — саяси идеяларға, тұғырнамаларға негізделген көзқарастарды құрастыратын теориялық деңгей. Теориялық деңгейдегі саяси сана саяси мақсаттар мен міндеттерді, оларға қол жеткізудің әдістері мен құралдарын анықтауға, саяси шешімдер мен бағдарламаларды қалыптастырып, олардың іске асуын бақылауға жол ашады.
Саяси сананың негізгі екі түрі бар. Біріншісі — арнайыланған саяси сана, оның басты мақсаты белгілі бір бағдарлар мен қағидаларды қалыптастыру, дамыту және оларды қоғамдық таптың, әлеуметтік топтың немесе партиялар мен козғалыстардың қатардағы мүшелерінің санасына енгізу болып табылады. Саяси партиялар, өзге де саяси ұйымдар мен бірлестіктер арнайыланған саяси сананың иегерлеріне жатады. Екіншісі — бұқаралық саяси сана, ол қоғам мұқтаждықтарының мазмұны мен деңгейін айқындап, саяси шындық жөніндегі қоғамдық білімнің тұрпатына, нақтылы тарихи ахуалдың мазмұнына сай, үнемі өзгеріп отырады. Бұқаралық саяси сананың субъектілері — күнделікті өмірдің барлық қайталанбас оқиғаларына белсене араласып жүрген өз мінез-құлқы, қадір-қасиеті бар нақтылы адамдар, бұқара халықтың өкілдері. Әрине, біріншісіне қарағанда бұқаралық сана әлдеқайда тайыз, ол көбіне саяси құбылыстардың ішкі мәнінен гөрі сыртқы сипатына ғана тоқталады.
Арнайыланған саяси сана саяси идеологияға жетелейді, ал бұқаралық саяси сана саяси психологиямен шендес. Саяси идеология шындықты саналы түрде бейнелеп, ұғымдар мен принциптер негізінде жүйелі түрде құрылады. Саяси психология болса, ол саяси нақтылықтың сезімдермен, әр түрлі көңіл-күй жағдайларымен (қуаныш, реніш, үрей және т.б.) байланысты бейнеленуін білдіреді. Саяси идеологиясыз ешқандай мемлекеттік билік болмайды, өйткені ол билікті қолдап, қорғап, оған дем беріп отыруға арналған. Идеологияның, егер ол дұрыс құрылған болса, әлеуметтік топтардың әр түрлі, кейде тіпті бір-біріне қарама-карсы мүдделері болғанына қарамастан, олардың белгілі бір деңгейде ортақ тіл табысуына жағдай жасап, қоғамды алға бастыруға өз септігін тигізетіні белгілі.
Расында, қандай да болмасын адамның қызметі (соның ішінде саяси қызмет те) белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталатыны анық. Ал саяси қызметтің қандай мақсаттар қоятыны саясаткердің дүниеге деген көзқарасына, адам мен қоғам туралы түсініктеріне, кандай құндылықтарды қалайтынына байланысты. Әлеуметтік топтың (таптың, ұлттың және т.б.), жеке бір адамның (индивидтің) мүдделерін, оларға сай келетін құндылықтарын білдіретін қағидалар жүйесін идеология деп атайды. Саяси идеология шындықты түсінудің тәсілі, әлеуметтік игіліктерге деген ұмтылысты білдірудің идеалдық формасы болып табылады. Жеке адамдардың, топтардың, партиялардың саяси кызметінің бағытын, мән-мағынасын анықтай отырып, идеология олардың саяси мінез-құлқын демдейтін дүниетанымдық негіз болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |