Шығыс септік. Шығыс септік тұлғасы қазіргі түркі тілдерінде әр түрлі варианттарда кездеседі: бірсыпыра тілдерде тек д дыбысынан ғана басталса, кейбірінде тек қана қатаң т дыбысынан басталады. Ал, қазақ тілі мен тағы да кейбір т, д, н дыбыстарынан басталған, дауыстылардың ыңғайына қарай алты түрлі вариантта ұшырасады. Түркі тілдерінің өте ескі кезеңінде шығыс мәнін беретін арнаулы қосымша болды ма дейтін мәселеде бірсыпыра зерттеушілер бұл қызметті сөйлем құрамында жатыс септік атқарған деп қарайды. Мұндай көзқарасқа дәлел болатын Күл тегін мен Тонықұқ ескерткіштерінің тілі. Бұлардың екеуінде де шығыс септіктің арнаулы тұлғасы өте сирек ұшырайды. Ал, оның қызметін, мәнін, осында бұрын айтылғандай, көбінесе жатыс жалғау атқарған. Осыған сүйене отырып Радлов та, кейін сол жазу ескерткіштерін жинап, грамматикалық комментарий берген. Малов та ол дәуірде шығыс септіктің арнаулы қосымшасы бар деп айтпайды. Дегенмен, мына сөйлемдер құрамындағы бір-екі мысалға тоқталайық: Өңден қағанғару сүйорыдым (Т) - Оң жақтан хандыққа қарай әскер аттанды. Йарақлығ қантан келіп йаңа елтді? Сүнглігг кантан келіпен сүре елтді? - Жарақтылар қайдан келіп толқындатты? Сүңлілер қайдан келіп ерітті? Осындағы өңден (оңынан), қантан сөздері шығыс тұлғалы мекендік (іс-әрекеттің шығар көзі) мәнде қолданылғаны айқын.
Шығыс септік қосымшаларын ескерткіштер бойыенша салыстырып қарағанда мына жайт байқалады: көне түркі жазбаларында қысаң дауысты варианттар да (-тын,-тін), ашық дауысты варианттар да (-тан, -тен-ден) кездеседі. Қашқари сөздігінде солай. Сірә, бұл Қашқари сөздігінде сол кездегі түркі тайпалары тілдерінің барлығының материалы берілуіне байланысты болса керек. Мәселен: Алғыл өгүт мендін оғұл ердем тіле,
Бойда ұлұқ білге болұп білкің үлә.
Ұл, менен насихат ал, жәрдем тіле,
Елде ұлық, дана болып, білік үлес [3;80].
Шығыс жалғауының этимологиялық негізін зерттеушілердің қайсысы да оның алғашқы бөлігі (да-н) жатыс жалғауы деп қарайды. Соңғы элементтің тегі жайлы әр түрлі пікірлер бар. Рясеннің пікірі бойынша шығыс септік тұлғасы жатыс және құралдық септіктің қосындысы. Ол көне жазбалар тіліндегі бірен-саран сөздерге шығыс жалғауының қабаттасып жалғануын (оғуздантан т.б.) негізге алып, мынадай жорамал айтады: іс-әрекеттің шығар пунктін айқынырақ айту үшін жатыс жалғауының үстіне йан (жаны) сөзі тіркестіріле қолданылған: оғуздайан. Кейін жатыс жалғауы мен этниканың (йан) кірігіп, қысқаруы нәтижесінде –дан тұлғасы шыққан.
Бұл тұлға жайында соңғы кезде пікір айтқан – Б.А.Серебренников. Ол Рясеннің пікірін де, Рамстед пікірін де толық қостамайды. Шығыс қосымшасы –да негізінде қалыптасқанын айта отырып, Б.А.Серебренников соңғы элемент (-н) құралдық мәнді емес, белгілі бір орыннан басқа жаққа жұмсалған қимылдың бағытын білдіретін қосымша болу керек деп есептейді. Қазіргі шығыс септігінің мәні мен қызметін ескерсек, ғалымның бұл пікірі шындыққа әлдеқайда жақын екенін мойындамасқа болмайды. Сөйтіп, -дан құрамын тарихи тұрғыдан былай түсіндіруге болар еді: -да істің статикалық (қозғалыссыз) мекенін білдіреді де, -н істің бағытын білдіреді. Осы ізбен таман, дейін, шейін, кейін сөздері құрамындағы –н –ді бір кезгі сондай қосымша деп қарау керек.
Шығыс септік тұлғасының ерекше түрі мен-ен, сен-ен. Көне түркі ескерткіштер тілінде де, қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде (башқұрт, алтай, шор тілдерінен басқалары) І-ІІ ж. жіктеу есімдіктерінің шығыс жалғауында мұндай тұлғалануы кездеспейді. Қазақ тіліне жақын деп қаралатын қыпшақ жазбалары тілінде де мен, сен есімдіктерінің шығыс септікте тұлғалануы мен-ден, сен-ден тәріздес, яғни қазіргі көпшілік түркі тілдерінде кездесетін жүйемен келеді. Мен, сен есімдіктері осы тәріздес болса да, бұлардың көпше түрі зат есімдермен бірдей: біз-ден, сіз-ден. Сөйтіп, айырмашылық тек жекеше түрінде ғана. Ф.Г.Исхахов бұл ерекшелікті: "Септелетін негіздің соңғы н дыбысы аффикстің басқа н (д) дыбысымен ұласып кеткен",-деп түсіндіреді. Ф.Г.Исхаховтың ізімен түбірдің соңғы дыбысы мен қосымшаның басқы дыбысының "ұласуы" деп қарауға басқа дәлел жоқ. Өйткені қазақ тілінде бұдан басқа ыңғайында осындай позицияға қатар келген екі н дыбысының ұласуы байқалмайды.
Шығыс септік жалғауының негізгі мағыналары мыналар: істің, әрекеттің шығар көзін, іс-әрекеттің таралған, ажыраған объектісін білдіру. Сонымен бірге әрекеттің себебін білдіреді: Ер ышдын қорқуды. - Ер істен қорықты. Ол мендін тұрқығланды. Ол менен ұялды, қысылды (МҚ).
Достарыңызбен бөлісу: |