-ған қосымшасының тарихи құрамын анықтауда мына фактілер ескерілуі керек: көне түркі тілінде, қазіргі кейбір түркі тілінде де (құмық тілінде) барыс септіктің –ғар форманты бар. Н.К.Дмитриев шағатай әдеби тіліне тән деп қарайтын –ғар о баста дербес сөзден қалыптасқан деп есептейді. Соңғы жайды ескерсек, қазақ тіліндегі -ған көне түркілік –ғар қосымшасына ешбір қатысты болмауы әбден мүмкін. Сондай-ақ Ф.Г.Исхаковтың: «Біздіңше, үш түрлі түсіндіруге болады: 1) –ған >-ғар, 2) оған «ему» онға: н мен ғ метотеза жолымен орын ауысқан, 3) оған «ему»>оға>оғар» деп түсіндіруі де фактілермен дәлелденбейді. Өйткені р>н ауысуын түркі тілдері тарихы білмейді. Көне түркілік –ғару тұлғасынан қалыптасқан дейтін пікірді Г.Рамстедт те аңғартады.
Тәуелдеулі сөздерге жалғанатын барыс септіктің –на қосымшасын В.Котвич «Бұл ІІІ жақ тәуелдік қосымшасы мен барыс септік қосымшасының қосындысы: -ы+н+а»- деп түсіндіреді. В.Котвич пікірін тек қана түркілік материалдар негізінде түсіндіру мүмкін бола бермейді. Өйткені тәуелдіктің 3-жағы түркі тілдерінде тек қана –ы (дауыссызға біткен түбірлерге). Қазіргі түркі тілдерінің көпшілігі септік жалғауынсыз келген тәуелденген есімді осы сипатында ғана қолданады. Алайда, барыс септікте тәуелдіктің 3-жағындағы есімнің -на қосымшалы болып келуі түркі тілдері тарихында жаңалық емес, ежелгі құбылыстардың бірі. Қазіргі түркі тілдерінің ішінде чуваш тілі барыс септіктің осындай қосымшасын қолданады. Бірақ чуваш тіліндегі –на тәуелдік тұлғадағы сөздерге емес, а, е дауыстыларына аяқталған сөздерге ғана жалғанады. Сөйтіп, чуваш тілінде де тәуелденген сөздерге жалғанатын көне түркілік –а қосымшасы сақталғанда түбір мен қосымша арасында «жұмбақ» н пайда болады. Егер жоғарыда келтірілген В.Котвич пікірін еске алсақ, -на (немесе -ына) қосымшасының құрамындағы –н (дұрысы -ын) моңғол тілдерінде белгілі тәуелдіктің 3-жағы деп қана қарау керек болады.
Сонымен қазақ тіліндегі барыс септік кем дегенде екі түрлі септіктің ізін (мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да) байқатады. Барыс септіктің қазіргі тіліміздегі қосымшалары көне түркілік есімдердің септелуі мен тәуелдеулі септеудің негізгі ерекшеліктеріне бейім түрінде қалған. Бірақ Орта ғасырлық түркі әдеби тілінде («Құдадқу білік» тілінде) ұшырасатын барыс септік жалғауларының әр келкі қолданысы қазақ тілінен байқалмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |