58.Әр түрлі салалардағы сыбайлас жемқорлық әрекет үшін моральдық-этикалық жауапкершілікті талдап беріңіз; Қазіргі кезеңде баршамызды алаң-датып отырған мәселе — қоғамдағы сыбайлас жемқорлық. Осы індеттің салдарынан еліміздің әр азаматы зардап шегіп отыр десек қателеспейтін шығармыз.
Өйткені сыбайлас жемқорлық қоғам өмірінің барлық саласына тарап кеткені белгілі. Қоғамдағы орын алып отырған осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатуы ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел келешегіне, ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиян әкелетіні аян. Яғни осы келеңсіз құбылыспен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ өте маңызды мәселе екені айқын. Және де бұл бағытта біз билік, оппозиция, тағы басқалар деп бөлінбеуіміз қажет. Өйткені қоғамның әр мүшесі өзінің тұрмыстық, әлеуметтік және құқықтық мәселелерін шешу кезінде еріксіз сыбайлас жемқорлықтың ықпалын сезінетіні шындық. Қарапайым халық арасында еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың кең етек жаюын тек биліктегі адамдардың ашкөздігімен ғана байланыстырамыз. Бір қарағанда пікір дұрыс сияқты болғанымен, қоғам өмірін бір ғана қырынан бағалау шындыққа қиянат әкелуі мүмкін. Өйткені билікте қызмет істейтін адамдардың әрекеттері олардың білімдері мен рухани тәрбие алу деңгейі және өмірге деген көзқарастары мен ұстанымдарының әр алуан болуына байланысты, сондықтан да олардың барлығы дүниеқоңыздықтың құлы деп ұғу — адасушылық. Сонымен қатар, билік жүйесіне қатысы бар адамдардың сол жүйеде орын алатын келеңсіз құбылыстардың құрбаны болу мүмкіншілігі барын да естен шығармау қажет. Қазіргі қалыптасып отырған билік жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың тамыры мемлекеттің даму бағытын таңдау кезіндегі жасаған биліктің қадамдарына байланысты екенін де жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан да сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін осы құбылыстың пайда болуы мен оның табиғи дамуының негізін түсіне білу қажет. Яғни сыбайлас жемқорлықтың тамырын анықтау үшін адамзат өмірінің даму заңдылығымен байланыстыратын терең ғылыми сараптама негізіндегі тұжырымдама қажет. Бұл — ғалымдардың міндеті.
Сыбайлас жемқорлық адамзаттың алғашқы қарапайым қауымдастықтан өтіп, қүрделі тай-палық қоғамдық бірлесулердің пайда болуы мен адамдардың әлеуметтік жікке бөліну үдерісінен бастау алады. Алғашқы қоғамдық бірлесулердің өмірге келуі адамдардың әлеуметтік жікке бөлінуі мен адамзат өмірін-дегі материалдық және құқықтық теңсіздіктің пайда болуына алып келгені белгілі. Соның салдарынан байлық иелері мен байлығы жоқтар арасында жаңа қарым-қатынастар пайда болған. Яғни тайпалық қоғам ішінде өктемдік жүргізуші топтардың көмегі мен рахымына ие болу үшін соларға тәуелді, кіріптарлардың оларға сый-сияпат көрсету мен тартулар жасау салт-дәстүрі пайда болды. Қоғамның даму сатысы биікке көтеріліп, мемлекеттің жетілу деңгейі өскен сайын бір кездегі қарапайым салт-дәстүрдің мазмұны мен мәні өзгеріске ұшырап, қазіргі кезеңдегі келеңсіз құбылыс сыбайлас жемқорлық деңгейіне жеткені белгілі.