Романтикалық образ – әдебиеттегі адам бейнесінің байырғы түрлерінің бірі. Бұл образдың алғашқы үлгілері баяғы көне дүние әдебиетінде, қай халықтың болса да ауыз әдебиетінде жатыр.
Ал романтикалық образдың негізінде қиял жатады. Романтикалық образ өмірдегі болған немесе бар деректен гөрі өмірде әзірше жоқ, бірақ болатын дерекке негізделеді. Мысалы: сонау Желаяқ пен Көрегеннен, Саққұлақ пен Таусоғардан бастап Алдар Көсе мен Асанқайғыға дейін, одан Алпамыс пен Қобыландыға дейін романтикалық образ.
Эпикалық образ - кескін-кейпі, мінез-кұлқы, іс-әрекетімен тұтас көрінген әрі толық жинақталған, әрі әбден дараланған тип; көркем бейне жасаудың портрет, мінездеу, диалог, монолог және т.б. амалдары көп колданылып жасалатын образдың түрі; адамның кескін-кейпін, ішкі дүниесін, іс-әрекетін кең суреттеп, мол көрсететін,терең әрі жан-жақты танытатын образ. Мысалы: көзінде наз, ернінде ерке күлкі, жұмсақ білегін жігіт мойнына салса, хош иіс, ыстық леппен шарпып қалатын мүсінді Мүкәрәмма. Міне осы эпикалық образдың сыртқы түрі.
Лирикалық образ - сыршыл өлең жырлардағы ақынның өз бейнесі, оның ішкі бітімі; ақынның мың иірім көңіл-күйінен, нәзік сырымен сылқым сезімінен өріліп жасалған өзгеше кейіпкер, оның субъективті көңіл-күйінен, сан иірім сұлу сыры мен сезімі арқылы жасалатын образ; адамның аса терең нәзік ашылатын ішкі сыры, мінез-құлқы, жан-тынысы айрықша әсем айшық табатын образдың түрі.
Мағжан Жұмабаевтың:
Шаңқай түсте өткiр, алтын Күн сұлу
Жымыңдаған жұлдыздармен түн сұлу
Толып жатыр түрлi сұлу дүниеде
Бәрiнен де маған, сәулем, сен сұлу,- деген өлең жолдары мысал бола алады.
Драмалық образ - өмірдің өз аясында, сахнада көзбе-көз, қолма-қол жасалатын; тірілермен тірілерше дидарласып, оларды қолма-қол күлдіріп не жылатып, тікелей ықпал жасап, тебірентетін; шиеленіскен тартыстар мен қым-қиғаш қимыл-әрекеттер арқылы жасалатын образ. Драмалық шығармаларда көрініс табатын образдар: Қозы Көрпеш — Баян сұлу» пьесасындағы Қозы, Баян, Күнікей, Мақпал, Жарқын, «Аманкелді» пьесасындағы Петр Логинов, Пластунов, Жайнақ, Кете батыр атты кейіпкерлер драмалық образдың үлгілері ретінде есептеледі.