1.Сөз өнерінің образдылық-суреттелік табиғаты. Образ-шындықты танып білуде, әдебиет пен өнерге тән эстетикалық құбылыс.
Образ-сөзбен баяндалған сурет.
Образ дегеніміз-көркем шығармадағы сөзбен сомдалған кез-келген құбылыс.
Көркем бейне, яки әдеби қаһарман делік, я болмаса шығарма геройы не кейіпкері немесе персонажы делік бәрібір, осылардың бәрі бір-ақ ұғым – образ. Бейнелеу – образдылық болса, ал бейне образ. Ал образ жасау – тек таланттыға ғана тән қасиет. «талантты жазушының әр образы – тип» - дейді Белинский.
Образдылық-суреттілік, яғни сөздегі сурет. Әдебиеттегі адам бейнесін жасау сан түрлі амал-тәсілдер арқылы жүзеге асады. Ол сөздегі суретпен қана бітпейді, көркем бейне жасауға қажет өмірлік материалды жинақтаудан әдеби тұлғаны даралауға дейін барады. Ал жинақтау тек типтендіру тәсілімен жүзеге асады. Типтендіре жинақтау арқылы суреткер болашақ образдың немесе типтің жалпы бітімін, тұлғасын қалыптастырумен қатар оның ішкі ерекшелігін ашып, мінезін даралайды.
Кез келген образ заттық не мағыналық компоненттен тұрады. Осыған қарай іштей заттық, жалпылама мағыналық, құрылымдылық болып бөлінеді.
Образ әдеби тек тарапынан:эпикалық, драмалық
Жасалу тәсіліне қарай:трагедиялық, юморлық, сатиралық, фантастикалық, геройлық
Көркемдік-әдіс тұрғысынан: реалистік, романтикалық
Реалистік образ - әдебиеттегі адам бейнесінің ең сымбатты, шынайы түрі. Бұл өмірде болған, бар және бола беретін, бірақ қайталанбайтын, белгісіз қырынан үнемі жаңарып отыратын тип. Мысалға Т. Ахтановтың “Дала сырындағы” Қоспан образын алып қарайық. Бұл — кәдімгі адам; өзіміз өмірде күнде кездестіріп жүрген қарапайым көптің бірі. Командирі “Үлкен қара” атап кеткен еңгезердей ірі Қоспаннын. “әскерде теңкиіп оң жақ қанатта” тұратыны, “жан біткенге сеніммен қарайтын нұры жұмсақ томпақ көзі, жылы шырайлы ашық жүзі”, ең арғы жағы аяғына қырық төртінші ботинка киетішне дейін бәрі таныс, еш-кандай оқшаулығы жоқ, бәрі әдеттегідей, әркімнің-ақ көршісі немесе көз көргені секілді.