Социологияның міндеттері – әлеуметтік жүйелерді типологизациялау, әр-бір әлеуметтік объектінің байланыстары мен қанастарын заңдылық деңгейінде зерттеу, түрлі әлеуметтік жүйелерді дұрыс басқару мақсатында заңдылықтардың әсер ету механизімі мен көріну формалары туралы нақтылы ғылыми білім алу. Әлеуметтанудың қоғам өміріндегі сан қырлы байланыстары, оның қоғамдық белгіленген мәртебесі ең алдымен оның атқарған міндеттері арқылы анықталады. Сондықтан социологияның міндеті – әлеуметтік болмысты және оны қайта құруды түсіндіретін екі қызметімен сипатталады. Әлеуметтік теорияларды шартты түрде басым бағытына қарай іргелі және қолданбалы деп екіге бөледі. Іргелі бағыттағы теориялар социологияның тұжырымдамалық аппаратын қалыптастыруға, зерттеу әдістерін айқындауға және ғылыми проблемаларды шешуге бағытталған. Қолданбалы теориялар қоғамның алға қойған практикалық мақсаттарына қол жеткізу құралдарын іздеуге көмектеседі.
Сондықтан қолданбалы социология «әлеуметтік инженерлік», «әлеуметтік технология», «әлеуметтік гигиена», «әлеуметтік терапия» сияқты ғылым салаларымен ұштасып отырады. Қолданбалы социология ұғымының енгізілуіне байланысты социологияның пәні де кеңейеді.
Сонымен, әлеуметтанымдық білімнің мәні мен бағдары бойынша іргелі және қолданбалы болып бөлінуі жеткілікті шартты ұғымдар. Олардың кез-келгені тікелей немесе жанама болсада ғылыми және практикалық міндеттердің шешілуіне белгілі үлес қосады.
4.Әлеуметтанудың заңдары. Әлеуметтік заң -әлеуметтік құбылыстар мен процестердің ең алдымен адамдардың әлеуметтік қызметінің барлық байланыстары немесе олардың іс-әрекетінің қасиетті, маңызы және мәнді көрінісі. Әлеуметтік заңдар түрлі индивидтер мен қауымдасулардың қызметінде байқалатын қатынастарды анықтайды. Бұл қатынастар халықтар, ұлттар, таптар, әлеуметтік-демографиялық және әлеуметтік-кәсіптік топтар, қала мен ауыл, сонымен бірге қоғам мен әлеуметтік ұйымдар, қоғам мен еңбек ұжымдары, қоғам және отбасы, қоғам мен адам арасында болады.
Әлеуметтік заңдар адам өмірінің барлық саласында әрекет етіп, таралу ортасына қарай ажыратылады. Әрекеттері шағын топтарға, белгілі бір әлеуметтік страттарға, әлеуметтік жіктер мен топтарға, ең соңында, социологиялық заң ықпалы қоғамға толық, немесе бір бөлігіне ғана жүреді.
Басқа ғылыми заңдар сияқты әлеуметтік заңдардың да төмендегідей негізгі белгілері бар: 1) заң белгілі бір шарттар қатал орындалғанда ғана күшіне енеді; 2) бұл шарттар орындалғанда заң күшін жоймайды, барлық уақытта ештеңеге қарамастан әрекет етеді; 3) заңның күшіне енуіне қажетті шарттар толығымен емес, жарым-жартылай, жуық шамамен іске асады. Барлық ғылыми заңдарда жоғарыда айтылған белгілердің болуы зерттеушілер үшін аса маңызды.
Заңдар әсер ету мерзіміне байланысты ажыратылады. Жалпы заңдар барлық қоғамның жүйесінде ықпал жасайды (мысалы, құн заңы, товарлы ақша қатынастары). Арнайы заңдардың ықпалы бір немесе бірнеше қоғамдық жүйелермен шектеледі (мысалы, қоғамның бір түрінен екіншісіне өтумен байланысты немесе капиталдың алғашқы қолданылуы заңдары). Әлеуметтік қауымдасу дәрежесі бойынша да ажыратылады. Әлеуметтік саланың тұтастай дамуын сипаттайтын заңдар да бар. Кейбір заңдар әлеуметтік саланың жекелеген элементтерінің дамуын анықтайды. Мәселен, таптардың, ұлттардың және т.б.
Заңдарды көріну жолдары бойынша да анықтауға болады: динамикалық және статикалық (стохастикалық). Мұның біріншісі, әлеуметтік өзгерістердің бағытын, факторлары мен формаларын анықтап нақтылы жағдайлар мен оқиғалардағы бір ізділік пен бір жақты, қатаң байланыстарды белгілейді. Ал, статикалық заңдар болса әлеуметтік құбылыстарды динамикалық заңдардай қатаң негізде белгілемейді. Динамикалық заңдар себептілік және функционалдық болып бөлінеді. Себептілік динамикалық заңдар әлеуметтік құбылыстар дамуының қатаң негізделген байланыстарына сүйенеді. Мысалға, бір әлеуметтік-экономикалық формациядан екіншісіне өтудегі өндіріс тәсілдерінің рөлі. Ал, функционалдық динамикалық заңдар болса әлеуметтік құбылыстар арасындағы эмпирикалық бақыланатын және қатаң қайталанылатын өзара байланысты бейнелейді.
Статикалық (стохастикалық) заңдардың түрлеріне даму заңдары (мысалға, көпшіліктің материалдық және мәдени қажеттіліктерін үдете қанағаттандыру, өзін-өзі басқаруды дамыту) да, сонымен бірге жұмыс істейтін заңдар (айталық, еңбек ұжымындағы формальды және формальды емес құрылым, отбасындағы рөлдік міндеттердің бөлінуі) да қатыса алады.