Субординация- тұтас жүйедегі әлементтердің тең емес, әркелкі маңызынан туындайтын билеу және тәуелді болу қатынастары. Бұл-қоғамда иерархия бар деген сөз. Ал, қоғамның қалыптасып, дамуында биліктің маңызды орын алатындығы баршамызға мәлім.
Әлеуметтануда қоғамға жүйе тұрғысынан қарау детерменистік көзқараспен толықтырылады. Бұл теория марксизмде айқын көрініс тапқан. Маркстік ілім бойынша, қоғамның өзі экономикалық, саяси, әлеуметтік және идеологиялық деген жүйелерге жіктеледі. Олардың арақатынасы себеп-салдарлық байланысқа негізделген. Яғни, әр жүйе өз алдына жеке- дара емес, керісінше, басқаларымен өзара тығыз байланыста болады. Марксизм бұл жүйелердің ішінде экономикалық жүйеге басты орын береді. Өйткені экономикалық жүйенің негізінде материалдық игіліктер өндірісі қоғам мүшелерін өмір сүруге қажетті алғышарттармен қамтамасыз етеді. Бұл аталған жүйе қоғамның негізі болып саналады және әлеуметтік, саяси, идеологиялық салалар мен өзара тығыз байланысты болады.
Қоғамның әлеуметтік құрылымы. Қоғам дегеніміз әлеуметтік құбылыстардың біртұтас жиынтығы. Ал әлеуметтік құбылыстар деп адамдардың мінез-құлқы мен іс-әрекеттерінің табиғат пен қоғамда тудыратын өзгеріс, қозғалыстарды айтамыз. Әлеуметтік құрылым дегеніміз қоғамның ішкі құрамы, оның элементтерінің жиынтығы мен олардың арасындағы сан алуан байланыстар. Әлеуметтік құрылымның басты элементтері: а) өзара тығыз байланыста, қарым-қатынаста болатын индивидтер немесе адамдар жатады; б) қоғам мүшелерінің бірігуі, топтасу негізінде пайда болып, дамып отыратын әлеуметтік қоғамдастар және в) сол қоғамда қалыптасқан, белгілі бір функцияларды атқаратын әлеуметтік институттар жатады.
Қоғамның әлеуметтік құрылымы жайлы ұғым қазіргі заманғы батыс социологиясында түрліше түсіндірілгенімен, бірақ олардың бәріне ортақ жалпы белгі бар: батыстың социологиялық теорияларының әрқайсысы өздігінше қоғамдық құбылыстарды екі салаға: экономикалық құбылыстар саласына және экономикалық емес құбылыстар саласына бөлінуі тиіс деп санайды. Ал марксистік социология болса қоғам өмірін екі негізгі салаға бөледі: қоғамдық базиске (экономикалық құрылымға) және қоғамдық қондырмаға. Қоғамдық қондырма саяси және заңдық қондырмаларға, қоғамдық сананың формаларына жіктеледі. Қоғамдық базисті өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастар бірлігі құрайды. Осы екуінің бірлігі өндіріс тәсілі болып табылады. Өндіріс тәсілінің элементтері: еңбек, еңбек құралы және еңбек заты.
Қондырманың құрамын екі салаға: әлеуметтік-саяси қондырма мен қоғамдық сананы формаларына бөлуге болады. Әлеуметтік-саяси қондырмаға қоғамдық өмірдің түрлі формалары: ру, тайпағ ұлт, мемлекет т.б. және қоғамдық ережелер мен нормалар жатады. Қоғамдық сана қоғамдық болмыстың бейнесі ретінде бірнеше формада көрінеді: саяси, құқықтық, философиялық, діни, моральдық, эстетикалық және ғылыми саналар формасында бейнеленеді. Қоғамдық сананың формалары өзара бір-біріне әсер етеді және қоғамдық болмысқа кері әсер ете алады. Базистің қондырмаға тигізетін әсері шешуші роль атқарады. Өндірістік қатынастардың сипатына қарай қондырма таптық немесе тапсыз болуы мүмкін. Саяси және экономикалық жағынан үстем тап мәдени өмір саласында да үстем болады, себебі материалдық өндіріс құралдары мен рухани өндіріс құралдары да солардың қолында болады.
Адамдардың өмірі біртұтас қоғам көлемінде ғана емес, сондай ақ айтарлықтай кіші әлеуметтік топтардың ішіндегі қоғамдық қатынастарда да жүріп жатады. Сондықтан социологтар «әлеуметтік топ» деген ұғымды анықтап, оның классификациясын жасауға, ол топтардың қоғам құрылысындағы орнын анықтауға тырысады.
«Әлеуметтік топ» ұғымы жайлы туралы бініңғай пікір жоқ, сондықтан оның анықтамасы да көп. Солардың ішінде, жиі кездесетіні келесідей. Әлеуметтік топ дегеніміз адамдардың белгілі бір қажетін қанағаттандыру мақсатында өзара қарым-қатынас орната отырып, түрлі іс-әрекеттерді жүзеге асыратын көптеген адамдардың үлкенді кішілі жиынтығы. Мұндай топ айтарлықтай тұрақты болады.
Бүгінгі ғылымда әлеуметтік топтар ірі, орташа, және кіші деп үшке бөлінеді. Ірі (глобалдық) әлеуметтік топтарға жататындар: тұтас қоғам (ел) көлеміндегі адамдар жиынтығы (алғашқы адамдар тобыры, ру, тайпа, халық, ұлт сияқты этнографиялық топтар), таптар, әлеуметтік-экономикалық формациялар, кәсіптік топтар, жасына қарай топтасу т.б.