Бұл – бүкіл тіліміздің табиғатын танытатын негізгі заң. Көрші дыбыстардың алдыңғысы кейінгісін үнемі дауыс(салдыр) қатысы жағынан тәуелді етіп, игеріп тұрады. Сөздеріміздің бірыңғай жуан буынды немесе жіңішке болып келуі де прогрессивті ықпалға негізделген.
Регрессивті(кейінді) ықпал – прогрессивті ықпалға қарама-қарсы, кейінгі дыбыстың алдыңғы дыбысты тәуелді етуі, игеруі.
Соңғы қ, к, п қатаңдарына біткен сөздерге дауыстыдан басталатын қосымша жалғанғанда әлсіз қатаңдар күшті дауыстылардың регрессивті ықпалына ұшырайды: тарағы(тарақ-ы), күрегі(күрек-і), қабы(қап-ы). Регрессивті ықпал күрделі сөздердің(әсіресе, кіріккен, біріккен түбірлердің) буындары арасында жиі кездеседі: бүгін(бұл күн), әкел(алып кел), ышқыр(іш құр), бүйтіп( бұлай етіп), сөйтіп(солай етіп), бүйтеді(былай етіп), Тәшкен(Ташкент). Дыбыстар акустикалық жақтан үндескенмен, артикуляциялық жақтан үндеспей қалуы мүмкін. Мұны регрессивті ықпал реттейді: жамбады(жан-бады), сөжжоқ(сөз жоқ), сөшшең(сөз-шең), сөңген(сөн-ген). Прогрессивті және регрессивті ықпалды былай да түсінуге болады: «Түбірдің дыбыстар мен қосымша дыбыстарының үндесу бағыты екі түрлі: бірінде – түбірдің соңғы дыбысының, не соңғы буынның ауасына қарай, қосымша дыбыстары өзгереді; екіншісінде – қосымша дыбыстарының ықпалымен түбір дыбыстары өзгереді. Алдыңғысын ұмтыла үндесу дейміз де, соңғысын тартына үндесу дейміз»[13,196].
3.Тоғыспалы ықпал – көрші дыбыстардың ілгері-кейінді қарсы әсері. Әдетте, мұның өзі екі-ақ жағдайда, оның өзін де сөз бен сөзің арасында ұшырайды: а)Амаңгелді(Аманкелді), қаңғызыл(қан қызыл), оңғой(он қой), меңгелдім(мен келдім), оңғап( он қап), оңғабат(он қабат), күңгөрдү(күн көрді); ә) Дошшаран(дос-жаран), құшшолы(құс жолы), қошшан( қос жан), бешшүз( бес жүз). Бір-біріне ықпал етіп, үндесетін дыбыстар моремалар аралығында қатар келген жағдайда ғана болады дедік. Соның өзінде кез келген сөз бен сөздің(яғни кейінді морфема сөз түбірінде келгенде) ықпалға ұшырай бермейді. Тек көрші сөздер өзара фонетикалық қатынаста айтылғанда ғана ықпал туралы айтуға болады.