Дауыссыз дыбыс әріптерінің қолданылуы туралы айтқанда дыбыс деген сөз екі-ақ рет қолданылған. Алдымен 26 -әріп тізімделіп, дауыссыз дыбыстардың таңбасы болатыны көрсетілген. Ескертуде: «ф әрпі кейбір жалқы есімде ғана жазылады. Мысалы: Фазыл, Фәрида, София» делінсе, енді ол былай түзетіліп толықтырылған: «Ф әрпі араб, парсы тілдерінен енген кейбір жалқы есімдер мен бірең-сараң жалпы есімдерде де жазылады. Мысалы: Фазыл, Фариза, Фатима. Марфуға, саф (алтын) фәни дүние). Қазақ жазуында в, ф, х, ц, ч әріптері орыс тілі сөздерін жазу және айту қажеттілігінен пайда болған. Ал қара қазақ в, ф деп айта алмаса керек. Орфоэпиялық сөздікте тепсіну, қағыстырып-соғыстыру, жуып-шаю, тепшу сияқты сөздерде «айтылуда п дыбысы ф-ға айналады»- дейді. Әрине, қазіргі жоғарғы білімді азаматтар ф дыбысын таза айта алады. Бірақ байырғы сөздерде бұл дыбысты айту тілге қиянат.Сондықтан саф алтынды caп алтын десек, айтуда саб алтын болып, алтынның сапасы кеміп кететініне қарамастан, жалпы заңдылықтан ауытқуды қолдауға болмайды. Ал фәни- пәниге омоним жоқ. Сондыктан жат жұрттық қалпын сақтауға да негіз жоқ.
Бөлек жазылатын сөздер алғашқы қалпынан өзгеріске түспеген. Ал бірге жазылатын сөздер туралы олай дей алмаймыз. Егер 1983 жылы «1957 жылғы орфографиялық, ережелер кодексіне» толықтырулар мен түзетулер енгізілген болса, ол алдымен осы бірге жазылатын сөздерге байланысты деуге болады. Бұрын мұның өзі төрт параграф, екі ескертуден тұрса, енді ол — жеті параграф, үш ескерту. Оның алғашқы екі параграфы мен бір ескертуде өзгеріс жоқ. Қалған екі параграфтың бірінде терминдік мәнге ие болып қалыптасқан атаулардың, екіншісінде географиялық атаулардьң жазылуы айтылған. Атап айтқанда, ғылымньң әр алуан саласындағы (саяси-әлеуметтік, биологиялық, астрономиялық т. б.) терминдік мәнге ие болып қалыптасқан атаулар және басқа сездер де бастапқы тұлғалары сақталып, дағды бойынша бірге жазылады. Мысалы: баспасөз, өнеркәсіп, кәсіподақ, халықаралық, қолбасшы, бесжылдық, оңтүстік, солтүстік, арасалмақ, арақатынас, көзқарас, шекара, шетел, еңбеккүн, шикізат, бірқазан, қосаяқ. Бұл ереже әлі де күшін жойған жоқ. Толықтырулар мен түзетулерге негізінен мысалдар ұшыраған, бірсыпырасы басқа параграфтарға ауысқан, біраз жаңа мысалдармен толықтырылған.