Өзін - өзі бақылауға арналған тапсырмалар: Қорғауға берілген реферат тақырыптары:
Информатиканың пәнаралық байланысы
Қазақстанда информатиканың оқытылу тарихы.
Информатиканы 12 жылдыққа оқыту жүйесі.
Негізгі әдебиеттер /1-2,4/, Қосымша әдебиеттер/5,6/.
Дәріс -2. Дәріс тақырыбы:«Информатика» мектеп пәні бойынша мемлекеттік стандарты.
Дәрістің мақсаты: Информатика пәнінің оқытылуындағы қолданбалы ғылыми - зерттеу бағдарламаларын қарастыру, оқыту кезеңдерін көрсету.
Тақырып бойынша қарастырылатын сұрақтар: 1. Қолданбалы ғылыми - зерттеу бағдарламаларының түрлері;
2. Мектептегі информатика пәнінің кезеңдері;
3. «Информатика» пәні бойынша орта жалпы білімнің жалпыға міндетті мемлекеттік стандартында қарастырылатын бөлімдер.
Дәрістің тезисі: Ғалымдардың пікірінше, қазіргі мектепте информатика курсының оқытылуы дүниежүзілік педагогикалық практикада бұрын соңды болмаған құбылыс деуге болады. Әдетте ғылыми пәннің мектепке енуінен бастап, оның жалпы білім берудегі маңызын толық түсінуіне дейін кем дегенде бірнеше онжылдықтар өтеді - бұл уақыт ішінде ғылыми аппараты тұрақтанып, пәннің методологиясы мен жалпы әдістемелік тәсілдері қалыптасады. Ал информатиканың пән есебінде мектепке енуі өте жылдам іске асып жатқаны белгілі. Қазіргі өскелең өмір бұл пәннің мектепке жылдам енуімен қатар ол пәннен берілетін білім сапасын жетілдіруді талап еткен.
Лабораторияда информатика пәнінің мектепте оқытылуы жөніндегі мәселелер жүйелі түрде төмендегі қолданбалы ғылыми - зерттеу бағдарламалары бойынша жүргізілді:
- “Жалпы орта білім мазмұнын жаңартудың ғылыми - әдістемелік негіздері” (1992-1996ж.); - “Білім мазмұнын жаңарту Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңын жүзеге асыру” (1997-1999 ж.); - “Қазақстан Республикасындағы жалпы білім мазмұнын жетілдірудің ғылыми - әдістемелік негіздері”(2000-2002ж.) Лабораторияда 1990 - жылдардан бастап жоғарыда аталған бағдарламаларға сәйкес информатика пәнін ғылыми - әдістемелік жағынан қамтамасыз ету мәселесімен Ж. Қараев. С. Рах, К. Халықова, Ж. Ешеева, М. Кенжебаева, М. Құрманбаев, Қ. Аганина т.б. мамандар айналысты.
ҚР БМЖМС 2.003-2002 негізінде дайындалған стандарт «Информатика» пәні бойынша білім мазмұнының мемлекеттік міндетті минимумына және оқушылардың деңгейіне қойылатын талаптарды тағайындайды.
Стандарт ережелері:
- Қазақсан Республикасының жалпы білім беруді жүзеге асыратын барлық ұйымдарында, олардың меншіктік формасына, типіне және түріне тәуелсіз «Информатика» пәнін оқытуды жүзеге асыру кезінде;
- Бастауыш және орта кәсіптік білім беру ұйымдарында қабылдау емтихандарының материалдарын сақтау кезінде;
- Мемлекеттік білім стандарттары және тестілеудің ұлттық орталығында қабылдау емтихандары материалдарын дайындау кезінде;
- Жоғары оқу орындарында «Информатика» пәні бойынша педагог-кадрларды даярлауға арналған оқу бағдарламаларын жасау кезінде;
- Білім беру саласындағы ғылыми-зерттеу институттарында «Информатика» пәні бойынша оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер дайындау барысында;
- Білім беру жүйесі қызметкерлерінің кәсіптік біліктілігін жетілдіру және қайта даярлау институтта «Информатика» пәні бойынша мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру және қайта даярлау бағдарламаларын жасау барысында;
- Білім беру саласындағы орталық және жергілікті атқару органдарында «Информатика» пәні бойынша оқыту сапасына мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде қолданылуы және сақталуы міндетті.
Сонымен бірге стандарт республиканың мемлекеттік басқару органдары мен ұйымдарында білім қызметін лицензиялау, білім ұйымдарын аттестациялау, жұмыстық оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын дайындау, олардың жүзеге асырылуын бақылау кезінде пайдаланылуы мүмкін. «Информатика» пәні бойынша осы стандарт білім берудің сәйкес сатысының базистік оқу жоспарымен, білім беру ұйымдарының типтік оқу бағдарламаларымен, жұмыстық оқу жоспарымен, оқу бағдарламаларымен кешенді түрде қолданылады.
«Информатика» оқу пәнінің базалық мазмұны - оқу пәнінің мектепте міндетті түрде оқытылуы тиіс және үздіксіз білім берудің келесі сатылары мен деңгейлерінде информатиканы оқуды жалғастыру үшін жеткілікті болатын мазмұнының құрамы мен құрылымы. «Информатика» оқу пәні бойынша білім берудің негізгі бағдарламасы - «Информатика» оқу пәнінің мазмұнын, яғни оқушыларда ғылыми дүниетанымдық негізді қалыптастыруды, олардың ойлау қабілетін дамытуды, ақпараттандыру құралдарын, ақпараттық технологияларды меңгертуді және оқушыларды өмірге, еңбекке және білімдерін жалғастыруға даярлауды анықтайтын құжат.
«Информатика» оқу пәні бойынша бағдарлы білім беру бағдарламасы (БББ) - «Информатика» оқу пәнінің мазмұнын анықтайтын, пәнді тереңдетіп, бағдарлы оқытуды қамтамасыз ететін, оқушыларды кәсіби даярлау бағытына қарай көлемі мен мазмұны бойынша сараланған құжат. БББ мазмұны мемлекеттік стандарт пен анықталады.
«Информатика» оқу пәні бойынша қосымша білім беру бағдарламасы - бұл мемлекеттік стандарт мазмұнынан тыс, оқушыларды «Информатика» пәні бойынша білімге деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған оқу курстарының мазмұнын анықтайтын құжат. Бұл бағдарлама факультативтік және (немесе) арнайы курстар ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады. Оны мектеп дайындайды және білім саласындағы жергілікті атқару ұйымдары бекітіледі.
«Информатика» жалпы білім беретін оқу орындарының негізгі (7-9-сыныптар) және жоғарғы (10-11 сыныптар) сатысында оқытылатын оқу пәні ретінде қарастырылады.
«Информатика» оқу пәні көлемінде мынадай бағдарламалар жүзеге асырылады:
Білім берудің негізгі бағдарламасы – информатиканың базалық курсы (7-9 сыныптар) – 3 жыл.
Бағдарлы білім беру бағдарламасы – қоғамдық–гуманитарлық, жаратылыстану – математикалық бағыттар бойынша информатиканың бағдарлы курсы (10-11 сыныптар) – 2 жыл. Қосымша білім беру бағдарламасы – бұл стандарт көлемінен тыс, информатика пәні бойынша оқушылардың білім қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған факультативтік және (немесе) арнайы курс – 2 және одан да көп жыл.
«Информатика» оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі білім бағдарламаларына сәйкес құрылады:
1. Негізгі сатыда (7,8,9 сыныптар) – аптасына 1 сағат, оқу жылына әрбір сыныпта 34 сағаттан, барлығы 102 сағат;
2. Оқыту бағдарламаларына қарай жоғарғы сатыда:
а) қоғамдық – гуманитарлық бағыт (10-11- сыныптар) - әр сыныпта аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат, барлығы 68 сағат;
ә) жаратылыстану –математикалық бағыт (10-11 – сыныптар ) - әр сыныпта аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат, барлығы 68 сағат.
Қазіргі таңда мектептерде профессор Ж. Қараевтың басшылығымен, авторлар тобы дайындаған информатикадан жаңа буын оқулықтары мен оқу - әдістемелік құралдары кеңінен пайдаланылуда.
Теориялық зерттеулер мен практикалық эксперимент нәтижелері бүгінгі таңда мектептегі информатика пәнінің бірнеше кезеңге бөлініп оқытылғаны жөн екені дәлелденіп отыр.