7. «ҺУ» АЛҚАСЫ
«Һу» алқасы құрылды,
Ей, дәруіштер, келіңдер,
Хақ сыпырасы* жайылды,
Одан үлес теріңдер.
«Қал» ғылымын оқыңдар,
«Хәл» ғылымға бекіңдер.
Жоқтыққа шым батыңдар,
Барлыққа шын жетіңдер.
Жырт пердесін түнектің,
Тілеп Хақтың дидарын.
Ашып көзін жүректің,
Көзбен көріп иланың.
Һу арасын алыңдар,
Нәпсі басына салыңдар.
Күні, түні еңіреп
Хаққа құрбан болыңдар.
Алқа ішінде һу деңдер,
Ғашық отына жаныңдар.
Тәкпір айтып бір деммен,
Кәусарына қаныңдар.
«Һу, һу», деп, зар еңіре,
«Һу» демекте мағына бар.
Жетіп Хақтың кеніне,
Ақ жолыңды таңдап ал.
Құл Қожа Ахмет құл болған,
Жол үстінде күл болған.
Одан ғибрат алғанның
Жүрегінде Нұр жанған.
8. Жасыл құс
«Лә иләһа илл-Алла» – тағаты бар
Құл аузынан жасыл құс шығады ұшып.
Дүр жақұттан тоқылған қанаты бар,
Қарсы алады ғаршылар құрақ ұшып.
Мың тіл берген ол құсқа әмірімен,
Құлды тілер бар тілмен Тәңіріден.
Дәргейіне жабысып, зар-үнімен:
«Жарылқа!» – деп күндіз-түн қылады ышық.
Ұқпас сырын надандар – зая-күмән,
Ей, достарым, сол құстың аянынан
Мен айтайын, тыңдаңыз баянынан,
Жәннатқа ертіп кірген соң табар тыныш.
«Дар – аламан бергенше Қадір маған
Бір тынбаймын, – дейді құс, – небір заман».
Шақта ғана зарын Жар қабылдаған,
Сонда қонар жайғасып, алар тыныс.
Ғибадатқа жүрегін жалғамаған
Халің мүшкіл, ғафыл боп қалған адам.
Машайықтар сахарда «Алла-лаған»
Хақ Дидарын көреді, бақ қонады.
Міскін Ахмет Ясауи иланғалы,
Тілге алғалы: «Лә иләһа илл-Алланы» –
Хақ зікірі – Жан, Ділге құйған нәрі,
Ла маканда сол құсқа тап болады.
Достарыңызбен бөлісу: |