Үстеудің мынадай мағыналық түрлері бар: мезгіл үстеуі, мекен үстеуі, сын-қимыл (бейне) үстеуі, мөлшер үстеуі, күшейткіш үстеуі, мақсат үстеуі, себеп-салдар үстеуі.
Мезгіл үстеуі. Мезгіл үстеуі қимылдың, әрекеттің мезгілін, мерзімін білдіреді де, қашан? қашаннан? деген сұрақтарға жауап береді. Мезгіл үстеуі етістікпен тіркесіп қолданылады. Мысалы: бүгін келді, ертең барады, таңертең тұрады, бұрын жүрді, күні бойы дайындалды, күні-түні оқиды, жазғытұрым келеді, т.б.
Мекен үстеуі. Мекен үстеуі іс-әрекеттің болу орнын, бағытын білдіріп, қайда, қайдан? деген сұрақтарға жауап береді. Мекен үстеулері де негізінен етістікпен тіркеседі. Мысалы: ілгері жүр, жоғары тартты, төмен түсті, алды-артынан орады, әрі-бері жүрді, жолшыбай ала кетті, т.б.