37.VI-IX ғасырлардың бірінші жартысындағы Қазақстан территориясындағы қалалар мен қалалық қоныстар туралы жазыңыз. Қазақстанның ежелгі қалалары – жазба деректемелер мен археологиялық материалдар нәтижесінде анықталған байырғы қоныс орындары, қала жұрттары. 6 – 9 ғасырларда Оңтүстік Қазақстан мен Оңтүстік-Батыс Жетісуда қала мәдениеті жақсы дамыды. Саяси жағынан бұл аймақтар түрік әулеттеріне бағынды және реті бойынша Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ қағандықтарының құрамына енді. Бұл кезеңде көшіп жүретін жер аумағы шектеліп, көш жолдары қалыптасты, тұрақты қыстаулар мен жайлаулар орнығып, егіншілік пайда болды, отырықшы кедейлер тобы бөлініп, жекелеген рулық топтар отырықшылыққа көшті. Мемлекеттік төрешілдік аппарат құрылып, ортақ тіл мен жазу қалыптасты, сауда және дипломаттық байланыстар дамыды. Осындай жағдайда әкімшілік және қолөнер, сауда, мәдениет орталығы ретінде қалалар салына бастады. Оңтүстік Қазақстандағы ең ірі қала Исфиджаб саналады. Ол 629 ж. Сюань-Цзянның жылнамасында “Ақ өзендегі қала” атымен алғаш аталады. Кейін Махмұт Қашқари Сайрам – ақ қаланың аты (әл-Мединат әл-Байда), ол Исфиджаб деп, кейде Сайрам деп те аталғанын жазады. Сайрамнан Шашқа баратын жол бойында 8 – 10 ғасырларда Газгирд (Қазығұрт) болған. Исфиджабтың шығыс жағында Шарап, Будухкет, Тамтаж, Абараж, Жувикат қ-лары мен елді мекендері орналасқан. Шарапқа – Төрткөл Балықшы, Будухкетке Қазатлық қалаларының жұрты сай келеді. Тамтаж, Абараж – керуен сарайлары іспетті. Арыстың төменгі ағысында орталығы Отырар қ. болған Фараб (Отырар) өңірі жатты. Отырар аты (Отырарбенд) 8 – 9 ғ-лардағы жазба деректерде аталады. Оның Фараб, Тарбанд секілді атаулары да бар. Отырардан төменірек Сырдария бойындағы Шауғар өңірінде сол аттас орталығы болған. Шауғар қаласы(соғды тілінен аударғанда “Қара тау”) Түркістанның оңтүстік-шығысында 8 км жерде орналасқан Шойтөбе қаласының орнында болған.
38.VI-IX ғасырлардың бірінші жартысындағы Қазақстан территориясындағы көшпелілердің материалдық мәдениетін сипаттаңыз. Көшпелілер өркениетін зерттеу мәселелері. Көшпелілер немесе Дала өркениеті - түркі тектес халықтардың, соның ішінде қазақтардың материалдық және рухани құндылықтарының даму сатысы, этномәдени жүйенің қалыптасуындағы табиғи-тарихи тұрпаты. Адамзат тарихын зерттеу барысында өркениет атауының өзіне әр түрлі, кейде бір-біріне қарама-қайшы анықтамалар қалыптасты. Америка тарихшысы Л.Морган (1818-1881) мен Ф.Энгельс оны адамзат дамуындағы жоғары, жазу сызуды енгізу кезеңі ("тағылық — жабайылық — "өркениеттілік" үштағаны арқылы) ретінде сипаттады. Кейінгі кездері бұл термин адамзат дамуының аймақтық, салыстырмалы түрде бір-біріне тәуелсіз жетілген пішімдерін бейнелеу үшін қолданылып жүр. Еуропаға әсіре табынушы кейбір ойшылдар өздігінше жетілген мәдени-тарихи аймақтардың санын түгендеп, кейде — 8 (О.Шпенглер), кейде 36 өркениет ошағына (А.Тойнби) жеткізіп қойды. Әйтсе де, осы тұжырымдаманы жақтаушылар Алтайдан Карпат тауларына дейінгі ұлан-байтақ кеңістікте көшпелі-отырықшы тұрмыс кешкен түркі тектес халықтардың өткеніне астамшылықпен қарап, "тарихи дамудан тысқары қалған қауым" ретінде көрсетуге тырысты. Соған қарамастан, өркендеп-өрбу негізі, географиялық-табиғи аясы далалық болып саналатын, көшпелі шығыс жұртының өзіндік өркениеті хақында дәйекті пікір түйген ғалымдар аз емес. Белгілі орыс археологы, академик А.П.Окладников (1908—1981) зерттеу еңбектерінде далалықтардың этномәдени жүйесін "Батыс Сібір өркениеті шығысқа қарағанда батыспен тығыз байланыста болған сияқты", – деп атап көрсеткен. Ә.Марғұлан, К.Ақышев, К.Байпақов, т.б. ғалымдар "көшпелілер өркениеті" атауын жиі қолданса, Л.Н.Гумилев, О.Сүлейменов б.з.б. ІХ ғасырдан б.з. ХІ ғасыр аралығында көшпелілер мәдениетінің өрлеу дәуірі, Жерорта теңізі жағалауы және Қиыр Шығыс елдерімен салыстырғанда «жасампаздық эволюцияны» бастан өткергенін дәлелдеді. Соның нәтижесінде кеңестік тарихнама жоққа шығарған Еуразия кеңістігіндегі тарихи-мәдени ерекше құбылыс, ғылымға "Дала өркениеті" – деген атпен ене бастады. Оның әлемдік өркениетке қоскан үлесіне үндінің саяси қайраткері Д.Неру "Әлемдік тарихқа көзқарас" атты еңбегінде әділ баға беріп, "Атлас картаны ашсаң, алып Азия құрлығының қойнына кіріп жатқан кішкентай Еуропаны көресің. Ол өз алдына дербес құрлық емес, Азияның жалғасы сияқты. Ал тарихты оқитын болсаң — ұзақ уақыт бойы, белгілі бір кезеңде Азияның үстемдік құрғанына көзің жетеді. Еуропаны жермен-жексен еткен де, өркениетке жеткізген де солар. Азияның әлде-бір өңірінен шыққан арийлер, сақтар, ғұндар, моңғолдар, түркілер Азия мен Еуропаға қанат жайып, жаппай қоныстанды