ЖАС ҒАЛЫМ МІНБЕРІ
ТРИБУНА МОЛОДОГО УЧЕНОГО
ƏОЖ 82.09:821.512.122
Ə.Қ.Жақан
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
ҚАЗАҚ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ШЫҢҒЫС ХАН ПОРТРЕТІ
В статье рассматриваются пути создания портрета Чингис хана в казахской прозе. Срав-
нительный анализ романов позволяет выявить типологию образа исторического деятеля.
In article are considered way making the portrait Chingis khan in Kazakh prose. The particularities
artistic image history figure open at benchmark analysises novel.
Көркем шығармада адам бейнесін сомдау, немесе тарихи тұлғаны таныту, үшін көптеген көр-
кемдік тəсілдер қолданылады. Солардың бірі — портрет екендігі даусыз. Портрет француз тілінен
аударғанда бейнелеу, бейнеленген деген ұғымды білдіреді. Академик Зəки Ахметов: «Портрет дегені-
міз — əдеби кейіпкердің сырт көрінісін, кескін-кейпін, бой-тұлғасын суреттеу. Кейіпкердің мінез-бі-
тімін, характерін неғұрлым толық ашып көрсету үшін оның портретін мүсіндеудің де үлкен мəні бар.
Сондықтан кейіпкердің характерін əртүрлі жағдайда, күрес-тартыс үстінде оның басқа адамдармен
қарым-қатынасы, өзінің əрекет-қимылдары, істеген істері арқылы айқындай отырып, жазушы пор-
треттік сипаттауға да көңіл бөледі. Жазушы негізгі қаһармандардың келбетін, бой-тұлғасын, жүріс-
тұрысын, сөйлеу мəнерін есте қаларлықтай етіп, əсерлі бейнелеуге мəн береді.
Əдебиеттегі портреттің өзгешелігі, мысалы, суретші бояумен кескіндеген портреттен айырмасы,
ол адамның бет-əлпетін, кейпін тұтас бейнелемей, көбінесе жекелеген ерекшеліктер, есте қаларлық-
тай сипат-белгілер, көркемдік детальдар арқылы көрсетеді»
1
, — деп анықтайды.
Жалпы көркем туындыдағы кейіпкер портреті сол адамның сыртқы жəне ішкі əлемінен тегіс ха-
бар береді. Портрет арқылы адам бойында кездесетін адамдық қасиеттерді немесе даралық өзгешелік-
ті көруге, сезініп-ұғынуға болады. Əсіресе тарихта болған ұлы тұлғалардың портретін суреттеу —
жауапкершілікті талап ететін күрделі іс.
Біз қарастырып отырған Шыңғыс хан портретін Монғолияда тұратын қазақ қаламгері Мағауия
Сұлтанияұлы өзінің «Шыңғыс хан» романында тоғыз жастағы сыртқы тұрпаты мен ішкі жан-дүние-
сін былайша суреттейді:
Темүжіннің бір өзі
Темірдейін нығыз-ды.
Насаттанбас мінезі,
Нар бурадай сағыз-ды.
Қақтығысқа салынбас,
Қабындаса əр қилы.
Қорлығы өтсе жалынбас,
Қораздайын тарпиды.
Бауырларға мейірі
Бал-уыздай балқиды,
Анасына пейілі
Ай нұрындай шарпиды
2
.
Оның алғырлығын, даланың өткен-кеткен тарихына зер сала, көне шежірені көп естіп, дана сөз-
дің дариясын қанып ішіп, өсіп келе жатқандығын:
87
Сөзге сараң, ойға өжет,
Сандал сынды келбетті.
Өзге жаннан бір бөлек
Өжет туған Темүжін
Өктемірек ер жетті.
Əкесінің қырларын
Тəтесінің сырларын
Мұнар шөккен далада,
Монғол қалай өнгенін
Жанталасқан дарада
Жауды қайтіп жеңгенін
Жас Темүжін парлады...
2
, —
деп көрсетсе, романның келесі бір бөлімінде жас Темүжіннің портретін жеткізуде автор ауыз əдебие-
тінің бейнелеу тəсілдеріне сүйенеді. Темүжіннің түр-тұлғасына қырағы көз, сыншыл тұлға, қайын
атасы қонырат Тай шешен көзімен баға береді:
Алдынан кеп қараса,
Алып ер де бұққандай
Артынан кеп қараса,
Абырғы да ыққандай,
Оң жағынан үңілсе,
Ордаға пір тұтқандай,
Сол жағынан үңілсе
Сұқты көздер жұтқандай,
От лаулаған қос жанар
Он қырқаны шолғандай,
Түк қаулаған шаңқан мең,
Түрпі сұсы толғандай
Құлай біткен дөң мұрын
Құрыш құйып қойғандай,
Сығай сүйем сақ құлақ
Сыйға арнап ойғандай.
Айтса қайтпас кер ауыз
Ай нұрынан болғандай,
Көрмей сенбес шоң дене,
Күн нұрына шомғандай.
Үлкен ойды ойлаған,
Үміт еткен ойраннан,
Ұтар жерін ойға алған
Ұшар құстай қомданған
2
.
Мұнда, сөз жоқ, автордың реализмнен гөрі романтизмге бой алдырып, бас қаһарманның бейне-
сін ірілендіре түскенін аңғарамыз. Сонда да тарихи шындықтан ауытқымай, от жанарлы, дөң мұрын-
ды, шомбал денелі қаған тұлғасын сұңғылалығымен ұштастыра отырып бейнелеген.
Ал жазушы Тұрсынхан Зəкенұлының «Көк бөрілердің көз жасы» романында Шыңғыс хан бейне-
сі барынша реалистік сипатта жасалған. Мысал келтірсек: «Оң хан енді байқады. Мына қасында
отырған Темүжін де бұрынғыдай емес, бір түрлі өзгеріп кетіпті. Балам десе дегендей, кей мінезі
Сангүнге де ұқсайды екен. Баяғыда өзіне құндыз ішік тартуға əкелгендегідей емес, едəуір сомдалып,
төртбақтанып, байсал тартып алыпты. Анда-санда кісіге қарағанда жұмықтау жылан көздері өң-
меннен өтеді екен. Оның сол көзқарасынан қаршадайынан қақа тұяқ болып өсіп, ыстық-суықты көп
көргендігі, бұл өмірде əлі де алынбаған есесі барлығы əйгіленіп тұратын. Оң хан оның кішкене қияқ
мұртын жан-жағына жапыра сипап, тұғырдағы қырандай қомданып отырған бейнесіне қатты
сүйінді. Əлі де болса сақалын сыйлап үмітін жерге қоймайтындығына кəміл сенді. Жол бойы мазала-
ған алаң көңілден айығып, арқа-басын кеңге салып отырды»
3
,— деген тұстарында кейіпкеріміздің
кəдімгі адамға тəн табиғи болмысы көрініс тапқан.
Демек екі романның авторлары да Шыңғыс ханның осынау тарихи портретін жасауда тым алшақ
кете қоймағандығын байқауға болады.
88
Бір назар аударарлығы, екі автордың да суреттеуінде Шыңғыс ханның сыртқы тұрпаты мен кел-
беті төртбақ денелі, қысық көзді, қияқ мұртты болып келеді.
ХІІ ғ. жазылған «Мəн-ду-бəй-ла» атты кітапта Шыңғыс ханның тұлғасын былайша суреттейді:
«Қолбасшы Темүжин ұзын бойлы, алып денелі, кең маңдайлы, ұзын сақалды адам. Ол өте батыл, əрі
қарулы. Көзге ерекше оқшау түседі».
Басқа елдердің көптеген зерттеу еңбектері мен көркем шығармаларында ұлы қағанның түр-түсі
туралы əртүрлі айтылады. Біреулері оны көк көз, сары адам еді дейді. Екінші біреуі оны аласа бойлы,
бітік көз, қара адам болған деп жазады. Дегенмен, «Монғолдың құпия шежіресін» жазған адам Шың-
ғыс ханмен араласа жүріп, оның көркем бейнесін дəл бергенін ешкім жоққа шығара алмайды. Осы
Шежіреде ұлы қағанның дене бітімінің өте келісті, түрінің көз тоқтатып қарайтындай көркем болған-
дығы туралы айтылады.
— «Дəй-Сечен Есугей баһадүрге оның кішкентай ұлы Темужин туралы былай дейді:
— Сенің ұлыңның көзі отты, жүзі нұрлы екен»
4
.
Жамұқа өзінің андасы, кейін өмірлік бақталасы болған Темужиннің көзінің өте ақылды, адамға
тік қарайтын өткірлігін жəне ешқашан өтірік айтпайтынын растайды. Ал Шыңғыс ханның көзі мен
шашының қара болғаны жайында «Құпия шежіреде» анық жазылған
4
.
Шыңғыс қағанның қайтпас қайсарлығы, жанға батқан жараға қарамай, сыр алдырмауға тырысуы
немесе жорық сəтіндегі ерлік қимылдары аталмыш екі романда да қатар келіп, бірін-бірі толықтырып
отырады. Мəселен, «Шыңғыс хан» романында Шыңғыс хан сарбаздарының найман əскерлерімен жан
алып, жан беріскен бетпе-бет сұрапыл шайқасы кезіндегі ұлы қағанның бейнесі авторлық баяндау тə-
сілімен фольклорлық дəстүрді сақтай отырып, «Құпия шежіредегі» түпнұсқа негізінде беріледі:
Сонау шоғыр көрінген
Темүжіннің өзі екен
Көк сауыт боп өрілген
Көк болаттай кезі екен.
Біз де сұғар жері жоқ
Ілмек сауыт киіпті.
Қарны ашқан құмайдай
Қатты шүйіп келеді.
Ызаланған тағыдай
Ылаң сала енеді
2
.
Дəл осы оқиғадағы Шыңғыс ханның сұсты бейнесін сөзбе-сөз «Құпия шежіре» сюжетімен «Көк
бөрілердің көз жасы» да қайталайды.
— Міне біреу қанды ауыз қара бүркіттей оңды-солды түйіліп, ырық бермей жүрген кім өзі? —
деп еді, Жамұқа мойнын соза түсіп:
— Бұл мен білсем, Темүжін анда ғой. Қарашы, хан ием, шіркіннің түр-келбетін-ай!
Біз сұғатын жері жоқ,
Бітеу сауыт киіпті.
Ине шаншар жері жоқ,
Ілгек сауыт киіпті
Қарны ашқан құмайдай
Қатты төніп келеді,
Ызаланған тағыдай
Ылаң салмақ секілді! — деді
3
.
Бұл арада екі қаламгер де Шыңғыс хан портреті арқылы жаугершілік заманды, сол заманға
лайық батырдың іс-əрекетін көз алдымызға əкеледі.
Романдарда кейіпкер кескін-келбеті мен психологиялық қалпын жеткізген сəттер қатарластыра
алынып, өзара үйлесім тапқан. Сондай-ақ тура мінездеу арқылы алдында биік мақсаты бар, жауынгер
адамның бейнесін, психологиялық қалпын танытқан. Ешкімге ұқсамайтын бас қолбасшының жан дү-
ниесіндегі өзгешелік, қайшылық та сезілмей қалмайды. Шағын штрих, қысқа детальдардан-ақ Шың-
ғыс хан характеріндегі біраз ерекшеліктер көрінеді. Ойлылық, ертеңгі күнге көреген көзбен үңілу се-
кілді қасиеттер айқын аңғарылады.
Кейіпкердің қимыл-қозғалысы, көзқарасы, ашуы мен қуануы белгілі бір жүйеге, ситуацияға ба-
ғынған. Көркем туындылардағы Шыңғыс ханға қарама-қарсы жақтың батырларының іс-əрекеттері
мен кесек сөздері əрі тосын мінездері де ұлы қолбасшы бейнесін ашудағы ұтымды тəсілдер. Сондай
89
сəттен бір үзінді келтірсек: «...Сол-ақ екен, Ертісті ендете тартқан Қолтуған атқан оғын ала өгіз-
дей мөңіретті.
Темүжіннің төрт төбетінің бірі Сүбедей ысқырып жеткен ажал оғына көбелі қара қалқанын
тосып үлгірді. Оқ дəл маңдайымнан тиген екен деп ойлаған Темүжін жазатайым аттан ауып түсіп
қала жаздады.
Бойын билеп басын қайта көтергенде Қолтуғанның қасында тұрған Күшлік ер де алдаспан
ауыр қылышын үйіріп айғай салды:
— Ей, Темүжін, жан тəтті ме екен? Сенде талайдың қан қарызы бар. Ұры түн асқанша, бөрі
қыр асқанша деген, құселеңді көрерміз əлі! Оған дейін жүнің жетіле тұрсын! — деді.
Өмірі басынан сөз асырмаған Темүжін ол екеуінің мына сөзін естіп қатты қорланды...»
3
.
Міне, осы эпизод Шыңғыс ханның аңызға айналған асқақ сұлбасын кəдімгі ет пен сүйектен жа-
ралған адам ретінде танытып, тіпті пенделік сипатынан да хабар беріп қалады.
Қаламгер Хасен Əдібаевтың «Отырар ойраны» деп аталатын тарихи романында Шыңғыс ханның
соңғы жылдарындағы өмірі баяндалады. Кəрі көкжалдың қаталдығын, жауынгерлік мұратын роман-
ның өн бойында түрлі əдістер арқылы жинақтай отырып, қағанның асқақ бейнесін ашуға тырысады.
Күрделі кейіпкердің сыртқы кескін-келбеті мен ішкі жан дүниесін шағын эпизодтар арқылы бір-бірі-
мен байланыстырып, тұтастық танытуға ұмтылған. Қаһарлы қағанның бейнесін сомдауда оның сырт-
қы келбетіне көп көңіл бөлген. Мəселен: «Тастай қатқан Шыңғыс ханның түсінен Хэлугэ түршігіп
кетті. Қалың қабақтың астында өңменнен өте қадалған мұздай жанардан ішінде жатқанды аңға-
ру түгіл тура қараудың өзі мүмкін емес. Сарқыраманың астарын елестетуі мұң екен, ноянның маң-
дайынан суық тер бұрқ етті де, əлемнің апшысын қуырған тəкəппар, ызғарлы бетпердеден ырқынан
тыс қоңыздай кішірейіп бара жатты...»
5
.
«... Жамыраған сəлемшілерге жауап бермей хан ием үнсіз тұнжырады.
— Мұндай сұмдықты моңғол елі көрген де емес, естіген де емес! — Шыңғыс ханның өңі өрт
сөндіргендей еді,» немесе «Шыңғыстың түрі жан шошырлық еді», тағы бір жерінде «ханның жана-
рында ұшқын шашырады, бірақ Хэлугэ мəнін анық пайымдай алмады. Көңілінде хан ием отырғандар-
дың намысын əдейі қоздырғандай əсерленді...»
5
.
Осындай шағын көріністердің өзінен-ақ билеуші бейнесінің осал еместігін аңғарамыз. Аталмыш
шығармада Шыңғыс ханның іс-əрекетін, тағдырын, бүкіл өмір жолын, қанды жорықтарын суреттеуде
бұл портреттердің бірінші орында тұрғаны анық. Оның сұсты жүзін, оқты көздерін, шалт қимылда-
рын бере отырып, кейіпкердің керемет бейнесін сомдаған. Ішкі жан дүниесіндегі құпия сырларын ас-
қақ армандарымен ұштастырады. Бірыңғай кескін-келбетін ғана суреттеп қоймай, оның жауынгерлік
һəм саясаткерлік қалпын танытатын детальдармен сабақтастыру жазушының өзіндік стиль ерекшелі-
гін көрсетеді.
«Ханның көкірегі боранды күнгі үскіріктей ысқырды». Осы шағын үзіндіден-ақ Шыңғыстың
жойқын күштің, үлкен рухтың иесі екендігі білінеді. Оның ерекше құбылыс, жұмбақ жаратылыс
екендігін мына жолдардан да байқауға болады: «Дөң басынан ширатылып аспанға құйын көтерілді.
Астапыралла! Сансыз жылан бауша бұратылып, жолына шаң тастап ыстық бұлаққа барып құла-
ды. Зəресі ұшқан жасақ ат-матымен көлге қойып кетті. Бұлақ беті қазандай бұрқылдап, ирелеңде-
ген, ысқырған ордалы жыланның ернеуінен асып төгілді, түйдек-түйдек мың сан басты аждаһа ой-
нақ салды, бұралды, ысылдады, бір-біріне оралды ақыры жалғыз алып айдаһарға айналды, Хэлугэ
мына ғаламаттан Шыңғыс ханның астамшыл жеңімпаз рухын сезді. Табан астында зым-зия жоқ
болған быжынаған сұр жылан соңынан қалықтаған шаң қалды»
5
. Бұл арада елестің өзі бас қаһарман-
ның бүкіл жорығын жинақтап, дөп-дөңгелек шеңбер жасап тұр.
Енді арманға бой алдырған кейіпкеріміздің ойлы сəтін жазушы былай көрсетеді: «Темужин боз-
ғылт көкте жамыраған сансыз шырақтың ішінен оттай жанған өз жұлдызын іздеді; сыйқырлы са-
ғымы дүнияның жүзін нұрға малыпты; түпсіз аспанға сіңіп кетпес үшін тізгінін тежеді. Қанжыға-
ға байлаған алтын тұғырда бақыт құсы қанат сіліккенде сілеусін жанарда тағдырды қалай тізгін-
деудің жөн-жосығы қайта тізбектеліп, жымиып қойды. Əділеттің ақ сəулесі салтанатты дəурен
құрды, қалың тобыр мəңгібақи Күн — Шыңғыстың шуағына бөленіп, бақыт құшағында масайрады.
Адам — қорқақ, адам — сатқын, көң етіктей көмпіс, томаршадай топас; құмырсқа жөніңді
біл! Хан қарысқанша жұдырығын түйді. Қажымайтын қайрат, қайыспайтын қайсарлық — қыран-
тұғырдың алтын кілті. Алтын кілт алақанында... Күш атасын танымайды, күштінің алдында пен-
де атаулы жыланша қырық бұралып, өз қиын өзі жеуге, өз бауырын өзі өлтіруге бар. Қаһарынан қас
жауы қаймыққан, қайтпас қайсар қаншама еді — бəрі де түп тамырымен қопарылып түсті. Күш
үрей тудырады, үреймен қарашаны қойша иіресің, сиырша жусатасың. Тылсым күш жазымыштай
90
төбеден төнсе, жүрекке үрей ұялайды, жарбаңдаған жағымпаздар жиіркенішті, бірақ төңірегінде
қоңыздай өрсін... Бас имес арыс кемде-кем, жүзден — жалқы, мыңнан — біреу, ондайды жанына
жақын тартқан, икеміне көндірген, көнбегенін жайратып салған. Күш — билік; билік — қисапсыз
қазына-байлық, шектеусіз атақ, даңқ»
5
. Бұл монолог — Шыңғыс ханның өмірлік ұстанымы, алдына
қойған арман-мақсаты, төбесіне көтерген туы десек те болады.
Жалпы портрет алынып отырған образдың көңіл-күйін, характерін, психологиясын айқындайтын
айрықша тəсіл болып табылады. Сондай-ақ көркем бейнені қоршаған ортамен байланыстыратын құ-
рал екендігі де сөзсіз. Адам портретін беруде кез келген қаламгерден шеберлік талап етіледі. Əдеби
шығармаларда кездесетін əртүрлі образдардың түр-əлпетін, кескін-келбетін, киімін, жүріс-тұрысын
бейнелеу арқылы оқырмандарға сол бейне жайлы көптеген ойдың туындайтыны шындық. Бұған бір
дəлел, өзінің қанды жорықтарымен жарты əлемді табанымен жаныштап, үстемдігін жүргізген қатыгез
Шыңғыстың, аты аңызға айналған алып тұлғаның, өмірі өлместей көрінген өршіл жанның өлер ал-
дындағы бір сəтін жазушы былай суреттейді: «Шыңғыс хан жаны шығарда қатты қиналды. Асқаза-
нында түйілген шаншу ішін бүріп, əкетіп бара жатты. Үсті-басын мұздай тер көмді, ауыр тыныс-
тап, ауаны қинала жұтты, аузына келгенді айтып сандырақтады — не міңгірлеп жатқанын жан
баласы түсінбеді»
5
.
Жазушы өз кейіпкерінің күрделі де тылсым болмысын асқақтатып көрсеткенімен, адам баласы-
ның ажал алдында, өлім тұзағы төбесінен төнгенде өте дəрменсіз келетіндігін дөп басады. Қағанның
қиналған сəтін оның сыртқы-ішкі қимылдарымен анық байқатады. Қатыгездіктің шегіне жеткен, қа-
талдықтың символына айналған Шыңғыс ханның өлім алдындағы əлсіз қарсылығы — Жалғанды
жалпағынан бассаң да ақыр соңында өкініп өлетініңді дəлелдей түседі.
Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романында да Шыңғыс қаған бейнесі шағын эпизодта үлкен
өмірбаяндық картинаның жүгін көтеріп тұр.
«...Темуджін ай тұтылған боранды түні қараша үйде дүниеге келді. Екі көзін қызартып ашып,
уысына қан шеңгелдеп туды. Сəбидің əкесі — саны мол ерлігі ерен, бірақ береке-бірлігі аз қият руы-
ның атақты батыры еді. Емшектен шығып, екі аяғына қаз тұрғаннан бастап, жүрген жолын қыр-
сық шалған Темуджін ес білер шағында əкеден айрылды. Содан соң елді жау шапты. Жас бала жат
қолында, мойнына ажырғы ілініп, аяғына кісен түсіп, құлдықта күн кешті. Тойып ішер тамақ, көсі-
ліп жатар ұйқы арман болды. Бірақ жас бала жасу орнына ширыға түсті, қажу орнына қайратта-
на берді.
...Үнемі ерлігі басым, ебі артық болған Темуджін жаңадан қосылған барлық жұрттың бірден
бір əміршісіне айналды. Ажырғыдан аттап өтіп, алтын таққа мінді, Темуджін аты ұмытылып,
Шыңғыс хан атанды...»
6
.
Мұндай баяндау үлгісіндегі суреттемелер əлем халықтарының Шыңғыс хан жайлы жазылған
көркем шығармаларының көпшілігінде кездеседі. Бұл ұлы қағанның өмір жолын, талайы тағдырын,
даңқты соғыс жорықтарын кестелейтін ортақ оқиға болып табылады. Ендеше, монғол əдебиеті мен
ертедегі Қытайдың сурет өнеріндегі Шыңғыс ханның бейнесіне жан-жақты талдау жасай келе мына-
дай қорытынды шығаруға болады. Жер шарының жартысын билеген ұлы қолбасшы Шыңғыс хан
жалпақ бетті, кең маңдайлы, қиық көз, бет сүйегі шығыңқы, танауы кең, дөң мұрынды адам болған.
Оның көзі де, шашы да қара. Аққұба өңді ұлы қаһарманның шалғысы ұзын қалың мұрты, сиректеу
сақалы, қалың қасы болған. Қазақ жазушылары да осынау тарихи шындықтан алшақ кетпей, қаған-
ның мінез-құлқына қатігездік, батылдық, ойлылық, əскери қолбасшылық т.б. қасиеттерді дарытқан.
Əдебиеттер тізімі
1. Əдебиеттану терминдерінің сөздігі. — Алматы: Ана тілі, 1996. — 165–165-б.
2. Сұлтанияұлы М. Шыңғыс хан: Роман-шежіре. — Ұланбатыр, 2001. — 14-б.
3. Зəкенұлы Т. Көк бөрілердің көз жасы. — Алматы: «Олжас» ЖШС, 2003. — 79-б.
4. Монғолдың құпия шежіресі (ХІІ–ХІІІ ғасырлардағы көшпелілер шежіресі) // Монғ. ауд. М.Сұлтанияұлы. — Алматы:
Өнер, 1998. — 35-б.
5. Əдібаев Х. Отырар ойраны. — Астана: Елорда, 2001. — 178-б.
6. Мағауин М. Аласапыран // Жұлдыз. — 1981. — № 6. — 80-81-б.
91
ƏОЖ 82-191:398.2(574)
Қ.Б.Асқаров
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
ҚАЗАҚ МЫСАЛДАРЫНЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ МЕН ДАМУЫ
В статье рассматривается возникновение и развитие казахских басен и приводится их
жанровая систематизация. В своих исследованиях автор опирается на труды ученых-
фольклористов.
This article devotes the history and development of kazakh ballades and their kind systematation. The
author have been gave their scientific formulation by work of Scientiest-folcloristers.
Қазақ халқының ауыз əдебиеті — берері мол, сан салалы рухани мұра. Ғасырлар бойы зерттеу-
ші-ғалымдар ауыз əдебиетінің жанрларын жинақтап, алуан түрінің сыр-сипатын, табиғатын анықтап
жатса да халқымыздың бұл салада бай өнері сарқылар емес. Қазақ фольклористикасының зерттелуіне
көз жіберсек, алдымен А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов сияқты ғалым еңбектерін ауызға аламыз.
Ауыз əдебиеті жайлы алғаш пікір айтып, оның жіктеліп зерттелуіне жол ашқан бұл ғалымдар кейінгі
фольклорист-зерттеушілерге бағыт-бағдар сілтеуші болды. Осы орайда аталған ғалымдардың назары-
нан тыс қалмаған мысал жанры да ауыз əдебиетінен бастау алғандығына көз жеткізуге болатындай.
Əрине, фольклорды зерттеп, жанрлық жағы сараланған еңбектерде көбінесе мысал жанры қалыс
қалып жатады, дегенмен мысал жеке түр ретінде қарастырылмаса да, ол жайында азды-көпті пікірлер
бар. «Мысал айтылатын өнегелі ойды тұспалдап жеткізетін, көбіне өлең түрінде келетін сюжетті, ша-
ғын көлемді көркем шығарма»
1
деген анықтамаға ие мысалдың түп төркіні хайуанаттар туралы тұс-
палды мағынасы бар ертегі, қысқа əңгімелер нұсқаларымен жалғасып жатыр. Уағыздан, нақтылап ай-
ту тəсілі жағынан халықтың нақыл сөздерімен ұштасады. Бұның қаншалықты дəлелді екендігін қазақ
ғалымдарының осы жанрға байланысты ой-пікірлерімен нақтылай түсуді жөн санадық.
Қазақ əдебиетінің көшбасшысы, ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы қазақ фольклорын сұрыптап,
саралауда мысал хақында да біраз ой толғап, анықтама береді.
Ғалым жалпы ауыз əдебиетін жұмсалуына қарай екіге бөледі:
− сауықтама;
− сарындама.
Сарындаманы үшке бөледі:
− салт сөзі;
− ғұрып сөзі;
− қалып сөзі.
Мысалдарды ғалым салт жолымен айтылатын сөздер тобына жатқыза отырып, мынадай анықта-
ма келтіреді: «Адамның ғамалын, мінезін, құлқын жанды, жансыз нəрселер арқылы салт-санасына
сəйкес көрсетіп өнегелеу мысалдау болады»
2
. Сонымен қатар ғалымның біз үшін маңызды ескертуі
де бар: мысалдар көбінесе хайуандар шыққан ертегілерден алынады. Ондай ертегілерде хайуандарға
адамша тіл бітіріп, адамша мінездеп, іс еткізіп, түрлі өнеге боларлық сипаттанған. Одан əрі ғалым пі-
кірі келесідей: «Мысалда аңдар, құстар, хайуанаттар, өсімдіктер іс-əрекеті, мінезі арқылы адам
бойындағы мінді, кемшілікті тұспалдап, əжуə күлкі етеді... Осындай шағын көлемді, оқиғалы, адамға
сабақ болатын тағылымдық шығарманы мысал дейді»
2
, — деп түйіндей түседі. Өкінішке орай, Ахмет
Байтұрсынұлының ауыз əдебиетін саралау үлгісін толығымен жалғастыру бізде жоқ.
Басқа да зерттелмей жүрген жанрлармен бірге мысал да ауыз əдебиетін оқытуда қарастырылмай
келеді. Бұл жөнінде Ш.Ыбыраев былайша қынжыла жазады: «Шынын айту керек, қазақ ауыз əдебие-
тіне арналған зерттеулер мен оқулықтарда айтыс пен шешендік сөздерден басқа аты аталып, ел таны-
ғаны жеті-сегіз жанрлар болса, ол Еуропа халықтарының фольклорында кездесетіндері. Ал мұның
сыртында аты аталмай, аталса да қатарға кірмей, күні бүгінге дейін халық жадында сақталып келген
ондаған жанрлар мен жанрлық түрлердің не зерттеушілер, не жинаушылар тарапынан ілтипат көрмей
келгенін немен түсіндіруге болады?»
3
Фольклортанушы осылай дей келе, ауыз əдебиетіндегі зерттелмей келе жатқан жанрдың бірі мы-
сал екендігін атап көрсетеді. Əдебиет зерттеудегі осы олқылықты ғалым қазақ ауыз əдебиетін жіктеу-
дің жаңа түрлерін ұсынумен толықтырғандай болады:
92
− салтқа қатысты фольклор;
− салтқа қатыссыз фольклор.
Салтқа қатысты фольклорды əрі қарай рим цифрларымен атап көрсетеді
3
.
ІІ. Эпикалық-прозалық жанрлар.
ІІІ. Эпикалық жанрлар.
ІV. Кіші жанрлар.
V.Шешендік сөздер.
VI. Мысал.
Көз сүйсіндіріп, көңіл қуантарлық жай — ғалым Ш.Ыбыраевтың мысал жанрын ауыз əдебиеті-
нің өзге де толыққанды түрлерімен қатар қойып, бөлек топтауы. Сонымен қатар ол мысалды бұрын-
соңды кездеспеген жаңаша түрде жіктеуді ұсынады:
А. Мысал (мысал өлеңдер, мысал сөз, мысал айтыс).
Ə. Апалог.
Б. Тəмсіл
3
.
Көңілге қонарлық ғалымның бұл дəлелді тұжырымдары мысал жайындағы ұғымымызды кеңейте
түседі. Міне, осы бағытта мысалдың түрлерін анықтап, оларды жинастырып, топтастыру, жанрлық
ерекшеліктерін айқындау шын мəнінде зерделі зерттеуді күтетіні анық.
Жоғарыдағы ауыз əдебиетін жіктеу, біздің байқауымызша, А.Байтұрсынұлының жіктеуімен ба-
ғыттас, үндес келеді. Тек басты айырмашылық жанрлық атауларда сияқты. Ақаңның сауықтама (бар-
ша сауық үшін айтылатын сөздер) деп отырғаны Ш.Ыбыраев еңбегінде салтқа қатысты фольклор деп
аталса, сарындама салтқа қатыссыз фольклор, яғни «жұртта келе жатқан салт сарынмен айтылатын
сөздер». Екі ғалым да мысал жанрын соңғы топқа жатқызады.
Мысал жайында барынша мол мағлұмат алып, тұжырым түйіндей аларлық еңбек — филология
ғылымдарының докторы Сəйділ Омарұлы Талжановтың еңбегі
4
. Əрине, ғалым мысал жайында жеке
еңбек жазбаса да, оның əлем əдебиетіне қатысы бар аударма саласындағы шығармасына біз тілге тиек
етіп отырған жанр, яғни мысал хақында, түйдек-түйдек ой-пікірлер, мысал түрлерін, үлгілерін кездес-
тіреміз.
Аударманың ауыз екі таралуын түсіндіріп, дəлелдеу барысында ғалым көбінесе мысалды тілге
тиек етеді: «Мысалдар дүниеге көп жайылған. Олардың тілі келте қайырылады, өткір теңеу, эпитет-
термен беріледі, сондықтан да қолдан-қолға, ауыздан-аызға көшіп, жылдам тарайды», — дейді
4
. Ға-
лым пікірін салмақтай келе жəне келтірген дəлелдеріне көз жеткізе отырып, қазақ мысалдарының бір-
шамасы əлем əдебиетінен ауысу процесі арқылы қалыптасқан деген ой туындайды. Мысалы, қазақ-
тың кəдімгі бізге етене таныс «Түлкі мен ешкі» мысалының ғалым сонау көне заманда Эзоп мыса-
лында «Түлкі мен теке» болып кездесетіндігін атап көрсетеді. Сондай-ақ бұл мысал рим ақыны
Федрда, грек ақыны Бабрийде де кездеседі
4
. Ғалымның бұл ойлары əжептəуір рухани жүк көтерген
мысал жанрының ауыз əдебиетінде кеңінен өріс алып дамығанына тағы бір дəлел. Мысал жайында
сөз толғау барысында жанрдың шығу тегі қандай?, қалай қалыптасқан?, қайдан бастау алады? деген
сұрақтар туады.
Ахмет Байтұрсыновтың бұл орайда: «Арнайы əдебиеттегі мысалдар былай шыққан: алғашқы
адамдар басқа мақұлықтардан ұзап жарымаған. Олар түрлі табиғат, түрлі тəсілмен тіршілік ететінді-
гін көріп олар да адамша ойлайды, сөйлеседі, кеңеседі, бірін-бірі аңдиды, арбайды деп білген. Сон-
дықтан адамның ісін əңгіме қылған сияқты, олардың да істерін əңгіме қылған. Одан хайуандар тура-
сындағы ертегілер шыққан. Онан бері келе, хайуандар тіршілік еткенмен нақ адамша ойласып, сөйле-
сіп, кеңес етпейтіндігіне көз жеткендігінен кейін мақұлықтар турасындағы ертегілер өтірікке сана-
лып, бірте-бірте жоғалып, тек мысалдар қалған»
2
, — деген тұжырымын негізге аламыз.
Шынында да, мысал жанры қазақ халқының ойлау өрісінің дамуымен, сана эволюциясымен ты-
ғыз байланысты, айналадағы тіршілік иелерін танып білумен қатар, олардың айрықша қасиеттерін ай-
қындап, адамды бейнелеудегі олардың түрлі мінезін əрқилы іс-қылықтарын тұспалдап көрсетуде ше-
бер пайдалана білген. Əрқашан сөзге ұста қазақ халқы осы мəндегі астарлы əңгіме туғызып оған «мы-
сал» деп айдар таққан. Қазақ мысалдарында əрдайым түлкі — қулық, айлакерліктің; қасқыр — қаты-
гез, қарақшылықтың; мысық — жалқаулықтың; есек ақымақтықтың т.б. қызметін атқарады.
Осындай арғы тегі хайуанаттар жайлы ертегіден өрбіп, өріс алған мысал жанры көбінесе, нақты-
лай айтсақ, оның бір тармағы мысал ертегілер апалог деп зерттеушілер тарапынан анықтамаға ие бо-
лып жүр. ХІХ ғасырға дейін апалог жəне мысал бір-біріне синоним ретінде қолданылған. Апалог кө-
бінесе қара сөзбен жазылады. Ішінара өлең сөздері кездескенімен, өлең түріндегі апалогтар біздің
əдебиетімізде тек жазбаша түрде кең дамыған. Ал өлең түріндегі апалогтың жеке жанр ретінде толық
93
қалыптаспауын ғалым С.Қасқабасов «ХІХ–ХХ ғасыр əдебиетінің жедел дамуы мысал жанрын əдеби
арнаға бағыттады» деп түсіндіреді.
Қорыта айтқанда, өзіндік генезисі бар жеке жанр ретінде қалыптасқан, ауыз əдебиетінің мөлдір
қайнарынан бастау алатын қазақ фольклорындағы мысал жанры əлі талай ғылыми зерттеулерге арқау
болатыны анық.
Əдебиеттер тізімі
1. Байтұрсынов А. Ақ жол. — Алматы: Жалын, 1991. — 36-б.
2. Ыбыраев Ш. Эпос əлемі. — Алматы, 1993. — 422-б.
3. Қасқабасов С. Қазақ халық прозасы. — Алматы, 1972. — 107-б.
4. Талжанов С. Аударма жəне қазақ əдебиетінің мəселелері. — Алматы: Жазушы, 1987. — 120-б.
К.Ыбыраева
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Петропавл
Достарыңызбен бөлісу: |