Тақырыптың өзектілігі: Зерттеу жұмысы ең өзекті мәселелердің түріктер заманынан келе жатқан қазақ қоғамында өзінің жалғасын тапқан тәңіршілдік дүниетанымы, оның өміршеңдік идеялары. Соның ең маңыздысы ұлттық идеология «Мәңгілік Ел». 2014 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кезекті халыққа жолдауын: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол — «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті«,- деп бастады. Бұл жолдаудың жаңалығы — тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы еді. «Мәңгілік Ел» қазақ халқы мен отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны болды. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелерін әрі қарай дамыту. «Мәңгілік ел» — түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк негізін қалаған идея. [1, 20-21 бб.]. Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрғаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік Ел» идеясын қолға алды. «Мәңгілік Ел» дегеніміз — мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. Көрнекті еуразияшыл ғалым, тарихшы-этнолог Л.Н.Гумилев «От Руси к России» атты еңбегінде: «Еуразия құрлығы үш рет біріктірілді. Алғашында оны Ұлы Түркі қағанатын құрған көне түріктер біріктірді. Түріктерден кейін Шыңғыс хан бастаған монғолдар, кейіннен Ресей өз қолына алды» — дейді.[4, 382 б.] Л.Н.Гумилев еуразия құрлығының бірлігі, мәңгілігі туралы ойын көне түріктерден бастайды. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қалыптасып жатқан Еуразиялық идеясының негізінде Ресейлік емес, түріктік ынтымақтастыққа қол жеткізіп, көне түріктердің мәңгілік ел идеясының өміршеңдігін дәлелдеуіміз керек. Елбасы Түрік бірлігі идеясын тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап көтеруде. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Астанада асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды паш етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы «Мәңгілік Ел» идеясының мелекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі. «Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осыдан кейін, «Мәңгілік Ел» «Алла Тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болады деуге толық негіз бар. Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні — мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті. Мәңгілік Ел ұлттық идеясы дегеніміз — өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету.