2 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ СЕНІМ–НАНЫМДАРЫНДАҒЫ ТӘҢІРШІЛДІКТІҢ ОРНЫ
2.1 Ислам мен Тәңіршілдік салт – дәстүрлерінің ұштасуы.
Кез-келген халықтың ұстанатын діні, наным-сенімдері мен көзқарастары оның тарихына, рухани-мәдени, саяси өміріне үлкен әсер ететін фактор болып табылады. Дін – руханияттың өзекті саласы. Дін тарихын білмейінше белгілі бір аймақты мекендеген халықтардың тұрмысын, өмірін, мәдени болмысының қыр-сырын терең тану мүмкін емес, яғни кез келген ұлттық мәдениеттің рухани бастауларын, оның менталитеті мен дүниетанымын ұғыну үшін мәдени тұтастықтағы діни жүйелерді терең зерттеп, зерделеудің маңызы ерекше. Өйткені дін өткен тарихи дәуірлерде мәдениеттің барлық салаларын қамтып жатты.
Ежелгі түркілердің ұрпағы болып табылатын қазақ халқының рухани мәдениетінде тәңірлік сенім немесе тәңіршілдік айрықша орын алады.
Тәңіршілдік жан-жақты күрделі құбылыс ретінде түркі халықтарының рухани өмірі мен әлемдік мәдениетте маңызды рөл атқарған. Түркі халықтарының дәстүрлі мәдени дүниетанымы этникалық сана ерекшелігін зерделеуге, адамзат қызметінің кез келген саласындағы ұлттық дәстүр қабатын тануға мүмкіндік береді. Түркі халықтарының салт-дәстүрі мен ереже-тәртіптерінің құрылуы, жалпы түркі қоғамындағы адам, әлем мәселесі тәңірімен байланысты.
Дәстүр (латынша, trаdіtiо-жалғастыру) – тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы: әдет-ғұрыптар, ырымдар, жүріс-тұрыс қалыптары мен тәртіптері, үрдістер, жөн-жоралғылар, мейрамдар, рәсімдер және т.б.
Экстремизм мен терроризм түрлерінің соңғы ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде оларға қарсы тұрудың тиімді әдістерінің бірі – қазақтардың салт-дәстүрін жандандырып, дәстүрлі исламды дәріптеу болып табылады. Олай болса, теріс идеялардың таралмау жолдарының бір әдісі ол – сан ғысырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі исламның деңгейін көтеру болып саналады.
Адам қажеттілігін өтейтін барлық құндылықтар – материалдық, әлеуметтік және рухани құндылықтар – дәстүрді құрайды. «Салт-дәстүр - тіл мен мәдениет бастауларының анасы» деген. XVIII ғасырдағы неміс ағартушысы И.Г. Гердер оның жазба мәдениет пен азаматтық қоғам қалыптасқанға дейінгі уақыттағы мәдениетті тасымалдаушы маңызын бағалап отыр. Сол сияқты, «халықтық наным-сенімдер халықтың шынайы діни өмірінің көрінісі болып табылады. Егер ұлттардың тарихы мәдениет қатпарларынан тұратын болса, дін қашан да сол мәдениеттің негізгі элементі болған» делінген.
Қазақтың ұлттық: имандылық, мейірімділік, ізеттілік, инабаттылық, дәстүрлері, меймандостық, қонақжайлық рәсімдері ұлттық мәдениеттің айқын белгілері болып табылады. Кісі күту дәстүрі бойынша қонақ қабылдау, қонақасын беру, қонақ кәде жасау ұлттық мәдени рәсімдер арқылы орындалады. Үлкен Кеңестік энциклопедияда: «Әдет-ғұрып – ислам діні тараған елдер арасындағы халықтық дәстүрлі құқығы»,- делінген.
ХІ ғасырда түркі тілдес тайпалар араб-парсы мәдениетін жатсынбай қабылдай бастады. Оның объективтік себептері де бар болатын. Соның бірі – түркі қағанаты ыдырап, оның орнына жаңа мемлекеттер, этностар пайда бола бастаған заманда олар жаңа, өзге мәдени дүниетанымды қажет етті. Исламның қазақ жерінде қантөгіссіз таралуының басты себептерінің бірі, Тәңір мен Алла дүниетанымдық мәселелердегі ұқсастығы, түркілер нанымдары мен исламның монотеистік сипаты, олардың мәдени тамырларының рухани сабақтастығы да үлкен әсер етті. Түркілер ислам әлеміне өзіндік орнықты дүниетанымымен енді және аруақ, ие, құт тәрізді іргелі ұғымдарын сақтап қалды. Тәңір ұғымы мен ислам үлгісіндегі дүниетанымның синтезі қазақ топырағында Иассауи ілімінен айқын көрініс береді [16,б.140]
Ислам құндылықтары мен қазақ салт-дәстүрі арасында әдемі сабақтастық пен үндестік бар және екеуінің де алатын орны қазіргі уақытта үлкен маңызға ие. Олай болатыны, ата-бабамыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының қайнар көзі – ислам. Әсіресе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-нің сүннеті мен хадистері әдет-ғұрып ретінде қалыптасып, халқымыздың мәдениеті төрінен орын алды. Десек те, байырғыдан келе жатқан салт-дәстүрлеріміз бәрі бірдей ислам шариғатымен ұштасты деуге артық айтқандық болар. Олардың ішінде тәңірлік сенім-нанымнан жетіп осы уақытқа дейін өз қасиетін жоғалтпағандары да баршылық. Оларды исламмен үндестіру әлі күнге қиын мәселенің бірі болып келеді. Неге десеңіз, бұлар байырғы діни көзқарастардан туындаған әдет-ғұрыптар, ислам шеңберіне сыймайтыны тағы бар. Бірақ ислам шариғаты мен қазақ салт-дәстүрлерінің қарама-қайшылықтарынан гөрі, олардағы үндестік пен сабақтастықтарды әбден байқауға болады. Ата-бабамыздан мұра болып жеткен бұл дәстүрлер мен ғұрыптардың көбі ислами қайнардан алынғанын айтып кету де артық болмас.
Сондай-ақ, тәңірлік ғұрыптардың кейбірі ислам құндылықтарымен ұштасатынын, Құран аяттарымен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерімен үндесе алатынын дәлелдеуге болады. Исламға дейінгі уақыттағы араб бәдәуилері салт-дәстүрі мен көшпелі қазақ елінің салт-дәстүрлері арасында ұқсастық бары анық. Олай болатыны, қазақтар секілді ата жолын, ата салтын қуу, рушылдық, ырымшылдық т.б. салттары арабтарда да өте күшті еді. Оларда да қазақтар секілді өз ата-бабаларын мақтап, дәріптеп оларға өлеңдер шығарып, оның аяғы тартыс, жанжалға айналып, қырқысып жататын-ды.
Қазақстанға ислам діні VII ғасырдың басында арабтардың Орта Азияны бағындыруы нәтижесінде кіре бастады. Десек те, сол уақыттағы ата-бабаларымыздың салт дәстүрлерінің кейбіреулері әлі күнге дейін сақталаған. Мысалы: қазақ қоғамының тұрмыс – тіршілігінде құдалықтың ежелгі дәстүрлері «бесік құда», «қалың төлеу», «әмеңгерлік» сияқты әдет ғұрыптар сақталып келді. Отбасы мен туыстық қатынастар саласындағы исламдық және оған дейінгі дәстүрлер дінге нанушылардың күнделікті тұрмысының бір бөлігін құрайтын еді. Әр жерде жерлеу, еске алу және үйлену, сүндетке отырғызу дәстүрлері өткізіліп жатты; қазақ жерінде оның ішінде оңтүстік аймақта ислам діні кеңінен етек жайғандықтан, осы аймақтарда Құрбан айт пен Ораза айт айрықша атап өтілді. Мұсылмандыққа дейінгі көптеген салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар: «тасаттық», «бесік құда», «қарсы құда», «сүйек жаңғырту», «қалыңдықты алып қашу», «қалың төлеу» сияқты әдет-ғұрыптар кең тарап, бұларды кейбір қазақтар мұсылмандық дәстүрлер деп ұқты. Бұл салт-дәстүрлердің ислам шариғатымен жанасатын қырларын мынадай бір мысалмен тілге тиек етсек. Мысалы: тасаттық – бұл қазақтарда құрғақшылыққа байланысты құрбан шалынатын «тасаттық» деп аталатын дәстүр ата-бабамыздың тұрмыс тіршілігінде маңызды орын алды. Ал, жаңбыр шақыру ырым дәстүрі түрік халықтарының «жаңбырлы тас» туралы ерте дәуірдегі «джеде, таш, яда, еде, суу таш, жай тас» аталып, орта ғасырдың басынан ХIХ ғасырдың аяғына дейін кеңінен тараған ұғымдардан бастау алады. Қазіргі уақытта бұл дәстүрді ауыл-аймақтарда кеңінен қолдануда. Егіні шықпай, құрғақшылық басқан жерлерін шаруалар жергілікті имам, молдаларды алдырып тасаттық жасатып жатады. Исламдағы ұлы имамдардың ұстазы болған Әбу Ханифа жол салған суниттік мазхаб басқаларына қарағанда бейімделгіш, басқа халықтардың әдет-ғұрып заңдарын көбірек ескеретін болғандықтан, ата-бабамызға да өте тиімді болды. Тіпті ислам ілімдерінен сусындаған Абай атамыз да өз Қара сөздеріне хадистер мен аяттарды молынан қолданып, халқымызды бұл қайнар көзден сусындатқан[16,б.150]
Салт дәстүрімізде көрші ақысына баса назар аударылғаны да белгілі. Ал оның шығу тарихын зерттегенімізде Мұхаммед Пайғамбардың ақыл кеңестерінен бастау алғандығын көреміз. Халық арасында көп тараған хадистердің бірінде: «Көршісі аш өзі тоқ жатқан нағыз мұсылман емес» (Бухари) делінгені мәлім. Егер қазақтарда біреу қайтыс болса, оған адамдар «иманы саламат болсын», «арты қайырлы болсын» деп көңіл айтып жатады. Бұл сөздің астары «жаны жаннатта болып, артынан қалған ұрпағына Алланың берекесі болу» деген мағынада.
Сонымен қатар, қазақтардың кейбір ғұрыптары мен Пайғамбар сахабаларының істеген амалдары арасында ұштастықтар көп. Мысалы, Халиф Усман ибн Аффан бір кішкентай сүйкімді баланы көріп қалып «Мына балаға көз тимес үшін иегінің астына қара күйе жағып қойыңдар» деген. Ал, қазақтардың сәбиге қара күйені тектен текке жақпайтынын осы оқиғадан байқауға болады.
Сондай-ақ, қазақтардың мынадай «Таспен атқанды аспен ат», «Алланың көзі түзу болсын», «Періштенің құлағына шалынсын» сияқты пікірлері қазақ мұсылмандығының дәлелі екенін көрсетеді. Тарихқа көз жүгіртсек, баяғы қазақ хандығының құрамына тек мұсылман рулары қана кіретін болған. Ал, исламды қабылдамай, өз сенімдерінде қалған рулар қазақ хандығына кірмеген.
Дәстүрлердің жалпыға ортақ ең маңызды қызметі – адамдар арасындағы өркендеп және өзгеріп отыратын тұрақтылықты ретке келтіріп отыру. Тұрақтылық болмаса, даму да болмайды. Демек, дәстүрсіз қоғамдық қатынастардың қалыптасуы, дамуы, өзгеруі мүмкін емес. Қоғамдық қатынастар тарихи дамудың әрбір жаңа сатысында сақталып қана қоймай, өзгеріп, жаңара береді. Сөйтіп, дәстүрлер арқылы қайта жаңғыру жүзеге асады, ескі қатынас түрлерінен қазіргі және болашақтағы қатынас түрлері келіп шығады.
Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) отбасына және сахабаларына деген сүйіспеншілігімізге қарай олардың есмідерін ұрпағымызға береміз. Той-томалақты сәттер мен мерекелерде туған-туыс, дос жарандардың бір-бірімен қоян-қолтық араласу негіздері дініміздің үгіт-насихаттарынан сусындағанының көрінісі болып табылады. Мысалы: исламда «силаий рахим» яғни туған-туыстарынан алыста болғандардың, белгілі уақыттарда кіндік қаны тамған жеріне туған-туыстарына барып араласуды Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиет еткен. Пайғамбардың бір хадисінде: «Туған-туыстарың мен достарыңа қонаққа барыңдар, Алла өмірлеріңді ұзартып, ризықтарыңды арттырады» деген. Күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде де Алланың атын атап, көптеген қанатты сөздер қолданамыз. Мысалы: «Алла сақтасын», «Алла жолыңды берсін», «Алла алдынан жарылқасын», «Аллаға аманат бол», «Алла ақыл берсін» деген сияқты бата-дұға сөйлемдерін көп естиміз. Сонымен қатар, «Алланың бергені», «Алланың әмірі», «Алла берген дарын» деген сөздерді де көп қолданамыз. Оған қоса, «Шайтан түртті», «сайтан сияқты», «шайтанның айтқанына еру» сынды діни мағыналы сөздер күнделікті тіршілігімізге әсерін тигізіп, тәлім-тәрбиеге жол сілтегенін аңғарамыз.
Қазақтар сан ғасырлар бойы адами құндылықтарды қорғап, сақтап келген. Сондықтан, қазақтардың осындай рухани жоғары дәрежеде исламды насихаттауы таңқаларлық жағдай емес. Ал, осындай насихаттарды халқымыз өздерінің жырларымен, әңгімелерімен, мәтелдерімен, сондай-ақ, салт-дәстүрімен жеткізе білген. Ел болу дегеніміз тек мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық гүлденуі ғана емес, елдік сананы қалыптастыру, ұлттық қауыпсіздікті нығайту және рухани тазалыққа мән беру керек екені ақиқат.
ҚР Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында айтып өткеніндей: «Біз, мұсылманбыз, оның ішінде Ханафи мазхабының суниттеріміз. Бұл жол біздің ата-бабаларымыздың ұлттық дәстүрге деген құрметімен негізделген...».
Бұдан бөлек, Елбасы «Біз мұсылман үмметінің бір бөлігі екендігімізге мақтан тұтамыз» деп, айрықша, басып айтқан болатын [4,б.20]
Қазақ қауымы осы кезеңге дейін қалыптасып үлгерген өзінің рухани қазыналарын түгендеп, бір жүйеге салып, оның шынайы құндылығын анықтап,зерделеуде. Кеңестік идеологияның көлеңкесінде қалып қойған қазақ халқының іргелі дүниелерінің ішіндегі діни болмысымызға жаңаша мән беріп, оның біртұтас жүйесін жасап шығару үлкен қоғамдық-ғылыми жетістік болар еді. Дін рухани мәдениеттің тарихи формаларының бірі екендігі белгілі. Дінді рухани өмірден бөле қарау немесе оны сол руханилықтың негізі, алғышарты ретінде қабылдау діннің рухани өндірісіне ешқандай қатысы жоқ деген жалған түсінік туғызады. Ал, бұлай ойлау жалпы рухани мәдениетті мешеулетумен бірдей. Мысалы, орта ғасырларда дін үстем идеологияға айналып, тек көзқарастық қана емес, сонымен бірге, өмір салттық та роль атқарды. Бұл дәуірде діннің бақылауынсыз ешқандай рухани туынды өмірден орын таба алмады.
Әрбір дін, соның ішінде ислам да, өзі тараған жерлерде өзіндік діни қағидаларды, тәртіптерді өзіне тәуелді етіп отырды. Осы орайда профессор Қ.Шүлембаев: «Халықтың рухани тарихын зерттеуде мәдениет пен діннің қатар келе жатқаны байқалады. Мәдениеттің көркемдік,сезімдік, танымдық мүмкіндіктерін дін әрдайым өз қажеттеріне пайдаланып отырады. Өз кезегінде діннің үстем қоғамдық сана болуға тырысуы сол мәдениет жетістіктерінің халықтың рухани қорларды кеңінен пайдалануына себепкер болды. Аталған дәнекерлікті түсінбеу олардың ара-қатынасын тек тәуелділік ретінде қарастыруды туғызды», – деп орынды пікір айтады [16,б.130]
Кез-келген дін ешқашан да өзгеріссіз сол күйі қалған емес, тарих тегершігінің айналуымен тұрақты түрде өзгеріске ұшырап отырды. Жаңа жағдайға бейімделе отырып, діни сенім жаңа әлеуметтік құрылымға білгірлікпен қызмет етті, сөйтіп осы арқылы адамдарға деген ықпалын сақтап қалды. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап ислам идеологтарының арасындағы реформашылдыққа, жаңартуға ұмтылу сипаты белең алды. Олардың көпшілігі мұсылман елдеріне еуропалық өркениеттің, ғылымның, техниканың және мәдениеттің жетістіктері енуін, буржуазиялық қатынастардың дамуын көрді. Бұл ағым Шығыс елдерінде феодалдық қатынастардың бұзылуына, таптық күрестің ушығуына, сондай-ақ, қоғамдық сананың формасы ретіндегі исламның модернизациялануына себепші болды. Бұл сөзімізге ХІХ ғасырдың аяғындағы – ХХ ғасырдың бас кезіндегі мұсылман дінінің ғалымдары: Сайид Ахмад ханның (1817-1898), Жамал ад-Дин әл-Ауғанидің (1839-1909), Мұхаммед Әбдінің (1834-1905) және Мұхаммед Икбалдың (1873-1938) көзқарастары бойынша, өнеркәсіпке күрделі қаржы жұмсауға, әйелдерге ерік беруге, нақты ғылымдарды дамытуға, шариғат заңдарын жетілдіруге жол беруге болатыны туралы ілімі дәлел бола алады. Зерттеуші М.Әбдінің пікірінше, «ислам ескі жамылғыларын сыпырып тастап, ғылым мен прогрестің талаптарына толық сәйкес келе алады. Ол үшін дінді зерттеушілердің, ғалымдардың біраз күш-жігер жұмсауы қажет». Осынау ислам модернистерінің ой-пікірлері Қазақстан мұсылмандарының көзқарастарымен үндесіп жатыр.
Халқымызда «Ғылым мен дін – егіз» деген қағида бар. Бұл біздің дінімізге еш қайшы келмейді, ғылым адам игілігін алға бастырса, дін рухани дүниені қалыптастырады. Кез-келген дін сияқты, ислам діні де адам қоғамына тән адамгершілік-имандылық негіздеріне сүйенген. Оған қоса ислам діні өзі дүниеге келген ортаның сұранымымен үндесіп жатады. Ол тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір-салтына, адамгершілік негіздеріне, дәстүріне айналып отыр. Сондықтан, біз бүгінгі таңда жер бетінде миллиардтан аса адамның зейінін өзіне тартқан ислам дінін ең алдымен рухани құбылыс ретінде құрмет тұтамыз.
Ал, қазақ халқының тарихында ислам дінінің толық дами алмағанына көшпенділік тұрмыстың салты мен санасы,әдеті мен ғұрпы кедергі болса керек. Егер халқымыздың өмір-салтын ғылыми зерделейтін болсақ, қазақ халқының тарихи-әлеуметтік болмысында ислам дінінен гөрі, тәңірлік діннің әлдеқайда басым екеніне көзіміз жетер еді. Тәңірлік дін әлі түбегейлі зерттеліп, адам қоғамындағы орны жете анықталған жоқ. Біздегі «бақсылық» деп аталған шамандық та, түптеп келгенде, тәңірлік діннің бір тармағы іспеттес. Ислам діні қазір қазақ жерінде екі бағыттағы қызметімен көрініс табуда. Біріншісі – мәдени-ағартушылық, екіншісі – саяси-әлеуметтік. Бірінші бағыт: халықты жалпы мұсылмандыққа насихаттау, халық дәстүрлерімен ұштасқан исламның рухани мәнін түсіндіру. Дін дүниесіне байланысты шығармалар қазақ даласында сонау Әбу Насыр әл-Фараби кезеңінен қалыптасып, біртұтас рухани ілімдер, орныққан көзқарастар жүйесі үзіліссіз жалғасып келеді [11,б.28]
Туған топырақтан алған тәлімін араб, парсы мәдениетінің, ислам өркениетінің ақыл-ой қазынасымен ұштастырған энциклопедист ғалым «иләhи хикмет», «тәңірлік даналық» ілімінің негізін салды. Бұл ілім өз кезегінде әл-Фарабидің даңқты отандасы – Жүсіп Баласағұн шығармашылығында «Құтты білік» деген атпен жалғасын тапты. Қос ғұламаның жерлес ізбасары Қожа Ахмет Яссауи бұл ілімді «хикмет ілім» деген атпен дамытты. Бұл ілімнің негізгі қағидалары Яссауидің «Диуани хикмет», «Пақырнама» еңбектерінде көрініс тапты. Яссауи танымдық мектебінің барлық өкілдері мен Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген барлық қаламгерлер (ақындар мен шежірешілер) туындыларынан олардың діни және дүниетанымдық мәселелерде әбден қалыптасқан, жүйеленген, орныққан біртұтас көзқарастарға ие екені аңғарылды. Бұл көзқарастардың негізін ең алдымен ұлттық құндылықтар мен отаншылдық қағидаларды қорғау, екіншіден, ислам шариғатына құрметпен қарай отырып, әрі қарай дамыту қағидаттары тұрды [12,б.460]
Екінші бағыт: саясаттанған ислам, бұл дінінің тарихи тұрғыдан қалыптасқандығын және өзінің болашақ даму жолдарын іздестіре отырып, бүгінгі күні де сан алуан идеялар мен пікірлер күресі аясында өмір сүруде екенін атап айтқан жөн. Елімізде орын алып отырған үдерістердің өтпелі сипаты Қазақстандағы исламдық кеңістіктің қалыптасуын күрделендіре түсті. Біз бұрынғы кеңес кеңістігіндегі ел мұсылмандарының бір бөлігінің шеттен келіп жатқан радикалды сипаттағы діни идеялар мен ой-пікірлерді белсенді түрде қабылдауына ықпал еткен «жаңа исламдандыру» толқынымен бетпе-бет келіп отырмыз. Діни экстремизм сипатындағы бұл құбылыс ХХІ ғасырда кең етек ала бастады. Қазіргі күні оның ықпал ету аймағы ұлғайып, экстремистердің іс-қимыл аумағы өзгеріп отыр. Мұның өзі Тәуелсіз Қазақстан Мемлекетіне, оның сыртқы, ішкі саяси ахуалына салқындығын тигізуі мүмкін. Сондықтан да, біздер өскелең жас ұрпақтың мұндай діни бағыттардан ада болып, егемен еліміздің мықты патриоттары, өз ісіне адал, ұлтжанды мамандары етіп тәрбиелеуіміз керек.
Біз тарихи тағылымға, дәстүрлі өнегеге бай Қазақ еліміз. Кемеңгер бабаларымыз бізге ұлан-байтақ даланы ғана емес, баға жетпес рухани мұраны да мирас етті. Сан ғасырлар бойы елдік пен ерлікке, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген сол рухани мұраны лайықты түрде игере алсақ, келер ұрпақ үшін де мың жылға жетерлік рухани азық болары даусыз. Міне, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Ұлытау төріндегі толғаныстан туындаған ой-пікірлері өз жалғасын табады деген сенімдеміз.
Тағы талас тудыратын мәселе: қазіргі таңдағы мүфтият ұсынып отырған бес парыз дегендері негізінен төрт парыз. Абай атамыз арап халқының дін ұстанымымен келген шариғаттағы үлкен қателікті:
«Ел жайын біліп қансаңыз, айтайын құлақ салсаңыз.
Кейбірі дүрсіп жүр, жер тәңірісіп кер маңғаз.
Кейбіреуі – зәкүншік, оңдармасып, берсе арыз.
Кейбірі пірге қол берген, іші залым, сырты абыз.
Кейбірі қажыға барып жүр, болмаса да қаж қарыз.
Мұсылмандық ол ойлап, өтеген қашан ол қарыз?» , - деуінен тек қажылықтың парыз болып саналмағанын аңғарамыз. Яғни, ислам бес парызының бір парызын жоғалтып орнына «қажылықты» парыз қылғаны көрініп тұр. Негізінен, бесінші парыз жоғарыдағы Тәңірлік ұстанымдарына қатысты айтылған «ел мұқтажын, сенімін тазартуға» аманатталған болса керек. Бұдан шығатын қазіргі күнімізге сай қорытынды – бұрынғы замандары ел мәдениетін қадағалайтын абыз, билеріміз өздері таңдап ханды да философиялық (ойшылдық) сынақтарынан өткізіп, сенім артатын болса қазіргі сауатты деген заманда шет елден дәреже алып, сайланып келетін «тұрпайы интеллигенттер» елдің рухани аңсарын бағыттайтын болды.
Оның үстіне негізіне біздің территориямызға тараған негізгі мұсылмандық ілім Ахмет Яссауидің суфизмдік (діни мистикалық бағыт) сала екендігін ескерсек Еуразиялық тұрпатымыздың өзіндік қалпы айқындала түсетіні анық. Олай дейтініміз, Еуразияның батысын мекендеген славян халықтарының басым көпшілігінің христиандық ілімнің православиелік (діни мистикалық бағыт) бағытын ұстануы да осы діни-мәдени кеңістіктің өзіндік табиғи және рухани ерекшеліктеріне байланысты екендігінің дәлелі болса керек. Сондықтан да қазіргі таңдағы руханиятымыздың басты қайнар көздерінің бірі осы Тәңірлік ілімінің идеялық бастауларында жатыр деп сеніммен айта аламыз.
Оның үстіне ата дәстүрі, салт-сана, тұрмыстық мәдениет жайлы сөз қозғағанда кейінгі жылдары тікелей мұсылмандық тағылымдармен ғана рухани сабақтастық іздестіру мәселесі басым түсіп жатыр. Оның себебі өзіміздің төл діни болмысымыз болып табылатын Тәңірлік ілімінің танымдық қағидалары мен болмыстық тұрпаты ғылыми тұрғыдан мәнді қасиеттері тұрғысынан әлі де толымды зерделенбей жатқандығында болса керек. Исламның синкреттілігі мен көшпенділер сенімінің синкреттілігін саралаумен жұмыс бітті деген аңсарлар ғана қалған сияқты. Егер ұлттық болмыстың таза табиғи нәрінен сусындануымыз қажет десек алғашқы қайнар көз болып табылатын Тәңірліктің құдіретін де естен шығармай әлі де зерделей түсуіміз қажетті әрекет емес пе. Адамның тіршілік етуіне қажетті табиғи жағдайлардың Тәңірден, яғни, көкке тәуелді болатыны, белгілі бір этностың қоғамдастығының баянды болуы да сол аспанның «мейірімді ықыласына» тікелей байланысты екен. Тайпаларды біртұтас халыққа айналдыратын қасиетті «пассионарность» екендігіне дәлелдемелер де баршылық. Ал, «пассионарлықты» географиялық ортаның қасиеті, яки «табиғи жауапкершіліктің негізі» деп қарастырсақ Тәңірліктің Құдайы және адами жауапкершілікке қатыстылығы өз-өзінен туындайтын мәселе. Бұдан Тәңірге табынған халқымыздың түсінігі ғылыми қисынға жақын келетін әмбебапты дүниетаным екеніне сенуімізге негіз бар. [20, б.330]
Сөйтіп, ұлттық дүниетанымнан өрбіген Тәңірліктің негізінен табиғатты ардақтау салты, адамды немесе ата-бабаны құрметтеу салты құралады. Ата-ананы сыйлап пір тұту халықтың асыл қасиеттерінің бірі. Өмір беріп, өнеге көрсеткен әке, әлпештеп өсірген ана алдындағы қарыз сенімі әр адамның адамгершілік деңгейінің өлшемі, азаматтық жауапкершілігі болып саналады. Ата-бабалар аруағына сыйыну салты арғы замандардан келе жатқан ұлы дәстүрді сақтау, жалғастыру, алға апару жауапкершілігінен туған. «Өлі риза болмай тірі байымас» деген қанатты сөз де осы сарынды тағылым. Ал, аруақ дегеніміздің өзі бұл ғұмырдан өткен адамның рухы. «Аруақ» - күш, қуат, дем деген ауыспалы мағынасы бар «рухтың» көпше түрі, негізінен араб тілінен ауысқан сөз дейді зерделеушілер. Аруаққа сыйыну – тіршілікте іске асырған істеріне байланысты айрықша қасиет иесі саналған аталардың рухымен қанаттану, мұрагерлік жауапкершілікке талаптану ұғымын білдіреді. Аруаққа сыйыну салты ұрпақты жауапкершілікке тәрбилеуде, патриоттық сезімді ұштауда орасан зор әлеуметтік мәнді болған және бола да бермек. «Қазақтар әдетте ата-баба аруағын Құдайдан да құдіретті деп түсінген» деген ұсыныстың жаны бар. Аруақтың кейінгі ұрпақтың ой-сезімі мен нанымына әсерінің құдіретін осыдан-ақ байқауға болады. Ата-бабаны қастерлеу ғұрпы–қоғам мен адам тануға көмектесетін жауапкершілікті мүмкіндік. Халқына ерекше еңбегі сіңген, ақыл ойымен, адамгершілігімен, имандылығымен белгілі болған жандардың өмірін кейінгі ұрпаққа өнеге ету – ұлттық қасиеттерді сақтау мұратындағы жауапкершілікті арттыруды көздейді. Бұл дәстүр сабақтастығын қамтамасыз етіп, халықтың ауыз бірлігін және ынтымақтастығын арттырады. Ортақ мақсатты орындаудағы рухани жауапкершілігін күшейтеді.
Дін адамзатпен байланысты рухани және әлеуметтік құбылыс болғандықтан ұлттық мәдениетпен және ұлттық болмыспен де тікелей байланысты. Дін әлеуметтік-мәдени байланыстарды және дүниетанымдық ұстанымдарды айқындайтын болғандықтан қазіргі әлемдегі дінтанулық және әлеуметтанулық теорияларда дін қоғамның тұрақтылығына ықпалдастық беруші фактор ретінде қарастырылады. Қазіргі таңда қоғамдық өмірде дінге деген қызығушылық артып тұрған уақытта діннің қоғам өміріндегі орнын зерделеу үшін философиялық және дінтанулық негізде талдаулар жүргізу қажет. Дін адам және қоғам өмірінде құндылықтық ұғым ретінде оның өмір мәндік ұстанымына ықпал етеді. Дін ұжымдық бірегейлену ретінде индивидке пен қоғамға ықпал етуші фактор болып табылады. Заманауи секулярлы қоғамда қоғамның түрлі салаларына, қоғамдық және ұлттық болмысқа, жеке адам санасына, әлеуметтік қатынастар мен институттардың қызметіне діннің ықпал етуі қазіргі дінтанулық ғылымда нақты тарихи жағдайды есепке ала жүргізілуі керек. Қазақстан-2050 Стратегиясында Елбасы «Біздің мемлекетіміздің зайырлы келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты. Мұны Қазақстанның қазіргі және болашақ саясаткерлері, барлық қазақстандықтар айқын түсінуге тиіс», – деп атап көрсетті. [4,б.7] Бүгінгі таңда ұлт тілі, ділі (менталитеті), діні, ұлт санасы сынды ұғымдар ұлттық руханиятты зерделеп, зерттеуде маңызды болып табылады. Сондықтан ұлттың дүниетанымдық көзқарастарын, ұлттың өзіне тән бітім-болмысын, жан-дүниесін, философиялық ойлау жүйесін, мәдениетінің рухани негіздерін танып-білу үшін діл мен дін арақатынасын, діндегі ділдің орнын дұрыс зерделеу керек. Әлемдік қауымдастықты құрайтын сан алуан ұлттар мен ұлыстардың өзіне ғана тән атадан балаға сабақтастықпен берілген, уақыт сынынан өткен дүниені тану, ұғыну, пайымдап, парқылайтын, әрі өрбітетін жүйелері тән.
Ұлттық мінез-құлық, жүріс-тұрыс, салт-дәстүр, сенім, өмірлік ұстанымдар мен ұлттық ойлау ерекшелігі әрбір халықтың тарихи-мәдени даму кезеңдерінде өзінің әлеуметтік күші мен рухани нәрін жоғалтпайтын сарқылмас кәусар көз және қасиетті тұғыр. Өйткені, ұлттар мен ұлыстар өзінің бастапқы тарихи салт-санасында және рухани әлемінде қалыптасқан ойлау жүйесін, дүниетанымын ұлт үшін киелі саналатын қадір-қасиеттері мен ата-баба ардақтаған сенімін тарихи жадында мәңгілік құндылықтар ретінде қастерлейді. Қ.Мұхамеджанов: «Бізге келген ислам діні арғы аталарымыздың тәңірлік әдет-ғұрпымен, халқымыздың менталитетімен табиғи үйлесіп кетеді. Біздің бұрынғы билеріміз: «Құдайдан қорықпаған – Ханнан қорықпайды, Ханнан қорықпаған - Заңнан қорықпайды», – дейді екен - Меніңше, табиғаттың дүлей күшімен ұдайы бетпе-бет келіп, тай-таласта жүрген көшпелі қазақтар қарапайым сезім-түйсігімен-ақ Құдайдың бір екеніне көзі жеткен. Халықтың көптеген ырымы, салт-санасы, дәстүрлері Құранның Аллаһқа мінәжәт ететін аяттарын еске түсіреді», – деп, халқымыздың дәстүрі мен ырым-жоралғыларындағы ислам құндылықтарының орнын және ұлттық сана мен ділдегі Құран идеясының маңызын айқындайды.
Қазақ руханиятының асыл үлгілері қай кезеңде болмасын халқымыздың ділі мен мәдениетін қалыптастырудағы басты бағыт-бағдар болған. Қазақ руханиятын зерттеуші көрнекті ғалым Ө.Жәнібековтың «Қазақ халқының ғасырларды артқа салып, өмір талабына сай, қалыптасқан рухани әлемінің бізге әлі де беймәлім сырлары көп. Тамырын тереңге жайған дала өркениетінің зерттеле қоймаған жақтарын аша түсу ғылымға қосылған үлкен үлес болар еді», – деген ой толғанысы халқымыздың рухани әлемін құрайтын құндылықтардың маңызы мен ауқымдылығын нақтылайды. Құндылық әрқашанда адамның қажеттілігімен, мүддесімен айқындалады. Адам үшін құндылықтық бағдарлар жүйесі маңызды болып табылады. Құндылықтық бағдар адамның маңызды қажеттіліктерінің бірін көрсетеді. «Адам өмірінің соңғы мақсаты-руханилыққа жету. Руханилық – адам баласы жетуі тиіс ең маңызды және мағыналы мақсат» деген ойды құптаймыз. Адамзаттың ізгі құндылықтары әрқашан асқақ мұраттарға қызмет жасайды. Рухани құндылықтар адамның жан дүниесін байытып, адамды кемелділікке қарай өрлетеді. Ислам құндылықтары бұл мұсылман әлемі мәдениетінің өзегі және мұсылмандардың ар-ұжданының айнасы. «Ислам этикасы өміршеңдігі мың жарым жылдық тәжірибемен дәлелденген орасан зор өркениеттің негізі болып табылады» деген ойды ислами теориялық ұстанымдар растайды. Ислам діні бұл мәдениет пен өркениет жолы болып табылады. Ислам ұлтшылдыққа, нәсілшілдікке, төзімсіздікке, кедей мен дәулетті деп бөлуге қарсы. Құранда: «Әй, иман келтіргендер! Расында, Біз сендерді бір ер мен бір әйелден жаратып, бір-бірлеріңді танып-білулерің үшін сендерді халықтар мен рулар еттік. Әлбетте, Аллаһтың қасында ең ардақтыларың – ең тақуаларың. Расында, Аллаһ білуші әрі хабардар» (Әл-Хужурат, 13).
Дін қоғамдық сананың формасы ретінде, адамның дүниеге көзқарасын және бағыт-бағдарын, өнегелік ұстанымын өмір салтын білдіреді. Діни дүниетаным адамзат тарихында ғасырлар бойы сақталып, өзінің мәңгілік құндылықтары арқылы әрбір халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрінде, ділінде көрінеді. Дін сөзінің араб тіліндегі мағынасы бұл мойынсыну, бағыну, құлшылық, үкім, есеп, жаза, жол, заң деген мағынаны береді. Ал дін сөзінің діни, имани мән мағынасы Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген адамзат үшін бұл дүниедегі өмір сүру заңдылықтарын рухани жүйеге негіз болатын құндылықтар яғни адамның бұл дүние мен мәңгілік о дүниедегі өмірге жол ашатын бағыт-бағдарлар деп негіздеуге болады. Дін ұғымының ауқымдылығы бұл адамзат үшін Ұлы Жаратушының өзі үшін ғана жасайтын табыну мен ғибадаттың заңдылықтары мен салт-ғұрыптары және рухани рәміздік жолдары. Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген дін адамды бір Құдайға деген сенімін айқындайды - «Өйткені дін дүниедегі барлық жандар мен мал-мүліктің, еркіндіктің ақысы мен абыройын әділ қорғайтын берік қамал» делінуі қисынды. Дін – сенім, үкімдер мен тыйымдар, рухани және материалдық құндылықтар жүйесі ретінде Жаратушы өз елшілері арқылы күллі адамзатқа беріледі. Адамзат пайда болғалы бері діни нанымсыз өмір сүрмеген. Бұл сөзімізге дәлел адамзат тарихында болған ежелегі наным-сенімдер, ұлттық діндер және әлемдік діндер. Діннің рухани құндылықтары адамзатты екі өмірдің бақытына ие болу жолына шақырады. Шынайы сәмәуи діннің ерекшелігі уахи (Жаратушының діни заңдары мен құндылықтарын Жәбірейіл періште арқылы пайғамбарларға жеткізілуі) арқылы келуі. Жаратушы адамды тек өзіне сеніп және құлшылық етуі үшін жаратқандықтан, адамзатқа бір жаратушыға ғана сенуге шақырады. Діни сенім бойынша, пайғамбарлар адамзатқа таухид сенімін, яғни монотеистік сенімін алып келген. Сенім мәселесі бұл діндердің негізгі ұстанымы болып табылады. Сенім жүйесі монотеистік діндерде жан-жақты және жүйелі түрде негізделген. Ислам дінінде сенім ақида ұғымы арқылы беріледі. Ақида ұғымының сөздік мағынасы жинақтау, топтау деген мағынаны білдіреді. Ал діни мағынасы туралы айтатын болсақ, ислам дінінің сенімдік жүйесі, имани ұстанымдық негіздері.
Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа беру, пітір беру, бата беру, тәуіптік емдеу әдісі, тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Сонда-ақ мазарлар мен кесенелер, мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарды. А.Сейдімбек мәдениетіміздегі ислам дінінің орны туралы былай дейді: «Ислам діні өзі дүниеге келген тарихи-әлеуметтік ортаның сұранымымен үндесіп жатқаны да аян. Бұл ретте ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр. Сондықтан, біз бүгінгі таңда жер бетінде миллиардқа тарта адамның зейінін өзіне тартқан ислам дінін ең алдымен рухани құбылыс ретінде құрмет тұтамыз. Ислам дінін құрмет тұта отырып, қазақ халқының тарихи тағдырындағы, рухани болмысындағы осы діннің өзіндік орнын тап басып білуге және алдағы өмірде бұл дінге деген қарым-қатынасымыздың қандай болу керектігін анықтап алуға міндеттіміз». Қазақ мәдениетінің рухани өзегінің бірі ретіндегі ислам дінінің мәдени-рухани өміріміздегі ықпалын әлеуметтік үдерістердегі орнын айқындау арқылы діннің ұлттық руханияттағы, ұлттық ділдегі маңызын айқындаймыз. Халықтың басын ұйыстыруда және қоғамдық келісімді нығайтуда діннің өзіндік рөл атқаратындығы белгілі. «Ислам – дін мен дүниені қатар қамтитын кәміл әрі жеңіл дін. Ол бүкіл жағдайларды, мән-жайларды, қиыншылықтарды ескерген, әр іске сай үкім белгілеген, әр мәселеге орай шешім шығарған». Ұлттық және әлемдік діндердің рухани ұстанымдары осы дінді ұстанатын халықтардың ұлттық санасының оянуы мен кемелденуіне түрткі болып, түрлі ұлыстарды мемлекетке біріктіруге қызмет ететініне адамзат тарихы куә болады. Ә.Дербісәлінің пікірінше: «Ислам ілімінде этика өте маңызды болып табылады. Біздің ұлы отандастарымыз тақуа мұсылмандар ретінде исламға сүйене отырып, өз еңбектерінде еркіндік, ақиқат және махаббатты өзара байланыста қарастыру керек екендігін атап көрсетті. Қазақ халқының еуразиялық менталитетінде философия, дін және мәдениет синкретті түрде үндеседі» [18,б.108]
Ұлттық ділдегі және дүниетанымдағы дәстүрлі ислам құндылықтарының біте қайнасып жатқанын халқымыздың өмір салтынан байқалады. Өмір салтымыздағы және рухани мұраларымыздағы бірлік пен ынтымақтастық негізі және ұлт тұтастығының бір бұтағы – бұл ислам діні. «Бір ұлттың мінез-құлқы жақсы, сенімдері дұрыс, социалдық принциптері қуатты болса, ол ұлттың бір-бірімен байланысы өте мықты, қоғам болып өмір сүруі ұзақ, барлық жағынан мықты болады». Ұлттық мәдениет пен ұлттық діл халқымыздың дәстүрлі өмір салты мен халықтық төлтума қасиетінен көрінеді. Қазіргі жаһандану жағдайында халқымыздың бірлігі мен келісіміне ұйтқы болып отырған ахлақтық қалыптарымызға, дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызға, киелі ұғымдарымызға адалдық танытуымыз болашақ ұрпақтың рухани кемелділігіне тұғыр бола алады. М.Жолдасбеков: «Дінді бала жастан, ұзақ жылдар үйрену, игеру керек. Дін санаға, қанға, сүйекке сіңуі керек», – деп шынайы діндарлықтың мәні мен мағынасын көрсетеді. Ұлттық рухымыз және рухани мұрамыз түрлі рухани экспанцияға қарсы тұратын рухани күш. Дәстүрге адалдық ұлттық идеяның негізгі бастауы және исламның ұлт болмысына орныққан рухани тірегі. Қ.Бұрханов: «Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттері – дәстүрлі исламның таралу аймағы. Бүгінгі Қазақстанда исламның даму мәселелері сұранысқа ие және тек теоретикалық, дінтану жағынан ғана емес, сонымен бірге өмірлік, қолданбалы жағынан да қызығушылық тудырып отыр. Бүгінгі ислам – еліміздің дамуындағы негізгі факторларының бірі», – деп исламның қоғамдық өмірдегі орны маңызды екендігін атап көрсетеді. Дін мемлекеттен бөлек болғанымен, қоғамнан бөлек емес. Ислам дінінің адамгершілік, өнегелілік негіздері мен құндылықтары ұлтымызды және ел халқын біріктіретін қайнар көздердің бірі.
Ұлттық діл ұғымы мен ерекшелігін зерттеген Сәбетқазы Ақатай былай дейді: «Ұлттық менталитеттің түп атасы – ұлттық мәдениет пен фәлсафият. Мәдениеттің екі тұрпаты болады: материалдық – заттық және рухани мәдениет, кейінгісін руханият деп те жүрміз. Екеуі де ұлт емшегін төл емеді, бірақ өздері де ұлтына омырауын тосып жатады, өйткені екеуі егіз, бірінсіз-бірінің күні қараң: бірі – күнкөріс қамы, тән азығы болса, екіншісі – ұлттық ар-намыс, жан азығы, ұяты, биік өрісі». [28,б.64] Қазақ халқына ғана тән ойлау үрдісі мен дүние көзқарасын айқындайтын қазақ философиясы, киелілік, әулиелік, тақуалық, діндарлық, имандылық, тәубашылдық, сабырлылық, төзімділік, қанағатшылдық, кеңпейілділік т.б. сынды имани-рухани құндылықтары діни санасы мен ғұрыптық дәстүрін бейнелейді. Ұлттық ділі тарихи тұрғыда халықтың өмір сайына сай объективті түрде қалыптасатындығы ұлттық бітім-болмыстан, тыныс-тіршілігінен, шаруашылықты жүргізу әдісінен айқын көрінеді. Сан қырлы тамыры сан қатпарлы тереңде жатқан ұлттық діл адамның ішкі жан дүниесі мен рух әлемінің тұрақтылығын көрсетеді. Ділді құрайтын бөліктер өзара әрекеттестік пен ықпалдастықта бола отырып, өзгерістерге ұшырап, дамиды. Ұлттық және діни құндылықтар мен дәстүрлер, мәдениет, өмір салт ұлт ділінің қалыптасып, өркендеуіне ықпал етеді. «Діннің мәдениетті қалыптастырушы басты күш екеніне дау жоқ. Әсіресе, бүгінгі өтпелі кезеңде азаматтардың өзін-өзі танып-білуі, ортақ ұлттық мұраны қалыптастыруы және ХХІ-ғасырдығы халқымыздың өсіп-өркендеуінің басты құралы дініміз»-деген ойды діни сананы дамыту қажеттілігі арнасында қолданғанымыз жөн. Ұлт пен ұлыс, этникалық топ ішкі тұтастығын, рухани бірлігін, ұлтты ұлт ретінде ұйыстырушы ортақ мүдде мен қасиетті рәміздермен айшықталады. Мүдделер мен рәміздер (дін, аумақ, мемлекеттік және ұлттық рәміздер) халықтың қуанышты және қасиетті кезінде ұлт үшін сын сағаты соққанда халықты ортақ мақсат пен мұратқа жұмылдырушы және біріктіруші киелі де қуатты күш ретінде көрінеді. Ұлт ділінің іргетасының беріктігін, шаңырағының биіктігінің бекемдігін, ұлттық рухани дүниенің ерекшелігін бейнелеуші киелі де, қастерлі имандылықтың қуатты нұрлы әлемі болатын. Жалпыадамзаттық құндылықтарды өмір мәнді ұстанымдар ретінде ұлықтайтын ислам діні мен мәдениетінің құндылықтары ұлт ділінің негізгі бастауларының бірі. А.Қасабек: «Ұлттық діл мен діни сенімдер арасында тығыз байланыс бар. Тарихымызға үңілсек осындай байланыстарды халқымыздың санасында кең орын алған аңызда аңғартады. Аңыздың негізгі өзегі – мәңгілік, мәңгі-бақи өмірлік, жанның мәңгі бақи екендігіне сену, оны мәңгілік етуге талпыну. Осындай сенім арқылы адамның рухани түп-қазығы нығыздалған, ділі нығайған. Рухани тұтастық бар жерде текті адам белсенділік арқылы қоғамдық қатынастарды шыңдайды», – деп көрсетеді. Тіл, діл, дін – сан ғасырлар бойы халқымыздың мәдени, рухани-имани тұтастығы мен ұлттық бірігейлігінің негізгі ұйтқысы болған. Ұлттық тамыр, ата-баба дәстүрі мен ұлттық руханият әрбір адамның ой-санасында және жан-дүниесінде, болмысында, қасиетті құндылық ретінде орын алуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |