4. Ежелгі түркілердің мемлекеттілігі-қазіргі кезеңде мемлекеттіліктің қалыптасуының негізі. Алтыншы ғасырда Қазақстан жері түркі тайпаларынан шыққан Ашынның династиясына жататын билеушісі бар Ұлы Түрік қағандығының қол астында болды. Түрік халқының қалыптасуы қағанаттың құрылуына дейін, III-VI ғасырдың ортасына дейінгі уақытта кезең-кезеңімен Шығыс Түркістан мен Алтайдың Ганьсу ауданында және Алтайда жүрді. Алғаш рет Түрік есімі 542 жылы аталады. Осы кездерде Қытайдың Вэй князьдығының солтүстігіне жылда солтүстік-батыстан келетін түріктердің шапқыншылық жасап кетіп отыратындығы шежірелерде баяндалады. Қытайлықтар түріктерді ғұндардың ұрпағы деп санаған. Алғашқыда «түрік» термині ақсүйектердің немесе әскери аристократияның өкіметі дегенді білдірді, яғни таза әлеуметтік мағына берді. Кейіннен сөздің мәні кеңейе түсті және ол билік етуші «патшалық» тайпаның және оған бағынатын тайпалардың символы болды. Көршілес тайпалар бұлардың барлығын түркілер деп атай бастады (Қазақтар. I том. А., 2003. 21 бет.). Бұл ғасырда түркілер Моңғолиядан және Қытайдың солтүстік шекарасынан Қара теңізге дейін созылып жатқан ұлы көшпелі империяның негізін қалады. Ғалымдар қазақ халқының қалыптасуын түрік этногенезінің басталуына жатқызады. Түркі кезеңіндегі шаруашылық-мәдени өмір кейін түркі халықтарының көбіне тән болды. Қазақстан жерін мекендеген түркі тайпалары моңғол шапқыншылығы қарсаңында біртұтас халық болып қалыптасуға даяр еді. Оған қимақ-қыпшақ конфедерациясы мысал болады. Олардың Алтайдан Еділге дейін алып жатқан территориясын парсы ақыны, саяхатшы Насир Хосроу «Қыпшақ даласы» деп атаған. Алайда моңғол шапқыншылығы бұл жердегі тайпаларды басқару жүйесіне және де шаруашылық жағдайына, әдет-дәстүрге өзгеріс әкелді. Моңғолдардың жаулап алу саясаты этникалық құрамға біршама өзгеріс жасады. Қазақстан территориясы әр түрлі этникалық топтардың қоныстану аренасына айналды.Ұлы қоныс аудару кезеңінде, кейін түркі және монғол шапқыншылығы дәуіріндегі этникалық араласу қазақтардың сыртқы түріне үлкен өзгеріс әкелді. Сонымен бірге этномиграциялық процесс нәтижесінде жергілікті тайпалар басқа тайпалармен араласып, оларды ассимиляциялады. Сондықтан да қазақтардың арғы тегіне Қазақстан территориясы өзіне Отан болған тайпаларды жатқызуға болады.