Қазақ хандығының құрылуы-тәуелсіздік жолындағы маңызды тарихи кезең. Тарихи кезеңдер мен даму жолдары. Керей мен Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел хандарының рөлі
9. Қазақ хандығының құрылуы-тәуелсіздік жолындағы маңызды тарихи кезең. Тарихи кезеңдер мен даму жолдары. Керей мен Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел хандарының рөлі. Қазақ хандығы туралы бізге жеткен нақты жазба деректердің бірі Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегі. Жалпы бұл еңбек Моғолстан хандығы тарихына арналған. Алайда сол кездегі саяси жағдайға байланысты Қазақ хандығы туралы да көп мәлімет келтірілген. Абулғазы, Қадырғали Жалайыри өз еңбектерінде Қазақ хандығы, оның билеушілері туралы мәліметтер қалдырды. Сонымен қатар Қазақ хандығы кезеңіне байланысты шығыс деректерінің маңызы зор. Қазақ хандығы — шаруашылықтың дамуы, өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте заманнан бері Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ — қазақ халқының негізінде бірігуі арқылы XY-ғасырдың орта шенінде құрылды. Қазақ хандығының құрылуына 1457-жылдан кейін Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне қоныс аударуы мұрындық болды. Ол кезде Жетісуді билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434—1462-жылдары билік еткен) қоныс аударған қазақтарды Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді. Осы оқиға жөнінде тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп, олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер - «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465—1466) билей бастады...».
Алғашында Қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Ежелден осы алапты мекендеген тайпалар Дешті- Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілхайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан күйзелген қазақ тайпалары бұл араға келіп ес жинап, етек жауып, экономикалық тұрмысы түзеле бастады. Мұны көрген Дешті-Қыпшақ қөшпенділері Әбілхайыр хан қол астынан шығып, бөгеуін бұзған судай ағылып, Қазақ хандығына қеліп жатты. Алайда жаңадан құрылған Қазақ хандығының экономикалық негізі әлсіз еді және бірсыпыра қазақ тайпалары Әбілхайыр хандығының, Моғолстанның, Ноғай Ордасының және Батыс Сібір хандығының қол астында төрт хандыққа бөлшектеніп отырған болатын. Ал Әбілхайыр хан болса өзіне қарсы шығып, Жетісуға қоныс аударған қазақтардың өз алдына хандық құрып отырғандығына және оған көптеген тайпалардың ағылып барып жатқанына азуын басып, қылышын қайрап отырды. Жаңа кұрылған Қазақ хандығы құрамына, яғни батыс Жетісу өңіріне он шақты жыл айналасында екі жүз мыңдай саны бар көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс-қонысты керек етті. Сонымен қатар көшпелі елдің отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе қолөнері мен саудасы дамыған экономикалық орталық - Сырдария жағалауыңдағы қалалармен сауда-саттық қарым-қатынасқа қолайлы жағдай жасау маңызды мәселеге айналды. Бұл қарым-қатынастьң оңалуына тек көшпелі ел ғана емес отырықшы аймақтардағы халықтар да мүдделі болды. Осы жоғарыдағы жағдайлардың талабына сай, Қазақ хандығының алдында үлкен тарихи міндеттер тұрды. Қазақ хандығы - Қазақстан аумағында бұрын болған мемлекеттік құрылымдардың мұрагері, этникалық процестермен байланысты әлеуметтік қатынастардың өзгерістер мен экономикалық даму нәтижесі. 1457 жылдың күзінде Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандар қол астындағы ру-тайпалармен Шу өңіріне келіп қоныстанып, Қазақ хандығының негізін салады. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері - Шу бойы мен Қозыбасы деп айтылады. 1458 жылдың көктемінде Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлайды. Әбілқайыр ханға наразы сұлтандар, әмірлер, ру-тайпа басылары Керей мен Жәнібекке келіп қосылады. Аз уақыттың ішінде халықтың саны 200 мыңнан асып түседі. Қазақ хандығының құрылуы осыған дейін бүкіл Қазақстан аумағында болған әлеуметтік-экономикалық және этно саяси процестердің заңды қорытындысы еді.XV ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақ хандары қарсыластарын тықсыра отырып, Батыс Жетісуға табан тіреді. XVI-XVII ғасырларда Қазақ хандығы нығайып, этникалық аумағының негізгі бөлігін қамтитын шекаралары кеңейе түсті. Орта Азия, Астрахан, Қазан, Сібір хандықтарымен, Ресеймен тығыз байланыс болды. Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел, Тәуке хандардың есімдері Қазақ мемлекеттілігі деген атаумен қоса жүреді. Өйткені олардың қазақ жерін нығайтудағы, қазақтардың үстемдігін орнатудағы әрекеттері орасан зор болатын.Хандықтағы жоғары билік хан қолына шоғырландырылды. Салт бойынша, хан тағына отыруға рудағы үлкен ұлдың құқығы басым болды. Хан әскерлердің бас қолбасшысы және жоғарғы сот қызметін атқарды, шет мемлекеттермен келіссөздер жүргізу, соғыс жариялау мен бейбіт бітім жасау, заңдар шығару және хандықтың бүкіл аумағын билеудің бас құқығына ие болды.[1]XV-XVII-ғ. Қазақ хандығы дәуірінде қазақ этносының материалдық және рухани мәдениетінің негізгі сипаттары қалыптасты.Қазақ хандығынын пайда болу фактісі Жетісудың батыс бөлігінде өтті. Дәл осы жерге Керей мен Жәнібектің қарамағындағы, Орталық және Оңтүстік Қазақстан аумағында тұратын Орта жүздің қазақтары қоныс аударды.