8.Қазіргі қоғамдағы бұқаралық ақпарат құралдары
Бұқаралық ақпарат құралдары БАҚ— арнайы техникалық құралдардың көмегімен, кез келген тұлғаларға әртүрлі мәліметтерді ашық жариялауға арналған әлеуметтік мекемелер. Сарапшылар олардың мынадай ерекше белгілерін атап көрсетеді: жариялылық, яғни тұтынушылардың шексіздігі; арнайы техникалық құралдардың, аппаратуралардың болуы; ақпарат таратушының (коммутатор) қабылдаушыға біржақты ықпалы; тұтынушы аудиторияның тұрақсыз әркелкілігі. Қоғамның өмір сүруін қамтамасыз етудегі БАҚ-тың рөлі зор. БАҚ-тың атқаратын қызметі әртүрлі, сарапшылардың пікірінше, олардың аса маңыздыларына мыналар жатады: ақпараттық, білімдік, әлеуметтендірушілік, мүдделерді тоғыстырушы, саясат субъектілерінің ықпалдасуы, жұмылдыру және т.б. БАҚ-тың білімдік қызметі азаматтарға әртүрлі ғылым саласынан - қоғамдық-гуманитарлықтан жаратылыстану ғылымдарына дейінгі танымдық хабарларды дайындап, таратуынан көрінеді. Əрине, ол толыққанды, жүйелі, арнайы оқу орындарында берілетін ғылымды қамтамасыз ете алмайды. Дегенмен де, қазіргі қоғамда адам өз өмірінің әр кезеңінде білімнің басым көпшілігін осы БАҚ арқылы алады. БАҚ-тың әлеуметтендіруші қызметі адамдардың әлеуметтік ережелерді, құндылықтарды сіңіріп, мінез-құлықтарын қалыптастыруға септігін тигізеді. БАҚ-тың жүйелі түрде күнделікті қалың қауыммен қауышуы оны жеке тұлғаны әлеуметтендіруші алғашқы институттар - отбасы, дін, мәдениет ошақтарымен қатар бір орынға қойды. БАҚ арқылы адамдар өздерін жалпы әлеуметтік, жалпы әлемдік процестердің бір бөлшегі ретінде әрі өзінің қоғамға, мемлекетке, саясат әлеміне қатысы барлығын сезінеді. Саяси журналистердің үгіт-насихатының арқасында азаматтар әлеуметтік-саяси процестердің белсенді қатысушыларына айналады.
Достарыңызбен бөлісу: |