Өндірістік және технологиялық үдерістер. Машина жасау (машина жөндеу) кәсіпорындарында бұйымды шығаруға (жөндеуге) байланысты әртүрлі үдерістер орындалады.
Машина жасау технологиясында зерттеу және жасау нысандарына төмендегілер жатады:
– өңдеу түрлері, дайындамалар таңдау, өңделетін бет сапасы, өңдеу дәлдігі мен олардың припускілері, дайындамаларды базалау;
– беттерді (жазық, цилиндрлік, күрделі профильді және т.б.) механикалық өңдеу тәсілдері;
– типтік детальдарды (тұрқылар, біліктер, тісті дөңгелектер және т.б.) дайындау әдістері;
– жинау үдерістері (детальдар мен тораптарды біріктіру сипаты, жинау жұмыстарын механикаландыру және автоматтандыру);
– жабдықтарды құрылымдау.
Берілген кәсіпорында бұйымды дайындау (жөндеу) үшін қажетті адамдар іс-әрекеті мен өндіріс құралдарының өзара байланыстағы жиынтығын өндірістік үдеріс деп атайды. Өндіріс құралын өзгертіп және оның одан кейінгі жағдайын анықтау бойынша іс-әрекеттен тұратын өндірістік үдерістің бір бөлігін технологиялық үдеріс деп атайды. Технологиялық үдерісті орындау барысында берілген техникалық талаптарға сәйкес бұйым алу мақсатында материал мен шикізаттың формасын, өлшемдері мен қасиеттерін өзгертуге қол жеткізуге болады.
Қоюшы кәсіпорындағы қосымша өңдеуді немесе жинауды қажет ететін бұйым шикізат деп аталады. Технологиялық үдерістердің түрлері: механикалық, термиялық өңдеудің, жинаудың технологиялық үдерістері және т.б.
Бір жұмыс орнында орындалатын технологиялық үдерістің аяқталған бөлігі технологиялық операция деп аталады. Технологиялық операцияның негізгі элементтері мемлекеттік стандартпен анықталады. Технологиялық операция технологиялық үдерісті өндірістік жоспарлау үшін негіз болып саналады, яғни үдерістің еңбек сыйымдылығын есептеуге, біліктілік бойынша қажетті жұмысшылар санын анықтауға және т.б. Операция технологиялық және қосымша өтпелерге бөлінеді. Материалдан жоңқасымен бірге жаңа қабатты бөліп алу арқылы жаңа беттерді алу кесумен өңдеудеп аталады. Кесумен өңдеудің жалпы түріне өткір жүзді аспаптармен орындалатын өткір жүзді өңдеу жатады.