2 дәріс. Қазақ әдебиеттануының әдіснамалық мәселелері. Методологиялық ізденістер. Дәріс мақсаты



бет4/4
Дата28.09.2022
өлшемі27,6 Kb.
#40665
1   2   3   4
Байланысты:
2-дәріс

Сын – аса күрделі сала. Сондықтан да оған анықтама бергенде, түрліше пікірлер айтылып жүр. Әдеби сынның негізгі зерттеу объектісі – көркем әдебиет, әдеби процесс. Сыншы белгілі бір әдеби шығарманы талдап, баға беру үшін әдебиетттану ғылымының зерттеу әдістерін, методологиясын қолданады. Әдебиет сынының ғылымнан басты айырмашылығы көбіне қазіргі әдебиеттің жай-күйін қарастыруында; әдеби мұраларды бүгінгі заман тұрғысынан пайымдауында. Негізінен әдеби сын баспасөз бетінде газет жанрларында жазылып, өмір сүреді. Әдеби сынның әдеби, ғылыми, публицистикалық идеологиялық сипаттары бар
Қазіргі қазақ әдебиеті сынының тарихына, оның жүріп өткен жолына көркемдік сапа деңгейі тұрғысынан қарағанда бірнеше айтулы кезеңдерді атап өтуге болар еді.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында алаш арыстары негізін қалаған, осылардың арқасында жаңаша, ұлттық танымдық-көркемдік биігіне көтерілген әдеби-көркем сынымыз, ең бастысы осы арқылы сол кезеңдегі туған әдебиетіміздің тарихын, теориясын, көркемдік ізденістерін бір жүйеге түсіруге деген талпыныс, барлығы да зая кеткен жоқ. Сол жылдардағы А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ғ.Тоғжанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев бастаған және осы ізденістер арнасын ары қарай сәтті жалғастырып кете алған кейінгі толқын әдебиет зерттеушілері мен сыншылары да ұлтымызға теңдессіз мол мұра қалдырды. Қазір қолымызда қалған осынау баға жетпес құнды мұра бүгінгі әдебиетін іздейтін, әдебиетін сүйетін жас ұрпаққа да таптырмас рухани азық.
«Әдебиеттану» терминдерінің сөздігінде: «Әдеби сын – көркем шығармаларды талдап, баға беріп, олардың идеялық-көркемдік мәнін, әдеби процестегі алатын орнын анықтайтын әдебиеттану ғылымының негізгі бір саласы. Сын — әдебиеттің тарихымен және теориясымен тығыз байланысты. Айталық, әдебиет тарихы мен әдебиет сыны бір-бірімен жалғас, бірін-бірі толықтырып тұрады. Әдеби теориясы әдеби процестің заңдылықтарын, шығармаларды идеялық, стильдік ерекшеліктері тұрғысынан талдау принциптерін анықтау болса, әдеби сынның негізгі міндеті шығарманы нақты тексеріп, жетістік-кемшіліктерін саралап, эстетикалық баға беру. Әдебиет сыны сөз өнерінің бүгінгі таңдағы даму жолдарын анықтауға ат салысады. Әдеби шығармаларға пайымдаулар жасап, түйінді пікірлер айтады. … Әдебиет сыны тарихы ертеден басталады. Көркем шығармалар дүнниеге келіп, халықтың кәдесіне асуының өзі-ақ оларды сын көзбен қарап, бағалаудың қажеттігін туғызатыны анық. Бірақ, сол бағалаудың өзі, әдеби туындының құны мен мәнін анықтап пікір қорыту әр кезде, әр жағдайда әр түрлі болды. Ауыз әдебиеті жағдайында өлең-жырды, дастанды, ертегі-аңыз, хикаяны тыңдаушылардың бағалауы, ауызша пікір білдіруі болашақ әдеби сынның тек алғашқы адымдары деуге болады. Жазба әдебиет қалыптасып, баспасөз, газет-журналдар пайда болған кезде нағыз толық мағынадағы әдеби сын өрбіп, өркендей бастайды» деп жазылған. Бұдан басқа: «Көркем әдеби сын — әдебиеттану ғылымының бір саласы, көркем шығарманы бүгінгі әдеби процесс аясында талдап, бағыт сілтеп отыратын .
Профессор Р.Нұрғали: «Әдебиет сыны өз тұсындағы әдебиет мәселелеріне араласады. Сыншы — күнделікті әдеби құбылыстарды талдаушы, талғаушы адам. Ол — шығарманың көркемдік ерекшеліктерін, формасын талдаушы емес, ең алдымен туындыға негіз болған өмірлік материалды саралаушы, ойшыл, көркемдік, сұлулықты ашушы. Бұл тұрғыдан әдебиет сынының эстетикалық міндеті мен социологиялық мақсаты қатар жүреді. Сыншы — жазушы мен оқырман арасын жалғастыратын көпір, көп нәрсені ажыратып, тиянақтап түсіндіретін әділқазы, арда би. Әрқашанда әдебиет сыны жеке шығармалардың, жеке авторлардың төңірегінде тұйықталып қала алмайды. Ол бір жазушының көлеңкесі емес. Сын пікірлердің артық- кем айтылуы, бір шығармалардың уақытша асыра бағалануы, бір туындылардың қалтарыста қалуы- қайталанатын құбылыс», — деп жазады.
Әдебиет сыны көркем әдебиетпен үзеңгілес дүниеге келеді. Көркемдік даму мен эстетикалық талап-талғамның өркендеу процесі уақыт жағынан бірбірінің ілгері-кейінділігіне қарамастан, өзара байланысты болады» . Әдеби сынның табиғаты мен көркемдік-жанрлық қырларын профессор Д.Ысқақұлы төмендегіше айқындайды: «Сын көркем әдебиетпен бірге пайда болып, бірге дамиды. Әдебиет бар жерде, оның сыны да бар. Әдеби сын дегеніміз – көркем әдебиет, оның ғылымы мен журналистиканың тоғысқан түйінінде пайда болып, күнделікті әдеби өмірді зерттейтін, оның жетістіктері мен кемшіліктерін саралап, баға беретін, оқырманның дұрыс түсінуіне көмектесетін, рухани әлем аясында қызмет атқаратын, әдеби, ғылыми, публицистикалық сипатты қоғамдық сананың күрделі бір саласы, шығармашылық түрі. Әдеби сынның басты мақсаты — әдеби өмірде болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде бағалап, оқырмандарға түсіндіріп отыру, субъектісі – сыншы; объектісі –шығарма жазумен әдеби өмір; әдіснамасы мен әдістері – диалектикалық материализм, қоғамдық ғылымдар, оның ішінде әдебиеттанудың зерттеу әдістері; сынның мазмұны — әдеби процестің өзекті, зәру мәселелері; құралдары — әдебиттану ғылымының категориялары, терминдері; өмір сүру арнасы — баспасөз; жанрлары – хабар, аннотация, рецензия, шолу, шығармашылық портрет. Мақала, фельетон, эпиграмма, пародия, эссе: бағыты – оқырман қауым, қаламгер; принциптері-халықтығы, идеялылығы, шыншылдығы, тарихшылдығы, ғылымилығы, жауынгерлігі, өмірмен байланыстылығы; атқаратын қызметі-үгітшілік, насихатшылық, танымдық, бағалаушылық, талдаушылық, тәрбиелік, ұйымдастырушылық»
Қазақтың ұлттық әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымындағы осынау күрделі жылдарда қалыптасқан, өркен жайған құнарлы дәстүр 60-90 жылдар, керек болса бүгінгі тәуелсіз әдебиетіміз бен өнеріміз үшін де баға жетпес биік тұғыр, эстетикалық құндылық болып отыр
70-жылдардың ішінде жазған дүниелерімен оқырманын елең еткізген З.Серікқалиев, Т.Тоқбергенов, А.Сүлейменов, Ж.Әбдірәшев, С.Әшімбаев т.б. сын еңбектері әдебиетке соны леп алып келді.
Бүгінгі күні де қазақтың қабырғалы қаламгерлері туралы қадау-қадау еңбектер жазып жүрген көрнекті сыншымыз Сайлаубек Жұмабектің “Сын пернесі” (“Жазушы”), “Ғ.Мүсірепов”(“Рауан”), “Сын әуені” (“Елорда”), “Шерхан Мұртаза. Жұлдызы нұрлы суреткер”, (екінші басылымы), (“Өлке”), “Тахауи Ахтанов. Қайталанбас көркем мұра сыйлаған Ғ.Мүсірепов, Т.Әлімқұлов, Ә.Әлімжанов, Ә.Тәжібаев, М.Мақатаев, Қ.Мұхаметжанов, М.Қаратаев, А.Сүлейменов, З.Серікқалиев, қазір де қолынан қаламы түспеген Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова сынды шынайы суреткерлер жайындағы толымды, тағылымы биік әдеби-эстетикалық эсселер мен әдеби талдау мақалалар шоғыры, осының барлығы әдебиет сыншысының кейінгі он, он бес жыл көлемінде тынымсыз ізденіс үстінде екендігін көрсетеді.
Қорыта келгенде, ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірдің ғасырлар бойғы ғылыми бағыттағы ізденістерінің нәтижесі ретінде «Әдебиет танытқыш» дүниеге келді де, әдебиет туралы ұлттық ғылымның туа бастағанын дәлелдеп берді. Ол әдебиеттану ғылымының туып-даму жолындағы әдеби-теориялық бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына негіз және басшы болуға тиіс еді. Амал не, А.Байтұрсыновтың қазақ зиялыларына төнген алғашқы саяси зұлматтың құрбандығына айналуынан бастап, жетпіс жыл бойы еңбекті ғылыми айналымнан шығарып тастадық. Әйтсе де әдебиет теориясынан кейінде жазылған еңбектерге негіз болумен қатар, танымдық ізденістерде табан тірер басты қайнар көз болып қала берді. Біз бүгінде «Әдебиет танытқыштың» түркі тілдес халықтар ішінде кездеспеген құбылыс екенін мақтана айтуға тиістіміз.
Жалпы алғанда ұлттық әдебиеттанудың әдіснамалық мәселелері әлі өз дәрежесінде дей алмаймыз. Ұлттық ғылымда үлес қосып жүрген әдебиеттанушылардың әрқайсысының өз қалыптастырған ғылыми мектебі бар деуге толық келмейді. Егер де шындығында ғылыми мектеп атаулының түбіне тереңдесек ұлт әдебиетін зерттеуде басты арнаға айналған бағыттарды ғана атау керек.


Ұсынылатын негізгі әдебиеттер тізімі:
1. Нұрғали Р. Сөз өнерінің эстетикасы. – Астана: Елорда, 2003.
2. Темирболат А.Б. Категории хронотопа и темпорального ритма в литературе. – Алматы: Ценные бумаги, 2009.
3. Темирболат А.Б. Поэтика литературы. – Алматы: Қазақ университеті, 2011.
4. Томашевский Б.В. Теория литературы. Поэтика. Учебное пособие для студентов. – М.; Аспект Пресс, 2001.
5. Дәдебаев Ж. Жазушы еңбегі. – Алматы: Қазақ университеті, 2001.
6. Джуанышбеков Н. Проблемы современного сравнительного литературоведения. – Алматы: Қазақ университеті, 2000.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет