XX ғасырдың басында Қазақстан Ресей империясының капитализмге дейінгі өндірістік қатынастар үстем болған аграрлық отарлық шет аймағы болды. Отарлаушылар қазақ халқының жері мен оның табиғи байлығының айтарлықтай бөлігіне иелік етіп қана қойған жоқ, олар қазақтарды рухани жағынан да отарлады: тілінен, дінінен, ділінен айыру бағытында қатігездікпен ойластырылған шаралар жүйесін жүзеге асырды. Бұл жөнінде Міржақып Дулатов 1907 жылы жазылған «Қазағым менің, елім менің» атты мақаласында былай деп ашына жазған еді; «… Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық… Оның ешқандай правосы жоқтығы кек тудырады. Халықтан жиналған салық қаражатының көп бөлігі халыққа, тіпті, керек емес нәрселерге жұмсалады… Енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрыптарымызға, біздің моллаларға ғана тиісті неке мәселесіне араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды» (Дулатов М. Ш.А., 1991. 221-б.). Қазақ ауылын басқаратын әкімшілік жүйе патша үкіметінің отарлау-әкімшілік аппаратымен біте қайнасып бай-шонжарлар өкілдерінің қолында болды. Қазақ өлкесіндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси хал-ахуал, негізінен, аграрлық, ұлттық және белгілі дәрежеде таптық мәселелердің шиеленісуімен ерекшеленеді. Қазақстанда осы шиеліністен туындаған аграрлық және ұлттық-азаттық қозғалыс ең алдымен отаршылыққа қарсы бағытталады. Жұмысшы табының қалыптасуы басталады, жаңа әлеуметтік топтар мен қауымдастықтар пайда болып, қалаларда майда кәсіпкерлер шоғыры дүниеге келеді. Қазақтар арасынан шыққан зиялылардың іс әрекеті халыққа танылды: олар жалпыұлттық мүдделерге қызмет етуге бет бұрды. Олар қазақ қауымына тән қоғамдық-саяси қозғалыстың бастауында тұрды. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қалыптасқан қазақ интеллигенттерінің басым көпшілігі тек қана бір кәсіби мамандықтың тізгінін ұстаумен шектелмей, әмбебап мамандар ретінде қызмет етті: олар оқу-ағарту ісімен де, қазақ тілінде басылымдар (кітаптар, газеттер, журнал) шығару қам-қарекетімен де, жан-жақты шығармашылық жұмыспен де қатар айналысты. XX ғасыр басында тек ағартушылық іс-әрекетімен шектелмеді, өздерінің дүниетанымының қалыптасуы барысында Ресей империясында болып жатқан ірі қоғамдық саяси оқиғалардың, саяси партиялардың және ұйымдардың пайда болуының куәсі және қатысушылары да болды.