Қазақ халқының өз құқықтарын қорғау жолындағы күресінің өзіндік ерекшелігінің бірі алуан түрлі петициялар (өтініш-талаптар) жолдау болды. Ондай петициялар 1902-1907 жылдары жазылып, жоғары билік орындарына жолдана бастаған еді. Оларда қазақ халқын христиан дініне енгізу саясатын тоқтату, мұсылман оқу орындарын құруға қажетті жағдайлар жасау, молдалардың қызметіне кең жол ашу жөнінде нақты талаптар қойылды. Ондай алғашқы петициялар жолдаудың бастамашылары алғашқы кезде дін қызметкерлері болды. Уақыт өте келе жағдай өзгере түсті. Бірінші орыс революциясы жылдарында петициялар жазуды қазақ қоғамының сауатты, зиялы өкілдері өз қолдарына алды.
Петициялар уезд бастықтарына, әскери губернияларға, генералгубернаторлардың, Ішкі істер министріне, тіпті Ресей императоры II Николайдың атына да жолданды.
Петициялар Қазаннан, Оралдан, Лепсіден, Қарқаралыдан және басқа да жерлерден жөнелтіліп жатты.[1]
Қарқаралы петициясы
Отаршыл өкімет билігінің атына жолданған ірі көлемді әрі мазмұнды петициялардың бірі Қарқаралы петициясы болды. 1905 жылдың маусымында Қарқаралы қаласына жақын жердегі Қоянды (Ботов) жәрмеңкесінде қазақ халқының атынан император II Николайға арналған петиция ұйымдастырылды. Оған Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінен халық арасында кеңінен танымал беделді 42 қазақ қол қойды. Кейінірек оған Семей және Ақмола облыстарының басқа да уездеріндегі қазақтар қосылды. Петиция Қарқаралы қаласынан жіберілген еді. Ол жерден 1905 жылғы 22 шілде күні жергілікті пошта-телеграф арқылы патшаның өз атына жолданды. Петицияны жазуға белгілі саяси қайраткерлер Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж. Ақбаев, Т. Нүрекенов, т.б. белсене ат салысты.
Қарқаралы петициясында өлкені әкімшілік басқару жүйесін қайта қарау, азаматтық және сот ісін қазақ тілінде жүргізуді заңды түрде бекіту, отаршыл аппарат шенеуніктерін қысқарту, жоғары билік органдары мен Мемлекеттік Думаға қазақ депутаттарын сайлауға қатыстыру талаптары қойылды. Онда мынадай жолдар бар еді: «Мал бағумен айналысқаны үшін қырғыздар сайлау құқығынан неге айырылуы тиіс? Сауда-саттықпен, егіншілікпен, балық аулаумен және басқа да кәсіптің түрлерімен айналысушылар сайлау құқығынан айырылып отырған жоқ қой!» Қарқаралы петициясында жергілікті халықтың құқығы мен арабыройын аяқ асты етуге жол бермеу, патша әкімдерінің жүгенсіздігіне тыйым салу, халықтың ана тілінде білім алуын ұйымдастыру, қоныстандыру саясатын тоқтату, тартып алынған жерлерді қазақтарға қайтару сияқты талаптар да қойылды.
Мемлекеттік шенеуніктер жоғары билік орындарына талап-тілектер айтып, петиция жолдаушыларды барынша жек көрді. Мұны Семей облысы әскери губернаторынын Дала генерал-губернаторының атына 1905 жылғы 19 маусымда жазған хатынан көруге болады: «Кырғыздардың петиция жолдап, талап қоюларына жол беруге болмайды».
Қарқаралы петициясынын мәтіні Ресей патшасының атына ғана жолданып қойған жоқ. Петицияның көшірмелері «Сын Отечества» және «Русские ведомости» сияқты орталық газеттерде жариялануы үшін олардың редакцияларына да жіберілді.
1905 жылғы 22 шілде күні петицияның бір нұсқасын Темірғалы Нұрекенов орыс тіліне аударып, Ішкі істер министрінің атына жіберді. Петицияның бұл нұсқасы барынша толық еді. Ол 47 тармақтан тұратын. Петицияның мазмұны қазақ қоғамының XX ғасырдың бас кезіндегі өмірлік маңызы бар күрделі проблемаларын толық қамтыды.[1] Петиция қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Оны қазақ тілінен орысшаға Семей облысының Қарқаралы, Семей, Павлодар уездері қазақтарының сенімді өкілі Темірғали Нүркенов тәржімалайды.
Белгілі саяси қайраткерлер – Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, А.Байтұрсыновтардың бірлесе отырып жасаған петициялары саяси партияның қайнар көзі деп алуға болады. Кейін талап-арыздарда жазылғандардың бәрі Алаш партиясы күресінің негізгі арнасы, Алашорда үкіметі іс қағаздарының нақты бағдары ретінде көптеген құжаттарға арқау болды.
1905 жылы қазан айының соңында Ә.Бөкейхановтың бастамасы бойынша Омбыда 17 қазан Манифесі қазақ тіліне аударылды және вице-губернатордың рұқсатымен облыстық баспаханада басылып, 10 мың данасы қазақ ауылдарына таратылды. Ә.Бөкейханов былай деп жазды: «қазақтардың жүріп-тұруының арқасында манифест қысқа уақытта бүкіл даланың қолына тиді. Жер-жерде қазақтар үлкенді-кішілі съездерге жиналды. Манифесті оқыды, оны түсіндірді, болашақтағы мемлекеттік Дума сайлауы туралы мәселелерді талқылады» (Букейханов А. Выборы в Степном крае. 44-б.)
Қазақстанның барлық қалалаларында 17 қазандағы Манифеске арналған саяси шерулер, митингілер мен жиналыстар толқыны жайылды. Перовскідегі, Оралдағы, Қарқаралыдағы, Павлодардағы т.б. манифестациялар неғұрлым ірі болды. Оларды орыстар арасынан да, қазақтардан да шыққан жергілікті зиялылар ұйымдастырды. Бұл күндерде Оралда Б.Қаратаев пен Ж.Сейдалин, Қарқаралыда А.Байтұрсынов, Бекметов пен Ж.Ақбаев және т.б. ерекше белсенділік көрсетті. 1905 жылдың күзінде Ж.Ақбаев Павлодар – Қарқаралы бағыты бойынша үгіт жүргізу сапарына шықты. Осы сапар барысында ол қарашаның жетісінде Павлодарда болған митингіде бостандық идеясын уағыздаған және жергілікті әкімшілікті қайта сайлауды талап етіп сөз сөйледі, ол осы мазмұнды сөздерді қарашаның 11-де Баянауылда көп адам қатысқан жиналыста да айтты. Ә.Бөкейханов былай деп жазды:
«…Ол туған қаласы Қарқаралыға қарашаның ортасында жетті. Полиция басқармасының қарсы алдындағы бірден-бір алаңда дереу митингі ұйымдастырылды» (Рабочее и аграрное движение в Казахстане. 1907-1914 жж. А. 1957, 137-б.). Сөйтіп, 1905 жылғы 15 қарашада әйгілі Қарқаралы оқиғалары басталды, ол мұсылмандардың Құрбан айт мейрамына тұстас келді. Оған жұмысшылармен, қоныс аударған шаруалармен және солдаттармен бірге осы уездің ауылдары мен болыстарынан келген салт атты қазақ жігіттерінің үлкен тобы қатысып (Қазақстан тарихы. 3-т. А. 2002. 610-б.), митингіде Ж.Ақбаевтан басқа жергілікті ауыл шаруашылығы мектебінің басқарушысы Павел Бельдицкий, штабс капитан М.Бекметов, жергілікті команданың бастығы Гомбинский, полиция бақылауындағы В.Соколов, орманшы Астрейн, оның көмекшісі Глебов, мектеп мұғалімдері – Чемодонов, Митьяшин, бітістіруші судья Вайсерт, бітістіруші судьяның хат жүргізушісі Төлеңгітов және басқалары сөз сөйледі.
Бұл Қарқаралы оқиғаларының кең әлеуметтік базасы болғанын дәлелдейді. Дегенмен, оларды ұйымдастырушылар қазақ зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері: Ж.Ақбаев, А.Байтұрсынов (жергілікті қазақ -орыс мектебінің мұғалімі), Көлбай Тоғысов (бітістіруші судьяның хат жүргізушісі), Ережеп Итбаев (Ф.Щербина экспедициясына қатысушы, Ә. Бөкейхановтың 1896-1906 ж.ж. көмекшісі) және басқалар болды (М.Құл-Мұхаммед. Ж.Ақбаев. Патриот. Политик. Правовед. 1995. 43-б.). Ж.Ақбаев саяси «бостандықты манифест бойынша патша өз еркімен беріп отырған жоқ, одан күшпен тартып алынды» деп атап көрсетті және халықты отаршылдық әкімшілікке бағынбай, қайта оған қарсы күресуге шақырды (Бақтыбаев Ә. Қарқаралыда солай болған. 43-б.).
Халықтың жаппай ереуілінен қорыққан жергілікті үкімет өкілдері демонстрацияға қатысушыларды қуып, тарату үшін қазақтар жүздігін шақырды. Бірақ, әскери команда бастығы офицер Гомбинский жиынды қарумен тарату жөніндегі бұйрықты орындаудан бас тартты. Солдаттар қызыл жалау көтеріп, өздері демонстрацияға қатысушыларға қосылды. Бұл жөнінде уезд бастығы Оссовский Семей губернаторына былай деп телеграмма жолдаған: «Айдалып келгендердің ықпалымен жергілікті команданың рухы түсті. Команда демонстрацияға қатысты. Бастығы революционерлерге жатады» (Бақтыбаев Ә. Қарқаралыда солай болған… 44-б.) Митингіден кейін, Петербургте 1905 жылы 9 қаңтарда бостандық үшін қаза тапқандарға арнайы дұға оқылды.
Демонстрацияға қатысушылар «Самодержавие жойылсын!», «Полиция жойылсын!» деп ұрандатып, дала генерал-губернаторының атына болыстардың мекемелерінде іс-қағазы қазақ тілінде жүргізілсін деп жарнама хат жолдады.
Кейіннен Қарқаралы оқиғаларының басшылары қуғынға ұшырады, кейбір шенеуніктер жұмыстан босатылды немесе басқа жерлерге ауыстырылды, қалғандары қашып кетті, ал Ж.Ақбаев Якутияға жер аударылды.
Сонымен, 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы кезіндегі Қазақстандағы саяси оқиғалар, әсіресе, жұмысшылардың, шаруалардың және зиялылардың бой көрсетулері, ұлт-азаттық қозғалыс және т.б. олардың әлсіздігіне және бытыраңқылығына қарамастан жергілікті еңбекшілер үшін үлкен саяси мектеп болды, бұл тәжірибені олар ұлттық және әлеуметтік азаттық жолындағы бұдан кейінгі күресінде пайдаланады.