2. Петициялық қозғалыстың басталуы Қарқаралы петициясы


Қазақтардың петициялық қозғалысының тарихи маңызы



бет5/6
Дата27.10.2022
өлшемі42,14 Kb.
#45865
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
жарас

Қазақтардың петициялық қозғалысының тарихи маңызы


Сонымен, петициялар беру, соның ішінде Қарқаралы петициясы, XX ғасырдың бас кезіндеті Қазақстанның саяси өміріндегі аса маңызды кезендердің бірі болды. Оларда қазақ қоғамының өмірлік маңызы неғұрлым өткір проблемалары нақты да қысқаша тұжырымдалған түрде баяндалды. Жоғары дәрежелі мемлекеттік органдардың атына петициялар жолдау қазақ халқының саяси сана-сезімінің оянып, күшейе түскенін көрсетті. Мұның өзі халықтың құқықтарын қорғауға қабілетті екенін айқын көрсетті.
Патша үкіметі қазақ халқының пікірімен санасуға мәжбүр болды. Петициялардың мәтінін жазғандар батылдық мен ұйымшылдықтың үлгісін танытты. Бірақ патша үкіметі петицияларда қойылған талаптарды орындауға құлық таныта қойған жоқ. Ол талаптар Ресей империясының отаршылдық саясатына сай келмейтін еді. Солай бола тұрса да петициялық қозғалыс жағымды рөлін атқарды — қазақтар Ресейдің I, II Мемлекеттік Думаларына депутат болып сайланды. Халық бұқарасына басшылық етуде, отаршыл билік орындарына ұйымдасқан түрде петициялар жолдаудың басы-қасында қазақ зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері ерекше белсенділік көрсетті.[1]
Семей губернаторының Дала генерал – губернаторына жазған хатына XX ғасыр басындағы Қарқаралы жағдайында Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, А.Байтұрсыновтың қызметі өкіметке қарсы саяси сипатта болды деп жазуы кездейсоқ емес. Ол бұл үшеуін бір топқа біріктіріп, «…айқын залалды мақсат тұтқан, оның негізінде қазақ бұқарасына үкіметке қарсы наразылық сеуіп, әкімшілікке деген дұшпандылыққа бейімдеуге ұмтылған» бірыңғай пікірдегі ұйым деп те көрсетуге тырысты (Шығыс Сарыарқа. Қарқаралы өңірінің өткені мен бүгіні. А. 2004, 405-б.). Осы жерде билеуші жүйе ұлттық интеллигенцияға қарсы жазалау шаралары арқылы халықтың бас көтеруін болдырғысы келмесе, екінші жағынан, оларды іс жүзінде пәрменді саяси күш деп мойындауға мәжбүр болды.
Ұлттық шеткі аймақ халықтарының күресінің бір түрі петициялық қозғалыс болды, сол арқылы өкіметке экономикалық, саяси, діни сипаттағы талаптар қойылатын. Петициядағы маңызды орын қазақ халқына сайлау құқығын беру туралы мәселелерге беріледі.
«Бүкілелдік наразылықтың қазақ қоғамына бұрын тән емес петиция түрінде көрінуіне түрткі болған тұңғыш россиялық революция болғанда, ал оны жазған азаматтық қозғалыстың басына келген жаңа әлеуметтік күш – ұлт-азаттық интеллигенция өкілдері еді» (Қойгелдиев М. Оянған сана үні. Ана тілі. 1990 ж., 12 сәуір).
Ресейде 1905 жылы бірінші орыс революциясы басталып, жұмысшы- шаруалардың бас көтеруі қызып жатқан кездерде қазақ халқы да елдің тұрмыс-тіршілігіне, ауыр жағдайына, жүргізіліп отырған қоныстандыру саясатының озбырлығына, жердің талан-таражға салынып бара жатқандығына ашық наразылықтарын білдіріп, патша өкіметіне бірнеше арыз, шағым жазған еді. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – Семей облысындағы Қарқаралы, Семей, Павлодар уезі қазақтарының Петербургке жіберген петициясы. Шындығында бұл жалғыз ғана петиция емес. Белгілі ғалым З.Тайшыбайдың анықтауы бойынша өзінше бөлек, дербес мазмұндағы бірнеше құжат. Олар жеке-жеке: Ресей Императорына, Министрлер Кеңесінің төрағасына, ішкі істер министріне жолданған. Петицияны дайындап, халық өкілдеріне қол қойғызғандарының ішінде Ж.Ақбаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, К.Тоғысов, А.Аяғанов болған (Тайшыбай З. «Қарқаралы петициясы» туралы ақиқат. Ақиқат журналы. 2003. №7). Құжаттар 25-26 маусым күндері жасалған.
Қоянды жәрмеңкесінен жазылып, Ресей патшалығының атына жіберілген петицияның қазақша мәтіні мынандай (қазақшалаған – З.Тайшыбай):
«Ұлы мәртебелі император ағзамға.
Министр А.Булыгиннің жасаған жобасын қолдап, Омбыда генерал Сухатин бастаған атқамінерлер қазақтарды Земский соборға қатыстырмау жөнінде шешім алыпты. Мұндай жетесіз шешім Қыр өлкесінің негізгі халқы болып табылған қазақтардың тіршілік ерекшеліктерінен және халық ретіндегі еркімен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Қытайдан Ауғанстанға дейінгі ұлан-байтақ жерді алып жатқан қазақтар өзінің бүкіл тағдыры мен өмірлік мүдделерін мемлекеттің тағдырымен байланысты деп санайды және өзін басқа халықтарымен тең праволы деп есептейді. Сіздің, патша ағзамға, халық сеніміне ие болған, лайықты адамдарды мемлекет билігіне қатыстырмақ ниетіңізді білуші едік. Демек, алты миллион қазақ халқын ерекше құқықсыз, заңсыз тобырға жатқызып қою – қарапайым ғана әділдік пен ақиқатқа қиянат емес пе?
Біздің мал шаруашылығымен айналысатынымыз рас, мал бағып көшіп жүргеніміз де рас. Бірақ, кейбір ұлықтар ойлағандай дала кезіп, жөн-жосықсыз қаңғып жүрмейміз. Осы үшін ғана мемлекет билігіне сайлану сияқты аса маңызды саяси құқықтан айырылуымызды қалай түсінеміз?!
Мал шаруашылығымен айналысты деп қазақты сайлау правосынан айырасыз, ал сауда істейтін, диқан, балықшы және басқа кәсіп иелерінің сайлау правосы барын қалай түсінеміз? Шынында Ресей империясының халықтары білімі мен мәдениеті жағынан әрқилы, солардың ішінде қазақтар алдыңғы орында емес екені рас, бірақ, ең соңында да қалып отырған жоқ. Қазақтардың қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді орыс мұжықтарынан кем түсінетінін кім дәлелдеген екен? Оның бер жағында қазақтардан гөрі мемлекет билігіне көбірек араласуға мүмкіндік алған отырықшы бұратана елдерден біздің қай жеріміз кем? Қазақтардың мүддесін кім қорғайды? Олардың мұң-мұқтажын кім біледі, халықтың өзі сайлаған өкілдері болмаса, сол халықтың қажетін өтеудің жолдарын кім көрсетеді?
Алдияр, мынаған сеніңіз: біз, қазақтар осынау үлкен жұмысқа дайындығымыз басқалардан кем деп есептемейміз. Бірақ, бізді танығысы келмейтіндер көп, бізді төмен санайды, бюрократтар, ұлықтар бізге кеуде көтеріп, кемсіте қарайды, біз бұдан көп қорлық көріп жүрміз.
Қалай дегенде де бізді әлдекімдердің танығысы келмейтініне жауапты емеспіз.
Жоғарыдағыларды айта келіп, патша ағзам, Сізден басымызды иіп сұраймыз: Сайлауға қатысуға ерік беріңіз, мемлекет билігінде қазақтар болса ғана біздің мұң-мұқтажымыз ескеріледі және шешіледі. Сонда ғана біз, қазақ халқы, Империяның басқа халықтарымен тең екенімізді сезінеміз (Тайшыбай З. «Қарқаралы петициясы…»).»
Қарқаралы уезінен сайланған 42 өкіл қол қойды. Бұл петиция өкімет орындарын ерекше абыржытып, әуре-сарсаңға салған. Өйткені, оған қол қойғандар түгелге жуық ел билеуші қазақтар еді. Ондаған жылдар бойы айтқанына көніп, айдағанына жүрген момын, қараңғы, «бұратана» халықтың бұлайша оянуынан үкімет қатты сескенген еді.
Осы құжаттың жасалуы туралы мәлімет жетісімен Омбыдан Қарқаралыдағы уезд басшысына петицияны ұйымдастырушыларды анықтап, іс қозғау жөнінде Дала генерал-губернаторының канцелярия бастығы Лосевскийден шұғыл түрде құпия жеделхат жіберілді. Сондай-ақ, 8 қазанда Омбыдағы сот палатасының аға басқарушысы А.А.Кобылинге Дала генерал-губернаторы Н.Н.Сухотиннен петицияны ұйымдастырушыларға тез арада Омбы сот палатасының іс қозғауы қажет деген жеделхат салынды. Петицияға қол қойған 42 адамның аты-жөнін анықтап, бақылауға алу туралы бұйрық беріледі. Құпия түрде жүргізілген тексеру бойынша петицияны ұйымдастырушы Ә.Бөкейханов екені анықталды. Бұл туралы «…петицияны Омбыдан Петербургке осы жылдың 28 шілдесінде Ә.Бөкейханов жіберген, ол осы уездің қырғыздарымен тығыз байланыста, қырғыздардың арасында оның беделі жоғары», – деп жазады штаб-ротмистр Оссовский өзінің дала генерал-губернаторына жіберген ақпаратында (Смағұлова С. Қарқаралы петициясы. Қазақ тарихы журналы. 1996. №1).
Осы ақпаратта жеделхаттың түпнұсқасын жасаушы және оны Омбыдан Қарқаралыға құпия түрде жеткізуші Омбы сот палатасының сот ісінің кандидаты Ж.Ақбаев екендігі де айтылды. Өз ісінің білгір маманы, заңгер, қазақ бұқарасының арасында зор беделге ие заң магистрі Ж.Ақбаев пен Ә.Бөкейхановтың бұл іске араласуы Ресей әкімшілік орындарында үлкен мазасыздық, үрей туғызады. Ел ішінде көтеріліс ұйымдастыруы мүмкін-ау деген желеумен генерал-губернаторлар екеуіне де қатаң бақылау қояды.
Императордың атына жіберілген петицияға 42 адам қол қойғанын тыңшылар анықтаған және олардың тізімі губернаторға жолданған ақпаратқа тіркелген. Онда Қарқаралы уезіне қарайтын 21 болыстың әрқайсысынан 1-3-тен адам аттары көрсетілген. Олардың ішінде: Қу болысынан – Мұсатай Тәттімбетов және Мақат Ақаев (Мұсатай – атақты күйші Тәттімбеттің баласы, ал Мақат – атақты Ақаев Хасеннің ағасы, А.Байтұрсыновпен бастас болған қайраткер). Берікқара болысынан – Ақбай Жандеркин (заңгер, Ж. Ақбаевтың әкесі). Балқаш болысынан – Нарманбет Орманбетов (атақты Нарманбет ақын), т.б. қол қойды деп жазылған (Қазақтар. Көпшілікке арналған 9 томдық анықтамалық. А. 1-т. 1998. 115-б.)
Ал, Ресей Министрлер кеңесіне, атқарушы билік төрағасына қойылған талаптар кеңірек әрі мейлінше нақты. Патшаның атына жазылған тілек-арызда жалпы саяси тұрғыда, жоғары билік құрамына, қазақтарды қатыстыру сияқты заңдық мәні бар мәселелердің болғанын көрдік.
Енді Ресей үкіметіне жазылған құжатқа қысқаша тоқталайық. Онда ар бостандығын беру, халықтың өз тілінде білім алуын ұйымдастыру, келімсектерді қоныстандыру саясатынан бас тарту, жер қорынын жергілікті халыққа тиесілі екендігі туралы арнайы заң актісін қабылдау, «Далалық ережені» және өлкені әкімшілік басқару жүйесін қайта қарау, азаматтық және сот ісін қазақ тілінде жүргізуді заңды бекіту, отарлаушы аппарат чиновниктерінің санын қысқарту, генерал-губернаторды орталықтан тағайындаудан бас тарту, жоғары билік органдарынан отарланушы өлке депутаттары үшін үлес беру талаптары қойылды (Букейханов А. Выборы в Степном крае. См.: к 10 летию Государственной думы. Спб., 1916, 43-44 б.). Министрлер Кеңесінің төрағасына жолданған петицияға 12767 адам қол қойған.
Патша атына және Ресей Министрлер Кеңесіне жолданған петициялармен бірге Ішкі істер министірлігіне жолдама-хат жіберілген. Оған уездердің атынан болыстардың өкілдері қол қойған. «Қарқаралы, Семей, Павлодар уездерінің қазақтарынан Патша ағзамның атына жіберілген тілекке қоса, Сіздің қарап шешуіңізге мынандай нақты мәселелер қоямыз» деп басталатын құжатты Ішкі істер министірлігінің құзырындағы, мысалы, мешіт және оның жанынан медресе ашуға рұқсат беру, баспа ісімен әркімнің айналысуы құқығын қамтамасыз ету, іс қағаздарын қазақша жүргізу, салықтар ерікті түрде төленетін болсын, қазба-байлықтар, ашылған кен орындарды, заводтар мен кеніштер – қазақтардың ұлттық байлығы болып саналсын, ормандар, өзендер мен көлдер, олардың байлығы да қазақтың ұлттық байлығы болып бекітілсін, соңғы 20 жылда қазақтардан тартып алынған жерлер өздеріне қайтарылсын, көшпелі қазақтар мен орыс шаруаларының, қазақ-орыстардың құқығын теңгеру сияқты мәселелер көрсетілген.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет