Жоспар: 1.Шет елдермен Қазақстан арасындағы ынтымақтастығы нығайту. 2.Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстан. 3.Қазақстан БҰҰ-на кіруі.
Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық Қазіргі кезде Қазақстанның көп ғасырлар бойы туысқандық, мәдени, саяси және экономикалық, қарым-қатынаста болып келген көршілес Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастығы ерекше cepпін алып отыр. Аймақтың ең ipi мемлекеті ретінде ғана емес, экономикасы едәуір алға басқан Қазақстан аймақ бойынша көршілес елдермен тығыз қарым-қатынас орнатуға қызығушылық білдіруде. Біздің мемлекетіміздің ендігі жердегі қарқынды дамуы аталмыш республикалармен қалыптасатын қарым-қатынаспен де тығыз байланысты.
Сол себепті Қазақстан Орта Азиялық Одақ құру идеясын алға тартып отыр. Бұл бірлестікке Қазақстаннан басқа аймақтың Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан сияқты мемлекеттері де кipyi мүмкін.
2006 - 2007 жылдар аралығында Орталық Азия мемлекеттері президенттерінің Астанаға іс-сапарлары барысында және Қазақстан басшылығының аталмыш аймақ мемлекеттеріне ресми сапарлары барысында мемлекетаралық, саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени қарым-қатынастардың дамуына негіз болатын маңызды екі жақты келісімдер қабылданды. Бұл құжаттар Қазақстанның көршілес мемлекеттерімен байланысын нығайта түсіп, Орта Азиялық Одақ идеясын жүзеге асыру үшін айтарлықтай серпін беріп отыр.
Біздің мемлекетіміздің тағы да бір көршілес елмен қарым-қатынасы серпінді даму үстінде. Бұл - Қытай Халық Республикасы. Жыл сайын екі ел арасындағы тауар айналымы өсіп, экономика, мәдени-гуманитарлық ынтымактастық салаларында көптеген ipi жобалар жүзеге асырылып отыр. Ұдайы қарым-қатынас арқасында екі ел басшылылығының арасындағы байланыс нығайып келеді.
Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық Халықаралық коғамдастықтағы еліміздің позитивті образының қалыптасуы және оның халықаралық мәртебеге ие болуы сыртқы саясатты жүргізудегі республика басшылығының көрегендік шешімдерімен мүмкін болды. Бұл тұрғыда ядролық қаруды таратпау, діни экстремизмге қарсы тұру, әлем діндері арасында толерантты қарым-қатынас құру мәселелерін атап өтуге болады. Осының негізінде еліміз аймақтық, және ғаламдық қауіпсіздік мүддесі турасында халықаралық аренаға өз бастамаларымен шығуға мүмкіндік алды.
Мысал ретінде Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына (ЕҚЫҰ) бұрынғы кеңес кеңістігіндегі елдердің көшбасшысы ретінде төрағалық етуге 2003 жылы өз кандидатурасын ұсынуын атап өтуге болады. Соңғы жылдары Қазақстан осы мақсатқа қол жеткізуде тиянақтылық пен қажырлық танытты. Төрағалыққа ұсынылған біздің мемлекетіміздің кандидатурасын Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік турасында сіңірген еңбегін бағалаған көптеген мемлекеттер қолдады.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалық етуге өз кандидатурасын ұсынуының бір ceбeбі біздің мемлекетіміздің аталмыш ұйымды қазіргі таңда оның кеңестігінде пайда болған әpi көбейіп келе жатқан түрлі қауіпке төтеп бере алатын күшті, әpi тиімді ұйым ету болып табылады. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық етуге ұмтылысының қортындысы 2007 жылдың қараша айында Мадрид қаласында өткен ЕҚЫҰ-на мүше мемлекеттердің Сыртқы icтep министрлері Кеңесінің қабылдаған шешімі болды. Бұл шешімнің нәтижесінде Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ төраға болуда. Мадрид құрылтайының шешімі халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде соңғы 18 жылда қол жеткізген жетістіктерінің маңыздылығын мойындағанының бірден бір дәлелі болып табылады.
Бұл ретте Қазақстанның аталмыш халықаралық ұйымның төрағасы ретінде халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған өзекті мәселелерді шешу турасында бірталай ұсыныс жасай алатындығын айтып кету керек. Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі
Қазақстанның салмақты тәжірибесі халықаралық деңгейде үлкен қызығушылыққа ие болып келеді және де ЕҚЫҰ дамуына жағымды серпіліс беретіндігі анық. Өйткені ЕҚЫҰ-на төрағалық ету - бұл Қазақстанның Еуропа қауіпсіздігі аймақтық жүйесіне интеграциялануының, ұйымның бас мүшелерімен жалпы еуропалық өзекті мәселелерді шешу турасындағы тең құқықты сұхбатты жалғастыру мүмкіндігі болып табылады. Қазақстан дипломатиясының ipi жетістіктерінің бipi Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңесті (АӨСШК) жию идеясының жүзеге асқаны болып табылады. Аталмыш идеяның Қазақстан басшысы 1992 жылдың қазанында айтқан болатын.
Бұл кезден бepi Қазақстан АӨСШК мүше мемлекеттер басшыларының саммитін 2002 және 2006 жылдары екі мәрте өткізіп үлгерді. Бұл басқосулар халықаралық деңгейде үлкен бағаға ие болды. 2006 жылдың 17 маусымында Алматы қаласында өткен АӨСШК II саммитінде Азиядағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік негізгі мәселелерін форум қатысушылары біріге шешетіндігі сипатталған декларация және де аталмыш ұйымның хатшылығы жайлы келісімге қол қойылды. Қазіргі кезде АӨСШК-не азиялық 20 мемлекет мүше, 7 мемлекет және 3 халықаралық ұйым бақылаушы дәрежесіне ие. Аталмыш форумның жұмысы Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған, бұл ұйым бейбіт сұхбат және Азия құрлығындағы күрделі геосаясаттық мәселелерді шешу алаңына айналды. ЭСКАТО-ға мүше 62 мемлекеттен 400-ден астам делегат қатысқан Алматы қаласында өткен Азия мен Тынық мұхиты мемлекеттерінің Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (БҰҰ ЭСКАТО) 63-i сессиясы Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия үшін маңызды шараға айналды. Бұндай дәрежедегі шара Орталық Азияда тұңғыш рет өткенін атап өту қажет. Қалыптасып келе жатқан халықаралық жағдайда халықаралық және аймақтық ұйымдармен қарым-қатынасты орнату ерекше маңызға ие болып келеді.
Олардың басты қызметі қауіпсіздік саласымен байланысты. Осындай ұйымдардың бipi Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы болып табылады (ШЫҰ). 2001 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын (ШЫҰ) құру бастамасына ат салысты және де дәл осы ұйым аясындағы қызметі сыртқы саясаттағы негізгі бағыттардың біріне айналды. Қазіргі кезде ШЫҰ Қазақстан, Қырғызстан, ҚХР, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның басын қосып отыр, ал бұл ұйымдағы бақылаушы мемлекеттерге Моңғолия, Иран, Үндістан және Пәкістан кіреді. ШЫҰ шеңберіндегі диалог арқасында Қазақстан саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалар бойынша көптеген мәселелерді шешуге бағытталған сындарлы сұхбат жүргізу мүмкіндігіне ие және де бұл ұйым аясында терроризм, экстремизм және сепаратизммен күресуде күш жұмылдыру мәселелері талқыланады. ШЫҰ саяси тұрақтылық және қауіпсіздік қамтамасыз етудегі маңызды рөлі оны халыкаралық деңгейдегі беделді ұйымға айналуына септік етті.
Жоғарыда айтып кеткен фактілер Қазақстанның тәуелсіздік жылдар ішінде сыртқы саясатын белсенді жүргізетін нығайған, сенімді мемлекетке айналғандығын көрсетіп отыр. Бұл мемлекет басшылығының сыртқы саясатты дұрыс және тиімді жүргізуіне байланысты мүмкін болып отырғанын атап кету керек.
Экономикалық жетістіктеріміз де осыны аңғартады. Тәуелсіздік жылдарында республикаға $50 млрд. көлемінде тікелей шетелдік инвестиция құйылған. Мемлекеттің алтын валюта қоры тұрақты көбеюде. 1995 жылдан 2005 жылға дейін алтын валюта қорының көлемі 9 есеге көбейіп, ҚР Статистика жөніндегі Агенттіктің мәліметі бойынша $15 085 млн. құраған. 2002 жылдың наурызында АҚШ Қазақстанға «нарықты экономикалы мемлекет» деген дәрежені берді. Бұл республика жүргізген нарықтық реформалар жемісінің белгісі. Бүкіл әлемдік экономикалық форум жария еткен 2006-2007 жж. әлемдік бәсекелестік индексіне сәйкес Қазақстан Ресей, Түркия мемлекеттерін озып 56 орынды иемденді. Бұл тізім бойынша ҚР Орталық-Азия мемлекеттері арасында көшбасшы.
Кеңейген экономикалық мүмкіндіктер республика алдында жаңа сыртқы саяси мақсаттар қойып отыр. Сарапшылар көзқарасы бойынша Қазақстанның қарқынды дамып жатқан экономикасы «тұрақтылық экспортері» ретінде бүкіл аймақ экономикасының дамуының катализаторы болуы мүмкін. Бұл ретте қазақстандықтардың зияткерлік мүмкіндігі мен мемлекеттің табиғи байлықтары негіз бола алады. Мұнай мен газдың үлкен қорлары бар республика болашақта қалыптасып келе жатқан ғаламдық энергетикалық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын әлемдік нарыққа көмірсутегін жеткізетін жетекші мемлекетке айналуы әбден мүмкін.
Қазақ халқының егемендікке ұмтылған қадамы сәтімен жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет—Тәуелсіз Қазақстан Республикасы, дербес қазақ елі келді. 1991 жылдың 17—желтоқсанында Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жариялануына және 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митинг болы өтті. Жиналған сан мыңдаған адамның алдына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деп сөз сөйледі: «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік... Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймын... Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол.
Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең—байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік.
Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін» [2, 3 б.]. Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады. Иран — Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мұсылман мемлекеті. Ал «Тәуелсіздігімізді ең алғаш болып бауырлас Түркия мемлекеті мойындады» деген сөздің ақиқат еместігін білгеніміз жөн. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілін ашты, бірақ тәуелсіздігімізді мойындауда он жетінші болды.
Бұл деректі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі болған Вячеслав Ғиззатов келтірген. Алғашықы күндері әлемнің салмақты елдері мойындап, кейіннен басқа да елдер мойындап жатты. Осылайша әлемдік саясат аренасында ҚАЗАҚСТАН деген мемлекет тәй—тәй басты. Небары бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген беделді елдері Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар басталды [3, 58 б.]. АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Германия, Франция, т.б. ірі—ірі мемлекеттер Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылдың соңына дейін мойындады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дербес мемлекет ретінде халықаралық аренаға шықты. 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ—на кірді.
Сонымен қоса Халықаралық валюта қорына, Халықаралық реконструкция және даму банкісіне, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық даму ассоциациясының, Инвестицияға кепілдік беретін көп—жақты агенттіктің, Инвестициялық таластарды шешу жөніндегі халықаралық орталықтың, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі болды. Осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстанның мемлекетік тәуелсіздігі туралы заң қабылданғаннан кейін ғана халқымыз өз мемлекеттігін, шынайы тарихы мен мәдениетін қайта түлетуге жігерлене құлшыныспен кірісті, елдің ішкі және сыртқы саясатын, өзіміз бұрын өмір сүрген қоғамнан түбірінен өзгеше жаңа, демократиялық қоғам құру принциптерін дербес айқындады. Әрине, ең алдымен бұрынғы жүйенің құлауының зардаптарын, әлеуметтік—экономикалақ күйреу мен дағдарысты бастан кешірдік. Соған қарамастан Қазақ мемлекеті өркендеуде өз жолын таба біліп, өркениетке өз үлесін қоса бастады. Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасының Парламент Сенатының депутаты, сол уақыттарда тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш үкіметінің мүшесі, Премьер—Министрдің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, халықымыздың сеніміне кірген қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов өзінің 2005 жарық көрген «Серпінді кезең» атты еңбегінде еліміздің даму қарқынына былайша баға береді: «Қуатты саяси, экономикалық, әлеуметтік және демократиялық қайта құрулар көп ғасырлық тарихымыздың қойнауында өткен заманның ешбір кезеңінде болмаған мүлде жаңа үрдіс, тың құбылыс жағдайында дамып келеді.
Біз саяси тұрақтылықты сақтап қана қоймай, сонымен бірге оны нығайта түсуге және өзіміздің қазақстандық ұлтаралық келісім үлгісін жасауға қол жеткіздік. Тоталитарлық жүйенің құлдырауымен бірге КСРО—ның ұлттық саясатының тым идеологияландырылып жіберілген, түбірімен қате ұлттық стратегиясын 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі аяусыз әшкерлеп берген болатын. Сондықтан аяғынан енді ғана тұрған Қазақстан мемлекеті үшін мүлдем жаңа ішкі саясат жүргізуі тиіс еді. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан ұлтаралық және конфессияаралық қоғам құрудың тиімді жолын қалыптастырды. Біздің Республика этносаралық жанжалдарды қазір де, болашақта да болдырмауға болатынын бүкіл әлемге сенімді түрде дәлелдеді. Ұлтаралық түсіністіктің қазақстандық моделі қалыптасып, нәтижелі жұмыс жасап келеді. Әрі оған басқа мемлекеттер де қызығушылықтарын білдіріп отыр.
Бұл бір экономикалық формациядан басқа, үлкен экономикалық қиындықтар мен әлеуметтік проблемаларға өтудің кезіндегі кедергілерге қарамастан адамдар арасындағы бір—біріне деген сенімнің болғандығының жарқын көрінісі болып табылады» [4, 149 б.]. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Республиканың саяси басшылығы өз азаматтарының құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге айрықша назар аударды. Кеше ғана 30—тамызда қабылданғанына 16 жыл болған еліміздің Конституциясында адамды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, нәсіліне, діни көзқарасына байланысты ешқандай кемсітуге болмайтындағы анық айтылған. Елімізде Президент қызметінің енгізіліуі қоғамдық—саяси өмірде терең саяси реформалар жүргізуге мүмкіндік берді. Қазақстанда бір партиялық жүйенің орнына көппартиялық жүйе қалыптаса бастады. 1996 жылдың 30—қаңтарынан бастап екі палаталы парламент жұмыс жасап келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарына еркіндік берілді.
Тауар тапшылығы жоғалып, өнім сапасы жақсарды. Қазақстан Республикасының азаматтары экономикалық еркіндіктің арқасында меншік иелеріне айналды. 1993 жылы 15—қарашада Ұлттық валюта—теңге айналымға шықты. Осы күнде теңгеміз тұрақты, сенімді қаржы бірлігі болды. Жаңа Тәуелсіз Қазақстан Республикасы халықтың жаңа тиімді тұрмысын қалыптастыру жолындағы күрделі экономикалық реформаларды өте сәтті жүзеге асыра алды. Мұндай орасан зор өзгеріс оңайшылықпен келген жоқ еді. Жетпіс жылдан астам қалыптасқан сананы, дүниетанымды өзгерту міндеті де оңайға соқпады. Меншікке қатысты көзқарастың өзгеруіне өмірдің өзі түрткі болғандықтан, жаппай жекешелендіру экономикалық қайта құру жолындағы алғашқы батыл қадам болды. Сыртқы сауданы одан әрі ырықтандыруға және елді дүниежүзілік шаруашылық жүйесіне енгізуге бағытталған сыртқы экономикалық қызмет реформасы табысты жүргізілді. Банк жүйесі батыл түрде реформаланды, халықтың банкке деген сенімі арты және жеке тұлғалардың банк жүйесіндегі салымдары тұрақты түрде өсті. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің Қарулы Күштерін құрды. БҰҰ—ның шешімімен тарихқа «Бейбітшілік миссиясы» ретінде енген, Семей ядролық полигонын жабу секілді ғаламдық маңызға ие шараларға қол жеткізді. Еліміздегі аса өзекті әрі кезек күттірмес басты мәселеміздің бір болып саналатын — тіл саясатын тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біз парасатты байыптылық танытып жүргізіп келе жатырмыз.
Дегенмен, Қазақстан халқы мынаны түсінулері керек: қазақ тілі осы мемлекеттің негізгі қолданыс тілі. Бұл тіл осы мемлекеттен басқа ешбір елде дами алмайды, бұл тілдің басқа Отаны жоқ. Мемлекеттік саясатта бұл тілге алдағы уақытта да басымдылық беріледі. Қазақстанды өз Отаным деп есептейтін әрбір азамат бұл тілді білуге міндетті. Тіпті қазақстандық патриотизм бізді осыған жетелеуі қажет. Қазақстан Республикасындағы ұлт саясатының бағдарламасы саяси тұрақтылықтың кепілі болып қала бермек. 2030 жылға дейінгі даму стратегиясындағы ұзақ мерзімді жеті басым бағыттың ішінде ұлттық қауіпсіздіктен кейінгі екінші орында көрсетілген. Барлық қазақстандықтардың теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттік принцип пен ұлтаралық татулық санасын қалыптастыру маңызды. Ол үшін Қазақстанда бірінші қазақ халқының түпкілікті ұлттық мүдделері дұрыс шешілгенде ғана өзге ұлттар мен этностық топтардың дамуына жол салынады.
Әр бір азамат Қазақстан — менің Отаным, менің елім деген ұранның маңайына топтасуы керек. Тәуелсіз даму кезеңінде ұлтаралық келісімді сақтау мен нығайтудың өз елімізге ғана тән үлгісі қалыптасты. Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше ролі туралы айтпай кетуге болмайды. Ол шын мәнінде 16 жылдық уақыттан бері өзінің басты міндеті, ұлтаралық қатынастарды үйлестіру үшін барлық этностық топтардың мүддесін сәйкестендіретін қызметті жүзеге асырып келе жатқан құрылым болып табылады. Қазақстан Халқы Ассамблеясының беделі айтарлықтай жоғарылап, конституциялық ұйымға айналды. Парламентке өз өкілін жіберуге мүмкіндік алды. Сондықтан ұлтаралық келісімнің қазақстандық үлгісі халықаралық қоғамдастықтың тарапынан жоғары бағаланатынына ешкімді де таң қалдырмасы анық. 2010—жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ—на табысты төрағалық етуіне жәрдемі тиген негізгі деректермен, дәйектердің арасында еліміздің ұлтаралық және дінаралық келісім тәжірбиесі болғаны құпия емес. Халқымыздың толеранттылығы мен даналығына негізделген салмақты мемлекеттік саясаттың нәтижесінде бізге өткен жылдар бедеріндегі қандай да бір қиындықтарға қарамастан, елімізде ұлтаралық келісімді сақтауға мүмкіндік берді және бұл сөз жоқ, біздің маңызды стратегиялық ресурсымыз. Тек бірлік пен тұрақтылық жағдайында ғана келешек дамуымызға қатысты кең ауқымды міндеттер қоя аламыз.
Болашақта еліміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекеттердің қатарынан орын алатынына барлық қазақстандықтар күмәнсіз сенеді. Осындай секіріс жасау үшін барлық қоғамдық ресурстарды топтастыру мен жұмылдыруға тура келеді. Бай да бақуатты Қазақстан идеясы ел кеңістігіндегі ішкі ұлттық ынтымақтастықпен тиімді біртұтас рухани, мәдени, экономикалық және саяси жүйенің желісін айқындап, олардың қалыптасуына оң ықпалын тигізеді. Қазақстан Республикасы ТМД мемлекеттері арасында бірінші болып ұзақ мерзімге арналған стратегиялық дамуы жоспарын таңдап алған елдің бірі болды. 1997 жылдың 11 қазанда «Қазақстан—2030» атты ұзақ мерзімді дамуы стратегиялық бағдарламасын қабылдады. Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен көршілес шет елдермен екі арадағы шекараны дәйектілікпен бекітті. «Қазақстан—Қытай мемлекеттік шекара сызығын демаркациялау туралы хаттаманы бекіту» заңына сәйкес 1999 жылы мемлекет басшылары шекаралық мәселелерді толық реттеп, құжатқа қол қойды. Бұл келісім—шарттың тарихи маңызы ерекше зор еді. Себебі Қытай 15 мемлекетпен шектеседі. Олардың бізден басқа бір де біреуімен Қытайдың толық шекаралық келісімі әлі жоқ.
Ғасырдан ғасырға созылған шекаралық дауға соңғы нүкте қойылды. Енді 1782 шақырымдық шекара сызығындағы белдеу халықаралық деңгейде мойындалған заңмен қорғалады. Ал 2005 жылы 18 қаңтарда әлемдегі ең ұзын шекаралық белдеу болған Қазақстан—Ресей шекарасы анықталып, БҰҰ тарапынан мойындалды. Қазақстан—Ресей шекаралары құрлықтағы ең ұзын шекара болып табылады. Оның ұзындығы — 7591 шақырымды құрайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны межелеу сияқты саяси салмаға ауыр мәселе әлемдік халықаралық құқықтық тәжірибеде өте сирек кездеседі, соған қарамастан қысқа уақыт аралығында шекара сызығының барлық нүктелері келістірілді.
Қазақстанның Республикасының мемлекеттік шекарасы белгіленді [5, 163 б.]. Елімізде индустриялдық—инновациялық даму бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Қазақ елінің дәл жүрегінен, Еуразия кіндігінен барша қазақстандықтардың мақтанышы әрі ұлттық жетістігіміз—Астана қаласы бой көтерді. Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасын және оның Елордасы—Астананы бүкіл әлемге паш етті. Елордамыз—республиканың бас қаласы—Астана күннен—күнге көркейіп қанат жайып келеді. Оның бүгінгі бейнесінің өзі—ақ көз алдымызға Еуразияның келешектегі жұртқа мәшһүр шаһарын елестетеді [6, 61 б.]. Табысты жүргізілген сыртқы саясаттағы жетістіктердің арқасында
Қазақстан Республикасы БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ИКҰ секілді беделді халықаралық ұйымдардың салмақты мүшесіне айналып қана қоймай, мемлекетаралық қарым—қатынастарда да еліміздің мәртебесін көтеретін саяси оқиғаларға, тарихи кезеңдерге де бастамашы болды. 2010 жылдың 1–2 желтоқсанында Қазақстан Республикасының төрағалығымен ЕҚЫҰ—ның 56 мемлекетінің басшылары елордамызда бас қосып, Астана доктринасының бірауыздан қабылдады. Мұндай тарихи маңызы зор оқиға еліміздің халықаралық деңгейдегі талассыз беделінің арқасында келгенін және қазақ дипломатиясының сыртқы саясаттағы табысты еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Өсіп—өркендеген және қуатты Қазақ елі Елбасы бастаған жаңғырулардың мақсаты мен мазмұны болады.
Еліміздің нығайып халықаралық беделінің өскенін көрген әрбір қазақстандықтың кеудесінде мақтаныш сезімі пайда болады. Қазір іргелі тәуелсіз ел, демократиялық дәстүрді берік ұстанған қуатты мемлекет болдық. Тарихты жасайтын тұлғалар тағлымы өскелең ұрпақтың ұлт мүддесіне қызмет етуіне жол ашып қана қоймай, әлемдік өркениеттің дамуына да ықпал етеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан халқы ынтымақтасып, жалпыұлттық, ұлтаралық бірлікті нығайтуға, рухани—мәдени жаңғыруға қол жеткізілді. Қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз Республикамыз Кеңес империясынан мұра болып қалған көптеген өткір де өзекті мәселелердің шешімін тауып, саяси, экономикалық және әлеуметтік—мәдени салаларға да реформалар жүргізілді.
1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан өз территориясында өкімет билігін толық иеленеді, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргізеді» деп нақты көрсетілген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын қабылдады. Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның негізгі идеяларын дамыта келе, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңы республиканың экономикалық, құқықтық, әлеуметтік-мәдени және саяси дамуының негізгі бағыттарын нақты белгілеп берді.
Еліміздің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғау мақсатында өзіміздің әлеуетті құрылымдар – Қарулы күштер, Республикалық гвардия, ішкі және шекаралық әскерлерді құру заңмен қарастырылды.
1. Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық?
2. Азиядағы Өзара Ықпалдастық?
3. Ұлттық валюта?
№ 41 Қоғамның әлументтік құрылымы жайлы ұғым.
Жоспар: 1.Әлеументтану ғылым ретінде.
2.Әлеументтік құрылымның негізгі элементтері.
3.Әлеументтік құрылым және қоғамның горизонтальы,вертикалды қиылысуы туралы.