Элитаның типтері мен іріктелу жолдары. Билікке қатынасу дәрежесіне, билікке деген өкілеттілігінің ауқымына байланысты элита: а) жоғарғы; ә) ортаңғы; б) маргиналдық; в) әкімшілік болып төртке бөлінеді. Жоғарғы элитаға биліктің жоғарғы сатыларында орналасқан, ең маңызды шешімдер қабылдауға тиісті тұлғалар жатады. Бұған жататын адамдардың тізімі өте-мөте шектелген болады. Дамыған Батыс елдерінде орта есеппен тұрғындардың 1 млн-ға 50 элита өкілдері келуге тиіс деп есептелгенімен, елдің көлемінде бар жоғы 50 ғана элита мүшелері басты шешімдерді қабылдап, саяси басқарудың негізгі мәселелерін анықтап отырады екен.
Белгілі бір дәрежедегі табысы, білімі және кәсіби мәртебесі бар адамдар ортаңғы элитаны құрайды. Статистика бойынша, 5% -ы болуға тиіс. Аталған үш белгінің үшеуінің де бар болуы ортаңғы элитаның өкілдеріне қоғамдағы саяси жағдай туралы, қандай саяси бағыттың дұрыс не бұрыс екендігі туралы кәсіби тұрғыда пайымдауға мұрсат береді деп саналады. Осы үш көрсеткіштің бірі болмаса бірі жетіспейтіндер маргиналдық элитаны құрайды. Маргиналдық элитаның құрамы өзгермелі болады, өйткені жетіспейтін көрсеткіштердің орны толғандары ортаңғы элитаға енеді. Әкімшілік элитаға мемлекеттік қызметкерлердің ең жоғарғы қабатына жататындар (үкімет мүшелері, министрлер, ведомстволар мен комитеттердің басшылары) кіреді.
Элитаның мемлекеттік билікке ие болып, ең маңызды саяси шешімдер қабылдайтын бөлігін билеуші элита деп, ал билікке қолы әлі жете қоймаған бөлігін контрэлита (немесе оппозициялық) деп атайды.
Элитаның қалыптасуы. Саяси элитаның барған сайын қоғамдағы рөлінің арта түсуіне байланысты элитаны дайындау мен оның қатарын толықтыру қатаң сұрыптауды қажет ететін үдеріске айналуда. Қоғамдағы саяси басқаруға лайықты адамдар қандай болуға тиіс, оларға қандай талаптар қойылады? Элитаны кімдер және қалай сұрыптайды? Сұрыптаушылар мен сұрыптанушылар кімдер? Саяси элитаның сапасы мен нәтижелілігі оны қалыптастырудың тәсілдеріне және қоғамның барлық әлеуметтік қабаттарынан ең қабілетті де лайықты деген адамдарға жолдың ашықтығына байланысты. Сонымен бірге оның қатарына біліктілігі мен адамгершілігі төмен, кездейсоқ адамдардың ілігіп кетуінен сақтайтын, соған тосқауыл боларлық шарттар мен талаптардың жоғарылығы қажет.
Саясаттануда элитаны сұрыптаудың негізгі екі жүйесін атайды: антрепренерлік жүйе және гильдияр жүйесі. Антрепренерлік (франц. еntrepreneur – кәсіпкер) жүйе бойынша элитаға кандидаттар әпкімнің жекебасының қасиеттеріне байланысты сұрыпталады. Бұл жүйенің артықшылығы оның ашықтығында, формалдық шарттарының аздығында, соған орай әлеуметтік қабаттардың қай-қайсының да өз кандидаттарын ұсынуға мүмкіндігі болатындығында. Антрепренерлік жүйе көптеген кандидаттар ұсынылып, олардың арасындағы өткір бәсекенің болуын қалайды. Мұнда селекторат (лат. selectio – талғау, сұрыптау), яғни сұрыптаушылар, есебінде барлық ересек тұрғындар қатынасады. Алайда оның маңызды бір кемшілігі бар: бұл жүйені қолдану нәтижесінде билікке кездейсоқ адамдардың, өздері туралы сырт қарағанда тәп-тәуір әсер туғыза білетін, бірақ та іскерлігі, біліктілігі жағынан лайықсыз адамдардың келуіне тосқауыл бола алмайды. Бұл жүйе көбіне дамыған демократиялық елдерде қолданылады.