№2(62)/2011 Серия филология


ƏДЕБИЕТТАНУ  ЖƏНЕ  ФОЛЬКЛОРТАНУ



Pdf көрінісі
бет14/23
Дата22.02.2017
өлшемі2,61 Mb.
#4683
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   23

ƏДЕБИЕТТАНУ  ЖƏНЕ  ФОЛЬКЛОРТАНУ   
ЛИТЕРАТУРОВЕДЕНИЕ  И  ФОЛЬКЛОРИСТИКА 
ƏОЖ 894.342 
Көркемдік-эстетикалық ізденістер жүйесі
 
Ақжүнісова Н.Б. 
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
В  статье  рассматривается  система  художественно-эстетических  приемов,  использованная 
С.Сматаевым в романах «Елім-ай» и «Жарылғап батыр». Их ведущая идея, позиция писателя выраже-
ны  различными  вербальными  средствами — символами,  описанием  пейзажа  и  портретов  героев, 
внутренним  монологом;  использованием  приема  сказа.  Индивидуальная  манера  письма  С.Сматаева 
связана с особенностями его внутреннего мира и познавательными свойствами. 
The article comprehensively studied art and aesthetic searches S.Smataeva in the novels «Elim-ai» and 
«Zharylgap Batyr. We consider techniques that I used to create an image of the protagonist. Thanks to re-
search the author's artistic and aesthetic exploration, the basic idea came to the fore. To transmit the main 
ideas of works the artist uses the expressive means of language. Author of poetry establishes a close link be-
tween self-knowledge character, aesthetic ideei work and the perception of beauty. 
 
Қандай  өнер  туындысы  болсын,  оның  көркемдік  құндылықтары,  бəрінен  бұрын,  көркемдік-
эстетикалық өзге деңгеймен өлшенбек. Бұрын ешкім бара қоймаған, тың жатқан, сүрлеу-соқпау түрде 
қоймаған  тақырыптар  болуы  мүмкін,  қаламгердің  өз  оқырманына  айтар  ауқымды  да  салмақты  ал-
идеясы болуы мүмкін, алайда ондай туындының көркемдік-эстетикалық деңгейі төмен болса, жазушы 
еңбегінің  еш  болғаны.  Демек,  осынау  эстетикалық  ұғымның  өнер  туындысындағы  орны  жайлы 
ертелі-кеш  жазылған  ірілі-ұсақты  еңбектерді  атүсті  шолып  өткеннің  өзінде  де  көп  мəселеге  көз 
жеткізуге  болады.  Əрине,  əр  зерттеуші  көркемөнер  туындысының  көркемдік-эстетикалық  өзге 
деңгейіне əр түрлі қырынан келгені де мəлім. Тіпті белгілі бір зерттеу нысанының ауқымында болса 
да,  кез  келген  автордың  шығармадағы  көркемдік-эстетикалық  ізденістер  жүйесіне  атбасын  бұрмай 
өтпейтіні де аян. 
Əлем əдебиетіндегі ең үздік деген туындылардың өзін көркемдік-эстетикалық ізденістер жүйесі 
тарапынан зерделегенде бір нəрсеге көз жеткізу қиын емес. Ол — қандай өнерпаз болсын, ол міндетті 
түрде  мынадай  тəсілдер  қолданысын  деген  қағиданың  жоқтығы. «Кейіпкер  кескіні  қалайша 
сомдалды?», «Жазушы  оқырманын  қалайша  баурап  алды?»  деген  сауалдарға  жауап  іздегенде 
қаламгер шеберлігіне көбірек назар аударамыз. Демек, шеберлік — тым кең ұғым. Ол, бəрінен бұрын, 
суреткердің 
дүниетанымымен, 
эстетикалық 
идеясымен, 
сұлулықты 
қабылдау, 
қорыту 
ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Осыдан келіп, стильдік ерекшелік туындайды [1; 28]. Ал, стиль 
— адам (Бюффон). Əдебиеттану ғалымдары кеңінен танып, мақұлдаған бір көркемдік тəсілді екінші 
қаламгерде неге жау деуге болмайды. «Толстойдағы диалогизмді Достоевскийде неге аз?», сондай-ақ, 
керісінше, «Достоевский  монологизмін  неге  Толстойда  аз?»  деп  сауал  қоюға  болмайтыны  сияқты, 
Есенберлиндегі хронологиялық талдау неге өзгелерде кездеспейді деу əбестік. 
Əр  талантты  қаламгер — жеке  əлем.  Жеке  тағдыр.  Сыршылдық,  сұлулық  əлемі.  Эстетикалық 
идеал. 
Романшы С.Сматаевтың «Елім-айы» мен «Жарылғап батырындағы» бірден көзге түсетін жайт — 
шешендік өнерді, шешендік тілді, поэтикалық келісті, қуатты тілді шебер меңгеруі дер едік. Роман-
трилогияның үш кітабында да, өлеңмен жазылған «Жарылғап батыр» романында да асқан шабытты 
шешендік  сөз  көркемдік-эстетикалық  тұрғыдан  алғашқыдағы  жазушы  шеберлігінің  өзегіне 

Ақжүнісова Н.Б. 
90 
Вестник Карагандинского университета 
айналғанын баса айтуымыз қажет. Қол бастаған батыр да, сөз бастаған шешен де, күй күмбірлеткен 
күйші де, əн асқақтатқан əнші де — бəрі де шешен сөйлейді. Шешендіктің ғажайып үлгісін шертеді. 
Сылдыр  сөз,  атүсті  пікір  ғана  емес,  философиялық  салмағы  басым  сөздер.  Автордың  өзі  де  көп 
реттерде  шешендік  өнердің  құдіретінен  шыға  алмай  қалады  да,  қарапайым  баяндау  тəсілдерінің 
орнына,  шешендік  сипаты  басым  баяндауды  көбірек  қолданып  жібереді.  Соның  нəтижесінде  кей 
тұстарда  кейіпкер  сөзі  мен  автор  сөзін  (баяндауын)  айыру  қиындыққа  түспесе  де,  бірсарындылық 
элементтерінен ада емес екенін де айта кеткен парыз. 
Қалай  дегенде  де,  сайын  даласында  қайыршысы  жоқ,  сорлы,  пақыры  жоқ,  өзгеге  өмір  сырын, 
өмір  сүрудегі  адам  ғұмырының  мəні  мен  маңызын,  мазмұнын,  парқы  мен  нарқын,  барша  адамзат 
алдындағы  парызы  мен  қарызын  сөз  өнерімен  философтарша  түйіндеп  кеткен,  қауымдаса  өмір 
кешуді мұрат еткен, табиғатты таптау, өзімізге бағындырамыз деп емес, керісінше, өзіміз де сол ұлы 
табиғаттың  бөлшегіміз  деп,  онымен  тіл  табысқан,  ғажайып  үйлесімділік  тапқан,  бүкіл  адам  баласы 
өнерінің  ішінде  шешендік  өнері  жалпыадамзаттық  құндылықтар  қатарынан  табылатын,  рухы  биік, 
санасы сара, ақсүйектік, аристократтықты армандаған, табиғаттай тұла, мына жарық дүниені қонаққа 
келу  деп  қабылдаған  өрісі  түркі  жұртын,  берісі  қазақ  ұлтын  шешендік  сұңғылалықтан  бөліп  алып, 
қарау  мүмкін  еместігін  баса  айтуымыз  келеді.  Софы  Сматаев  шешендік  сөзімен  қара  судан  қаймақ 
сүзген кəнігі прозашы ғана емес, əрі даңғайыр ақын. Проза болсын, мейлі өлеңмен жазылған болсын, 
жазушы шеберлігі осы келісті сөзден, айшықты образдар сомдаудан көрінеді деген абзал. Романшы 
қос романдағы əр кейіпкерге мінездеме беруден немесе ұзақ-сонар баяндау арқылы құбылыс, оқиға 
сырына  үңілуден  бойын  аулақ  салған.  Тарихи  романдардың  бүкіл  құрылымында  авторлық 
баяндаудың өзі шешендік сөзбен өрілген [1, 32]. Тарихи тұлғалар ғана емес, қарапайым кейіпкерлер 
де шешен тілмен келісті сөйлейді. Ал, найзаны емес, домбыраны, садақты емес, қобызды пір тұтқан 
əскер  ұстамаған,  кетісуді  емес,  бітісуді  үлгі  тұтқан  қазақтың  тарихындағы  рухани  шүйгіндікті 
баяндағанда  жазушының  алмас  қылыштай  жарқылдап,  ақындық  талантпен  көл-көсір  төгілгенін 
байқау қиын емес. 
Құбылыға қарап күн өткізгенге əбден дағдыланып кеткенбіз. Бұл жерде де күн өзі үшін атар, 
өзі  үшін  батар  дейтін  жайбырақаттылығымыз  қалмады.  Асату  тілеген  жалтақ  көздің  қолға 
қараған тілемсек əдеті жаудың ығына жыға бермей қайтушы еді. Аузымыз бір, амалымыз ортақ 
болсында  мына  Қазыбекжан  айтты.  Өреміздің  алынбай,  өрісіміздің  тарылғанын  өзіміз  білмейді 
екенбіз.  Əлі  тауы  шағылмаған  жалындаған  жас  емес  пе,  соны  танып  қап,  табандап  айтты 
Бабаназар. 
Елі үшін көрмеген ерді көрмеппең əлде. Төбеден жоңғар ұрғаннан да, құдайдың ұрғаны жаман 
екенін  білмеймісің?  Халқың  үшін  қаныңды  құйып,  жаныңды  шүберекке  түйіп  келгеніңді  ұмытып 
қалғансың  ба?  Қайыспай  қасарысайық  десе,  қаракетке  баста  дегені  ғой.  Күмілжіп  күлтілдетпей, 
қасқайып  айтайық  десе,  еліңнің  ертеңін  ойлағаны  да.  Оған  неге  қитығасың.  Жалбарынған  елшіні, 
жалтақтаған жаушыны қайдан көріп ең? Жарқыным, көлден шөл боп, нудан қу боп туыппең əлде? 
Əнеттай əкеден сендей бала туғанына қарным аша бастады. 
Өзге  тілдің  өзек  тырнар  бөтендігін  бұрын  ескермеппін-ау.  Құлаққа  қазан  түбін  қырнаған 
пышақ  тықырындай  тосын  естілгенде  ызыңын  ғана  бағып  қап,  маңызына  жетпей,  мəнін  ұқпай 
мəңгіріп  қалатының-ақ  жаман.  Əу  баста  Адам  Ата,  Хауа  Анадан  жаралған  адамзатты  жалпақ 
жердің  бетіндегі  жарық  жалғанның  түпкір-түпкіріне  тарыдай  шашып  жіберген  Жаратқанның 
соларды бірінен бірін алшақтатқаны қалай? Бірін-біріне түсіністірмей, тілдерін бөлектеп, түрлерін 
өзгертіп,  əлгі  əу  бастағы  кіндіктес,  ұрықтас  ағайынды  бір-біріне  жауықтырып  қойғаны  қалай? 
Адам  пендені  естілілігінен  айырып,  ерегісін  молайтып,  бір-біріне  құбыжық  қып  қойғаны  тəңір 
хақтың  қай  əділеттілігі?  Күшік  асырап  қабаған  ит  қып  өсіріп,  бөтен  ауылдың  бөрібасарымен 
таластырып, ырылдаған, арылдаған төбеттердің бірінің бірі алқымын езіп, желкесінен алып, бұрап 
соққандарынан дүниенің  бүкіл  қызығын  көргендей  сілекейі  шұбыра,  көзі  қызара  есі  шығатын  бəдік 
жандарды талай көріп ем [2; 97]. Пендесін де дəл сондай арылдатқызып қойған Жасаған хақтың кей 
ісіне  қайтіп  қана  бас  шайқамассың.  Əр  ұлысқа  бірін  шүлдірлетіп,  бірін  маңқалатып,  бірін 
қылғынтып  əр  түрлі  тіл  бермесе,  анау  сылаң  келіншек  пен  шойнақ  отыншының  не  деп  қылғынып 
тұрғанын  түсінбес  пе  едім.  Түсінсем,  көңіліме  күдік  оралмас  еді.  Қаланы  қиратып  шаңы  ойнаған, 
даланы  құлазытып  құйыны  құтырған  мынау  қатыгез  заманда  əр  кеудеге  алабүлік  боп  енетін 
күңгірт  күдіктен  өтер  əзəзіл  жоқ-ау.  Самбырлаған  тілі  жоқ.  Əй,  бірақ  сыбырлайды-ау  кеп  сол 
құрғыр  күдік  құлағыңның  түбінен.  Сарнайды-ау  кеп  түн  ұйқыңды  төрт  бөліп  төсегіңнің  басынан. 
Сарнайды-ау  кеп  тұс-тұстан  жау  қаптатып.  Сенбей  көр,  ермей  көр  сол  əзізіл  күдіктің  санасыз 

К
өркемдік-эстетикалық ізденістер жүйесі 
Серия «Филология». № 2(62)/2011 
91 
күбір-сыбырына.  Аттан-айқайына.  Ал  сендің  екен,  ердің  екен,  не  тұрыс  бар,  дереу  көтер  қақ 
сойылды!  Қос  қолдап  қысып  ұстап  құлашта  гүрзі-шоқпарды!  Азуыңды  айға  білеп  екілене  ұмтыл! 
Қақ сойылың аямай сақ еткенде, қақыраған шекенің қасыңның басынікі ме, досыңның басынікі ме — 
онда  енді  мүлде  шаруаң жоқ.  Безілдеп  шықтың, берекені де,  бірлікті  де  бездіріп  қудың.  Соны өзің 
сезесің бе, сезіктеніп іштей ғана қуыстанасың ба, енді саған бəрібір тоқтау жоқ. Өйткені оң-солың 
толған  қас  дұшпан.  Солқылдаған  сойыл  сынғанша,  соққылаған  шоқпар  қолдан  ұшқанша,  қарсы 
келгенді,  көзіңе  іліккенді қан  қақсат.  Ал  сонсың  көп  соққыдан  қансырап  өзің  құла. Қаңсырап  құлап 
жатып іштей күйзеліп, іштей күңіреніп ал жыла. Бірақ одан не өнер? Құбыжық күдік сен жылады 
екен,  сен  құлады  екен  деп,  талайды  сен  жылатып,  талайды  сен  қан  қаптырып  құлатып  еді  деп 
қарасын  өшіріп,  зым-зия  жоғалып  кете  қойды  ма?  Қайдағы  жоғалу?  Сол  күшіктеген  күдік  немең 
одан сайын өрекпи өршіп, енді бүкіл өксіген ішіңді кернеп, кептіріп ала жөнелсін! 
Бəрі түсініспестіктен... Адамды адам түсінсінші. Солқылдаған сойыл немең — жылқы ұстар, 
мал  айдар  кəдімгі  құрыққа  ғана  айналсын.  Қарғыс  атқыр  қара  шоқпар  қазық  қағар  əшейін  бір 
тоқпаққа  ғана  айналсын.  Қатулы  қабағыңа мұз  қатып,  қар жаумай, жадыраған жанарыңнан  нұр 
төгілсін,  шуақ  шашылсын!  Айналаң  тегіс  жайдары  күлкіге  бөксін!  Қуанған  жүздің  əсем  көркіне 
жетер  не  бар?  Елжіреген  жанның  жүрегінен  жылытып  төгілетін  мейірім  жарық  жалғанның 
жебеушісі болмас па. Содан жаңыла беретініміз қалай? 
Автор шешендікті пір тұтқан, ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен бітірген қазақ болмысын ашу үшін 
ғана емес, асқан келісті сөзді, тау суындай арындаған қуатты сөзді басқа ұлт өкілдерінің де аузына 
сала білген [2; 104]. 
–  Уай,  қазақ!  Артың  қуыс,  алдың  тар  екенін  білдің.  Із  өкшең  ылди,  маңдай  тұсың  өр  екенін 
білдің.  Тардан  қысыларыңды,  қысылсаң  өте  алмасыңды  сездің.  Өрдің  биіктігінен  шошынып,  аса 
алмасыңды  сездің.  Созбағаның — құлағаның.  Жарыспағаның — жығылғаның.  Қарыспағаның — 
қайысқаның. Ендеше мен де ұзатпайын. Жауабымды кешке дейін бір қайтарармын. Қайтармасам... 
—  Хонтайшы  сөзінің  салмағын  сезгісі  келді  ме,  сəл  бөгеліп,  көзін  ғана  елшілерге  түгел  қыдыртып 
өтті.  Үнсіз  телмірген  қазақтар  өзіне  жылан  арбаған  торғайдай  қадалып  қапты.  Соған  қатты 
мағұрланды.  Дауысы  да  екпіндеп  естілді. — Қайтармасам,  ат-тоныңның  амандығында  еліңді 
тапқаның жаман болмас, қазақ! 
– Мен саған ат мінгізем демеймін, Қазыбек. Аттан кенде болмайтының қазірден-ақ белгілі. Тон 
кигізем  де  демеймін.  Торқа  тон,  алтын  жаға  иініңнен  онсыз  да  түспейтінін  шамалаймын.  Сенің 
кеудеңнен  ел  көшіп,  жұрт  қонып  жататын,  көкірегіңнен  селдей  ағып,  бұлттай  көшіп  жататын 
көркем  ойың  мен  құдіретті  тілің  барына  көзім  жетті.  Сенің  үлкен  болашағыңа  менің  айтар 
өтінішім де үлкен. Екеуміз төс қағысып дос болайық. Ертеңгі ойрат-қазақ татулығының басы да 
болсын! 
Профессор  С.Негимов: «Шешендік  өнер  тарихы — адамзат  мəдениеті  тарихының  бір  бөлігі. 
Көне  Грекияда  риториканы  «өнердің  патшасы»  деп  есептеді.  Б.ж.с.д. 594 ж.,  Афина  басқарушысы 
Солонның шығарған  заңы  бойынша,  Афина  азаматы  сотта  өзін-өзі  қорғау  үшін  қызыл  тілге  жүйрік 
болуға  тиісті  болған.  Шешендік  өнердің  биік  дəрежеде  болуы  үшін  əрбір  азамат  Отанының  саяси-
мəдени өміріне мықтап араласуы қажет. Сайып келгенде, «Демократия — шешендік өнердің анасы», 
— деп жазады да, «Шешендік өнері — толқынды топтың еркін өзіне қаратып, жəмиғатты ұршықтай 
иіріп, сүттей ұйыта білу қабілетін тілейді. Кесек-кесек ой өрбітіп, алғыр-тапқыр сөздер өріп, саралап 
биік айтудың үстіне айқын, күшті, тегеурінді дауыс, əсіресе тазалығы мен мөлдірлігі ерекше дауыс, 
сонан  соң  асқақ,  мықты  рух  ауадай  қажет.  Даналықтан  нəр  алған,  тəжірибеден  туған  өрнекті  һəм 
көрнекті  ойлар  жан  дүниенің  толғаныс-тербелістерімен  тұтастық  тауып,  өлшеусіз  асқан  шабытпен, 
құлшыныспен айтылған сəтте ғана иландырады, табындырады» деп тұжырым жасайды [2; 164]. 
Қаламгер  Сматаевтың  романдарындағы  пейзажды  бейнелеу  тұтастай  дерлік  бір  мақсатқа 
бағынған, ол — мейлі, бұрқанған ашу-ыза, ішкі сұрапыл болсын, тіпті, кең ауқымда алсақ, беймезгіл 
уақыттағы аласапыран, қанды оқиғалар болсын, қалай болғанда да, көркемдік-эстетикалық қызметін 
мінсіз  атқару  арқылы шығарманың  бүкіл  негізгі арқауындағы  сюжеттік  желілермен  шебер  қиюласа 
алатындығы. 
Жазушы  сонау  ХVІІІ  ғасырдағы  алапат  оқиғаларға  бүгінгі  күн  тұрғысынан  үңіле  алған.  Жаны 
сұлу, мінезі мəрт көшпенділер ғұмыр кешкен кеңестік пен Сматаев өмір сүріп жатқан кеңестік біреу. 
Тек  уақыт  қана  əр  түрлі.  Осы  тұста  қаламгер  қолданған  көркемдік-эстетикалық  ізденістер  жүйесі 
арқылы автордың жетекші идеясы алдыңғы кезекке шыққан. Бүкіл сюжеттік желілердегі кейіпкерлер 
іс-əрекеті,  сөйлеген  сөзі,  дүниетаным,  көзқарасы — бəрі  де  осы  жетекші  идеяға  бағындырылған. 

Ақжүнісова Н.Б. 
92 
Вестник Карагандинского университета 
Соғысты емес, бейбітшілікті, мамыржай тіршілікті, «қонып бір өтер сай үшін, арам өлер тай үшін» 
(Бұқар  жырау)  бет  жыртысудың  не  қажеті  барын  философиялық  оймен  оқырманына  жеткізе  алған. 
Адам  характерін  ашар  көркемдік-эстетикалық  ізденістер  жүйесі  де  сол  жетекші  идея  ауқымынан 
табылып  тұр.  Ғалым  Т.Жұртбайша  айтсақ, «бұл  гəптің  түйіні — Заман  деп  жалпылама  айтыла 
салатын  Көркем  уақыттың  тарихи  сəттерінің  қақтығысында  жатыр. «Аспандағы  Ай  мен  Күннің 
шағылатын», «Тəңірінің  берген  өнері,  көк  бұлттан  ашылатын» (Абай).  Сондай  айшықты  мезетте 
суреткер  дүниенің  тұтқасын  ұстайды  жəне  бар  ащы  запыранын  төгеді.  Құдіретін  көрсетеді,  ақыры 
құмарынан шығып, солықтап тынады. Көркем коллизия делінетін мұндай шақты дүниенің быт-шыты 
шығып,  ой  ұйытқысы  ыдырап,  рухани  жүйкенің  жіктері  үзіледі.  Суреткердің  өзіне  берілген  шексіз 
мүмкіндік  пен  үмітті  ақтайтын,  руханият  тарихына  не  ұлт,  не  даурықпа  талант  иесі  атанатын  сын 
сағаты. Кірпияз да нəзік, қайрымды да қатал, əдепті де əділетті тарихи қауымның көңілі көншіп, не 
құлазып  тынатын  қадір  түні  ол.  Сол  қас-қағым  мезет  əр  ұлт  өзінің  бүкіл  руханиятының  тағдырын 
суреткердің еркіне еніп тапсырады» [3]. 
Яғни  өзіне  берілген  осынау  мүмкіндікті  шебер  пайдаланған  жазушы  өз  романындағы  жетекші 
идеяны бірінші кезекке шығарып, сол жетекші идеяның ауқымы да көркемдік-эстетикалық ізденістер 
жүйесін құра алған. 
Монолог:  Бөгенбай  ұзақ  отырды.  Төмендегі  əн-жыры  шарықтап,  домбыра  мен  қобызы 
безектеген думанды ауылды үнсіз барлайды. Қазіргі көріп тұрған шадыманы кенет батырға соңғы 
қоштасу қызығындай сезілді. Осы қиянатшыл ойдан селк ете тіксініп, енді көз алдындағы көл-көсір 
тамашаға əлден-ақ өзегін өртеп ала жөнелген сағынышты мұңмен елжірей қарады. 
Қайран  қазақ!  Көңілденсең — баладай  пəк,  анадай  мейірімдісің-ау!  Барыңды  түбінен  қотара 
салып,  бүгін-ертеңді  ойламай,  бар  ықыласыңмен  берілесің-ау.  Неткен  албырт  халықпыз!  Неткен 
таза  халықпыз!  Түгел  қуанып,  түгел  қайғыра  аламыз.  Əлде  бұл  қасиет  жау  келсе — үркіп  қашып, 
жау қусақ — дүркіретіп айдап, көшсек — тайлы-таяғымыз қалмай бір-ақ жөңкіліп, қонсақ-қауым-
қарындасымызбен шоғырлана жүріп, сонау ықылым заманнан қанымызға, сүйегімізге сіңдіріп алған 
əдетімізден  бе  екен?  Бізді  бөлетін  де,  ыдырататын  да,  əлсірететін  де  хан  сұлтандар-ау. 
Сенгіштігімізді,  адалдығымызды  пайдаланып,  бірімізді  бірімізге  айдап  салып,  шетімізден 
қырғындаумен келеді [4]. 
Пейзаж: Жер бетін самал баяу желпіп тұр. Бетегесі жаңадан көтеріп, көгере бастаған күнгей 
беткей  ерте  көктемге  ентелеп  ене  бастапты.  Даланың  жасылы  аз  да,  өткен  күздің  өлі  шөбінен 
сарғыш  тартқан  құбақан  алаңқайы  көп.  Бірнеше  күннен  бері  бұл  өңірдің  кəнігі  суық  желі  азынай 
соғып,  қыстың  ақтық  ызғарымен  қоштасып  тұрған  еді,  бүгін  сап  тыйылыпты.  Майда  самалда 
бетке лықси соққан жып-жылы леп бар. 
Күн ұлы сəскеге тырмысты. Дəл төбеге көтерілді. Көтерілді де, қос қанатын кезек қайшылап, 
кесек тастай бір орында қалықтап тұрып, құс қанатымен құлпырып оралған көктемді жырлады. 
Жел  қанатымен  жасарып  оянған  жаңа  тіршілікті  мадақтады.  Жер  қойнынан  жарық  сəуле 
талпынып көз ашқан, қол созған мың жас өркін жас ғұмырдың сəлем-назын жолдады.  
Портрет:  Дəл  ортадағы  қапсағай  кеуделі,  кең  жауырынды  жетпісті  алқымдаған  адамның 
тұлғасы  өзгелерден  ерекше  көрінеді.  Еңкек  тартпаған  еңсегей  денесін  əлі  де  тіп-тік  ұстап,  қос 
тізесін  қомақтандыра  бүгіп,  шаншылып  апты.  Кең  маңдайының  терең  əжімдерімен  қатарласа 
қалған қалың қабақтың астынан қадала қараған қара көздер манадан кірпігін əлі де бір қаққан жоқ. 
Жылбысқыға  жапыр-жұпыр  жапатармағай  ұмтылатын  күшігеннің  жемтік  аңдығанындай  емес, 
қиядағы  қылт  еткенді  қапысыз  бағып  қалатын  қыранның  тастүйін  бейнесін  мəнзелдес  осы 
отырысында жырындылық пен сезімталдық басым. Көк беренмен тысталған күзен ішігін желбегей 
жамыла салыпты, етегі шұбатылып от орнындай жерді алып жатыр. Ашылып қалған ішкі өңірдің 
бір  қар  басқан  ата  күзендердің  кілең  жон  арқасынан  құрастырған  күрең  қылшықты  жүні  күнмен 
шағылысып  жылт-жылт  етеді.  Ішіктің  түсіне  сəйкестендіре  көк  мауытыдан  кең  балақ  шалбар 
киіпті.  Мəлескен  бешпетін  ышқырланып  алып,  күміс  қақтаған  былғары  кісе-белдігін  қынай 
буыныпты.  Көзді  күміс  бұдырлармен  сəнделіп,  күміс  шегелермен  өрнектелген  белдіктің  күн 
сəулесімен шағылысып жарқ-жұрқ етуі де манадан қыбырсыз, үнсіз отырған қарияны одан сайын 
айдындандырып,  айбаттандыра  түседі.  Биік  өкше,  үшкір  тұмсық  шоңқаймасы  да əдемі.  Өкшелігі 
мен  оймасын  кестелеп,  өрнектеп  тігіпті,  қара  санға  қаусырмалай  сұғынған  көмкерме  байпақ 
тырсылдап тұр. Жасы ұлғайып, жемсауы қайтып, орта құрсақ тартқан қарияның еті қашпапты 
əлі. Сонау бұлшық еттері білемденіп буылтық атып тұрған қары мен санынан бастап атан жілік, 

К
өркемдік-эстетикалық ізденістер жүйесі 
Серия «Филология». № 2(62)/2011 
93 
қаптал  төс,  еңселі  тұлға  одағайлап  көз  тартады.  Бұл  қария — Найманның  Садырының  атақты 
батыры, тоғыз «көкжал бөрісі» бар тоғыз көк перен ұлы бар Жомарт ақсақал [5]. 
Символ:  Аршагүл  сəлден  кейін  атқып  далаға  шықты.  Шеткі  үйлердің  қып-қызыл  жалынын 
бүркеп қап-қара түтін тұтасып алыпты, бері қарай жалаңдап, жалақтап таянып келеді. Енді сəл 
кешіксе, осы тілсіз опат үстінен аунап өтіп, таптап кететін екен. Аршагүл тіпті жан ұшырды. 
Кең етегіне  сүріне-қабына  ентелей жүгірді.  Сонда да  бет  алды  лақпай, үй-үйді  тасаланып  келеді. 
Бір  кезде  əлденеге  сүрініп  жығылды.  Батыр  атасының  үйінің  тайқазаны  екен.  Тұрған  жоқ. 
Қазанның  тасасында  ұзақ  жатты.  Жүрегі  дүрс-дүрс  соғады.  Қасқыр  қуған  қояндай  дір-дір  етіп, 
ентіге демалады. 
Құшағындағы Тасболат шар ете қалды. Зəре-зап болған Аршагүл селк етіп, басын көтерді. Оқ 
бойы  жерде  құйғытып  келе  жатқан  екі-үш  аттыны  көрді.  Дəл  мұны  аңдып  үстінен  түскендей. 
Аршагүл сол сəт жеңсізін тез шешіп алып, Тасболатты орады. Содан кейін ақ маңдайынан иіскеді 
де,  ұлын  жерге  жатқызды.  Еңкейіп  отырған  күйі  тайқазанды  төңкеріп  əкеп,  баласының  үстіне 
жапты.  Қазанның  құлағының  астына  кесек  тас  төсеп,  саңылау  қалдырды.  Осының  бəріне  қас 
қағымдай  уақыт  кетсе  де,  өзіне  қимылы  өнбейтіндей  көрінді.  Əлгінде  ғана  құшағындағы  торсық 
шеке ұлы үн-түнсіз қара қазанның астында қала бергенде, тірідей көмілгендей көрініп, ана жүрегін 
шымшылай шымырлатып жіберді [6]. 
Төрт кітапта да автордың қайта-қайта оралып, жиі-жиі қайырылып отыратын тəсілі — символ. 
Жауласудан  гөрі,  дауласуды  мақсат  тұтқан,  кетісуден  гөрі,  бітісуді  мақсат  тұтқан,  арда  табиғатты 
бағындырам  дегеннен  гөрі,  өзін  сол  табиғаттың  бір  бөлшегімін  деп  есептеген,  дүние-қонаққа  келу, 
келген  екенсің  сол  жарық  дүниені  ойын-сауықпен  өткіз,  бір-біріңмен  жауласам  деп  өмірдің  мəн-
мағынасы  мен  мазмұнына  философиялық  сипатпен  үңілген  қазақы  болмысты,  найадан  гөрі 
домбыраны,  қанжардан  гөрі  қобызды  киелі  деп  есептеген  қазақы  болмысты  кескіндеуде  автордың 
қайта-қайта  оралып  көсіле  суреттейтіні  қазақтың  əні  мен  күмбірлеген  күйі  болса,  бұл  тұста 
жазушының  айрықша  қолданған  тəсілі — символ  деп  атаған  жөн.  Əн — символ.  Күй — символ. 
Қазақы  болмысты  паш  етіп  тұрған  символ.  Күй күңіренуі,  тына қалуы, əннің  құйқылжуы, күрсінуі, 
қыран  шығар  биікке  талпынып,  төмен  қарай  сорғалауы — бəрі  де  символдық  сипатқа  ие  жəне 
жаныңызға жан бітіретін образдылықтың қызметін атқарып тұр. 
Осы  үзіндіден  əрі  символдық,  əрі  деталдық  мəнге  ие  болып  тұрған  сипатты  байқаймыз.  Дау 
батырдың қалмақтың кішкентай баласын жығылған жерінен көтеріп алып, маңдайынан емірене сүйуі 
жат жерде, жау ортасында жүріп, отбасы, ошақ қасын, əсіресе кішкентай перзенті Түйтені сағынуы 
ғана емес. Автор Қазыбектің ағасына айтқан əзілін сюжет желісіне ұтымды қалжың ретінде кіргізіп 
жіберсе  де,  Дау  əрекетінің  аса  салмақты  жүк  көтеріп  тұрғанын  байқаймыз.  Əрі  деталь,  əрі  символ 
əлемдік  деңгейдегі  аса  ауыр  философиялық  мəнге  ие  болып  тұр. «Ақтабан  шұбырынды,  алқакөл 
сұлама»  трагедиясында  жау  нояндары  жүкті  əйелдің  ішін  жарып  жіберіп,  құрсақтағы  сəбиін 
найзасымен  шаншып  ап,  жерге  лақтырса,  қазақ  батыры  дұшпанның  жас  баласын  жығылып  жатқан 
жерінен  тұрғызып,  көтеріп  ап,  маңдайынан  мейірлене  сүйіп,  көкірегіне  басуы  өте  сəтті  шыққан. 
Демек, өмірге келген қонақсың. Мұратың не, мақсатың не? Өмір сүрудегі асқақ арманың не? Не үшін 
өмір сүресің? Өмірдің мəн-мағынасы мен мазмұны неде? Адамда тəн бар, жан бар. Тəннің қалыпты 
өмір  сүруі  үшін  материалдық  игіліктер  қажет.  Тамағыңның  тоқ  болуы,  бай-қуатты  болуың 
материалдық  қажеттіліктерді  қажет  етеді.  Тарихи,  саяси  сұрапылдар  тұсында  тарыдай  шашырап 
кеткен  көп  манғұлдың  басын  қосу,  іргелі  ел,  мықты  мемлекет  ету  де  тарихи  қайраткерлердің 
көрегендік  саясатынан  туындаған  жайт.  Алайда  мемлекеттің  іргесін  бекемдеп,  өрсін  ұлғайту  ісі 
зымиян  саясатпен  ұштасса,  онда  да  бейбіт  жатқан  қазақтай  көрші  елдің  халқын  қынаша  қырып, 
байтақ  даласына  ие  болуды  мақсат  еткен  саясат  белең  алса,  не  болғаны?  Автор  бірінші  кезекке 
осынау шағын детальмен-ақ жалпыадамзаттық проблема — Соғыс пен Бейбітшілікті шығарған. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1.  Назарбаев Н. Еуразия жүрегінде. — Алматы: Атамұра, 2005. — 192 б. 
2.  Құратаев  С.  Кеңестік  қазақ  əдебиетінің  соңғы  дəуірі (1968–1990). — 1-т.:  Көне  томдық  шығармалар  жинағы. — 
Алматы: Қазығұрт, 2007. — 456 б. 
3.  Жұртбай Т. Көркем кеңістік пен уақыт жəне тарихи дəлел // Əдебиеттанудың өзекті мəселелері: Акад. С.Қирабаевтың 
75 жылдығына арнал. жин. — Алматы: «Комплекс» баспасы, 2002. — 117-б. 
4.  Сматаев С. Елім-ай. Роман. — Алматы: Жазушы, 1978. — 68-б. 

Ақжүнісова Н.Б. 
94 
Вестник Карагандинского университета 
5.  Сматаев С. Елім-ай. — Алматы: Жазушы, 1980. — 74-б. 
6.  Сматаев С. Елім-ай. Роман-трилогия. — 3-кіт. — Астана: Фолиант, 2003. — 79-б. 
 
 
 
 
 
УДК 398 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет