№2(66)/2012 Серия филология



Pdf көрінісі
бет11/18
Дата15.03.2017
өлшемі2,03 Mb.
#9987
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   18

Поэтический мир Магжана 
В  статье  рассматриваются  творчество  и  поэтический  мир  Магжана  Жумабаева.  На  основе  анализа 
произведений известного поэта показаны его мастерство, особенности мировоззрения, эстетические и 
духовные ценности. Автор исследует творческую эволюцию, проблемы просветительского реализма
сентиментализма, романтизма, символизма, литературные  методы в поэзии классика. Предложенное 
исследование  демонстрирует  новаторство  М.Жумабаева  в  казахской  лирике,  что  подтверждает 
актуальность расматриваемой проблемы в современном казахском литературоведении. 
In article is considered the creativity and poetic skill of Magzhan Zhumabaev. On the basis of the analysis of 
poet’s creativity reveal, features of outlook, esthetic and spiritual ideals. The author researches the evolution 
of creative, educational realism, romanticism, sentimentalism, symbolism, literary methods in poetry of the 
poet.This researching show us news by M.Zhumabaev in Kazakh lyrics, which permits to say about im-
portance of this problem in nowadays Kazakh literary. 
 
 
 

70 
Вестник Карагандинского университета 
ƏОЖ 82.091[894.342:882] 
А.Б.Бейсентай  
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
Мағжан шығармашылығындағы Абай дəстүрі 
Мақалада  ұлы  Абайдың  көркемдік-эстетикалық  ізденістерінің  қазақ  əдебиетінің  классигі  Мағжан 
Жұмабаев  шығармашылығына  ықпалы  қарастырылады.  Автор  қазақ  халқының  ақындық  поэзиясын 
əлемдік  деңгейге  көтерген  Абай  шығармашылығымен  арадағы  байланысты  анықтайды.  Ақын 
шығармалары мысалдарында Абайдың əдеби мұрасының жаңа көркемдік ерекшеліктері айқындалған, 
сондай-ақ ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың көркемдік дəстүрлерін зерделеу мəселесі қойылған. 
Кілтті сөздер: ықпал, көркемдік-эстетикалық ізденістер, Абай шығармашылығы, қазақ халқының по-
эзиясы, поэтикалық ерекшеліктер, ұлы ақын, қазақ əдебиеті, əдеби шығармашылық.  
 
Қай  халықтың  əдебиеті  де — өз  ішінде  үздіксіз  жүріп  жататын  іздену  процестері  нəтижесінде 
ұдайы өзгеру, жетілу, толығу, даму үстінде болатын тарихи көркемдік-шығармашылық құбылыс. 
Əдеби  ізденістер  нəтижесінің  көркемдік  сапасы  түрлі  кезеңдерде  түрлі  деңгейде  болуы  да — 
заңдылық. Өйткені белгілі бір кезеңдегі көркемдік ізденістер нəтижесінің деңгейі өз алдындағы кезең 
əдебиетінде қол жеткен шығармашылық жаңалықтарға, көркемдік деңгейге тікелей байланысты. Бұл 
тұста  əдеби  шығармашылық  ізденістердің  бағыт-бағдарын  айқындауда  тарихи,  қоғамдық-саяси, 
əлеуметтік факторлардың ықпалын да, сонымен қатар барлық тірлік-қарекетінде ел мұратына қызмет 
етуді мақсат еткен шығармашылық тұлғаның жеке əсерін де ескермеске болмайды. 
Шығармашылық тұлғаның жеке əсері дегенде, өзінің көркемдік болмысында ұлттық дəстүр мен 
еуропалық  үлгіні  шығармашылықпен  тығыз  ұштастыра  алған  жаңа  тұрпатты  қазақ  жазба 
поэзиясының туып, қалыптасып жəне жаңа көркемдік арналар іздей өрістеуіне жол ашқан Абайдың 
ұлы  еңбегін  еске  түсірсек  те  болар. Шындығында,  ұлт  мəдениетінің  рухани  өрісін  кеңейтуге,  туған 
халқының таным көкжиегін ұлғайтуға қызмет қылуды перзенттік парызы санаған ұлы тұлғаның жаңа 
мəдени  өрістер  іздеп  дүниенің  төрт  қиырына  бірдей  көз  салғаны  белгілі.  Ұлы  ақынның  осы 
мақсаттағы  əрекеттерінің  құнарлы  арнасы  болып  табылатын «...Европа  мəдениеті  мен  əдебиетіне 
қарым-қатынасы  оның  орыс  əдебиетімен  байланысының  бір  қыры,  бір  бөлімі.  Орыс  тілі,  орыс 
əдебиеті,  орыс  классиктері  арқылы  дүние  жүзі  мəдениетінің  үлгілерімен  танысқан  Абай  өз  елінің 
талабына  сəйкес  Европа  елдерінің  мəдени-əдеби  құбылыстарын  халқының  рухани  қажетіне  жарата 
білді» [1]. 
Абайдың  шығармашылық  өнегесі  ақынның  ізін  қуған  Шəкəрім,  Ақылбай,  Мағауиялардан 
бастап,  қоғамдық-саяси,  əлеуметтік  мəселелерде  Абайдың  көзқарасын  ұлықтаған,  соған  сəйкес 
шығармашылық  өнерде  де  Абайдың  көркемдік-идеялық  мақсаттарына  бағдар  ұстанған 
А.Байтұрсынов,  М.Дулатов,  С.Торайғыров  сияқты  кейінгі  буын  өкілдерінде  заңды  жалғастық 
тапқаны  мəлім. «Бұл  ретте  қазақ  əдебиетінің  өркендеуіне  Абай  Құнанбаевтың 1909 жылы 
Петербургте  шыққан  өлеңдер  жинағының  аса  зор  маңызы  болғанын  атап  айту  өте  қажет.  Ұлы 
ақынның тірі шағында қолжазба күйінде я болмаса тек ауызша тарап жүрген шығармалары енді қазақ 
даласының  түкпір-түкпіріне  жетіп,  бір  жағынан,  қалың  бұқараның  игілігіне  айналса,  екіншіден, 
көптеген  қазақ  ақындарының  творчествосына  тікелей  əсерін  тигізеді,  қазақ  əдебиеті  тілінің 
қалыптасуына  даңғыл  жол  ашады.  Осы  қарсаңда  əдебиет  майданына  шыққан  жас  ақын-жазушылар 
Абай шығармаларын, кемеңгер ақынның қазақ əдебиетіне əкелген жаңалықтарын өздеріне қол жетпес 
үлгі,  құдіретті  құрал  деп  танып,  оның  асқан  шеберлігінен  үйренеді,  озат  идеясынан  сарқылмас  нəр 
алады» [2], — деп жазған əдебиетші-ғалым Ы.Дүйсенбаев пікірінен өткен ғасыр басындағы əдебиет 
дамуында Абай дəстүрінің қаншалықты маңыз иеленгенін айқын байқаймыз. 
Ұлттық əдебиетіміздің жаңа бағытта дамуына Абай шығармашылығының айрықша ықпал еткені 
қаншалықты  даусыз  ақиқат  болса,  көркемдік  дүниесінде  Абай  жаңашылдығының  пайда  болуында 
ұлттық  мəдени  дəстүрлермен  қатар  европалық  үлгідегі  сыртқы  мəдениеттердің,  əсіресе  орыс 
мəдениетінің  əсері  маңызды  роль  атқарғаны  да  шүбəсіз  шындық.  Демек,  қандай  да  бір  ұлт 
əдебиетінің дамуы өз ішіндегі ұлттық озық дəстүрлер аясындағы əдеби-көркемдік ізденістермен ғана 
шешілмейді,  өзге  елдер  мəдениетінде  қалыптасқан  көркемдік  үлгілерді  шығармашылықпен  игеру, 
жетілдіре  пайдалану  бағытындағы  жаңашыл  ізденістер  арқылы  да  жүзеге  асады.  Мəселеге  осы 

Мағжан шығармашылығындағы Абай... 
Серия «Филология». № 2(66)/2012 
71 
тұрғыдан келген орайда Ə.Жиреншиннің: «Біз Абайдың орыс классиктерінен əсер алуын, үйренуін, 
ғибрат  етуін,  идеялық,  көркемдік  бояуларын  тек  бір  ғана  сыртқы  ұқсастықтан,  түр  үндестігінен 
іздемей, терең идеядан, рухани мұрагерліктен, мазмұн үндестігінен іздеуіміз керек. Дарынды ақын — 
өрісті ойшыл дəл сондай етіп жазайыншы демейді, ол жалаң еліктеу, эпигондық болар еді. Онан гөрі 
озат  орыс  əдебиеті  мазмұнын  өз  бойына  байымдап  сіңіргендіктен,  оның  идеясына  мейлінше 
қаныққандықтан, рухтанғандықтан жазады. Ұлы классиктердің мұрасы ақыл ой тамырларына тарап, 
идеясына идеясы үндескеннен, ой дүниесінің тұғырына қиял құсы дəл қонғандықтан жазады» [3], — 
деген ойының дұрыстығына ден қою орынды. 
Бұл  тұрғыда  Абай  дəстүрін  жалғастырушы  ақын-жазушылардың  қай-қайсы  да  өз  орайында 
ұлттық  əдебиетіміздің  дамуына  қал-қадірінше  үлес  қосқаны  жəне  шындық.  Десек  те,  бұл  қатарда 
ұстазы  Абайдың  жолын ұстана  отырып,  өз  кезегінде  ұлттық  əдебиетіміздің  дамуына  өзіне  ғана  тəн 
ақындық  қуатымен,  көркемдік  бағдар-бағытымен,  толассыз  ізденістерімен,  шығармашылық 
жаңашылдығымен əсер ете алған бірегей тұлғалардың бірі Мағжан Жұмабаев болғаны анық. 
Бұл  орайда: «Мағжан  Жұмабаевтың  қазақ  əдебиеті  тарихында  оқшау  тұратын  ақындығы 
хақында ой тербеткенде байқайтынымыз: ол бұрынғы əдеби сарыжұрт дəстүрлерді сағалай беруден 
сақтанды.  Өзі  басып  өткен  ізді  де  қайтып  шиырламауға  тырысты.  Үнемі  жатпай-тұрмай  ізденген 
ақын  жеке  басына  түскен  зіл  батпан  ауыртпалықтарға  қарамастан,  поэзиямызға  жаңа  өріс  ашып, 
тынысын кеңейту үшін барын салды. Əлбетте, замана қарқынына ілесудің жөні сол екен деп, жылт 
еткен жаңалықтың бəріне талғаусыз жармаса берген жоқ. Өзен бетіне шыққан көбік, шөп-шаламды 
терең  ағыспен  шатастырып  алмауға  тырысты.  Атап  айтсақ,  саясат  айқайына  айқай  қосып,  ел  ішін 
таптық  қан-жоса  қырғынға  шақырып,  тамағы  қарлыққанша  өзеуреп  ұрандайтын  үгіт  өлең  дейтінге 
сырт  берді.  Есесіне  əлем  əдебиеті  жаңалықтарына  көз  тікті», — деп,  Мағжан  ақынның 
шығармашылық 
ізденістеріндегі 
ерекшеліктерді 
айқындай 
көрсететін 
мағжантанушы 
Ш.Елеукеновтің салиқалы пікіріне ден қойған абзал. 
Олай  болса,  алаш  ақынының  өзіне  дейінгі  əдеби  дəстүрлерді  де,  шығармашылық  өсу 
кезеңдерінде өзі қол жеткізген биіктерді де місе тұтпай, өзімен замандас өзге қаламгерлерден бөліне-
жарыла  «поэзиямызға  жаңа  өріс  ашып,  тынысын  кеңейту  үшін» «əлем  əдебиеті  жаңалықтарына» 
(Ш.Елеукенов) айрықша ықылас танытуының сыры неде? 
Мағжанның  бұл  əрекетінің  түп  бастауы  да  ұлы  Абай  өнегесінде  жатыр.  Мағжан  ақынның 
көздегені де — «Мақсұтым — тіл ұстартып, өнер шашпақ, наданның көңілін қойып, көзін ашпақ — 
деп,  жырлаған  ұлы  ұстазы  сияқты,  əдебиет  өнерінің  қадір-қасиетін  арттыру,  əдебиеттің  адам 
өміріндегі,  əлеумет  тірлігіндегі  маңызын  таныту,  əдебиеттің  құдірет-күші  көркем  бейнелілікте 
жатқандығын  көрсету  болды.  Ақынның  көркем  əдебиетке  деген  көзқарасының  осы  сипатта 
болғандығын  оның  «Бернияз  Күлеев»  аталатын  мақаласында  жазған: «Тегінде,  əдебиет  көктен 
түсетін  пайғамбарлық  емес.  Əдебиет — елдің  жанында  жүре  бастаған  толқындардың  жарыққа 
шыққан жаңғырығы» [4], — деген ойынан да аңғарамыз. 
М.Жұмабаевты  ақын  ретінде  де,  азамат  ретінде  де  ерекше  алаңдатқан  жағдай  «елдің  жанында 
жүре  бастаған  толқындардың»  қандай  үлгіде  жаңғырығатыны  болса  керек.  Өйткені  «ел  жанында 
жүре  бастаған  толқын» — «Көркем  əдебиеттің  даму  тарихы  тек  қана  өнердің  объективтік  негізі 
есебінде əлеуметтік-экономикалық фактордың дамуымен ғана байланысты емес, ол сондай-ақ жалпы 
өмірдің,  табиғаттың,  адам  тұрмысының  түрлі  салалары  жайындағы,  адамның  өз  табиғаты,  оны 
қоршаған орта, жалпы тарих турасындағы көзқарас пен түсініктің дамуына да байланысты» [5]. 
Əдебиет дамуының осынау ерекшелігін ақындық сезімтал болмысымен сезіне білгендіктен, бұл 
ретте ұлттық көркемдік дəстүр аясында шектелу де, жалаулатқан ұран-үгіттердің ырқында кету де ел 
əдебиетінің көсегесін көгертпесін айқын түсінгендіктен, Мағжан ақын ұлттық поэзияның қанат жая 
өркендеуіне  мүмкіндік  беретін  өрісті  кеңістік  іздеді.  Сол  мақсатпен  Шығысқа  көз  салды,  түркі 
дүниесін  барлады,  туған  əдебиетінде  өзіне  дейін  қалыптасқан  көркемдік  дəстүрлерге  де  дендей 
бойлады,  орыс  əдебиетіне,  орыс  əдебиеті  арқылы  еуропалық  əдебиетке  үңілді.  Осылардың  қай-
қайсынан  да  құр  қайтпады.  Олжасын  оңашаға  сүйремей,  ортаға  салуға  ұмтылды.  Діттегені  туған 
елінің көркемдік қазынасын арттыруға қызмет жасау, қолына қалам ұстағандарға жаңа өріс ашу, жаңа 
бағдар көрсету болды. 
Осы  тұста  жалпы  əдебиетке  байланысты  айтылған: «Ұлттық  əдебиеттің  өзге  халықтар 
əдебиетімен  шығармашылық  байланыстары  белгілі  бір  қоғамдық  құрылыс  тұсындағы  саяси-
идеологиялық доктринадан немесе белгілі бір ұрандарға байланысты туындайтын уақытша, өткінші 
құбылыс емес. Ол — ұлттық сөз өнерін дүниежүзілік көркемдік даму арнасында ілгері бастыра беру 

А.Б.Бейсентай  
72 
Вестник Карагандинского университета 
мүддесіне  қызмет  ететін  табиғи  қажеттілік» [6], — деген  пікірден  өрістете  ой  түйсек, 
М.Жұмабаевтың  өзге  елдер  əдебиетіндегі  көркемдік  үлгілерге  шығармашылық  тұрғыдан  назар 
аударып, олардың кейбірін туған елінің əдебиетіне жеткізуге ұмтылуы қандай да бір жеке мүддеден 
яки  қоғамдық-саяси  тапсырыстан  туып  жатқан  есепшіл  тірлік  емес,  туған  əдебиетін  əлемдік 
əдебиеттің  даму  бағытына  бағдарлау,  қаламдас  қауымды  əлемдік  шығармашылық  дүниесінде 
қалыптасқан,  жүріп  жатқан  көркемдік  жаңалықтарға  жақындастыру  болғаны  хақ.  Мұндай  əрекет 
туған елінің рухани өрлеу жолын тек қана ұлттық мəдениетпен сабақтастыра танумен тұйықталмай, 
бүкіл дүниелік мəдениет дамуымен тығыз байланыста көре алатын қабілетке ие бірегей тұлғалардан 
ғана  туарына  ден  қойсақ,  бұл  тұрғыда  ұлтымыздың  көркемдік  даму  жолында  М.Жұмабаевтың 
шығармашылық бейнесі көсем болмысымен даралана көрінеді. 
Алаш  ақынының  еуропалық  əдебиеттегі  романтизм,  символизм,  реализм  сияқты  түрліше 
көркемдік арналарға көз тігіп, қазақ поэзиясына жаңашыл үлгілер əкелуінің бір себебін осы бағытта 
пайымдаған  жөн болмақ.  Бұл  орайда  Ш.Елеукеновтің  М.Жұмабаев  пен  М.Əуезовтің  жаңашылдығы 
төңірегінде  ой  өрістету  барысында: «Сонда  Мағжанның  еуропалығы  дегеніміз  не?  Мұхтардың 
еуропалығы  дегеніміз  не?  Біздіңше,  бұл — осы  ұлт  қаламгерлері  ой-парасатының,  поэтикалық 
шеберлігінің жаһандық биікке көтерілгендігін мойындағандық. Олардың ұлт мəдениеті мен əдебиеті 
шеңберінен  шығып,  басқа  озық  халықтардың  табыстарын  ұлт  игілігі  еткен  шығармаларды 
жиырмасыншы  жылдардың  басында-ақ  туғыза  алғандығына  тамаша  айғақ.  Мағжан  Жұмабаев 
поэзиясы француз, орыс символизмімен табиғи жұптасты « [7], — деген бағасының əділеттілігіне ден 
қойған лəзім. 
Қаламгерлердің қай-қайсы  да  туған ел  əдебиетіне  əлемдік əдебиеттегі жаңа  үлгілерді  сіңірудің 
бір  жолы  көркем  туындыларды  қазақ  тіліне  аударып  жеткізу  деп  түсінген.  Демек,  М.Жұмабаевтың 
аударма  ісімен  айналысу  барысында  негізгі  көздегені  қандай  да  бір  қоғамдық-саяси,  идеологиялық 
мақсаттарға қызмет қылу емес, өзге елдер əдебиетіндегі көркемдік-шығармашылық жаңалықтарды өз 
жұртына жеткізу, сол арқылы əдебиетте жаңашыл ізденістерге жол ашу болғанына шүбəланудың өзі 
орайсыз.  Өйткені  Мағжан  аударған  туындылардың  қай-қайсынан  да  ешқандай  саяси-идеологиялық 
мүдденің  болмашы  нышаны  да  байқалмайды.  Бұл  жағдайдың  өзі  М.Жұмабаевтың  аударма  ісінде 
туындының тек қана көркемдік қасиеттеріне баса назар аударғанын танытады. 
Осы орайда И.Конрадтың əдебиеттер сабақтастығында аударманың алар маңызына байланысты 
айтқан: «Главным орудием проникновения одной литературы в другую является, конечно, перевод. 
Но  переводчик  далеко  не  только  «посредник».  Воссоздание  на  своем  языке  литературного 
произведения,  написанного  на  другом  языке,  всегда  есть  акт  творчества.  Появление  перевода 
представляет  в  той  или  иной  степени  обогащение  собственной  литературы.  Литературное 
произведение возникает в орбите своего языка, неотрывно от него; уже само появление произведений 
другой литературы на языке данной страны вводит их в орбиту литературы этой страны» [8], — деген 
пікіріне  көңіл  қойсақ,  көркем  шығарма  аудармасының  пайда  болуының  өзі  əдебиеттің  белгілі  бір 
дəрежеде  баюына  қосылған  үлес  болып  табылады  екен.  Бұл  жағынан  алғанда  М.Жұмабаевтың 
аудармаларын  ұлттық  əдебиетімізге  ұлан  асу  биіктерден  жеткен  көркемдік  қазына  деп  бағалауға 
болады. 
Ұлттық əдебиет дамуындағы аударма мүмкіндігінің молдығына ден қойған Мағжанның аударма 
ісіндегі ұстанымын аңғартатын деректі белгілі ғалым Б.Кенжебаевтан кезіктіреміз. Ол өз естелігінде 
Мағжанның Горькийден аударма жасап жүрген кезінде аудармаға байланысты айтқан: «Басқа тілден 
шығарма аудару — ол шығарманы өзінікі етіп алу деген сөз, өзінікі болған соң, ол өгей бала емес, 
туған  бала  болуға  тиіс.  Яғни  өгей  бала  екені  мүлде  білінбеске  керек.  Ол  үшін  шығарманың  тұрқы, 
тұлғасы  аударылмай,  мағынасы,  рухы  аударылуы  қажет» [9], — деген  пікірін  келтіреді.  Демек, 
М.Жұмабаев  аударма  ісінде  бірінші  кезекте  шығарманың  көркемдік  мазмұнының  маңызды  болуын 
құнттаған.  Мағжанның  аударма  ісіне  байланысты  бұл  ұстанымы  қазақ  əдебиетінің  өзіне  дейінгі 
кезеңінде  еуропа  жəне  орыс  əдебиеттерінен  көркем  шығармалар  аударған  Ы.Алтынсарин, 
А.Құнанбаев, А.Байтұрсынов, С.Көбеев, Б.Өтетілеуовтердің көзқарастарымен үндестік танытады. 
М.Жұмабаевтың  өз  алдындағы  ізашар  аудармашылардан  айырмашылығы  аударма  жасалатын 
шығарманы  таңдаудағы  ұстанымынан  көрінеді.  Жоғарыда  аталған  ақындар  аударған  шығармаларға 
назар аударсақ, Абайдың Гете, Пушкин, Лермонтовтан жасаған аудармаларынан басқасы, негізінен, 
көркемдік  мазмұны  жағынан  демократтық  көзқарастағы  ағартушылық  идеяларға  бағдар  ұстанған 
шығармалар болып келетінін байқаймыз. Бұл жағдайдың өзі аталған аудармашылардың дені аударма 
жасау  барысында  бірінші  кезекте  шығарма  идеясына  ықылас  танытқанын  аңғартады.  Оның  себебі 

Мағжан шығармашылығындағы Абай... 
Серия «Филология». № 2(66)/2012 
73 
аударма  жасаушы  ақындардың  аударма  ісіне  əдеби  шығармашылық  тұрғыдан  емес,  қоғамдық-
əлеуметтік  көзқарастары  тұрғысынан  келуіне  байланысты.  Өйткені  олардың  барлығы  дерлік 
қоғамдық-əлеуметтік  өмірде  ағартушылық  қызметпен  айналысқандығы  белгілі.  Соған  сəйкес 
олардың аударма жасау үшін шығарма таңдауда бірінші кезекте шығарманың идеялық маңызына мəн 
беруі заңды құбылыс болатын. 
Бұл ретте Абайдың аудармашылық тəжірибесі екі бағытта өрістегені байқалады. Оның біріншісі 
—  қоғамдық-əлеуметтік  көзқарасымен  сəйкесетін  шығармаларды  аударуы  болса,  екіншісі — өзінің 
ақындық  болмысымен,  көркемдік-эстетикалық  талғамымен  үндестік  тапқан  туындыларды  аударуы. 
Абай  аудармаларының  бірінші  арнасын  орыс  мысалшысы  И.А.Крыловтан  жасаған  аудармалары 
құраса,  ақынның  шығармашылық  ұстанымына  сəйкес  дүниеге  келген  аудармалар  қатары 
А.С.Пушкин,  М.Ю.Лермонтов,  И.А.Бунин,  А.Мицкевич,  А.А.Дельвиг,  В.А.Крылов,  А.Полонский 
туындыларынан  тұрады.  Аударма  мəселесіндегі  М.Жұмабаевтың  көзқарасы  да  Абайдың  осы 
ұстанымымен,  яғни  дүниетанымы,  шығармаларындағы  көркемдік  əлемі  өзінің  талғам-танымымен 
үндесетін  ақындардың  ғана  туындыларын  талғап  аударма  жасағанды  дұрыс  санайтын 
талғампаздығымен  бағдарлас.  Бұл  үндестіктің  сыры  екі  ақынның  да  аударма  мəселесіндегі 
мақсаттарының  ортақтығында,  яғни  аударма  жасау  мəселесіне  шығармашылық  тұрғыдан  келуінде 
жатыр. 
Абай  орыс  поэзиясынан  Пушкин,  Лермонтов,  Бунин,  Дельвиг  т.с.с.  орыс  ақындарының 
шығармаларын  аударған.  Ал  Абайдың  неліктен  осы  ақындардан  аудармалар  жасауға  ынта 
танытқанын дұрыс бағамдау үшін аударылған шығармалардың көркемдік мазмұнына назар аударған 
жөн. 
Абай əдебиет тарихында айрықша қолтаңбаларын қалдырған əйгілі Пушкин, Лермонтовтармен 
қатар,  танымалдық  тұрғысынан  қарағанда  олармен  шендесе  алмайтын  ақындардың  өлеңдерін  де 
қазақ  тілінде  сөйлетеді.  Өйткені  ақын  Абайды  қызықтыратыны — олардың  танымалдық  дəрежесі 
емес, шығармаларындағы көркемдік қасиеттер. Нақтылай айтқанда, Абайды қызықтыратыны — өзге 
тілдегі  өлеңнен  алған  өз  əсері,  сол  əсердің  тууына  ықпал  еткен  өлеңдегі  рух,  ой-сезімдердің, 
толғаныс-толқындардың бейнелену даралығы, автор мен өзінің жан-дүниесіндегі рухани үндестік. 
Мəселен,  Абай  ХІХ  ғасырдағы  орыс  əдебиетінде  негізінен  драмалық  шығармалары  арқылы 
белгілі болған В.А.Крылов (1838–1906) деген қаламгердің «Разбитое сердце» деген өлеңін аударады. 
Аталған  өлең  ресей  қауымына  А.Рубинштейннің  музыкасы  арқылы  «Я  видел  березу — сломилась 
она» деген атпен романс ретінде танылған туынды болатын. Бұл шығарма қазақ ақынының қолына 
автордың 1898 жылы  Санкт-Петербургте  басылған  «Стихотворения»  жинағы  арқылы  тиген  болуы 
керек.  Өйткені  аталған  автордың  Абай  дəуірінде 9 томдық  драмалық, 2 томдық  прозалық 
шығармалары шықса да, поэзиялық туындылары жоғарыда аталған жинақта ғана жарық көрген. 
Адам  өмірінің  мəн-мағынасы  жайындағы  мұңлы  ойлармен  астасып  келетін  жалпы  көркемдік 
мазмұны,  табиғат  суреттері  мен  лирикалық  кейіпкердің  əсер-сезімдерін  қатарластыра  өрбітіп 
отыратын  сюжеттік  түзілімі,  суреткерлік  қолтаңбасы  жағынан  «Тоты  құс  түсті  көбелек»  іспетті  өз 
өлеңдерімен  əуездес  бұл  шығарманы  Абайдың  аударуға  ниет  етуінің  себебі  де  өлеңнен  өзінің 
ақындық  жаратылысына,  талғам-танымына,  ой-сезіміне  етене  қасиеттерді  аңғарып,  автормен 
дүниетаным, өмірге көзқарас, сезім күйлері тұрғысынан іштей үндестік табуында жатыр. 
В.А.Крыловтың  аталған  өлеңі  төрт  шумақтан  тұрса,  Абайдың  «Мен  көрдім  ұзын  қайың 
құлағанын…» деп басталатын аудармасы бес шумақты құрайды. Оның себебі Абай орыс ақынының 
өлеңін  толық  аударып  келеді  де,  өлең  түйініне  өз  жанынан  бір  шумақ  қосып  аяқтайды  жəне  бұл 
үстеме  шумақ  өлеңнің  жалпы  сюжеттік  түзіліміне  жымдаса  кірігіп,  түпнұсқадағы  көркемдік 
мазмұнды да, идеяны да тереңдете түседі. 
Бұл  жайттің  өзі  Абайдың  аударуды  мақсат  еткен  шығармасын  сөз  қуалай  аударып  шықпай, 
бірінші кезекте түпнұсқа туындының көркемдік қасиеттерін толықтай зерделеп, рухын санаға сіңіріп, 
автордың  бейнелеу  тəсілдерін  шығармашылық  ой  сүзгісінен  өткізіп  барып,  өлең  аудармасын  жан 
дүниесінен  жарылып  шыққан  төл  туындысындай  жаңадан  жарыққа  əкелетінін  аңғартады.  Басқаша 
айтқанда, Абай аударма процесінде толыққанды жаңа авторға айналып, жаңа дүние туындатады. Ең 
бастысы — Абай аудармаларында түпнұсқаның көркемдік сипаттарына да ешқандай нұқсан келмейді 
жəне  аударма  мəтін  төл  туындыдай  қабылданады.  Бұл — аударма  ісінде  өте  сирек  ұшырасатын 
шығармашылық құбылыс. 
Мысалға жүгінелік: 
В.А.Крылов өлеңінің бірінші шумағы: 

А.Б.Бейсентай  
74 
Вестник Карагандинского университета 
Я видел березу — сломилась она, 
Верхушкой к земле преклонилась она; 
Но листья не блекли на тонких ветвях, 
Покамест не спряталось солнце в горах, —  
деп,  табиғат  көріністерін  бейнелей  суреттеуден  басталып,  келесі  шумақтарда  да  осындай  үлгідегі 
суреттеулер жалғаса келіп, өлең түйіні: 
Ах, мне изменила подружка моя, 
И солнце померкло давно для меня; 
Но смерть и покой я напрасно зову — 
И с сердцем разбитым живу да живу, — 
деп,  лирикалық  кейіпкердің  жан  дүниесіндегі  сезім  күйлері  мен  оларды  туғызған  мұңлы  сырға, 
солармен сабақтаса көрінетін ой түйініне ұласа аяқталса, Абай аудармасында бірінші шумақ: 
Мен көрдім ұзын қайың құлағанын, 
Бас ұрып қара жерге сұлағанын. 
Жапырағы сарғайып, өлімсіреп, 
Байғұстың кім тыңдайды жылағанын? —  
деп беріледі. 
Байқап  тұрғанымыздай,  түпнұсқада  сурет  қана  берілсе,  аудармада  суреттеу  соңы  риторикалық 
сауалға  ұласып,  нəтижесінде  өлең  шумағында  бейнеленген  суреттің  экспрессивтік-эмоционалдық 
əсерлілігі күшейе түскен. 
Абай аудармасында түпнұсқадағы: 
Мен көрдім ғашық жардан уəдесіздік, 
Өмірдің қызығынан күдер үздік, 
Жылы жүрек суынды, жара түсті, 
Шықпаған шыбын жанмен күн өткіздік, — 
деп аяқталуға тиісті түйінге төмендегідей шумақ үстеліп беріледі: 
Мен көрдім дүние деген иттің көтін, 
Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін, 
Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда, 
Көбінің сырты бүтін, іші түтін. 
Абай түпнұсқаға өз жанынан шумақ үстеу арқылы өлеңнің көркемдік мазмұн аясын кеңейткен. 
Авторлық  мəтіндегі  мұңға  жетектейтін  қоңыр  бояулы  табиғат  суреттері  мен  мұңлы  ой-сезімдердің 
туу себебі алданған махаббатқа («Ах, мне изменила подружка моя...») байланысты болып, өлең түйіні 
лирикалық  кейіпкердің  жан  жарасынан  бастау  алған  өкінішті  мұңға  толы  оймен («И  с  сердцем 
разбитым живу да живу») түйінделсе, Абай аудармасында шумақ үстелуі нəтижесінде түпнұсқадағы 
түйінді  проблема  болып  танылатын  махаббат  тұрақсыздығының  өзі  адам  жаратылысына  тəн  көп 
қайшылықтың  бір  көрінісіндей  бейнеленіп,  автордың  лирикалық  сипаттағы  ой  түйіні  өмірдің  мəні, 
тіршіліктің  сиқы,  адамзат  жаратылысындағы  қайшылықтар  жайындағы  философиялық  ойларға 
ұласады  да,  өлеңнің  бүкіл  көркемдік  болмысы  жаңаша  мəн  иеленіп,  проблемалық  идея  тереңдей 
түседі. Абай аудармашылығына тəн болып келетін бұл жайттің өзі қазақ ақынының аударма ісіне қай 
кезде де шығармашылық тұрғыдан келгендігін танытады. 
Аударма ісінде Абай негіздеген бұл ұстаным кейінгі қазақ ақындары тарапынан аударма ісінде 
кеңінен ұстанған дəстүрлі үлгілердің біріне айналды. Мəселен, Шəкəрім Құдайбердиев əйгілі Шығыс 
шайыры  Хафиз  жырларын  қазақшалауға  көңіл  қойған  сəтте  де,  орыс  əдебиетінің  классиктері 
А.С.Пушкин,  Л.Н.Толстойлардың  прозалық  туындыларын  өлең  үлгісінде  аударған  кезде  де  яки 
америкалық  Бичер  Стоу  Гарриет  романын  тəржімалаған  тұста  да  аталған  авторлардан  өзінің 
шығармашылық мақсатымен, ойымен үндесетін шығармаларды таңдап тəржімалайды. 
Сондай-ақ  М.Жұмабаевқа  ағалық,  ұстаздық,  қайраткерлік,  шығармашылық  өнегесі  айрықша 
болған  Ахмет  Байтұрсыновтың  Пушкин,  Лермонтов,  Жадовская,  Вальтер,  Надсон  шығармаларын 
аудару  барысындағы  ұстанымы  да  Абай  дəстүріне  негізделген.  Өз  кезегінде  Мағжан  Жұмабаев  та 
аудармашылық  əрекетте  Абай  қалыптаған  үрдісті  үлгі  тұта  ұстанады.  Бұл  жағдай  оның  поэзиялық, 
прозалық  аудармаларының  қай-қайсына  да  етене  сипат  болып  келеді.  Бұл  шығармалар  ұлттық 
көркемдік қазынамызда лайықты орны бар шығармашылық игілік болып табылары даусыз ақиқат. 
 
 

Мағжан шығармашылығындағы Абай... 
Серия «Филология». № 2(66)/2012 
75 
Əдебиеттер тізімі 
1  Сəтбаева Ш. Уақыт шуағы. — Алматы: Ғылым, 2000. — 535-б. 
2  Дүйсенбаев  Ы.  Кіріспе // ХХ  ғасыр  басындағы  қазақ  ақындарының  шығармалар  жинағы / Жалпы  ред.  басқ. 
Ы.Т.Дүйсенбаев. — Алматы: Қазақ ССР ҒА баспасы, 1963. — 12-б. 
3  Жиреншин Ə. Абай жəне орыстың ұлы революцияшыл демократтары. — Алматы: ҚМБ, 1959. — 101-б. 
4  Жұмабаев М. Көп томдық шығармалар жинағы. — 3-т. — Алматы: Жазушы, 2003. — 219-б. 
5  Қараев М. Қазақ əдебиетіндегі реализмнің даму жолдары. — Алматы: Мектеп, 1986. — 16-б. 
6  Қазақ əдебиетінің тарихы: Он томдық. — 9-т. — Алматы: ҚазАқпарат, 2005. — 805-б. 
7  Елеукенов Ш. Əдебиет жəне ұлт тағдыры. — Алматы: Жалын, 1997. — 291-б. 
8  Конрад И. Запад и Восток. — М.: Гл. ред. ВЛ, 1972. — С. 71. 
9  Кенжебаев Б. Ұстаз // Лениншіл жас. — 1989. — 4 қаңт. 
 
 
А.Б.Бейсентай  

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет