№2(66)/2012 Серия филология


Родительный падеж в тюркских языках



Pdf көрінісі
бет8/18
Дата15.03.2017
өлшемі2,03 Mb.
#9987
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   18

Родительный падеж в тюркских языках 
В  статье  анализируется  родительный  падеж  в  современных  тюркских  языках  в  сравнительно-
историческом аспекте, выявляются общие характерные особенности, которые подтверждаются анали-
зируемым языковым материалом. При описании особенностей родительного падежа на основе иссле-
дований по кыпчакской, огузской, булгарской, карлукской и уйгурско-огузской группе языков авто-
ром рассматриваются фонетические варианты окончаний данного падежа, история их развития, а так-
же некоторые особенности, присущие отдельным языкам. С целью выявления общих черт, различий и 
особенностей  родительного  падежа  в  тюркских  языках  проанализированы  материалы  памятников 
древнетюркской письменности, а также приведены сведения по исторической грамматике. 
The article is devoted to the question of a genitive case in modern Turkic languages in comparative-historical 
aspect. There is in the article analyzed the general prominent features for a genitive case in Turkic languages 
which is proved by an analyzed language material. The description of features of a genitive case on the basis 
of researches on kypchak, oguz, bulgar, karluk, and uigur-oguz groups of languages are considered phonetic 
variants of the terminations of the given case, history of their development, and also some features in separate 
languages. With the purpose of revealing of the general features, distinctions and features of a genitive case in 
Turkic languages materials are resulted of monuments of ancient Turk writings, and also are presented data 
on historical grammar of Turkic languages. 
 
 
 

Серия «Филология». № 2(66)/2012 
47 
ƏОЖ 811. 512.1 
М.Қ.Ескеева  
Түркі академиясы, Астана 
Қазіргі қыпшақ тобындағы тілдердің қыпшақтық белгілерінің қалыптасуы 
жəне этногенез мəселелері 
Мақалада  түркілік  ескерткіштер  материалдары  қазақ  тілі  грамматикасымен  байланыстырыла 
қарастырылады. Автор қазіргі қыпшақ тобындағы тілдердің қыпшақтық белгілерінің қалыптасуы, эт-
ногенез  мəселелеріне  тоқталады.  Қыпшақ  бірлестігі  құрамында  болған  тілдерге  кеңінен  сипаттама 
береді,  оның  зерттелу  тарихына  жəне  түркі  тілдерін  зерттеуші-ғалымдардың  еңбектеріне  тоқталады.  
Қыпшақ  тобындағы  тілдерде  сөйлеуші  этностардың  барлығының  көне  қыпшақ  тіліне  белгілі  бір 
дəрежеде  қатысы  бар  екендігі  айқындалып,  дəлелденеді.  Түркі  халықтары  тілінің  қалыптасуының 
күрделі  де  қайшылықты  лингвоэтникалық,  лингвоэволюциялық  даму  жолынан  өту  құбылысы  жан-
жақты сипатталады. 
Кілтті сөздер: қыпшақ тобы, қазақ тілі грамматикасы, салыстырмалы талдау, түркі халықтары, қазіргі 
зерттеулер, этногенез мəселесі, қалыптасу. 
 
Кезінде  Қыпшақ  бірлестігінің  құрамында  болған,  қазір  қыпшақ  тобына  жататын  тілдерде 
сөйлейтін  халықтардың  тілі  ескі қыпшақ  тілінің  басты ерекшеліктерін  сақтап  қалғанымен,  олардың 
этникалық  құрылымын,  этнос  ретiнде  қалыптасу  жолын  тек  көне  қыпшақ  тайпасымен 
байланыстыруға болмайтыны белгілі. Қыпшақ бірлестігі құрамындағы бірнеше түркі тайпаларының 
тілдері  өзара  тоғысып  көне  қыпшақ  тілінің  ортақ  əдеби  жазба  тілін  қалыптастырса,  онымен  қатар 
халықтың ауызекі сөйлеу тілі де қолданыста болғанына қыпшақ ескерткіштері тіліндегі диалектілік 
ерекшеліктері  дəлел  бола  алады.  Бұл  қыпшақ  тобындағы  тілдердің  негізгі  стереотиптері  Қыпшақ 
бірлестігіне дейін-ақ қалыптасуы мүмкіндiгiн көрсетеді. 
Көне  түркілер  мемлекеті  əр  түрлі  конгломерат  сипатында  уақытша  жəне  тұрақсыз  əскери-
əкімшілік  жүйеде  болғаны  жайлы  тарихи  зерттеулерде  айтылып  жүр.  А.Д.Грач  көне  түркі 
қағанаттары  жүздеген  жылдар  бойы  билік  құрғанын  жəне  кезінде  түркілер  өмір  сүрген  (Тува, 
Монғолия,  Хакасия,  Оңтүстік  Алтай,  Қазақстан,  Орта  Азия)  ұланғайыр  аумақта  жүргізілген 
археологиялық  зерттеулер  нəтижесі  қағанаттардың  құрамына  эфемерлі  бірлестіктер  емес,  ірі  жəне 
қалыптасқан  этноқауымдастықтар  енгенін,  түркілік  этникалық  картаның  ұсақ  бөлшектерге  бөлінуі 
едəуір кейін, Монғол империясына қатысты тарихи оқиғалардан кейін пайда болғанын айтады жəне 
түркі  қағанаттарының  аумақтық  жіктелісін  үш  этномəдени  аймаққа  бөліп  қарауды  ұсынады:              
1.  Орталық — Орта — Азиялық  түркі  қағанаттары  билік  құрған  аймақ  (Монғолия,  Тува,  Алтай, 
Қазақстан, Шығыс Түркістан, Орта Азияның біраз бөлігі); 2. Көне қырғыз мемлекеті Хакас қағанаты 
билік құрған аймақ (Минусинск ойпаты, 840 жылдан Х ғасырдың басына дейін — Монғолия, Тува, 
Алтай); 3. Құрықан мемлекеті билік еткен аймақ (Байкал жағалауы) [1]. 
Қыпшақ  бірлестігі  кезіндегі  қыпшақ  (түркі)  тайпалары  арасында  (Қыпшақ  бірлестігінің 
құрамында  оғыз,  бұлғар,  қарлұқ  тайпалары  да  болғаны  белгілі)  ішкі  этникалық  процестердің 
қарқынды  жүруі  олардың  субэтникалық  құрамында  елеулі  із  қалдырды  десек  те,  Дешті-Қыпшақ 
құрамындағы  түркі  тайпалары  өзара  жіктеліп,  аралары  алшақтай  бастағаны  тарихтан  белгілі. 
Тарихшылардың  Қыпшақ  бiрлестiгiн  ешқашан  жалғыз  хан  басқармағаны,  бiрнеше  хандардың 
бiрлесiп басқарғаны жайлы пiкiрлерi де осыған саяды, бұл жөнiнде В.В.Бартольдт «были отдельные 
кыпчакские ханы, но никогда не было хана всех кыпчаков» [2] десе, басқа зерттеушiлер ХІІ ғасырда 
половецтердің дербес хан билейтін алты көшпелі орталықтары [3], ХІІ ғасырдың екінші жартысында 
тоғыз ірі одақтардың болғанын көрсетеді [4]. Қазақ ғалымдары Қыпшақ бiрлестiгiне кiрген Қазақстан 
аумағында  қыпшақ  тайпалары  этникалық  құрамы  бiрдей  екi iрi  топқа  бөлiнгенiн, «Дешті-
Қыпшақтың»  ыдырауының  басты  себебі  монғол  шапқыншылығы  болғанымен,  ішкі  себептерді  де 
теріске  шығаруға  болмайтынын,  алып  бiрлестiктiң  бөлшектенуiнде  қыпшақ  тайпалары  арасындағы 
қайшылықтардың да iзi барын меңзейдi [5]. 
Монғол билігі түркі халықтарын бірнеше мемлекетке бөліп жібергендіктен, олардың тек саяси-
географиялық  картасында  ғана  емес,  халықтық  нысандары  байқала  бастаған  этникалық 
құрылымдардың  құрамына  да  өзгерістер  əкелді,  олар  бір-бірімен  қайта  араласа  бастады.  Қыпшақ 

М.Қ.Ескеева  
48 
Вестник Карагандинского университета 
тобына кіретін тілде сөйлейтін түркі халықтары тіліндегі ортақ белгілердің біразы қыпшақ бірлестігі 
кезінде  қалыптасса,  енді  біразы  осы  кезеңде — Алтын  Орда  дəуірінде  қалыптасып,  о  бастағы 
қыпшақтық  сипат  тереңдей  түсті.  Алтын  Орда  дəуірінде  монғолдардың  түркілену  процесінiң 
қарқындылығы, олардың қыпшақ тайпаларының құрамына біржолата сіңіп кетуiмен сипатталатыны 
белгiлi.  Бұл  құбылыстың  басты  факторы  ретінде  қыпшақтардың  мəдени-экономикалық  деңгейінің 
жоғарылығын; тілінің белсенді түрде ресми əрі қарым-қатынас тілі ретінде қолданылуын; жартылай 
отырықшы өмір салтын; дүниетанымының, этностық санасының беріктігін атауға болады. Сондай-ақ 
негiзiнен  əскери-əкiмшiлiк  аристократияны  құраған  «монғолдардың  сонының  аздығы,  Шыңғыс  хан 
жауынгерлерiнiң  арасындағы  түркi  тектестердiң  молдығы  да» [6; 126] монғолдардың  түркiлену 
үдерiсiн  шапшаңдата  түскен  сыңайлы.  Алтын  Орданың  ыдырауымен  бірге  Өзбек  Ордасы 
құрамындағы  қыпшақтар  оңтүстікке  жылжиды  да,  ХV  ғасырда  Ақ  Орда,  Көк  Ордаға  бөлінгенде 
қыпшақтар  екіге  жарылып,  Шайбани  ұрпақтарынан  бөлініп,  қазақ  хандары  Жəнібек  пен  Керей 
Сауранда ту тігеді [7; 249]. 
Ноғай-қыпшақ  топшасына  енетін  қазақ,  қарақалпақ,  ноғай  тілдері  Ноғай  Ордасы  кезінде 
тұтастық  сипат  алып,  ортақ  тілде  сөйледі.  Ноғай  Ордасының  ыдырауына  байланысты,  Орда 
құрамындағы  этникалық  топтар  тағы  да  əр  түрлі  түркілік  құрылымдарға  бөлініп,  ажырай  бастады. 
Ноғайлардың  арғы  тегі  көне  бұлғарлардың  мұрагері  мишар  (татар)  тілімен  байланысты 
қарастырылады. Кавказ маңындағы мишарлардың бір бөлігі ноғай этнонимін, Волга бойы мен Мещер 
ойпатындағы бір бөлігі татар этнонимін иеленеді [6; 140]. Əуел баста қыпшақ тілінің диалектілерінде 
сөйлеген  қазақ,  қарақалпақ,  ноғай  тілдерін  Алтын  Орда,  Ноғай  Ордасы  кезіндегі  лингвоэтникалық 
процестер  жақындата  түсті.  Қазақ,  ноғай,  қарақалпақ  тілдерін  бір  топшаға  жатқызу  барысында 
зерттеушілер аталған халықтардың Қыпшақ → Алтын Орда → Ноғай Ордасына қатысты этно-тарихи 
қалыптасу  жолын  да  ескергені  белгілі.  Қазақ,  ноғай,  қарақалпақ  халықтарының  тарихи 
тамырластығын  олардың  этникалық  құрамындағы  ортақ  ру-тайпалар,  салт-дəстүріндегі,  ауыз 
əдебиеті  үлгілеріндегі,  жалпы  мəдениетіндегі  ортақтықтар  дəлел  бола  алады.  Ал  қыпшақ-бұлғар, 
қыпшақ-половец  топшаларындағы  тілдерде  сөйлейтін  халықтардың  этногенездік  тарихында  біраз 
өзгешеліктер бар. 
Еуразия  даласының  Едiл  өзенінің  батысынан  Сібірдің  шығысына  дейінгі  кең  алқапқа  таралған 
Едiл-Жайық  бойындағы  қыпшақ  тілдері  башқұрт  жəне  татар  тілдерінің,  олардың  көптеген 
говорларының  тілдік  деректері  көп  қырлылығымен  ерекшеленетiндiктен  бұл  тілдердің  генетикалық 
тұтастығы,  олардың  бастапқы  көзі  жалпытүркілік  текті  негізінде  ғана  айқындалады.  Г.М.Гарипов 
Едiл, Жайық бойындағы түркілердің этногенезі мен глоттогенезін қалыптасқан дəстүр бойынша фин-
угорлардан  бастай  отырып,  татар,  башқұрт  тілдері  дамуын  екі  кезеңге  бөледі: 1. Түркілікке  дейінгі 
кезең.  Ежелгі  Едiл,  Жайық  бойын  мекен  етуші  халықтың  этномəдени  құрамы  иран  тілді  сарматтар 
мен фин-угор қауымдастығы негізінде қалыптасты деп санаған зерттеуші татар, башқұрт тілдеріндегі 
финно-угоризмдерден  мысалдар  келтіреді  (бура  «сруб»,  бүкəн  «чурбан»,  матур  «красивый»  т.б.) 
жəне  башқұрт  тіліндегі  s  дыбысының  орнына  қолданылатын  h  дыбысын  да  осы  кезеңнің  белгісі 
болуы  жайлы  гипотезаны  да  еске  салады. 2. Түркілік  кезең.  Бұл  кезеңді  əдеттегідей  Едiл,  Жайық 
бойына  келген  түркі  тілдес  көшпенділердің  көшімен  байланыстырады.  Сондай-ақ  зерттеуші  Орал, 
Волга  бойындағы  халықтардың  тіліне  баба  түркі  тілі  диалектілерінің  ықпалын  кезең-кезеңімен 
көрсетеді: 1. Ғұндардың ықпалы (б.д.д. ІІІ ғ. мен б.д. V ғ.); 2. Бұлғар тайпалық одағының ықпалы (б.д. 
ІІ–ІХ ғғ.); 3. Оғыздардың əсері (б.д. VІІІ–ХІІ ғғ.); 4. Орта Азия түркілерінің кітаби-жазба тілінің əсері; 
5. Сібір түркілері ареалының əсері; 6. Қыпшақтану кезеңі (VІІІ–ХVІ ғғ.) [8]. 
Татар,  башқұрт,  қарашай-балқар,  қырым  татарлары  өз  тарихын  көбіне  Ғұн  мемлекеті 
ыдырағаннан  кейін  қалыптасқан  Бұлғар  мемлекетімен  байланыстырады.  Кезінде  Н.И.Ашмарин 
ұсынып,  түркi  тіл  білімінде  қалыптасып  кеткен, «бұлғар-чуваш»  теориясына  қарсы  М.З.Закиев 
Ф.Хакимзяновтың,  Ю.Шамилоглының  пікірлеріне  сүйене  отырып,  аталған  теорияның  негізсіздігі 
жайлы  «Кейiнгi  бұлғарлардың  z-тiлде  сөйлеуiне  байланысты  ашмаринистер  «бұлғар  тiлiнiң  ауысуы 
жайлы» жаңа болжамдарын ұсынуда. Бұл версия бойынша бiр кездерде бұлғарлар ескi чуваш тiлiнде 
сөйлеген,  монғол  шапқыншылығына  дейiн-ақ  өздерiнiң  бұрынғы  тiлдерiн  тастап,  аяқ  астынан 
z-тiлiнде  сөйлеуге  көшкен.  Бұл  өзгерiстiң  себебiн  олар  Бұлғарияға  көшiп  келген  z-тiлдi  қыпшақ-
тардың немесе Орта Азиядан келген дiн қызметкерлерiнiң ықпалымен, тiптi оба iндетiне байланысты 
халықтың  толық  қоныс  аударуымен  түсiндiредi»  дейді  жəне  көне  бұлғар  тілінің  жазба  мұралары 
тілінің  деректері  негізінде  бұлғарлар  о  бастан-ақ  қазіргі  татар  тілінің  кейбір  белгілері  бар  z  тілінде 
сөйлеген,  ешқандай  ротацизм,  ламдаизм  белгілері  болмаған  деген  қорытындыға  келеді [6; 121]. 

Қазіргі қыпшақ тобындағы… 
Серия «Филология». № 2(66)/2012 
49 
Ғалым  бұлғар  тілінің  тарихи  дамуын  протобулгар  кезеңі  (Азов  теңізі  маңындағы  Ұлы  Бұлғар 
мемлекетінің  құлағанына  дейінгі  кезең, VІІ  ғ.);  ежелгі  бұлғар  тілі  кезеңі (VІІ  ғасырдан  монғол 
шапқыншылығына дейінгі кезең); кейінгі бұлғар тілі кезеңі (монғол шапқыншылығынан ХV ғасырға 
дейінгі  кезең);  жаңа  бұлғар  немесе  қазан  татарларының  тілі  кезеңі  (ХV  ғасырдан  қазірге  дейінгі 
аралық)  деп  төрт  кезеңге  бөліп  қарастырады  жəне  бұлғар  тілін  (ХV  ғасырдан  бастап)  z  тілді  оғыз-
қыпшақ тілінен жаңа тілді қыпшақ-оғыз тіліне ауысып, кейіннен қыпшақтық сипат алған тіл ретінде 
таниды [9]. ХІ  ғасыр  лингвисі  М.Қашқари  бұлғар  тілін  печенег  тіліне  жақын  тiл  ретiнде  қарап, 
печенег тілін оғыз тобына жатқызуы (МҚ. I, 66) М.Закиев пікірінің негізділігін көрсетеді. 
Башқұрт  халқының  этнотарихы,  тілінің  қалыптасуы  да  татар  халқының  тарихымен,  тілінің 
тарихымен  байланысты  екені  белгілі.  Р.Г.Кузеев  башқұрттардың  этнос  ретінде  қалыптасу  тарихын 
көне  бұлғарлардан  таратады [10; 399]. Зерттеу  нəтижелері  башқұрттардың  этникалық  құрамында 
угро-финдердің,  мадьярлардың  елеулі  үлесі  бар  екенін  көрсетеді.  Соған  байланысты  қалыптасқан 
«мадьяр-башқұрт»  теориясы  əлi  шешiмiн  таппай  келе  жатқан  мəселе.  Башқұрттардың  венгерлiк 
тегiне негiзделетiн «мадьяр-башқұрт» теориясын этногенетикалық зерттеулер толық қуаттап отырған 
жоқ,  сондай-ақ  башқұрттар  құрамындағы  мадьяр/мажар  компонентін  де  жоққа  шығармайды  да. 
Зерттеушiлер  Орал  бойы  башқұрттарының,  Едiл  бұлғарларының,  ІХ–Х  ғасырлардағы  Венгер 
мемлекетінің  ортақ  этникалық  компоненті  болғаны  жайлы  пікірлерге  сүйене  отырып,  бұл  ортақ 
компонент — түркі  тілді  мажар/мишарлардың  тілі  (мажар  этнонимін  мишар  этнонимінің 
фонетикалық варианты ретінде қарастырылады. — Е.М.) деп таниды [10]. Мишарлардың фин-угор 
тілдес мадьярлардан (венгерлерден) емес, керісінше, түркі тілдес мишарлардың бір бөлігі фин-угор 
тілді  венгерлердің  құрамына  еніп,  мажар  (мадьяр)  этнонимін  иеленгені  жайлы  кезінде 
Б.А.Серебрянников та дəлелдеп көрсеткен [11]. 
Тарихи əдебиеттерде қарашай-балқарлардың этногенезі, глоттогенезі жайлы да түрлі теориялар 
ұсынылғанмен, көне бұлғарлармен генетикалық байланысын қолдаушылар басым [12]. Балқарлардың 
көне  бұлғарлық  тегі  жайлы  алғашқы  пікірлердi  ХІХ  ғасырда  Н.Ходнев,  Г.Буткова,  К.П.Паткинов, 
В.Миллер, М.Ковалевский тəрізді зерттеушілер білдірсе, осы теория кейінгі жылдары Н.А.Караулов, 
Х.О.Лайпанов,  С.К.Бабаев,  тағы  басқа  ғалымдар  тарапынан  қолдау  тауып  отыр.  Зерттеушiлердiң 
пiкiрiнше,  балқар,  қарашай  халықтарының  этникалық  негiзiн  Ұлы  Бұлғар  мемлекетi  ыдырағаннан 
кейiн  Кавказ  маңында  қоныстануға  қалып  қойған  бұлғарлар  құрайды,  сондай-ақ  олар  ас,  алан  т.б. 
тайпалардың  бiраз  бөлiгiн  де  өздерiне  сiңiрiп  алғанға  ұқсайды [13; 38]. Ұлы  Бұлғар  мемлекетінің 
аумағы əлі зерттелмеуі аталған мəселенің толыққанды шешілуіне мүмкіндік бермей отыр. Қарашай-
балқар  халықтары  тілінде  қыпшақ  элементтерінің  басымдық  алуы  да  монғол  шапқыншылығынан 
кейін  қалыптасқан.  Қарашайлар  мен  балқарлардың  қыпшақтану  процесi  кумандардың  біраз  бөлігі 
балқарлар  мен  қарашайлардың  арасына  сіңіп  кетуімен  түсіндіріледі.  ХІV  ғасырдағы  қарашай, 
балқарлардың  ата-бабаларының  тілі  куман  тілімен  араласып,  қыпшақтық  сипат  алғанымен  көне 
бұлғар тілінің басты ерекшеліктерін сақтап қалған. Көне бұлғар тілінің негізгі ерекшеліктерінің бірі 
сөз  басы    африкатының  қазіргі  балқар,  қарашай  тілдерінде  сақталғаны  жайлы  С.К.Бабаев  былай 
дейді: «Эти  особенности  «йокания»  куманского  и  «джокания»  древнеболгарского  языков  дают  нам 
возможность твердо сказать, что основу карачаево-балкарского языка составляет тот тюркский язык, 
на котором говорили древние болгары, издавна жившие в степях Севернего Кавказа» [13]. Қарашай-
балқарлардың  өз  ішінде  бір-бірін  алан  деп  атау  сақталған,  ал  көрші  осетиндер  оларды  асси  деп 
атайды.  Б.д.д.  І  ғасырдан  белгілі  алан,  б.д.д.  ІІІ  мыңжылдықтан  белгілі  уд  (кейін  уз)  тайпаларымен 
байланысты қарастырылатын ас (кейін аз) тайпаларының атын білдіретін этнонимдерді зерттеушілер 
бір  сөздің  фонетикалық  варианттары  ретінде  таниды [14]. Осы  көне  этнонимдердің  қарашай-
балқарларға қатысты сақталып қалуы қарашайлар мен балқарлардың тарихи тамыры ерте кездерден 
басталатынын көрсетеді. 
Батыс  қыпшақ  тобына  жататын  қырым  татарлары  тiлi  оғыз  ықпалына  ұшыраған  тiлдер 
қатарында  қарастырылады.  Тарихи  деректер  бойынша  қырым  татарлары  тiлiне  оғыз  тiлдерiнiң 
ықпалы 1475 жылдары, Қырым өлкесiнiң Түркияға қосылу кезеңiнен басталып, 1783 жылы Қырымды 
Ресей  патшалығының  отарлауынан  кейiн  де  үзiлмеген.  Қырым  татарлары  тiлiндегi  Ceçe ~ Seşe, 
Toğunçu, Topay Kemelçi  т.б.  топонимдердi  негiзге  ала  отырып,  Х.Янковский  «жер-су  жүйесiнiң 
қалыптасуы  барысында  қыпшақ  сөз  қорының  үлесi,  əсiресе  Қырым  түбегiнiң  оңтүстiк  далалық 
өңiрлерiнде  жиi  кездеседi.  Осы  сөз  қазынасы  бүгiнгi  тiлдерден  қыпшақ  қорын  ең  толық  күйде 
сақтаған қазақ, қарақалпақ, ноғай тiлдерiмен сəйкестiктi көрсетедi» дейдi [15]. Қырым татарларының 
да  этностық  құрамы  толық  зерттелмеген.  Олардың  бір  бөлігі  өздерін  «ноғайлармыз», 

М.Қ.Ескеева  
50 
Вестник Карагандинского университета 
«маңғыттармыз»  деп  атауы,  əрі  тілінің  қыпшақ  тобына  жататын  басқа  түркі  тілдеріне  өте  жақын 
болуы  бұрын  Қырымды  билеген  қыпшақтардың  ұрпақтары  екенін  көрсетеді.  Тарихи  деректер 
халыққа  «татар»  этнонимiнiң  берiлуi  ХIII–ХIV  ғасырлардағы  Қырым  хандығының  үстемдiк  еткен 
кезеңге  сəйкес  келетiнiн  аңғартады.  Қырым  татарлары  тiлiнiң  негiзгi  ерекшелiктерi  кей 
диалектiлерiнде  е  дыбысының  орнына  ä  дауыстысының  қолданылуын,  фарингаль  һ  фонемасының, 
екiншi дəрежелi созылыңқы дауыстылардың пайдаланылуын атауға болады. 
Қыпшақ  тобына  кіретін  қарайым  тілінде  сөйлейтін  шағын  этнос  қарайымдардың  этникалық 
құрамы  да  өте  күрделі. «Тілдік  фактілердің  көрсетуінше,  олар  хун  тайпаларының  құрамында  кейін 
бұлғар-хазарлар тобында болып, соңғы кездерде қыпшақ тайпалармен араласып» [7; 283], қыпшақтық 
сипатқа  ие  болған. «Каменск-Подольск»  сот  құжаттары  тілінің,  басқа  да  іс-қағаздар  жүйесі  тілін 
зерттеген  Т.И.Грунин  бұл  ескерткіштердің  тілі  қарайым  тіліне  жақындығын  көрсетсе [16]. 
А.Н.Гарковец  ХVІ–ХVІІ  ғасырлардағы  армян  қыпшақтарының  тілі  жайлы  «өзiнiң  құрылымдық 
ерекшелiктерi жағынан қарайым тiлiнiң тарақай диалектiсiне, құман тiлiне, қыпшақ-урум говорына, 
қырым татарлары тiлiнiң тау говорына жақын екенiн» [17] айтады. 
Тарихи-лингвистикалық əдебиеттерде құмық этносының тарихын қыпшақ-оғыз тілінде сөйлеген 
Хазар мемлекетімен байланыстырады. Құмық тiлiнiң табиғаты жайлы көзқарастар екi бағытта өрбидi, 
бiрiншi  бағыттағы  зерттеушiлер  ХIII  ғасырға  дейiн-ақ  қалыптасқан  қыпшақ  тiлi  ретiнде  таныса, 
екiншi  топтың  пiкiрi  монғол  шапқыншылығынан  кейін  қыпшақтық  сипаты  басымдыққа  ие  болды 
дегенге  саяды.  Құмық  этнонимiн  IХ  ғасырдың  екiншi  жартысында  қалыптасқан  түркiлiк  тайпалық 
одақ — Қимақ бiрлестiгiнiң негiзгi халқының атауы «қимақ» этнонимiнен таратушы пiкiрлер белгiлi 
болғанымен [18], «құмық»  этнонимiнiң  шығу  тегi,  құмық  халқының  этногенезi,  даму  кезеңдерi 
жеткiлiктi  дəрежеде  зерттелмеген.  Қыпшақ  тiлдерiне  тəн  белгiнi  сақтаған  құмық  тiлiнен  кавказ 
тiлдерiнiң  де  ықпалы  байқалады.  Құмық  тiлiнiң  басқа  қыпшақ  тiлдерiнен  басты  ерекшелiгi,  кайтак 
жəне таулық диалектiлерiнде дауыстылар үндестiгi əлсiз. 
Қыпшақ  тобына  жататын  тілдер  тілдік  ерекшеліктеріне,  географиялық  орнына,  сол  тілде 
сөйлеуші  этностардың  тарихи  қалыптасу  жолына  байланысты  түрліше  жіктеліп  келді.  Махмұд 
Қашқари  беженек,  қыфжақ,  башғырт,  татар,  қырқыз  тілдерін  Рұмға  жақын  орналасқан  тілдер 
қатарына  қосады.  Тек  түрік  тілінде  ғана  сөйлейтіндерге  қырқыз,  қыфжақ  тайпаларын  жатқызады, 
башғырт  тілі  аталған  тілдерге  жақын  екенін,  бұлғар  тілі  сөздердің  соңын қысқартып  айтатын  түрік 
тілі  екенін  көрсетеді  (МҚ. I, 64–66).  Бұл  жерде  біз  башқұрт,  татар,  қырқыз  этнонимдерін  қазіргі 
қыпшақ  тілдерін  сөйлейтін  түркі  халықтарының  атауымен  сəйкес  келгендіктен  алып  отырмыз. 
М.Қашқари көрсеткен башғырт, татар, қырқыз тілдерінің қазіргі қырғыз, башқұрт, татар тілдерімен 
тiкелей генетикалық сабақтастығы толық анықталмаған мəселе екенін есте ұстау қажет. 
А.Ремюза  қыпшақ  тілдерін  ноғай  тобы,  қырғыз  тобы  деп  екіге  бөлсе,  В.В.Радлов  Батыс  Сібір, 
Волга  бойы  татарларының,  қырғыз,  қазақ,  қарақалпақ,  башқұрт  тілдерін  түркі  тілдерінің  батыс 
тобына  (негізгі  белгілері — сөз  басында  қатаң  q, k, t, p дыбыстарының  келуі;  сөз  басында  ұяң  
дыбысының қолданылуы; сөз басында ұяң d дыбысының қолданылуы; дауысты дыбыстың алдында 
тұрған қатаңдардың ұяңдануы; s ≈ š, č ≈ š, č ≈ ts дыбыстарының сəйкес келуі; z, s, š дыбыстарының 
барлық  позицияда  қолданылуы;  l  дыбысының  жуан-жіңішке  варианттарының  болуы),  Қырым 
татарларының говорларын оңтүстік топқа (о, ö дыбыстарының бірінші буында ғана қолданылуы; сөз 
басында  d, g дыбыстарының  көп  қолданылуы;  сөз  соңындағы  č  ≈ dz, t ≈ d сəйкестіктері;  ï, i 
дыбыстарының  өзара  ажыратылуы;  соңғы  буындағы  дауыстылардың  еріндікке  айналуы;  буын 
үндестігінің  толық  сақталмауы  т.б.)  жатқызады [7; 193]. Ф.Корш  қырғыз,  қарашай,  қазақ,  ноғай, 
татар, башқұрт тілдерін түркі тілдерінің солтүстік тобына (негізгі белгісі — γ, g дыбыстарының сөз 
ортасында жəне сөз соңында қолданылмауы; γ дыбысының сөз соңында, ашық дауыстыдан кейін w 
дыбысына  айналуы);  қыпшақ  (половец)  тілін  шығыс  топқа  (негізгі  белгісі  сөз  соңында  жəне  сөз 
ортасында γ, g дыбыстарының сақталуы) бөледі [19]. 
А.Н.Самойлович  қыпшақ  тілін  тағлы  тобына  (негізгі  белгісі  тау  сөзінің  тағ  болып  айтылуы); 
Тау  тобы,  немесе  қыпшақ  солтүстік  батыс  тобына  (негізгі  белгісі  тағ  лексемасының  у  немесе 
созылыңқы  дауыстылармен  айтылуы),  қырғыз,  құмық,  қарашай,  балқар,  қарайым,  татар,  башқұрт 
тілдерін (монғол шапқыншылығына дейінгі тілдер), қазақ, ноғай (монғол шапқыншылығынан кейінгі 
тілдер)  тілдерін  жатқызады [20]. В.А.Богородицкий  қыпшақ  тілдерін  географиялық  орнына  қарай 
жіктеп,  қазақ,  қарақалпақ,  қырғыз  тілдерін  түркі  тілдерінің  Орта  Азия  тобына  (ерекшелігі — š  ≈ s 
дыбыстарының  алмасуы);  Волга,  Орал  бойындағы  татар,  башқұрт  тілдерін  Волга,  Орал  бойындағы 
түркілер  тілі  тобына  (e  ≈ ij, o ≈ u дыбыстарының  сəйкестігі),  Чұлым,  Барабин,  Түмен,  Тобыл 

Қазіргі қыпшақ тобындағы… 
Серия «Филология». № 2(66)/2012 
51 
татарларының  тілін — Батыс  Сібір  тобына,  құмық  тілін  Оңтүстік  Батыс  тобына  жатқызады [21]. 
М.Р.Рясянен  қазақ,  қарақалпақ,  ноғай,  қырғыз,  құмық,  қарашай-балқар,  қарайым,  татар,  башқұрт, 
көне куман тілдерін түркі тілдерінің Солтүстік-Батыс тобына жатқызса, И.Бенцинг Қаратеңіз, Қаспий 
жағалауындағы  қыпшақ  тілдеріне  қарайым,  қарашай-балқар,  құмық  тілдерін;  Оралдағы  қыпшақ 
тілдеріне  татар,  башқұрт,  қырым  татар  тілдерін,  Арал-Каспий  тобына  қазақ,  қарақалпақ,  ноғай 
тілдерін  жатқызады.  К.Г.Менгес  көне  солтүстік-батыс  түркі  тілдері  тобына  көне  құман  тілін;  Қара 
теңіз — Каспий тілдері тобына қарайым, қарашай-балқар, Қырым татарлары, құмық тілдерін, Еділ-
Кама  тілдер  тобына  татар,  батыс  Сібір,  барабин  татарларының,  башқұрт  тілдерін;  Арал-Каспий 
тобына  қазақ,  қарақалпақ,  өзбек  тілінің  қыпшақ  диалектісі,  ноғай  тілдерін  енгізген [7; 200]. Түркі 
тілдеріне  жасалған  жіктемелер  ішінде  түркі  тілдерінің  негізгі  ерекшеліктері,  сол  тілде  сөйлеуші 
халықтың  этникалық  құрылымы,  басқа  этностармен  қарым-қатынасы  біршама  толық  анықталған, 
көпшілік мамандар тарапынан қолдау тапқан Н.А.Баскаковтың классификациясында татар, башқұрт 
тілдері  қыпшақ  тобының  қыпшақ-бұлғар  тілдер  топшасына;  қарайым,  қарашай-балқар,  қырым 
татары, қырымшақ тілдері қыпшақ, половец тілдер тобына; қыпшақ-ноғай тілдер тобына ноғай, қазақ, 
қарақалпақ тілдері енгізіледі [22]. 
Р.Г.Ахметьянов түркi тiлдерiне жасалған Н.А.Баскаковтың генеалогиялық классификациясының 
маңыздылығын  көрсете  отырып,  қыпшақ  тобындағы  тiлдердiң  жаңа  жiктемесiн  ұсынады.  Ғалым  өз 
ойын  «тiлдерге  генеалогиялық  классификация  жасауда  олардың  синхрондық  жағдайын 
қалыптастырған  диахрондық  даму  жолын  айқындап  алу  қажет.  Бұл  үшiн  туыс  тiлдерден  көрiнiс 
беретiн түрлi фонетикалық белгiлердiң жалпы кешенiнен бiр-бiрiнен туындайтын өзгерiстердi, яғни 
бiртұтас тарихи процестi құрайтын фонетикалық заңдылықтарды ажырату аса маңызды» [23; 31] деп 
бiлдiредi 
жəне 
бiр-бiрiнен 
туындамайтын 
дыбыс 
өзгерiстерiнiң 
өзара 
сабақтастығы 
болмайтындықтан,  генеалогиялық  жiктеуде  маңызды  емес  деп  санайды.  Сонор  дауыссыздардың 
ассимиляциялық,  диссимиляциялық  ықпалдарына  ерекше  мəн  берген  зерттеушi  тоталды 
фонетикалық  белгiлермен  қатар  аталған  заңдылықтарға  байланысты  туындайтын  позициялық 
өзгерiстердi де негiзге ала отырып, қыпшақ тiлдерiн екi топқа бөледi: 1. ассимиляция, диссимиляция 
құбылыстары күштi дамыған тiлдер — қырғыз, башқұрт, қазақ, қарақалпақ тiлдерi; 2. ассимиляция, 
диссимиляция  құбылыстары  əлсiз  дамыған  тiлдер — қазан  татарлары  тiлi,  өзбек  тiлiнiң  қыпшақ 
диалектiсi, татар, құмық тiлдерi, сiбiр татарларының тiлi, қарайым, қарашай-балқар, ноғай тiлдерi 
[23; 32–38]. 
С.Е.Маловтың  түркі  тілдерінің  қалыптасу  кезеңдеріне  қатысты  жасалған  тарихи  жіктемесінде 
құман,  қыпшақ,  половец  тілдері  жаңа  түркі  тілдеріне;  башқұрт,  қазақ,  қарақалпақ,  қырғыз,  құмық, 
ноғай,  татар  тілдері  ең  жаңа  тілдерге  жатқызылады [24]. Ғалым  сүйенген  принциптердiң  бiрi  көне 
түркiлiк γ, g дауыссыздарының инлаут, ауслаут жағдайларда iлгерiмен w, j дыбыстарымен айтылуы 
немесе редукцияланып элизияға ұшырауы балаң тiлдерге жатқызылып жүрген қыпшақ тiлдерiне ғана 
тəн емес, олардан бұрын қалыптасқан деп танылатын қарлұқ, оғыз тiлдерiнде (өзбек, ұйғыр, түркiмен, 
əзербайжан т.б.), монғол тiлiнде де кездесуi, ең көне тiлдер қатарындағы чуваш тiлiнде, ұйғыр-оғыз 
тiлдерiнде  де  көнетүркiлiк  γ, g-нiң  кей  жағдайда  сақталмауы  түркi  тiлдерiн  тарихи  қалыптасу 
кезеңдерiне қарай жiктеуге жаңаша көзқарас қажеттiгiн көрсетiп отыр. Қыпшақ тобындағы тiлдер де 
өзге түркi тiлдерi сияқты алтай, түркiлiк тек тiл, баба түркi тiлi, көне түркi тiлi дəуiрлерiнен бастау 
алып, базистiк лексикасында баба тiлдiң, көне түркi тiлiнiң элементтерiн молынан сақтаған əрi жаңа 
сипатқа ие болған тiлдер. 
Түркі  тілдеріне  қатысты  барлық  жіктемелерді  салыстыра  қарағанда,  қазіргі  қыпшақ  тобына 
жататын  тілдердің  фонетикалық  жүйесі  мен  морфологиялық  құрылымының  ұқсастығы  сол  тілде 
сөйлеуші этностардың генетикалық немесе тарихи жақындығы ғалымдар тарапынан принципті түрде 
ажыратылатын  қайшылық  тудырмайтынын  байқауға  болады.  Батыс  қыпшақ  тiлдерiне  тəн  ортақ 
лексиканы  жалпы  түркiлiк  деңгейде  салыстыра  қарастырған  белгiлi  ғалым  К.М.Мұсаевтың 
зерттеулерiнде  де  қазiргi  қыпшақ  тiлдерiнiң  тарихи-генеалогиялық  жақындығы  лексика-
семантикалық  тұрғыдан  дəйектеледi [25]. Жалпы  бір  негізден  тараған  тілдердің  өзі  де  түрлі  ішкі, 
сыртқы  факторларға  байланысты  негіз  тілдің  белгілерін  бірдей  дəрежеде  сақтай  алмауы 
лингвоэволюцияның  заңдылығы.  Ал  қазіргі  қыпшақ  тобына  енетін  тілдердің  бір  бөлігінің  негізінде 
оғыздық  сипаты  бар  көне  бұлғар  тілінің  жатуы,  қыпшақтану  процесінен  кейін  де  басқа  туыстас 
тілдермен,  мəселен,  қазіргі  оғыз  тілдерімен  (қарайым,  құмық,  қарашай-балқар,  қырым  татары 
тілдерінің  əзербайжан  тілдерімен  қарым-қатынасы),  бұлғар  тілдерімен  (татар,  башқұрт  тілдерінің 
чуваш  тілімен  қарым-қатынасы)  тілдік  қарым-қатынасқа  қолайлы  географиялық  аумақта  таралуы; 

М.Қ.Ескеева  
52 
Вестник Карагандинского университета 
негізін  көне  қыпшақ  тілінен  алатын  (көне  қыпшақ  тілінде  де  оғыздық  элементтердің  сақталғаны 
белгілі)  қарақалпақ,  қазақ,  өзбек  тілінің  қыпшақ  диалектісі  тілдерінің  қарлұқ  тілдерімен  (ұйғыр, 
өзбек),  ноғай  тілінің  оғыз  тілдерімен  (түрік,  түрікмен,  əзербайжан),  бұлғар  тілдерімен  (чуваш) 
қатынаста  болуы  олардың  лексикалық  қорындағы  қыпшақтық  қабаттың  өзгерістерге  түсуіне  алып 
келді.  Мұндай  өзгерістер  негізінен  сөз  тұлғаларындағы  дыбыс  сəйкестіктері  арқылы  айқындалады. 
Қаратеңіз  жағалауындағы,  Кавказ  бойындағы  əзербайжан,  түрік,  түрікмен  тілдеріндегі  жалпы 
қыпшақтық қабатқа тəн сөздер олардан алшақта орналасқан Орта Азия жəне Волга бойындағы түркі 
халықтары тілінде де қайталанады. Зерттеулер бойынша Орта Азия жəне Волга бойындағы түркілер 
тіліндегі  қыпшақизмдер  «нағыз  қыпшақтық»,  ал  Қаратеңіз,  Кавказ  аумағындағы  тілдердегі 
қыпшақтық сөздер қолайлы географиялық жағдайға байланысты, екінші дəрежелі қарым-қатынастың 
нəтижесінде қалыптасқан қыпшақизмдер болып табылады [26; 70]. 
Орта  түркi  жазба  мұраларының  тiлiн  талдау  нəтижелері  оғыз,  қыпшақ  тілдері  сараланып 
шыққанға дейін жалпытүркілік қыпшақ-оғыздық, оғыз-қыпшақтық жағдайдың орныққанын көрсетіп 
бергені  белгілі.  Орта  түркi  дəуiрiнiң  алдындағы  көне  түркi  жазба  ескерткiштерi  тiлi  мен  орта  түркi 
дəуiрiнен кейiнгi дəуiрде, қолданылып жүрген қазiргi қыпшақ, оғыз тiлдерi деректерi де қыпшақ  
оғыз тiл бiрлестiгiнiң iздерi сақталғанын көрсетедi. Оғыз жəне қыпшақ тілдерінің дербестік сипатқа 
ие болуы тұтас бір тілдің екіге жарылуы нəтижесінде емес, бұрыннан өздеріне тəн белгілердің іздері 
бар  екі  тілдің  белгілі  бір  географиялық  жағдайда  əрқайсысы  өз  мүддесін  қорғау  ыңғайында,  яғни 
өздеріне  тəн  белгілерді  сақтап  қалуға  ұмтылу  арқылы  қалыптасқанын  байқаймыз.  Қазіргі  қыпшақ 
тілдерінің  ішінде  қыпшақтық  колорит  қазақ,  ноғай,  қарақалпақ  тілдерінде,  татар  диалектілерiнде 
басым екенін зерттеу нəтижелері көрсетіп отыр (Н.Сауранбаев, Қ.Жұбанов, С.Е.Малов). 
Оғыз  тілдеріндегі  қыпшақтық  элементтер  тұлғалық  ерекшеліктеріне,  басқа  да  сипатына  қарай 
төрт  түрге  бөлінеді: 1) таза  қыпшақтық  сөздер  (оғыз-қыпшақ  тіл  бірлестігінен  қалған); 2) қолайлы 
географиялық жағдайға байланысты қалыптасқан екінші дəрежелі қыпшақизмдер; 3) поэзия арқылы 
əдеби тілдердің бір-біріне ықпалы негiзiнде қалыптасқан қыпшақизмдер; 4) кездейсоқ сəйкестіктердің 
жəне  конвергентті  даму  процесінің  нəтижесінде  қалыптасқан  жалған  қыпшақизмдер [26, 73]. Қазіргі 
түркі тілдеріндегі қыпшақ элементтерін сипатына қарай жіктеу кешенді лингвистикалық талдауларға 
негізделген  қатаң  əдістемеге  сүйенеді.  Түркі  тілдерінде  тіркелген  параллель  құбылыстардың  бəрі 
бірдей генетикалық бірлікті көрсетпеуі мүмкін (жалпытүркілік негізде емес). Сондықтан қазіргі оғыз, 
қарлұқ, бұлғар тілдеріндегі қыпшақтық белгілерді анықтауда, барлық тілдер тəрізді, түркі тілдерінде 
де  фреквентальді  құбылыстардың,  яғни  дыбыс  өзгерістерінің  потенциалды  мүмкіндігі  аясының 
кеңдігі  ескерілуі  керек.  Дыбыс  жүйесіндегі  делабиализациялану,  спирантизациялану  т.б. 
процестердің  қыпшақ  тілдерінде  де,  оғыз  тілдерінде  де  ұшырасуы  конвергентті  изоглоссалық 
құбылыстардан  көрініс  береді.  Конвергентті  процестер  белгілі  географиялық  аумақта  изоглостың 
қоюлана  түсуіне  ықпал  етеді.  Мысалы,  татар  тіліндегі  дауыстылардың  қысаңдануы  редукциялық 
сипатта болса, əзербайжан тіліндегі дауыстылардың қысаңдануында фонетикалық ықпалдардың əсері 
болмайды немесе к дыбысының чуваш тілінде х дыбысына ауысуы тілдің біршама алға жылжуымен 
байланысты  дыбыстың  редукциялануы  негізінде  жүзеге  асады  (тат.  т.  kïš ~ чув.т.  xel  «зима»).  Əр 
тілден  көрініс  беретін  аймақтық  изоглоссалар  синхронды  жəне  жүйелі  шарттылық  сипатта  болады, 
мысалы: č≈š, š≈s алмасулары қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдерінің микроареалдарында кездеседі. 
Түркі  тілдеріндегі  генетикалық  топтардың  конвергенциясы  тілдік  деректер  негізінде  ғана 
анықталады. Изоглоссалық құбылыстардың қатарында тек көрші халықтар тілінің бір-біріне ықпалы 
негізінде  қалыптасқан  элементтер  ғана  емес,  негіз  тілге  тəн  көне  реликт  белгілер  де,  тарихи 
миграциялық  əсерлерден  қалған  көне  тұлғалар  да  кездесуі  мүмкін.  Бұл  жөнінде  В.М.Жирмунский 
«...изоглоссы  общетюркского  диалектологического  атласа  выходят  за  рамками  современных 
национальных  республик  и  национальных  языков,  указывая  на  более  древние  генетические  связи 
между  племенами  и  народностями  их  диалектами  и  языками» [27] деген  ой  айтады.  Сондықтан 
қазіргі қыпшақ тілдеріндегі таза қыпшақтық қабатты аршып алу мəселесінде тек əдеби тіл ғана емес, 
олардың микроареалдық топтары да қамтылуы қажет. Көне түркі ескерткіштерінің тілін қазіргі түркі 
тілдерімен  салыстыра,  сабақтастыра  зерттеуде  де  қазіргі  тілдер  туралы  «диалектологиялық 
ізденістердің нəтижелерін қолданудың маңызы ерекше» [28]. 
Тілдегі  диалектілік  ерекшеліктердің  табиғатын  терең  түсініп,  əдеби  тіл  деректерімен  қатар 
қолдану  компаративистиканың  əлеуетін  арттыра  түседі,  туыс  тілдерде  кездесетін  дыбыстық 
өзгерістердің  даму  жолын,  бағытын,  аралық  звеносын  айқындауға  кей  жағдайда  варианттардың 
бастапқы  тұлғасын  тірі  тілдер  деректері  арқылы  анықтауға  жол  ашады.  Тіл  эволюциясының  түрлі 

Қазіргі қыпшақ тобындағы… 
Серия «Филология». № 2(66)/2012 
53 
хронологиялық  кезеңдерді  қамтитын  тарихи  қабаттарының  белгілері  де  микроареалдық  топтардан 
көрініс  беруі  мүмкін.  Сондай-ақ  ареалдық  лингвобірліктерді  құрылымдық-танымдық  тұрғыдан 
сипаттау,  тілдік  қабаттарды  түрлі  эволюциялық-фазалық  деңгейде  қарастыру,  біріншіден,  тілдегі 
құбылыстарды  инварианттардың  бірлігі,  аллоэмикалық  элементтердің  жиынтығы  ретінде  тануға 
мүмкіндік  берсе,  екіншіден,  тарихи  өзгерістердің  ішкі,  сыртқы  лингвистикалық  факторларын, 
тіларалық  контактілердің  ықпалын  айқындауға  да  жол  ашады.  Бір  тіл  ішіндегі  говорларды 
салыстыра-салғастыра қарастыру, олардың изоморфтық, алломорфтық сипатын айқындап, изоэм мен 
аллоэмнің  бір  тіл  ішінде  таралу  шегін,  гомогенді  жəне  гетерогенді  компоненттерін  ажырату,  яғни 
ареалдық  лингвистиканың  қағидаларына  сүйену  көне  түркi  тiлi  мен  қазiргi  түркi  тiлдерi 
моносиллабтық  жүйесiндегi  гомогендi  бiрлiктердiң  тұлғалық  ерекшелiктерiнiң  даму  бағытын, 
гетерогендi  бiрлiктердiң  кездейсоқ  тұлғалық  сəйкестiктерiнiң  себептерiн  анықтауға  да  септiгiн 
тигiзедi. VI–IX ғасыр  ескерткiштерi  тiлiнде  қыпшақтық  белгiлердiң  молынан  сақталуы,  сол 
белгiлердiң  қазiргi  қыпшақ  тобындағы  түркi  тiлдерiнде  бiрде  əдеби  тiлде,  бiрде  диалектiлiк 
ерекшелiктерде  үнемi  қайталанып  отыруы,  Мойун  Чур  ескерткiшi  тiлiндегi  түрк-қыпшақ 
этнонимдерiнiң бiр этнос атауы ретiнде қолданылуы кезiнде белгiлi ғалымдар тарапынан ұсынылған 
«түрк», «қыпшақ» атауларының синонимдес мəнде жұмсалу мүмкiндiгi жайлы болжамның ақиқатқа 
жақындығын  бiлдiредi.  Тiл  лингвоэволюциясындағы  мираскерлiк  сабақтастық  адам  ағзасындағы, 
қанындағы  генетикалық  жалғастықпен  пара-пар  жүретiн  феномендiк  құбылыс.  Сондықтан  жалпы 
түркi  жұртшылығына  ортақ  Орхон,  Енисей,  Талас  ескерткiштерiнен  қазiргi  қыпшақ  тiлдер  тобына 
кiретiн тiлдердiң алар үлесi де мол болмақ. 
Қыпшақ тобындағы тілдерде сөйлеуші этностардың барлығының да көне қыпшақ тіліне белгілі 
бір  дəрежеде  қатысы  бар,  кейбір  тілдер  о  бастан  қыпшақтық  негізде  қалыптасса,  енді  бір  тобының 
қыпшақтық  сипаты  кейін  басымдыққа  ие  болған  тілдер.  Қыпшақ  тілдерінде  сөйлейтін  барлық 
этностар  тілінде  оғыз,  қарлұқ,  бұлғар  тілдерінің  элементтерінің  сақталып  отыруы  түркі 
халықтарының  тілінің  қалыптасуы  күрделі  де  қайшылықты  лингвоэтникалық,  лингвоэволюциялық 
даму жолынан өткенін көрсетiп қана қоймайды, түркiлiк тектiлден бастау алатын тарихи тамырының 
тереңдiгiн де айғақтайды. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1  Грач А.Д. Хронологические границы древнетюркского времени // Тюркологический сб. — М.: Наука, 1966. — С. 192. 
2  Бартольдт В.В. Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии: Сочинения. — Т. 5. — М.: Наука, 
1968. —  С. 199. 
3  Греков Б.Д., Якубовский А.Ю. Золотая Орда и ее падение. — М.: Изд-во АН СССР, 1950. — С. 18. 
4  Плетнева С.А. Половецкая земля // Древнерусские княжества Х–ХІІ вв. — М.: Наука, 1975. — С. 275. 
5  Ахинжанов С.М. Кыпчаки в истории средневекового Казахстана. — Алматы: Ғылым, 1995. — С. 285. 
6  Закиев М.З., Кузьмин-Юманади Я.Ф. Волжские булгары и их потомки. — Казань: ИНСАН, 1996.
 — 464 с.
 
7  Қайдар Ə., Оразов М. Түркітануға кіріспе. — 3-бас. — Алматы: Арыс, 2004. — 358 б. 
8  Гарипов Т.М. Проблемы и перспективы изучения кыпчакских языков Урало-Поволжья // Turcologica. — Л.: Наука, 
1976. — С. 48. 
9  Закиев М.З. Татары: проблемы истории и языка. — Казань: ИНСАН, 1995. — С. 110. 
10  Кузеев  Р.Г.  Происхождение  башкирского  народа,  этнический  состав,  история  расселения. — М.:  Наука, 1974. — 
С. 139, 140. 
11  Серебрянников Б.А. К вопросу о связи башкирского языка с венгерским. — Уфа, 1963. — С. 195. 
12  Кумыков  Т.Х.  Этногенез  балкарского  и  карачаевского  народов  в  исторической  литературе // О  происхождении 
балкарцев и карачаевцев: Материалы науч. сессии по проблеме происхождения балкарского и карачаевского народов (22–26 
июня, 1959 г.). — Нальчик: Кабардин-Балкарское книж. изд-во, 1960. — С. 16–19. 
13  Бабаев  С.К.  О  происхождении  балкарцев  и  карачаевцев // О  происхождении  балкарцев  и  карачаевцев:  Материалы 
науч.  сессии  по  проблеме  происхождения  балкарского  и  карачаевского  народов (22–26 июня, 1959 г.). — Нальчик: 
Кабардин-Балкарское книж. изд-во, 1960. 
14  Хабичев М.А. Карачаево-балкарское именное формообразование и словообразование. — Черкесск, 1977. — С. 75. 
15  Янковский Х. Қырым татар тiлi жəне Орта Азия қыпшақ тiлдерi // Қазiргi заманғы түркология: теориясы, практикасы 
жəне ондағы мiндеттерi: Екiншi халықаралық түркология конгресi. — I-бөл. — Түркiстан: Тұран, 2006. — 26–30-б. 
16  Грунин А.Н. Документы на половецком языке ХVІ в. — М.: Наука, 1967. — С. 23. 
17  Горковец А.Н. Кипчакские языки: куманский и армяно-кыпчакский. — Алма-Ата: Наука, 1987. — С. 114. 
18  Языки мира. Тюркские языки. — Бишкек: Кыргызстан, 1997. — С. 319. 
19  Корш Ф.Е. Классификация тюркских языков: Этнографический сб. — СПб., 1910. — С. 76. 

М.Қ.Ескеева  
54 
Вестник Карагандинского университета 
20  Самойлович А.Н. Тюркское языкознание. Филология. Руника. — М.: Восточная литература РАН, 2005. — С. 85–87. 
21  Богородицкий В.А. Введение в татарское языкознание в связи с другими тюркскими языками. — М., 1953. — С. 354. 
22  Баскаков Н.А. Введение в изучение тюркских языков. — М.: Наука, 1969. — С. 230–240. 
23  Ахметьянов Р.Г. О генеалогической классификации кыпчакских тюркских языков // Советская тюркология. — 1978. 
— № 6. 
24  Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности. — М.-Л.: Изд-во АН СССР, 1951. — С. 90. 
25  Мусаев К.М. Лексикология тюркских языков. — М.: Наука, 1984. 
26  Гаджиева Н.З. О некоторых трудных вопросах методики изучения истории тюркских языков // Turсologica. — 1986. 
— — С. 235. 
27  Жирмунский В.М. О некоторых вопросах лингвистической географии тюркских диалектов // Советская тюркология. 
— 1966. — С. 56. 
28  Трыярский Э. Еще раз о методике издания рунических надписей // Turcologica. — 1976. — С. 326. 
 
 
М.К.Ескеева  

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет