Синекдоха
Ә. Болғанбаев, Ғ.Қалиев «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты оқулығында: «Сөздерді ауыстырып қолдану арқылы көп мағыналы сөздер тудырудың бір тәсілі –синекдоха. Зат пен құбылыстың іргелес, шектес келіп, бір атауға ортақтасып ауысып қолданылуы жағынан синекдоха метонимияға бір табан жақын тұрады»-деп жазады. Бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, үлкеннің орнына кішіні, немесе бөлшектің орнына бүтінді, жалқының орнына жалпыны, кішінің орнына үлкенді қолдану арқылы тұлғаның ауыспалы мағынада жұмсалуы синекдоха деп танылатыны көптеген зерттеулерде оның құрылымдық табиғатының негізгі ерекшелігі ретінде көрсетіледі.
Лебізде синекдоха біршама кездесіп отырады.Көркем шығармаларда ішкі сезімнің бір иірімін бейнелеу үшін, салыстырылып отырған нысандардың халықтық дүниетаныммен сәйкес келуіне ерекше мән бере отырып, сөздерді ұғымдық жағынан үйлесімді етіп қолданады.
Жазушы С.Жүнісовтың «Жапандағы жалғыз үй» романында кездесетін синекдохалар:
Пенде басына не түссе де жұмыр бас көтере береді екен ғой(«Жапандағы жалғыз үй», 46 бет).
Суыққа ұшып, үсікке шалынғандар да кездесті(«Жапандағы жалғыз үй», 53 бет).
Ертеңінде-ақ ауылдағыларға айтуымыз мұң екен, он бес қоралы үй тайлы-тұяғына дейін келіп жабылып, егіннің шетінен түсе-түсе кетті(«Жапандағы жалғыз үй», 108 бет).
Айлы-күннің аманында жолаушыға есік ашып, қара су татырып көрмеген Шығайбайлар ақ боранда қайдан мейірімі түссін(«Жапандағы жалғыз үй», 213 бет).
Қорытынды
Жазушы С.Жүнісов «Жапандағы жалғыз үй» шығармасын өткір шебер тілмен өрнектеген. Әрбір көркемдегіш тәсілдерді, әдеби тілдің әр алуан үлгілеріндегі сөз байлығын (кірме сөздер, көнерген сөздер, т.б.) ұтымды, тиімді пайдаланған.
Шығармада антонимдік қатынастағы сөздер, синонимдер және омонимдер айқын, нақты, өте шебер қолданылғандығы анық байқалады. Автор кейіпкерлердің өмірлік көзқарасын жеткізу үшін, қарама-қайшылық ұғымдарды қабылдау түсінікті болу үшін, шығарманың көркемдігін айқындау үшін антонимдер, синонимдер және омонимдерді өте ұтымды пайдаланған.
Көркем шығарманың тілі, жазушының өзіндік жеке сөз қолдану стилі, сөз қолдану зергерлігі мен шеберлігі. Жазушы фразеологизмдерді жалпы халықтық қолданыста да, авторлық өңдеумен де пайдалануы мүмкін. С.Жүнісов фразеологизмдерді табиғи қалпында көбірек қолданатыны байқалады. «Жапандағы жалғыз үй» романында автор фразеологизмдерді халықтың тұрмыс-тіршілігін, өмірдің шындығын оқырмандарға әсерлі жеткізу үшін, кейіпкер тілін жандандырып, олардың мінез-құлқын бейнелі суреттеу үшін тиімді пайдаланған.
Жазушы кез келген құбылысты, қимыл-әрекетті, теңеу формасының негізгі міндеттерін орындай отырып, шебер пайдаланған. Қазақ халқының ұлттық танымын көрсететін теңеулер шыншылдығымен, нақты құбылыстарды сипаттаумен ерекшеленеді.
Шығарманың ерекшелігі- антоним, омоним, синоним сөздер, кірме сөздер және көнерген сөздер, теңеулер, фразеологизмдер, мақал-мәтелдерің жиі кездесуі.
Достарыңызбен бөлісу: |