Бұқар жырау Қалқаманұлы (1684—1781) — қазақтың ұлы жырауы, 18 ғ. жоңғар басқыншыларына қарсы Қазақ-жоңғар соғысының бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы.
Шыққан тегі Арғын тайпасының Сүйіндік руының қаржас руынан. Заманындағы сыншылар оны «көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең сөз төгіледі екен.Сырдария облысы Қазалы уезі көшербай болысының 6-шы ауыл. "ҚараҚ" деген жер
Өмірбаяны
Бұқар Жырау қазақ халқының Жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білді. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салды. Өзінің саяси-әлеум. мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналды. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап қалатын көсем тұрғысында үлкен сенім артты. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет етті. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасады. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлады:
“Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай, Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай, Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай. Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам, Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай!”. Осы бір шумақ жырда халық пен ханның байланыс-бірлігін қиыннан қиыстыра білген. Жыраудың “Абылай ханның қасында”, “Ал, тілімді алмасаң”, “Ай, Абылай, Абылай”, “Қазақтың ханы Абылай”, “Ханға жауап айтпасам”, “Басыңа біткен күніңіз”, “Ай, Абылай, сен он бір жасыңда”, “Ал, айтамын, айтамын” атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталады. Ал, “Садыр, қайда барасың?”, “Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға” деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз етеді. Бұқар Жыраудың Абылай хан саясаты жөніндегі байламды пікірлері де орнықты, әділ. Ол қасындағы Қытай мен Ресей туралы да ұстамды бағыт ұстанады. Соның арқасында ата жауы Жоңғарлардың іштей іріп, азып-тозуы үшін ұтымды саясат қолдана отырып тарих сахнасынан кетуіне қолайлы жағдай жасағанын мақтанышпен жырлайды.
Жыраудың “Он екі айда жаз келер”, “Абылай ханның қасында”, “Ханға жауап айтпасам” атты толғаулары халық болашағы мен бейбітшілікті сақтау, отарлауды көздеген елден жыраққа, Жиделі байсынға көшу мәселесін қозғайды. Бұл жырлардың үгіт-насихаттық, дидактикалық сипаты басым. Жыраудың табиғат пен адам өмірін астастыра суреттейтін жырлары да мол: “Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек”, “Әлемді түгел көрсе де”, т.б. Осының бәрі жыраудың кәнігі шеберлігі мен талғампаздығын танытады. Бұқар Жыраудың толғаулары, шын мәнінде, Абылай дәуірінің айнасы. Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгерді Абылай хан да қасынан бір елі қалдырмаған. Ақыл-ойға кемел “Көмекей әулие” Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты пайым қабылдауына, қос бүйірдегі екі алып мемлекеттің арасында оңтайлы саясат ұстауына, әскери дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеуге барынша ықпал жасайды. Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баїадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлтының ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жалынды күресі — жырау мұраларында шынайы шыншылдықпен суреттеледі. Әсіресе, Бұқар Жырау толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленеді.
Бұқар Жырау шығармаларының тақырыптық аясы, шеңбері — Жақсылық пен Жамандық, Елдік пен Ерлік, Ізгілік пен Зұлымдық, Әділдік пен Әдептілік, Жастық пен Кәрілік, Татулық пен Араздық, Достық пен Дұшпандық, Адалдық пен Арамдық, Тектілік пен Азғындық, Тұтастық пен Бірлік. “Бұхарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана, — деп жазады жыраудың тұңғыш библиографы Мәшїүр Жүсіп Көпеев — бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың сабыры, Аплатонның ақылы керек”. Бұқар Жырау шығармаларының текстологиясы әлі күнге ретке келтірілмеген. Ең қажетті таңдамалы сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер іріктеліп, сұрыпталып алынбаған, дұрыс, түзу, мұқият салыстырулар жүргізілмеген. Бұл — болашақтың ісі. Бұқар Жырау мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде Мәшїүр Жүсіп Көпеев, Қ. Халид, Г.Н. Потанин, Ш.Уәлиханов, Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Қ.Мұқаметқанов, М.Мағауин, Р.Сыздықова секілді ұлт зиялылары еңбек сіңірді. Әдебиеттанушылар Бұқар Жырау толғауларының жазба әдебиетке тән сипат белгілерін атап айтқанда, әлеуметшілдік сарынын, азаматтық нысанасын, сондай-ақ, жыраудың даралық өзгешеліктерін талдаса (Әуезов), екіншілері өмірі мен шығарм-на үңіледі (Мұқанов, Жұмағалиев, Мұқаметқанов, Мағауин), соңғылары жыраудың тілі мен стилін қарастырады (Сыздықова). Сөз жоқ, Бұқартану ілімінің қалыптасуы мен дамуы тарихы бар. Болашақта ұлы жырау мұралары жаңаша көзқарас, дүниетаным тұрғысынан (ислам құндылықтарымен сабақтастығы, мораль философиясы, мемлекет мүддесі, поэтикасы) тексерілуге тиіс.