№3(63)/2011 Серия филология


Ұрпақтан ұрпаққа өнегесі жайылған ұлағатты ұстаз ақын



Pdf көрінісі
бет8/12
Дата22.12.2016
өлшемі1,77 Mb.
#82
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

Ұрпақтан ұрпаққа өнегесі жайылған ұлағатты ұстаз ақын 
Каренов Р.С. 
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
Статья посвящена жизни и творчеству выдающегося поэта XIX столетия Сюинбая Аронулы. Показы-
вается, что самобытность стихосложения выделяет его творения в истории  казахской поэзии. Автор 
обращает  внимание  на  то,  что  поэт  был  большим  мыслителем  своего  времени,  автором  множества 
крылатых слов и метких изречений, философских размышлений. Делается вывод о том, что Сюинбай 
Аронулы был крупным эпиком и дружинным певцом, сочинявшим героические песни о деяниях ка-
захских батыров и нежные лирические произведения. 
Sjuinbaja Aronuly is devoted to life and creativity of the outstanding poet of XIX century. It is shown that 
originality  стихосложения allocates its creations in the history of the Kazakh poetry. The attention that it 
was the big thinker of time, the author of set of catchwords and well-aimed sayings, philosophical reflections 
is paid. The conclusion that Sjuinbaj Aronuly was large эпиком and дружинным the singer composing 
heroic songs about acts Kazakh батыров and the gentle lyrical products becomes. 
 
Кіріспе 
Сүйінбай  Аронұлы — қазақ  халқының  ұлы  ақыны,  импровизаторлық  өнердің  өрен  жүйрігі. 
Оның  балалық  шағының  ең  бір  қимас  қызықты,  бал  дəурені  Майтөбе  жайлауының  баурайында 
байлардың  қой-қозысын  бағып,  өлең  айтумен  өткен.  Ол  жастай  жетім  қалып,  көп  қиындық  көрген. 
Бірде Шойбек деген мырзаға қатты ашынып былай депті («Түс» деген өлеңі [1; 98]): 
Мен бақтым қозыңды да, қойыңды да, 
Бір қабат сергітпедің бойымды да. 
Болса да ұлы думан, күнде қызық, 
Сен маған көрсетпедің тойыңды да. 
 
Менің тұр қолды-аяққа тұрғым келмей 
Қойды ғой қойыңа да қырғын келмей! 
Аузымнан түйдек-түйдек шыққан сөзді 
Не дейін сөз кестесі — өлең демей?! 
 
Бұл  өлеңде  өнерлі  жастың  тереңдегі,  сыры,  көзі  енді  ашылғалы  тұрған  жырдың  лебі  соғып 
тұрғандай. 

Ұрпақтан ұрпаққа өнегесі жайылған... 
Серия «Филология». № 3(63)/2011 
73 
Ақын «жетіммін» деп жасымаған. Қаршадайынан өлең мен жыр, əн мен күйге ықыласты болып 
өскен. Өйткені ол өзіне дарыған керемет ақындық талантты ерте білген, өте нəзік сезінген. 
Оны  өзі  былай  түсіндірген.  Бір  күні  ұйықтап  жатқанда  түсінде  Қызыр  баба  аян  беріп: «Ей, 
Сүйінбай,  саған  өлең  керек  пе,  жоқ  əлде,  көген  керек  пе?  Айт  шапшаң!» — депті.  Сонда  бала 
Сүйінбай: «Өлең де керек, көген де керек!» — деп ояна келіпті. Сөйтсе, көмейі бүлкілдеп, кеудесін 
өлең  кернеп  тұр  екен.  Ал,  енді  бір  кең  тараған  аңызда  ақын  дүниеге  келген  сəтте  Жетісудың  жеті 
өзені  «Сүйінбай!  Сүйінбай!»  деп  жеті  рет  дауыстапты.  Асылында,  бұндай  таңғажайып  хал 
дүниежүзілік тарихта тек данышпан кемеңгер адамдардың өмірбаянына қатысты ғана айтылған. 
Сүйінбай 14–15 жасынан бастап ақындық өнерін машық ете бастаған. Алғашқы бетте ел аузынан 
естіген  аңыз-ертегілерді,  қисса-жырларды  жаттап  алып,  жиын-тойларда  айтып  жүрген.  Кейінірек, 
өзінің замандас ақындары ішінен озық ойы, өткір тілімен қазақ пен қырғыз елдеріне аты тарап, əйгілі 
болған. 
Сүйінбай  ең  алдымен  айтыстың  асқан  шебері,  ешкімге  жүлде  бермеген  ерен  ақын.  Сонымен 
бірге ол халық мұңын мұңдап, үстем тап өкілдерінің əділетсіздігін бетіне басып əшкерелеп отырған 
батыл да əділ сыншы. Сондықтан да Мұхтар Əуезов Сүйінбайға баға бергенде, оны «ХІХ ғасырдағы 
Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп атаған [2, 3]. 
Сүйінбай  ұзын  бойлы,  дене  бітімі  мінсіз  сымбатты,  күйектей  əдемі  сақалы  болған,  аппақ 
қағаздай  мөлдір,  сұлу  кісі  екен.  Жырды  домбырамен  бастап,  келе-келе  құлағын  бұрап  термелеп, 
құйындатып  төгіп  айтады  екен.  Қыза  келе  айқай  салғанда,  жанында  тыңдап  отырған  кісіні  селк 
еткізетін  зор  дауысты  кісі  болған.  Сүйекеңді  көрген,  білген,  естігендер  өлеңнің  қызыл  желі  деп 
бағалайды.  Мұның  мəнісі  мынада:  Сүйінбайдың  тілінен  құты  қашқан  Тезек  төре  ақынды  бір 
сүріндірмекке Арқадан Түбекті шақыртады. Түбек жол-жөнекей түс көріп, түсінде Сүйінбай үздіксіз 
соққан  қызыл  жел  болып  көрінеді.  Онсыз  да  Сүйінбайдың  атағынан  именіп  келе  жатқан  Түбек 
қаймығып, айтысқа шықпай қояды [4]. 
Өмірдің аумалы-төкпелі тұсында өмір сүргендіктен, Сүйінбай салдық-серіліктен гөрі қоғамдық-
əлеуметтік істерге көп араласқан. Қоқан билеушілері мен жергілікті əділетсіз сұлтан, төрелерге, бай, 
болыстарға  жасқанбай  тура  қараған.  Сондықтан  да  халық  өзінің  арман-тілегін  білдіріп,  əлеуметтік 
əділетті күресте қорғаушы, жақтасы болған ақиық ақынның өлең, толғау, жырлары мен айтыстарын 
ұмытпай сақтап: «Бұл Сүйінбайдың сөзі», «Сүйінбай осылай деген» — деп, зейін-зерделерінде аялап 
ұстаған.  Ақындық  талантты  айрықша  қастерлегендіктен,  қарапайым  халық  Сүйінбай  жөнінде  əр  түрлі 
аңыздар,  мифологиялық  сюжеттер  ойлап  тауып  таратқан.  Мысалы,  ел  арасына  көп  тараған  бір  аңызда 
Сүйінбайдың қызыл-тарғыл жолбарысы болыпты-мыс деп айтылады. Ол жолбарыс Сүйінбай топқа түсіп 
айтысарда, ақынның алдына келіп, айбатты, сесті кейіпте көсіліп жататын болған, оны ақынның өзінен 
басқа ешкім көре алмаған. Ақынның болашақ айтыстағы жеңіс салтанатын қызыл-тарғыл жолбарыс күні 
бұрын білдіріп отырған деп баяндайды ел. Бұл аңыздан, əрине, халықтың өзі сүйген ақын ұлына өзгеден 
бөлекше қарап, оны киелі, қасиетті етіп көрсеткісі келгендігін байқау қиын емес [5; 5]. 
Сүйінбайдың соңғы кезде табылған өлеңдерінің ішінде оның өмір белестерін танытатын кейбір 
толғаулары  кездеседі.  Онда  ақынның  ата-бабасы  мен  ағайындарының,  жақын  туыстарының, 
əйелдерінің  есімдері  аталады.  Осы  деректерден  Сүйінбай  бойындағы  ақындық  талант — атадан 
балаға  мұра  болып  келе  жатқан  отбасылық,  өңірлік-өлкелік  тарихы  бар  тамырлы  өнер  екені  белгілі 
болады. 
Сүйінбайдың  арғы  атасы — Күсеп  Жиенқұлұлы (1701–1791) жауынгер  ақын,  жыршы,  күйші, 
қобызшы болған. Ол — атақты «Өтеген батыр» жырының алғашқы шығарушы авторы. Оның бұдан 
басқа да əдеби жəне музыкалық шығармалары көп болған. 
Өз  кезінің  көзі  ашық,  хат  таныған  адамы  Күсеп  «Мың  бір  түн», «Шаһнаме», «Көрұғлы», 
«Тотының  тоқсан  тарауы»  секілді  жырларды  арабша,  парсыша  кітаптардан  оқыған.  Аталған 
шығыстық  мотивтегі  жыр-дастандарды  ел  арасында  талмай  жырлап  таратқан.  Атақты  Күсеп 
жыраудың  Жаңбыршы,  Жаманақ,  Арон  деген  үш  баласы  əкелерінің  ақындық,  күйшілік
 
дəстүрін 
жалғастырған.  Үлкен  ұлы  Жаңбыршы  мен  Жаманақ  төңірекке  дастаншы,  жыршы,  қобызшы, 
күйшілігімен белгілі болса, ақынның кенже баласы Арон жастайынан-ақ аса қабілетті, өткірлігімен ел 
аузына ілінген жəне бертін келе мəмілегер шешендігімен, əрі ақындық дарынымен аты шыққан. 
Шығыс  сюжетінде  айтылатын  аңыз-əңгімелерде  көп  жырланатын  Һарон  Рашидтың  əділетті, 
турашылдығын  қатты  ұнатқан  Күсеп  жырау  бұл  баласының  есімін  Арон  деп  қойған.  Əкесі  Күсептің 
«Өтеген батыр» жырын жəне Шығыстың «Шаһнаме», «Көрұғлы» т.б. дастандарын Арон жатқа білген [5; 5]. 

Каренов Р.С . 
74 
Вестник Карагандинского университета 
Атадан  балаға  жалғасқан  ақындық,  шешендік  өнер  Сүйінбайға  дарыған.  Оның  өзінен  үлкен 
Жаманшал,  Жұмық  деген  ағалары,  Оспан  атты  інісі  сыншыл,  бірқақпай  өлеңдерімен  ауыл  арасына 
танылған.  Бұл  жөнінде  Жаманшал  Сүйінбайға: «Отбасында  мен  жүйрікпін,  шаршы  топта  сен 
жүйріксің» дейді екен [6; 104]. 
Аталған ағалары мен інісі туралы Сүйінбайдың мынандай мінездеме айтқаны белгілі («Аронның 
ұлдарына» деген өлеңі [1; 99]): 
Оның атын Оспан қойды, 
Бақ-дəулетін қостап қойды. 
Сенің атыңды Жұмық қойды, 
Өл-өлгенше көзіңді жұмып қойды. 
Менің атымды Сүйінбай қойды,— 
Дүние шіркін бұйырмай қойды. 
 
Сүйінбайдың  інісі  Оспан  пысық,  шаруаға  икемділігімен  көзге  түсіпті.  Ал  екінші  ағасы  Жұмық 
бірбет, қайсар мінезді болса керек. Ақын дүниеден көшерінде кесір мінезді Жұмыққа өзінің өкінішін 
былай айтқан екен («Жұмыққа» атты өлеңі [1; 104]): 
Атың емес, Жұмық-ай, ойың жұмық, 
Бір басыңнан шығады нелер қылық. 
Сүйінбайдың аты бар, өлеңі жоқ 
Жүргендей боп кеттім-ау, көзді жұмып. 
Сүйінбайды апарып көмгеннен соң, 
Отырарсың жотада жалғыз ұлып. 
 
Өмірді келген-кеткен аңламайсың, 
Адамның болашағын болжамайсың. 
Асыл сөздің білмейсің қасиетін, 
Жаман ойға келгенде талғамайсың. 
Қиял мінез, томырық, мұз секілді, 
Қайтейін, осыныңа арланбайсың. 
 
Төсекте жатып айтқан ақтық сөзінде ақын Жұмықтың өнер қадірінен бейхабар, ұғымсыздығын 
бетіне басады. 
Сүйінбайдың  алғашқы  үйленген  зайыбының  есімі — Жұпан.  Одан  ақынның  тұңғыш  ұлы 
Малыбай туады. «Өсиет» деген өлеңінде [1; 51]: 
Тұңғышым, тұлабойым — Малыбайым, 
Өзіңе ақыл айтып неғылайын. 
Малыбай балаларға əке болдың 
Тəубаға құлшылық қыл, етпе уайым. 
Жұмығым, Оспаным мен Жаманшалым, 
Қиналды-ау бұл аурудан кəріп жаным, — 
дейді ақын өлер алдында. 
Жұпан  ұзаққа  созылған  сырқаттан  қайтыс  болған  соң,  Сүйінбай  алған  əйелі  Еңлікпен  өмірінің 
ақырына дейін отасады. Ол жөнінде: 
 
Тұмау десем науқасым тұман болды, 
Үйімнен кетпейтұғын құдам болды. 
Еңлігім, қайрат қыл да, қамыңды істе, 
Тұруым бұл науқастан күмəн болды, — 
 
дейді ақын «Керуендей бір күні» атты өлеңінде [1; 50]. 
Еңліктен оның Жетібай, Əзірбай деген екі ұлы жəне Бағыжан, Қойжан деген екі қызы болады. 

Ұрпақтан ұрпаққа өнегесі жайылған... 
Серия «Филология». № 3(63)/2011 
75 
Сүйінбайдың өмір сүрген жылдары туралы мəліметтер 
Өрен жүйрік айтыс ақындарының бірі — Сүйінбай Аронұлының қай жылы туып, қашан өлгенін 
дəлелдейтін  дерек  жоқ.  Оның  шығармаларын  жинау,  зерттеумен  айналысқандардың  бұл  саладағы 
мəліметтері бір-біріне ұқсамайды. Əрқайсысы əр жылды көрсетеді. 
«XIX ғасырдағы қазақ ақындары» атты жинақта [7] жəне «Қазақ Совет энциклопедиясының» 10-
шы  томында [8] Сүйінбай  Аронұлы 1815 жылы  Алматы  облысының  Жамбыл  ауданындағы 
Қарақыстақ аулында туып, 1898 жылы сексен үш жасында дүниеден қайтты деп көрсетілген. 
«Екімыңжылдық дала жыры» деген кітапта [3; 202] жəне «Жеті ғасыр жырлайды» деп аталатын 
екі томдықтың бірінші кітабында [9] Сүйінбай ақын 1822–1895 жылдарда өмір сүрді делінген. 
Профессор  Х.Сүйіншəлиев  «Қазақ  əдебиетінің  тарихы»  деген  оқулығында  былай  деп  жазады: 
«...Осы  күнге  дейін  біз  Сүйінбайды 68 жасында (1827–1895) өлді  деп  келдік.  Сүйінбай 1827 жылы 
емес, 1822 жылы  туып, 1895 жылы  қайтыс  болған.  Сүйінбайдың  сүйегі  Қарақыстақ  аңғарының 
жоғарғы саласындағы шағын обаның үстіне, көне бейітке қойылған» [10]. Белгілі бір тоқтамға келу 
үшін бұл деректерді əлі де іздестіре, анықтай түсу керек. 
Сүйінбайдың  шөбересі,  филология  ғылымдарының  докторы,  профессор  С.Садырбаев 
халқымыздың  ұлы  ақыны  Сүйінбай  Аронұлының  мұрасын  жинауда  көп  еңбек  етіп  жүр.  Көрнекті 
əдебиетші  ақынның  жырларын  құрастырып,  екі  рет  «Жазушы»  баспасынан  шығарды.  Оның  айтуы 
бойынша, «Сүйінбай  Аронұлы 1815 жылы  бұрынғы  Жетісу  облысы,  Верный  уезі,  Ұзынағаш 
болысына қарайтын № 3 ауылда, яғни қазіргі Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарақыстақ 
өзенінің  шығысындағы  Құлансаз  жайлауында,  дүниеге  келген. 1898 жылы 83 жасында  қайтыс 
болған» [11]. Шөбересінің мұндай дəлдікпен айтуы тегін болмауға тиіс. Бала кезінен ақынның өлімі 
мен  жерленуін  бүге-шігесіне  дейін  естіп-білгеніне  шек  келтіруге  болмайды.  Демек,  Сүйінбайдың 
туған-өлген жылдарын 1815–1898 деп тану орынды демекпіз. 
Сүйінбайдың айтыстары мен өлең-толғауларын жинау, жариялау ісі туралы 
XIX  ғасырдағы  қазақ  халқының  ұлы  ақыны  Сүйінбайдың  лирикалық  өлеңдері  мен 
философиялық толғауларын, классикалық үлгідегі ірі айтыстарын жинау, жариялау ісі ХХ ғасырдың 
бас кезінде қолға алына бастады. 
1920  жылы  Түркістан  АКСР-і  халық  ағарту  комиссариаты  жанынан  құрылған  комиссия  ауыз 
əдебиеті  үлгілерін  жинау  мақсатында  Сырдария,  Жетісу  облыстарына  экспедиция  ұйымдастырып, 
этнограф-ғалым Ə.Диваев Сүйінбайдың өлең-толғауларын, айтыстарын жазып алды. 
Ақынның  «Апырым-ау,  мына  жатқан  Сарыбай  ма?»  деген  өлеңі  алғаш  рет 1929 жылы  «Жаңа 
əдебиет»  деп  аталатын  журналдың  № 6  санында  жарияланды.  Содан  соң 1931 жылы  Сəкен 
Сейфуллин  құрастырған  «Қазақтың  ескі  əдебиет  нұсқалары»  деген  жинағында  «Шапырашты 
Сүйінбай ақынның қартайғанда айтқаны» деген философиялық өлеңі басылды. 
Сүйінбайдың  шығармаларын  барынша  қадағалап,  жинастырып,  қыруар  еңбек  еткен  адам — 
I.Жансүгіров.  Оның  бұл  ретте  үлкен  зерттеушілік  жасағанын  атап  айтқан  жөн.  Ол  Бөлтіріктен, 
Бейсембайдан,  Шыныбайдан  жəне  Үмбетəлі  ақындардан  Сүйінбайдың  көптеген  шығармаларын 
жазып алып, соның негізінде 1935 жылы «Сүйінбай ақын» деген жеке жинақ құрастырып шығарады. 
1935  жылғы  жинақ  шыққан  соң,  Сүйінбайдың  өмірі  мен  шығармашылығы  орта  мектептердің 
оқулықтары  мен  оқу  құралдарына  енгізіле  бастайды.  С.Мұқанов  пен  Қ.Бекхожин 1939, 1940, 1941 
жəне 1944 жылдары  орта  мектептің  сегізінші  сыныбына  арналған  хрестоматиясына  Сүйінбайдың 
бірнеше  өлеңдерін  енгізген («Сүйінбай  мен  Тезек  төре», «Сүйінбайдың  Тезектің  өлген  баласына 
көңіл айтқаны», «Кəрілік туралы»). 
1946  жылы  Қазақстан  Ғылым  академиясы  құрылғаннан  кейін  Сүйінбай  ақын  мұрасын  жинап 
жариялаумен  айналысқан  ғалымдар  Ə.Диваев,  С.Беғалин,  Б.Жақыпбаев,  қырғыз  фольклористері 
Ш.Уметəлиев пен Э.Мұқанбетовтардың еңбектерін айрықша атауға болады. 
Сондай-ақ Сүйінбай мұрасының біршамасы Ж.Жабаевтың мемориалдық мұражайының əдеби 
қорында сақтаулы. «Ақын жырлары», «XVII–XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары», 
«Үш ғасыр жырлайды» атты жинақтарда Сүйінбай шығармаларына кеңінен орын берілген. «Айтыс» 
жинағының 1-ші  томында  «Сүйінбай  мен  Тезек  төренің  айтысы»  жарияланған. 1976 жылы  жарық 
көрген  ақынның  «Ақиық»  атты  жинағына  таңдаулы  шығармаларымен  қатар,  тыңнан  қосылған 
көптеген  өлең-толғаулары,  айтыстары  енген,  шығармалары  жүйеге  келтіріліп,  тақырыптарға 
бөлінген. Кітапқа көлемді алғысөз жазылып, соңынан түсіндірме сөздік берілген. 

Каренов Р.С . 
76 
Вестник Карагандинского университета 
Сүйінбай  Аронұлының  шығармаларын  жариялауға  көмектесіп,  пікірлер  айтқан  С.Садырбаев, 
Қ.Ергөбеков,  Х.Сүйіншəлиев,  С.Беғалин,  М.Жолдасбеков,  А.Бəкірова,  М.Үмбетаев,  Қ.Жұмалиев, 
М.Қаратаев,  Б.Ақмұқанова,  Р.Бердібаев  сияқты  ғалымдар  мен  жазушыларды  атап  өткен  жөн.  Ақын 
өлеңдерін  жинау,  жазып  алу  барысында  Сүйінбайдың  туған  келіні  Мəстура  Кəрібайқызы 
Малыбаеваның арабша жазылған қолжазбаларының құндылығы өте зор. 
Сонымен  бірге  кемеңгер  ақын  Сүйінбай  Аронұлының  негізгі  басты-басты  шығармалары 
əлденеше дүркін орыс тіліне аударылып, жарық көрді. Атап айтқанда, 1958 жылы Мəскеуде шыққан 
«Қазақ  поэзиясының  антологиясы», 1978 жылы  Ленинградта  басылған  «Қазақстан  ақындары»  жəне 
«Əлем  əдебиеті  кітапханасы»  деген  атпен 1972 жылы  жарық  көрген 200 томдық  жинақтың 102-ші 
томында  Сүйінбайдың  бірнеше  өлеңдері  орыс  тілінде  басылды.  Бұл  ақын  шығармаларының 
дүниежүзілік сөз өнеріне қосылған асыл мұра, аса құнды əдеби ескерткіш екендігін танытты [6; 104]. 
Соңғы  жылдары  қазақтың  жазба  əдебиетінде  Сүйінбай  образы  басты  орын  ала  бастады. 1973 
жылы  Əбділда  Тəжібаевтың  «Көне  қоңырау»  деген  өлеңдер  жинағы  шықты.  Соның  бір  тарауы 
«Ақын» деп аталады: 
 
Қазақта ақын бар ма Сүйінбайдай, 
Сөздері таудан тасқын құйылғандай. 
Білмеймін, қайда барын күшті 
аруақтың, 
Пір тұттым, Сүйекемді 
сыйынғандай! — 
деп, жалындап жырлайды Əбділда Тəжібаев. 
1991  жылы  «Жазушы»  баспасынан  «Үміт  жағалауы»  деген  атпен  үш-төрт  ақынның  өлеңдер 
жинағы  басылды.  Осы  жинақта  ақын  Ғұсман  Мұхаметқалиевтің  «Толассыз  той»  деп  аталатын 
поэмасы  жарияланды.  Мұнда  Ыстықкөлдің  жағасында  қазақ-қырғыз  бас  қосқан  үлкен  жиында, 
Сүйінбайдың қырғыз ақыны Қатағанды жеңгендігі айтылады. 
Халқыма, ризамын, қырғызыма, 
Алғыстан басқа айтар жоқ ұл-қызыңа! 
Ұлан-асыр той жасап атағымды, 
Асырдың ту ғып қадап, 
шың-құзыңа! — 
 
деп, аяқталады Сүйінбайдың салтанатты сөзі [12]. 
Қазақстанның  халық  жазушы  Хамит  Ерғалиев  Сүйінбай  туралы  өз  түсінігін  былай  баяндайды: 
«Сүйінбай шын мағынасында төкпе ақын дедік қой. Жалпы төкпе ақынды түгел қармап қалу мүмкін 
емес. Сол қатарда бұл мұрадан жоғалтқандарымыз да баршылық. Алайда «Өтеген батыр», «Сұраншы 
батыр» дастандарының  Сүйінбай айтқан нұсқалары бары да бізге  аян. Басқа  да тереңнен тартылған 
айтыстар,  толымды  толғаулар  бізге  жетіп  үлгерді.  Бұған  əлгідей  қолдап  кіріскен  ұйымдастырғыш 
істерін  қосалық.  Сонда  осы  қолда  бардың  өзінен-ақ  аруағына  Жамбыл  сиынған  пір  Сүйінбайдың 
тұлғасын көз алдымызға келтіре аламыз: Абыз ақын, қамқор қазы, халық ісінің қайраткері, ұрпақтан 
ұрпаққа өнегесі жайылған ұлағатты ұстаз» [13]. 
Жоғарыда  айтылған  пікірлерден  шығатын қорытынды: ол  қай-қай  ақынды  да  замандастарынан 
өзіне  дейінгі,  кейінгі  əріптестерінен  айырып,  айқұлақтандырып  тұратын  өзіндік  ерекшеліктері 
болмаққа  керек.  Сүйінбай  ақынды  тоздырмай  тұлғалап  əкеле  жатқан  тозаңсыз  жыр  ерекшеліктері 
неде? Енді осы мəселеге келейік. 
Бүгінгі  таңда  Сүйінбай  Аронұлының  қолда  бар  шығармаларын  түгелдей  қарастырсақ,  оларды 
негізгі төрт салаға жатқызуға болады. Олар: 
а) халық қамы үшін қан кешкен батырларды дəріптейтін көлемді дастандары; 
ə) лирикалық, философиялық өлеңдері мен нақылдары; 
б) классикалық айтыстары (ақынның шеберлігі, табан асты сөз тапқыш ақпа-төкпе таланты оның 
айтыстарынан айқын көрінеді); 
в)  қиянатшылдықты,  озбырлықты  аяусыз  сынға  алған  арнаулары;  болыс-билерге,  сұлтан-
төрелерге арналған сықақ толғаулары. 

Ұрпақтан ұрпаққа өнегесі жайылған... 
Серия «Филология». № 3(63)/2011 
77 
Сүйінбай халық батырларын үлгі етіп, қаһармандық 
жырлар толғаған эпик ақын ретінде 
Жыр  жүйрігі  Сүйінбай  Аронұлының  шыққан  тегі  Ұлы  жүз  Шапырашты,  Екей  руына  жатады. 
Екей — ақындық, күйшілік өнерімен аты шыққан. 
Жаз айларында Екей елі осы күнгі Алматы облысындағы Үлкенсаз, Құлансаз, Ботасаз, Қарақия, 
Майтөбе жайлауларын жайлаған, қыста Қопа, Төрегелді, Өтеген, Қазыбек таулары мен жазықтарын 
қыстаған.  Тарихи  деректерге  қарағанда, XIX ғасырдың  басында  Орта  Азиялық  Қоқан  хандығының 
шапқыншылығы  салдарынан  Екей  елі  жан-жаққа  бытырай  көшкен.  Сол  қиын-қыстау 1840–1860-
жылдардың  ішінде  ыдыраған  халықтың  басын  құрап,  біріктіруде  Сүйінбай  елдің  беделді  адамы 
Сарыбай  би  екеуі  көп  еңбек  сіңіреді.  Осы  тұста  патриот  ақын  халықты  Қоқан  хандығына  қарсы 
тұрып,  тəуелсіздік  үшін  күреске  шақырады. «Өтеген  батыр», «Саурық  батыр», «Сұраншы  батыр», 
«Жабай батыр», «Қарасай батыр» сияқты кең тынысты толғау, жырларын шығарады [5; 5]. 
Кемеңгер ақынның қазақ батырлары туралы шығарған жырлары бізге түгел жетпеген. Тек кейбір 
үзінділері  мəлім.  Мысалы,  Жамбылдың  айтуынан,  Сəкен  Сейфуллин  жазып  алған  Ноғайлы  батыры 
Жабай туралы жырдың («Жабай батыр» атты толғауы [1; 21–23]) үзіндісі назар аударарлық: 
 
Қырық жігіт пен бір Жабай, 
Айқайға қатты салынды. 
Астына мінген Тайқұла, 
Ағындап алға шабылды. 
Қаласын бұзып, өртеді, 
Ұрандасып, шуласып, 
Дұшпаны бөлек қашады. 
Сауырсыннан тер шығып, 
Астындағы Тайқұла 
Арандай аузын ашады. 
Қояндай жоны бүгілді, 
Маңдайдан тері төгілді. 
Бір уақыттар болғанда 
Суырды қыннан қылышты, 
Дұшпан қайта ығысты. 
Қалқан, қылыш бартылдап, 
Тарсылдап мылтық атылды, 
Шықырлап найза шаншылды, 
Қан болып адам жаншылды. 
Шанышқан найза батады, 
Жабайдың шапқан кісісі, 
Аяқ серппей қатады, 
Дұшпанның атқан оқтары, 
Ақ тəніне жетпейді, 
Қаттаудан өтіп кетпейді. 
Шабылған дұшпан аттары, 
Қуса-дағы жетпеді. 
Ноғайдан шыққан ер Жабай, 
Батыр емей кім еді?! 
 
Сүйінбайдың бір топ өлеңдері қазақ-қалмақ қатынастарына арналған. Кезінде Жоңғар мемлекеті 
басқыншылық  шабуылдар  жасап,  қазақ-қырғыз  еліне  зорлық-зомбылықты  көп  көрсеткен.  Қазақ, 
қырғыз  халықтары  одақ  құрып,  жоңғар  басқыншыларын  шекарадан  əрі  қуып  тастағаны  тарихтан 
белгілі. 
Əрине,  бұл  жеңіс  өзінен-өзі  келген  жоқ.  Абылай,  Бөгенбай,  Қабанбай,  Малайсары,  Қарасай, 
Ағынтай,  Өтеген,  Олжабай,  Наурызбай,  Райымбек  секілді  ұлы  батырлардың  ерліктері  мен 
жанқиярлық  күрестерінің  арқасында  келді.  Осыны  ескере  отырып,  ақын  өзінің  «Ту  алып  жауға 
шықсаң сен» деген тамаша туындысында [1; 14–15] былай толғанады: 

Каренов Р.С . 
78 
Вестник Карагандинского университета 
Кешегі өткен Қарасай, 
Сансыз мың дұшпан келсе де, 
Ұрандап жауға шапқанда, 
Тамам қалмақ жабылып, 
Қазаққа қайта батпады. 
Сол Қарасай бабамыз, 
Еменнен найза алатын, 
Қорамсаққа қол салатын, 
Қырық мың дұшпан келсе де, 
Тайсалмай қарсы баратын. 
Керегекөз, тор сауыт, 
Жеңсіз берен киетін. 
Тобын бұзып дұшпанның 
Жауына жеке тиетін. 
Ел шетіне жау келсе 
Беліне алмас ілетін. 
Қызыл қырғын қан көрсе 
Тайсалмай барып кіретін... 
Еңіреген ерлер кайда екен?! 
Қазақ-қазақ болғалы, 
Қазақ атқа қонғалы, 
Не көрмеді бұл елім?! 
Батырдан тапқан тірегін, 
Шапырашты, Дулатым, 
Дұшпаннан тепкі көрген жоқ. 
 
Сөйтіп, бұл дастанында Сүйінбай даңқты Қарасай батырдың қайсарлығын, табандылығын, еліне 
деген  адалдығын  суреттейді.  Қарасай  Алтынайұлы — XVII ғасырдағы  Жетісу  мен  Сарыарқа 
жерлерін қалмақтардан азат етуші қолбасшы. Баһадүрдің есімі Шапырашты елінің ұранына айналған. 
Қарасай  батыр  Сарыарқаны  қалмақтардан  тазарту  соғысында  Орталық  Қазақстан  жерінде  қайтыс 
болған. Оның Сұраншы, Саурық секілді ұрпақтары да батыр болған. 
Сүйінбай  жиын,  тойларда  ақындармен  айтысып,  ел  арасындағы  шиеленіскен  дау-дамайларға 
кесім-бітім  айтумен  бірге,  Сұраншы  мен  Саурық  сияқты  ел  қорғаған  батырларға  ақыл,  кеңес  беріп, 
оларға  бағыт  сілтеп  отырған  ақылгөй  абыз  ақын  болған.  Ол  туралы  мынандай  дерек  бар.  Бірде 
Қоқанның қолы Тілеуғабыл елін шауып кетеді. Сол елдің екі қариясы  Қарғалы  жайлауында жатқан 
Сұраншы  батырға  хабар  бермекші  болып,  атқа  мініп  шығады.  Жол-жөнекей  Майтөбе  бауырында 
жайлауда  отырған Сүйінбайға  келіп, оған  бар жағдайды  айтып, барлығы  Сұраншы  батырға  барады. 
Сонда Сүйінбай былай деген екен: 
 
Ей, Сұраншы, Саурық! 
Қоқанның қолы көп болды 
Жетісуда жатқалы. 
Бар жақсыны талап жеп, 
Сүбеңе қолы батқалы. 
Бейсенбі күні бесінде, 
Гизрат күні кешінде, 
Қордайдың биік төсінде, 
Қоқанның ханы Құдияр, 
Зорлық қып алған көп малды 
Əндіжанға айдатты, 
Қол-аяғын кісендеп, 
Көнбеген ерді байлапты. 
Қауызын əлі жармаған 
Сұлуларды зорлапты. 
Араша тұрар пенде жоқ, 

Ұрпақтан ұрпаққа өнегесі жайылған... 
Серия «Филология». № 3(63)/2011 
79 
Еліңді сөйтіп қорлапты. 
Ақтұяқ атқа мінесің, 
Бүгін маған ересің. 
Қаншама халқың ереді, 
Оны да кейін көресің. 
Ту алып жауға шықсаң сен, 
Іледе жатқан Жаныспен, 
Шапырашты, көп Дулат 
Олар да атқа мінеді. 
Өздеріңдей болған соң, 
Сұраншы-Саурық тірегі. 
 
Сүйінбайдың бұл өлеңін («Ту алып жауға шықсаң сен...») естігеннен кейін Сұраншы ұран салып, 
«Тігіңдер  туды!»  депті.  Содан  Қопада  жатқан  Құдиярдың  əскеріне  түнде  шабуыл  жасап,  сонау 
Піспекке дейін қуып тастапты. 
Сүйінбай  Сұраншының  ерлігін  өмір  бойы  жырлап  өтіпті.  Бірде  ол  Тезек  төренің  ордасына 
кедейлердің  кеткен  есесін  жоқтап  барады.  Есіктен  кіріп  келе  жатқан  ақынды  Тезек  төре  тоқтатып: 
«Шапыраштыны батыр ел дейді, қандай ерлігі бар, табалдырықтан аттамай тұрып айтшы!» — депті. 
Сонда  Сүйінбай  тізесін  бүкпестен  Сұраншының  ерлігін  былай  жырлапты («Сұраншы  батыр»  атты 
жыры [1; 16–20]): 
 
Айт десең, тақсыр, айтайын, 
Қоқанның ханы қағынды. 
Байлаулы тұрған төбеттей 
Аласұрып шабынды. 
Өз-өзінен желігіп, 
Қызыл қанды сағынды. 
Əскерін ертіп соңынан, 
Қоқаннан бері ағылды. 
Қоқаннан келген сабаздың 
Іздегені табылды. 
Сарыкемерге келгенде, 
Тілеуқабыл шабылды. 
Ат бауырынан тер ағып, 
Сүбесінен сабылды. 
Жайға жатқан қалың ел 
Ұлықтарға жалынды. 
Күң қылмақ боп ханымды, 
Талауға салды малымды. 
Ертеңгі сəске болғанда, 
Хабаршы кетті даралап. 
Алатаудың қырқасын 
Күні-түні аралап. 
Шапырашты елінде, 
Сұраншыдай бегіне, 
Айтып берді саралап. 
Талауға түсті Майемер, 
Жас ақты көзден егіле. 
Дулаттың бай мен мырзасы 
Ақтоғайдан ары өтіп, 
Балқаштың қашты көліне. 
Сұраншы батыр сұрланып, 
Үш мың қолмен аттанды. 
Найза, қылыш қайралып, 
Жүрмек болып топтанды. 

Каренов Р.С . 
80 
Вестник Карагандинского университета 
Лашын құстай түйіліп, 
Ақ тұйғындай шүйіліп, 
Сұраншы батыр бастаған, 
Үш мың кісі жиылып, 
Ителгідей түйіліп, 
Бесін уақыты болғанда, 
Өңшең батыр қасында, 
Бақты өзенді жағалап, 
Күртіден бастап ұрысты. 
 
Ақын  осынау  бір  толғауында  «лашын  құстай  түйіліп», «ақ  тұйғындай  шүйіліп», «ителгідей 
түйіліп»  деген  теңеулер  арқылы  жиналған  қолдың  бейнесін  көрсетеді.  Көз  алдымызға  булығып, 
алқынып, жеңеміз деп тұрған Сұраншы батырдың қолын елестетеді. 
Сүйінбай ежелгі қазақ жырауларының салтымен Сұраншының ерлігін ұзақ, желілі жырға арқау 
етеді. Тарихи поэмадан эпостың стилі айқын көрінеді: 
 
Сұраншыны еске алсам, 
Өртенеді өзегім. 
Батырлар кетті мерт болып, 
Жаудан жерін қорғаған. 
Сабыр қылып төзейін, 
Сайрамда болған соғысты 
Айтуға тілді безейін. 
Сайрам-сынды қаланы 
Үш күндейін қамады. 
Сұраншының болып талабы, 
Қарасайлап шабады. 
Ақтұяқ аттың табаны 
Тиген жерін ояды. 
Қарсы келген дұшпанның 
Қылышпен басын қияды. 
Найзаменен түйреді. 
Өлігін жаудың иледі, 
Батыр сонда алысып, 
Шоқпарменен қағысып, 
Ажалменен жарысып, 
Сайрамның үсті шаң болды, 
Қызыл ала қан болды, 
Көрген адам таң болды. 
Қалың Қоқан обығып, 
Қашып кірді қамалға. 
Жалаңдаған жау еді, 
Қарамаған обалға. 
Кімдер өлі, кім тірі, 
Білмейді жанның ешбірі. 
Ақтұяқтан жал қалмай, 
Сұраншыдан əл қалмай, 
Қырғын соғыс созылды. 
Жердің беті тітіреп, 
Айналып аспан түскендей, 
Тойымсыз мына қара жер 
Аққан қанды ішкендей. 
Жан алқымнан қысқандай, 
Табаны тисе Ақтұяқ, 
Зырқырап тастар ұшқандай. 

Ұрпақтан ұрпаққа өнегесі жайылған... 
Серия «Филология». № 3(63)/2011 
81 
Қамалға атын қарғытып, 
Ақылға беріп билікті, 
Сұраншы жауға килікті, 
Батыр алды найзаны, 
Жауға істеді айланы, 
Тығылғанын қоймады, 
Жалғыз кірген арыстан, 
Бес мың қолмен «ойнады». 
Бөлек шығып тобынан, 
Жаудың шебін бұзады, 
Салдырмай қамшы Ақтұяқ 
Денесі əбден қызады. 
Сұраншыдай батырым 
Дұшпанмен жалғыз ұрысты. 
Қылышты салып қынына, 
Ақберенмен атады, 
Отыз жыл ойрандаған елімді, 
Жаулар қанға батады. 
Түзеді құдай ер ісін, 
Талқан қылды шəрісін. 
Жасы менен кəрісін 
Жау қолынан босатып, 
Қамалдан шығам дегенде, 
Тыңнан келген көп күшпен, 
Жаулар тағы қамалап, 
Ақтұяқ атын тебініп, 
Сұраншы кірді емініп. 
Садақтың оғы суылдап, 
«Қарасай атам, қолда!» деп, 
«Ісімді, əруақ, оңда!» деп, 
Тас қорғанның ішінде 
Ғазиз басым қалма деп, 
Сұраншы алды найзаны, 
Сау жері ердің қалмады. 
Батырдың бар арманы, 
Ағайын-туған елі мен 
Артында қалды алғаны. 
Таудың басы мұнартты, 
Артында қалған жалғызын 
Көруге батыр құмартты. 
 
Кезінде  Сұраншының  азасына  жиналған  ақындар  өз  жырында,  күйшілер  өз  күйінде  батырды 
ұзақ  жоқтаған.  Жас  Жамбыл  осы  жиынның  ішінде  болған. 18 жасар  ақын  топ  алдында  ерлікті 
ардақтап  жыр  төккен. Ұстазының  ізімен  өмір  бойы жырлаған  Жамбыл  кейінірек  «Сұраншы  батыр» 
поэмасын аяқтаған [4; 67,68]. 
Сүйінбайдың  айтыстары  мен  дастандарын  ел  арасына  кең  таратқан  азаматтардың  арасында 
Өмірзақ Қарғабайұлының алатын орны ерекше. Ол 1939 жылы араб əрпімен жазылған Сүйінбайдың 
«Өтеген  батыр»  дастанының  бір  нұсқасын  Қазақстан  Ғылым  академиясының  сирек  қолжазбалар 
қорына  (№ 12)  тапсырған.  Аталған  қолжазбаны  жазушы  əрі  ғалым  Мұхтар  Мағауин 1990 жылы 
мұрағаттан  тауып, «Жұлдыз»  журналының  № 11  санында  жариялады [14]. Енді  осы  дастаннан  бір 
үзінді келтірейік. 
Қасқараудан шыққан Өтеген, 
Бұғыдай мүйіз көтерген. 
Туа салып талпынып, 
Дүниенің төрт бұрышынан 

Каренов Р.С . 
82 
Вестник Карагандинского университета 
Аралап қоныс қараған 
Нəсілі нұрдан жараған. 
Биесін бірге айдаған, 
Ноқталап жүріп байлаған, 
Дін-мұсылманның 
қамын жеп, 
Күні-түні ойлаған. 
 
Осы жыр жолдарынан бұл оқиға қай кезде болды, Өтеген батыр алдына қандай мақсат қойды? 
деген көкейді кернеген сұрақтарға жауап іздейік. 
Қазақ  даласындағы  жусандай  тербелген  бейбіт  өмірдің  жібек  пердесі  сетінеп,  басқа  көлеңке, 
жанға сая болған бəйтеректерді түбірімен қопарып, долы желдей дүбірлі заман келді. Бұл Жоңғардың 
жойқын  шапқыншылығы  болатын.  Бейқам  жатқан  қалың  қазақ  қапыда  қалып,  қырғынға  ұшырап, 
аман қалғаны жан сауғалады. 
Бірақ ел басына күн туғанда, халқына қамқор болар, көріпкел көсемдері де, ердің басын қанды 
дауда  қалдырмаған,  оқты  сөзбен  от  шашып  алдырмаған  би,  шешендері  де,  қаһарын  төккен  заманға 
батыл көзбен қараған батырлары да болды [15]. 
Өтеген  батыр (1699–1773) — XVIII ғасырдың  бірінші  жартысында  жоңғар  басқыншылығына 
қарсы күрескен қазақ батыры. Ұлы жүздің Дулат тайпасынан шыққан. Бабасы Сырымбет 1635 жылы 
Ойрат  ханы  Батырдың 50 мың  əскеріне  соққы  берген  Салқам  Жəңгірдің  сапында  ұрысқа  қатысқан. 
Өтеген  батыр 15 жасынан  жоңғарларға  қарсы  соғысқа  араласқан. 1723 жылы  Тауасар,  Райымбек, 
Ханкелді батырлармен тізе қосып, жоңғарлармен айқасады. 1740 жылы Іле бойында қалмаққа қарсы 
жасақ  жинаған  Төле  би  əскеріне  қосылып,  елін  жаудан  азат  етіседі. 1756 жылы  шамасында 
Абылайдың  Қытаймен  бейбіт  болу  саясатына  қарсы  шығып,  Жиделібайсында 17 жыл  жүріп 
қайтыпты деген аңыз да бар [16; 330]. 
Өтеген  батыр — ел  арасында  аңызға  айналған  адам.  Оның  ел  мүддесін  жоқтаған  ерлік  істерін 
əуелде  Сүйінбайдың  ұлы  атасы  Күсеп  ақын  жырлаған.  Одан  беріде  Сүйінбайдың  нағашысы  Қабан 
ақын толғаған. Қанадан қобызшы мен Байсерке күйші Өтегеннің арман-мұратын, батырлығын күйге 
айналдырған.  Сүйінбай  Өтеген  батыр  туралы  өзіне  дейінгі  ақындардың  жыр-дастандарын,  ел 
арасындағы  аңыз-əңгімелерді,  күй-аңыздарын  жас  кезінен  жаттап,  біліп,  жанына  жақын  тұтады. 
Білгендерін  Жамбылға  үйретеді.  Сүйінбай  Қабан  жыраудың  Өтеген  батыр  туралы  көптеген 
жырларын жатқа айтатын болған. Жас шағында ол жырларды Жамбыл да айтқан. 
Тарихшы  Делебаевтың  деректеріне  қарағанда,  Тілеміс,  Майкөт  ақындар  да  Өтеміс  батырды 
дастан етіп жырлаған екен. 
Ел  аузындағы  əңгімелер  мен  ақындардың  жыр-дастандарында  көрініс  тапқан  аңыз  желілерінде 
Өтеген батырдың əкесі Өтеғұл батырдың ержеткен он екі ұлы бірдей оба ауруынан қайтыс болады. 
Бұл  шақта  Өтеғұлдың  жасы  елуге  келген  екен.  Он  екі  ұлдың  қайғысы  батырға  қатты  батады.  Жер 
ортасы жасқа келгенде он екі ұлдан бірдей айрылған батыр басын жерден көтере алмай, көз жасын 
бұлай  береді.  Өтеғұлдың  жақсылығын  көрген,  оны  пана  тұтып,  жан  сақтаған  жұрт  батырмен  бірге 
қайғырып, соның тілеуін тілейді құдайдан. Сөйтіп жүргенде Өтеғұл түс көреді. Түсінде батырға бір 
ақсақалды, сары түсті қария келіп былай дейді: 
– Өтеғұл,  егіліп  жылай  бермей,  көз  жасыңды  тый!  Қолыңды  жай,  батамды  берейін, — дейді. 
Батыр  көзінің  жасын  тиып,  қариядан  бата  сұрайды.  Сонда  ақсақалды  қария  былай  деп  бата  берген 
екен: 
– Құдай тілеуіңді берді, он екі ұлға татитын ұл көресің! 
Осыдан  кейін  Өтеғұл  кіші  əйелі  Нұрбаладан  бір  ұл  көреді.  Баланың  шілдеханасында  Жаныс 
жұртының  ақсақалы  тоқсандағы  Жанысбай  қария  Өтеғұлға: «Батырым,  өлгендерің  өтелді,  баланың 
аты Өтеген болсын!» — деп атын Өтеген қойдырыпты [16; 330]. 
Сүйінбайдың осы жырында XVIII ғасырдағы орыс патшалығының қазақ жерін отарлау саясаты 
туралы да айтылады. 
Бірде  Өтеген  батыр  өзінің  туған-туысқандарын  жинап  алып:  қазақ  даласының  батысынан 
басталған  орыс  патшалығының  жаугершілік  жорықтары 75 жылдан  соң  Жетісу  жеріне  жетеді.  Сол 
кезде басымыздан ерік, малымыздан құт-береке кетеді, ұл мен қыздарымыз белгісіз басқа салтқа бас 
ұрады, арымыз бен намысымызға қысым жасалады дейді. 
 

Ұрпақтан ұрпаққа өнегесі жайылған... 
Серия «Филология». № 3(63)/2011 
83 
Жетпіс бес жыл болғанда 
Кəпір келер қасыңа, 
Пісміллəсіз ас ішіп 
Береке болмас асыңда, 
Билік болмас басыңда, 
Былдырап келіп сөйлесе, 
Тұралмассың қасында. 
Орыс келсе бұл жерге 
Түймелі шекпен кигізер, 
Аралда жатқан еліңнің 
Дінін жаман бүлдірер. 
Дін мұсылман баласы 
Кең шалбарды кие алмас, 
Өзіңнен туған өз балаң 
Үйде жатып тіл алмас, 
Пиғыл жаман заман боп, 
Сүйгенімен қыз кетер, 
Білгенімен ұл кетер, 
Кəпір келсе бұл жерге 
Ақ табан қып қуғызар, 
Білмегенді білгізер, 
Демегенін дегізер, 
Тіл алмайтын батырды 
Зорлықпен келгізер, 
Біреуіңді жақын ғып, 
Біреуіңді жаман қып 
Өз етіңді өзіңе 
Иттей жұлғызып жегізер. 
Кəпір келсе бұл жерге 
Малыңа жұқпас деп еді, 
Қаратаудың шалғыны. 
Тыңдайтұғын ерлерге 
Сөздің тиер салқыны. 
Ойға бітер балдырған, 
Ел көсемі шығады 
Өтірікті шындай жандырған, 
Сөйлесе естен тандырған, 
Би болып сонда шығады 
Қара тазы сияқты 
Мойнына қарғы салдырған. 
Ел тілімді алмады, 
Айтқаныма болмады 
Айналайын Алатау, 
Құс қонбаған басыңа 
Барабан қағып, жыр соғып 
Кəпір келер қасыңа. 
Қайран жерім, қош енді. 
Үйіңе кəпір келеді, 
Үкімің сонда болмайды. 
Балды береке басы еді, 
Өркеште ілген тасы еді 
Қымызы бар арақтай, 
Ішкен кісі мас еді, 
Кəпір түсер қасыңа, 
Қайран жерім, қош енді! 

Каренов Р.С . 
84 
Вестник Карагандинского университета 
Күн болады алдыңда естен танған, 
Біреудің дүниесін біреу алған. 
Мал-басыңда билік жоқ заман болар, 
Дүние сөйтіп жүріп тамам болар. 
Мен көрмеспін, 
Кейінгілер көрерсің, 
Қайран, жер-суым, болғын аман!.. — 
дейді Өтеген батыр. 
Жоңғар  қалмақтарынан  көрген  «ақтабан  шұбырынды»  енді  екінші  рет  тағы  басталады,  қара 
дауылдың  бет  алысы  жаман:  ел  аман,  жұрт  тыныш  кезімізде,  жаудың  аяғы  жетпейтін  жерұйыққа, 
алыс жерге кетелік деп, Өтеген ұсыныс айтады. Сол сапарда көш жолға шығады. 
Алла Өтегеннің жолын оңғарды. Қазақты құл, ал ұрпағын негізінен айырып, тұл қылмақ болған 
отаршыл империяның кесапатынан жан мен тəнге түскен қара дақтан арылып, күл мен топырақтың 
астында  қалған  рухани  қазынамызды  кəдеге  жарататын  тарихи  бақытты  уақыт  туды.  Қазақстан 
егеменді ел болды. Алла Тағала бізге оң көзімен қарады. Ұлттың ұлы ханы Абылай мен оның белді 
батырлары  сияқты  қазақтың  қазақтығын  танытқан,  бір  ғана  рудың,  бір  ғана  жұрттың  маңдайына 
сыймаған  Өтеген  батыр  да  қазақ  халқының  мақтанышына  бөленді.  Оның  арпалысты  өмірін  қалай 
өнеге тұтсақ та лайық. 
1984  жылы  Алматыда  өткен  қазақ  көркем  əдебиет  тіліне  арналған  республикалық 
конференцияда  атақты  жазушы  Ғабит  Мүсірепов: «Бөрілі  менің  байрағым...»  деген  Шапырашты 
елінің жауға аттанғанда айтатын ұран өлеңі болған», — депті. 
Шынында сол өлең [1;13] Сүйінбайдың азаттыққа арнап айтқан патриоттық шығармасының бірі 
еді: 
Бөрілі байрақ астында 
Бөгеліп көрген жан емен. 
Бөрідей жортып кеткенде, 
Бөлініп қалған жан емен. 
 
Бөрілі найза ұстаса, 
Түйремей кеткен жан емен, 
Бөрілі байрақ құласа, 
Күйремей кеткен жан емен. 
 
Жау тисе жапан далада, 
Бөрілі найза атамыз, 
Қарасайлап шабамыз. 
Қызыл қанға батамыз, 
Бөрілі байрақ астында, 
Ту түсіріп, жау алған, 
Қазыбек, Қастек атамыз. 
Бөрілі байрақ көтерсе, 
Жоқты жонып табамыз. 
Бөрілі байрақ астында, 
Ту түсіріп, жау алған, 
Шапырашты батыр бабамыз. 
Бөрі басы — ұраным 
Бөрілі менің байрағым. 
Бөрілі байрақ көтерсе, 
Қозып кетер қайдағым. 
 
Осы керемет өлең тек Сүйінбайдың ғана сөзі емес, бүкіл түркі халқының көңіл түпкіріндегі ойы, 
рухты оятар тарих тағлымы, күрес жолындағы ұраны десек артық айтқандық болмайды. Өйткені ұран 
түрінде айтылатын бұл өлеңде жер дүниені сілкіндіріп, тау мен тасты теңселтіп, жауға қарсы аттанып 
бара жатқан қазақ халқының қаһармандық бейнесі көрсетілген. 

Ұрпақтан ұрпаққа өнегесі жайылған... 
Серия «Филология». № 3(63)/2011 
85 
Иə,  арғы-бергі  ата-бабаларымыздың  жүріп  өткен  жолына, «қой  үстіне  бозторғай 
жұмыртқалаған»  замандарына  ойлы  көзбен  қарасаң  «Бөрі  басы»  ұраны  мен  «Бөрілі  байрағы» 
(қасқырдың бас суреті бейнеленген Шапыраштылардың жебелі туы мен найзасы) есіңе түсері анық. 
Тек кейде соны аңғара бермейтініміз өкінішті. 
 
Ақынның өлеңдерінде халықтық философиялық мəселелердің қозғалуы 
Сүйінбай Аронұлы — үлкен ойшыл ақын. Оның əдеби мұрасы мейлінше мағыналы, тақырыбы 
жағынан сан-салалы. Ол — қоғам тынысы, табиғат сыры, адамдар арасындағы қатынастар мəдениеті 
жөнінде,  ел  тағдыры  жайлы  ойға  батып,  терең  жəне  салиқалы  философиялық  (пəлсапалық) 
тұжырымдар  жасады.  Өзінің  «Əділеттік  орнаса», «Құсмұрын  тастың  үстінде», «Жақсы  менен 
жаманның айырмасы», «Нақылдар», «Ақын боп жиырмамда», «Өсиет», «Надандық», т.б. өлеңдерінде 
халықтық философиялық мəселелер қозғады. Осы шығармаларында ел басқару, халық тағдыры мен 
адам  бойындағы  жақсы,  жаман  дағдыларды  саралады.  Ақын  өмірдің  бағасы  мен  өткіншілігі  жайлы 
ақыл-өсиеттер айтты. 
Мысалы, «Жақсы  мен  жаманның  айырмасы»  деген  өлеңінде [1; 43,44] ақын  адам  бойындағы 
мінез-құлыққа  үңіледі.  Ол  адамдардың  арасындағы  қарым-қатынастың,  болмыс-бітімінің  сан  алуан 
қырларын дəл танып, байқағыштықпен былай суреттейді: 
 
Жақсының сөзін əркім пайдаланар, 
Миуалы алма-өріктің ағашындай. 
Жаманның көкірегі көр, 
көзі соқыр, 
Жүрер жолдан тал түсте адасып-ай! 
 
Нышаны кем болса да адамдықтың, 
Əркім жүр жақсымын деп таласып-ай. 
Жамандар өтірікші, өсегі көп, 
Ел-жұрттың ірткі салар арасына-ай. 
 
Жалған сөзбен бықсытар ел арасын, 
Жанбай қалған ағаштың шаласындай. 
Соқтығып əркімге бір ұрынады, 
Сиырдың тентек болған танасындай. 
Сондай жанның ешкімге сүйкімі жоқ. 
Жылқының қотыр болған аласындай. 
 
Жақсы адам елдің ерке серкесіндей, 
Халқының қалың жүнді көрпесіндей. 
Жақсы болар баланың жүзі жылы, 
Орыстың күймей піскен бөлкесіндей. 
 
Жақсының айтқан сөзі тиянақты, 
Түйенің аумайтұғын өркешіндей. 
Жақсыға үлкен, кіші бəрі жақсы, 
Жасынан бірге өскен еркесіндей. 
Жақсы кісі көрінер жыл құсындай, 
Жаман адам балтаның ұңғысындай, 
«Олақтан салақ жаман» деген мақал, 
Жамандар түзей алмас тұрмысын-ай. 
 
Жақсы адам жатты да жақын етер, 
Беттескен екі таудың тұрғысындай. 
Жамандар өсек-аяң айтып жүрер, 
Өзінің білмегенсіп қылмысын-ай! 

Каренов Р.С . 
86 
Вестник Карагандинского университета 
Сүйінбай  бұл  толғауында  табиғаттағы  жақсылық  пен  жамандықты  салыстыра  қарайды.  Жақсы 
істің  артықшылығын,  көпке  келтіретін  пайдасын  насихаттайды.  Жаман  істің  елді  дау-шарға 
ұрындыратын  зияндылығын  көрсетеді.  Бұл  арқылы  кемеңгер  ақын  адам  баласы  қай  жағынан  алып 
қарағанда да кіршіксіз таза, адал жанды болуы керек деген қорытынды шығарады. 
Сүйінбай  Аронұлының  философиялық  шығармаларының  ішінде  «Ақын  боп  жиырмамда»  атты 
өлеңінің [1; 48,49] орны  өзгелерінен  оқшау.  Онда  ол  адам  өмірін  кезең-кезеңге  бөледі.  Əр 
онжылдықтың өзіне тəн ерекшелігі мен өзгеру сипатын көрсетеді. Адамның өсу, даму эволюциясына, 
дүниенің динамикасына ерекше көңіл аударады: 
 
Ақын боп жиырмамда желдей болдым, 
Отызда асқар биік белдей болдым. 
Отыз асып, қырыққа келгеннен соң, 
Қаптаған жердің жүзін селдей болдым. 
Қырық асып, елуге келгеннен соң, 
Түбім терең құрақты 
Сұқсыр үйрек жатқан көлдей болдым. 
Елу асып, алпысқа келгеннен соң, 
Салынды, суға кеткен сеңдей болдым. 
 
Алпыс асып, жетпіске келгеннен соң, 
Тап-тақыр ел жайлаған жердей болдым. 
Жетпіс асып, сексенге келгеннен соң, 
Жігіттік көрген түспен теңдей болдым. 
Сексен асып, тоқсанға келгеннен соң, 
Күнде қалып қураған көңдей болдым. 
 
Ақын боп жиырмамда екілендім, 
Қырыққа жазбай келді текірегім. 
Алпыста қарт бурадай күнім-ақ қой, 
Сонда да қайтпай жүрді көкірегім. 
Алпыс асып жетпіске келгеннен соң, 
Тұра алмай орынымнан жер тіредім. 
 
Жетпіс асып, сексенге келгеннен соң, 
Көк тоқты өкпе болған секілдендім. 
Сексен асып, тоқсанға келгеннен соң, 
Ақ үрпек балапандай селкілдедім. 
 
Бұл туындысында ақын барлық тіршілік заттарындағы өзгерістерді даму-дағдару, тасу-тартылту, 
өсу-өшу үстінде болады деген қағида тұрғысынан қарап шешкен. 
Сүйінбайдың  ел  арасында  мақал-мəтелге  толы  афоризмдері  көп. «Нақылдар»  деп  аталатын 
қысқа  да  ойлы,  тұжырымды  сөздері [1; 45–46] соған  дəлел.  Мұнда  ақын  мораль,  этика  мəселелерін 
қозғайды.  Өзінің  өмірден,  қоғамдық  ортадан  көріп-білгендерін  елеп-екшеп,  айналасына  үлгі-өнеге 
етіп ұсынады: 
 
1.  Ыңыршақты мінгенмен, ер болмайды, 
Жағаң үлкен болғанмен жең болмайды. 
Бəрі — адам, бəрі — мал дегенменен, 
Жақсы мен жаман нарқы тең болмайды. 
 
2.  Еліне білінгені — 
Жігіттің дабысы. 
Бəйгеге ілінгені — 
Жүйріктің шабысы. 
 

Ұрпақтан ұрпаққа өнегесі жайылған... 
Серия «Филология». № 3(63)/2011 
87 
3.  Гауһар — көзде болады, 
Сөз асылы сөзде болады. 
Жаман жігіт езбе болады. 
 
4.  Жаман атта жүріс болмайды, 
Жақсы жігітте сыбыс болмайды. 
 
5.  Əйелің жақсы болса — 
Далада отырып дабырла. 
Əйелің жаман болса, 
Үйіңде отырып сыбырла. 
 
6.  Қар үстінде қаз жүрмейді, 
Қас дұшпанға наз жүрмейді. 
 
7.  Болатын бала 
Отбасында талпынады, 
Болмайтын бала 
Кесесінен артылады. 
 
8.  Ер қадірын ел баққан 
Ерлер білер деген сөз. 
Зер қадірын зер соққан 
Зергер білер деген сөз. 
 
Өмірде құны ескірмес, 
Бағасы құнды асыл сөз. 
 
Ақынның  «Нақылдары»  көтерген  мəселесі  жөнінен  тікелей  гуманистік,  тəрбиелік  сипаты  бар 
шығармалар қатарына жатады. 
Елдің  ертеңгі  тағдыры  туралы  көп  ойланып,  тынымсыз  толғанған  ақын  өзінің  тамаша 
философиялық  «Əділеттік  орнаса»  атты  толғауында [1; 33] ел  берекесі  бірлікте  екенін  ескертеді. 
Сыртқы жауға қарсы тұру үшін ауыз бірліктің маңызды ерекше екенін баса айтады: 
 
Жау басынар халықты, 
Басқарушы оңбаса. 
Малша айдап адамды, 
Орынсыз күштеп зорласа. 
Ауға түскен балықтай, 
Шыға алмассың бұлқынып, 
Əділетшің болмаса. 
Күннің көзін жасырар, 
Аспанды бұлт торласа, 
Елдің бағы ашылар, 
Əділеттік орнаса. 
Сүйінбай  ерлікті,  жауға  мейірімсіздікті  жырлайды.  Батырлардың  абзал  қасиеттерін  арамза 
қожалар, байлар мен төрелерге қарама-қарсы қояды. Жастарды батырлар үлгісінде тəрбиелейді: 
Самғай жүйрік жүгірер, 
Аяқтан біреу шалмаса, 
Жау десе батыр киінер, 
Тоқталмас кегін алмаса. 
Ел елдігі бола ма, 
Ермен жауға бармаса. 
Елшілігі бұзылмас, 
Өз жерін жаудан қорғаса. 

Каренов Р.С . 
88 
Вестник Карагандинского университета 
Адамдар  азғындап,  аярлық  асқан  заманда  күн  кешіп  жатқан  қазақ  халқының  келешегі 
Сүйінбайды қатты толғандырады. Оның жүрегі елім деп дүрсіл қағып, тыным таппайды: 
 
Ағаш қалар қурап, 
Жапырақ тамыры болмаса. 
Теңіз де қалар суалып, 
Құятын өзен болмаса. 
Өзен де ағар күшейіп, 
Бастау мен бұлақ самғаса. 
Сүйінбай кетер ағындап, 
Халқым бір мені қолдаса. 
Халықты тілмен қорғадым, 
Сөз шындыққа келгенде, 
Бас кессе де болмадым. 
Құтылып жарлы кеткенше, 
Зорларды сөзбен торладым. 
 
Сүйінбай  Аронұлы — ақындық  өнердің  мəні  мен  мақсатын  терең  түсінген  өнерпаз.  Поэзия 
қадірін  жоғары  қоя  білген  данышпан  ақын,  өмірінің  соңында  адам  ғұмыры  түгелдей  ел  игілігіне 
жаратылуы  керек  деген  азаматтық  тұжырымға  келеді («Жорға  едім  сартылдаған,  самғайтұғын...» 
деген философиялық шығармасы [1; 47]): 
 
Жорға едім сартылдаған, самғайтұғын, 
Бəйге аты шу дегенде шалмайтұғын. 
Жасымнан көп шабылған жүйрік едім, 
Сұңқардай көкке өрлесе талмайтұғын. 
Сүйінбай сөйлер сөзге тарылмаған, 
Жалтылдап жанған оттай жалындаған. 
Саңқылдап қалың қазақ арасында, 
Еліріп өлең айтса арындаған. 
 
Сонымен, Сүйінбайдың философиялық өлеңдері мен нақылдары əрқашан гуманистік ой-санамен 
ұштасып  жатады.  Ол  адам  тағдыры  мен  заман  жайлы  терең  толғанады.  Адамның  ішкі  нəзік 
психологиясын  ақтара  қарап,  оның  əлеуметтік  ортадағы  салмағын  анықтайды.  Өзінің  көз  жеткізген 
ой  қорытындыларын  жасайды.  Адам  бойынан  жақсы  қасиеттердің  табылатындығына  шек 
келтірмейді.  Жас  шақтағы  қайтуды  білмейтін  табандылықтың,  алғыр  сипаттың  адам  өмірінен  алар 
орнын жоғары қояды. Жақсы нышандар кімде  де болмасын бар, тек соның көзін таза сақтай білуге 
құштарлық қажет, өзін-өзі тани, бағалай білуге үйрену керек дейді. 
 
Құсмұрын тастың үстінде 
Ақсұңқар құс шаңқылдар. 
Оны естіп астында, 
Қарға, құзғын барқылдар. 
Саудагер болған ер жігіт, 
Шаһар мен шаһар қатынар. 
«Əтшу» десе қара нар, 
Жүк астында тартынар, 
Ақымақ жігіт белгісі, 
Аз күнгі баққа алқынар. 
Анық туған нəсілдің 
Үлгілік жұртқа салты бар. 
Жақсы менен жаманның 
Шекарасын байқасаң, 
Аспан мен жердей парқы бар. 
Жақсылар, құлақ салсаңыз, 

Ұрпақтан ұрпаққа өнегесі жайылған... 
Серия «Филология». № 3(63)/2011 
89 
Əңгімеміз айтылар. 
Дүние — ескі сарай-ды, 
Жолаушы жүрген азамат 
Көркіне оның қарайды. 
Сонда-дағы тауарих 
Көшіп өткен керуендей, 
Аттандырған талайды, — 
секілді  сом  пішінді  қазақи  философиялық  ойлар («Құсмұрын  тастың  үстінде...»  атты  толғауы 
[1; 34,35]) жоғарыда айтылған пікірімізге кепіл. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1.  Аронұлы С. Ақиық. Толғаулар, сын-сықақтар, айтыстар. — Алматы: Жазушы, 1976. — 140-б. 
2.  Бес  ғасыр  жырлайды: XV ғасырдан XX ғасырдың  бас  кезіне  дейінгі  қазақ  ақын-жырауларының  шығармалары:  Үш 
томдық. — 2-т. / Құраст. М.Байділдаев, М.Мағауин. — 1984. — 336-б. 
3.  Екімыңжылдық дала жыры / Бас ред. Ə.Нысанбаев. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 2000. — 752-б. 
4.  Жолдасбеков М. Жүз жыл жырлаған жүрек: Зерттеу. — Алматы: Жазушы, 1992. — 69-б. 
5.  Үмбетбаев М. Жырдың пірі — Сүйінбай // Қазақ əдебиеті. — 2005. — 22 сəуір. — 5-б. 
6.  Қазақстан Ұлттық энциклопедия: — 8-т. / Бас ред. Б.Аяған. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 2006. — 704-б. 
7.  XIX ғасырдағы қазақ ақындары. — Алматы: Ғылым, 1988. — 306-б. 
8.  Қазақ Совет энциклопедиясы. — 10-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қаз. Сов. энцикл. Бас ред., 1977. — 468-б. 
9.  Жеті ғасыр жырлайды: Екі томдық. — 1-т. — Алматы: Жазушы, 2004. — 391-б. 
10.  Сүйіншəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 577-б. 
11.  Садырбаев С. Алтын діңгек // Егемен Қазақстан. — 2005. — 10 қырк. — 4-б. 
12.  Садырбайұлы С. Өлең — сөздің жарық жұлдызы // Жұлдыз. — 2008. — № 12. — 265-б. 
13.  Ерғалиев Х. Сөз піріне мен бекер сыйынбаймын // Қазақ əдебиеті. — 1990. — 5 қазан. — 9-б. 
14.  Сүйінбай. Өтеген батыр: Аңыз-дастан // Жұлдыз. — 1990. — № 11. — 134–141-б. 
15.  Жалайыр Ж. Қасқараудан шыққан Өтеген // Жұлдыз. — 2004. — № 3. — 176-б. 
16.  Тарихи тұлғалар. Танымдық-көпшілік басылым / Құраст.: Б.Тоғысбаев, А.Сужикова. — Алматы: «Алматыкітап» ЖШС, 
2006. — 376-б. 
 
 
 
 

Ысқақұлы С. 
90 
Вестник Карагандинского университета 
ƏОЖ 82 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет