№3(63)/2011 Серия филология



Pdf көрінісі
бет11/12
Дата22.12.2016
өлшемі1,77 Mb.
#82
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

С Ы Н    
К Р И Т И К А  
ƏОЖ 94:821.512.122 
Сегіз қырлы, бір сырлы телегей дарын иесі  
Құлтума ақын туралы құнды зерттеу 
*
 
Əбдуов М.І., Қазбеков Т.Б. 
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
В статье предпринята попытка обобщить жизнь и деятельность видного поэта Култумы Утемисулы. 
Рассмстривается  его  вклад  в  развитие  казахской  поэзии  второй  половины  ХIХ  столетия  и  начала 
ХХ в. Особое внимание уделяется его айтысам, в которых он часто выходил победителем благодаря 
своему несомненному таланту и словесному дару. 
Attempt to generalize life and activity of visible poet Kultumy Utemisuly becomes. its contribution to devel-
opment of the Kazakh poetry of second half ХIХ of century and the XX-th century beginning had been con-
sidered. The special attention is given to its verses in which he often came out the winner because of the 
doubtless talent and verbal gift. 
 
Қазіргі  кезде,  егемендігіміз  нығайған  тұста,  əдебиетіміз  бен  мəдениетіміздің  кешегісі  мен 
бүгінгісін  мейлінше  əділдікпен,  шынайы  шығармашылық  парасат  тұрғысынан  пайымдау  уақыты 
туған шақта, əдеби мұраларымызды байыппен саралап, тереңдей зерттеп, ақиқаттың алақанына салу 
қажеттігі  алға  тартылып  отыр.  Замана  міндеттерінің  бірі — бұрын-соңғы  əр  түрлі  дəрежеде 
зерттелген  мəселелерге,  қаламгер  шығармашылығына  қайта  айналып  соғып, оларға  жаңа заманның, 
тəуелсіз  ой-парасаттың  тұрғысынан  лайықты  бағасын  беру.  Осы  келелі  міндеттерді  шешуде  қол 
жеткізілген бір құндылық — туғанына 175 жыл толуына орайластырылып шығарылған белгілі ғалым, 
қаламгер, академик Рашит Əл-Каренидің (Кареновтің) «Ойы ұшқыр, өлеңі сұлу Құлтума ақын» атты 
ғылыми-əдеби монографиясы [1]. 
Монографияда  кеңдігін  де,  елдігін  де,  кемеңгерлігі  мен  көсемдігін  де  сөзге  сыйғызған  қазақ 
жұртының  тарихы  мен  тағдырын,  тəлімі  мен  тəрбиесін,  даналығы  мен  даладай  көңілін  сиқыр  сөзге 
ұштастырып жырлаған Құлтума Өтемісұлы туралы өзекті ойлар кең көлемде, мол мұрағат деректер 
негізінде, ғылыми тұрғыда дəйекті зерттеліп жазылған. 
«Ер есімі ел есінде» демекші, қазақта бағасын ұлылардың қатарынан баяғыда алған қадірменді 
бабаларымыз қаншама. Ел ұйытқысын сақтау үшін кіндік қаны тамған қасиетті отанын қара бұлттай 
төнген  алакөз  жаулардан  қасықтай  қаны  қалғанша  қорғаған  батырларды,  ағайын-жұрт  арасында 
ауызбіршілік пен ынтымақты ту етіп көтерген би-шешендер мен ақын-жырауларды, өнер адамдарын 
халық əрқашан құрметтеген, ардақтаған, қастерлеген. 
Əрбір  өнер  туындыларының  өз  шебері,  жасаушы  өнерпаздары  болатыны,  ешбір  өнер 
туындысының  көктен  даяр  күйінде  түспейтіні  əркімге  ақиқат.  Сондай-ақ  қазақ  поэзиясын 
жасаушылар  да  өз  халқының  арасында  туып-өскен  елінің  талантты  перзенттері.  Əр  тұста  ағаштан 
түйін  түйіп,  қыш  пен  тасқа  ою  ойып,  мəрмəрден  мүсін  салған  шеберлер  сияқты  сөз  кестесін  құра 
білген,  тіл  құдіретін  игерген  асыл  сөз  шеберлері  болған.  Оларды  халық  əр  түрлі  атаулармен  атап, 
қадірлеген. Солардың ішінде қазақ ауыз əдебиетінің айтыс жанрының жақұттай жарқыраған жұлдызы 
Құлтума  ақынның  тұрары  хақ.  Құлтума  Өтемісұлының  есімі  қазақ  əдебиеті  тарихында  төкпе  ақын, 
                                                      
*
  
Рашит Əл-Карени (Каренов). Ойы ұшқыр, өлеңі сұлу Құлтума ақын. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2011. — 176 б.
 

Əбдуов М.І., Қазбеков Т.Б. 
104 
Вестник Карагандинского университета 
əйгілі  əнші,  дарынды  композитор  ретінде  ерекше  аталады.  Ол — Біржан  сал  мектебінен  тағылым 
алып, оның өнерін əрі қарай жалғастырғандардың бірі. 
Ақын  Құлтуманың  шығармашылығы  жөнінде  жеткілікті  деңгейде  терең  деуге  болатын 
зерттеулер көп емес. Бұдан Құлтума ақынның мұрасы мүлде елеусіз қалды деген ұғым тумаса керек. 
Ақынның  өмірі  мен  өлендерін  таныстыруға,  талдауға  арналған  мақалалар  кейінгі  жылдары  көбірек 
жарық көре бастады. 
Құлтуманың творчествосын (шығармаларын) барынша қадағалап, жинастырып, зор еңбек еткен 
адам — академик Ахмет Жұбанов. Оның бұл ретте үлкен зерттеушілік жасағанын атап айтқан жөн. 
А.Жұбанов  өзінің  көп  жылдар  бойында  жүргізген  ғылыми-зерттеу  жұмысының  нəтижесі — 
«Заманама  бұлбұлдары»  атты  кітабында,  əнші  Қосымжан  Бабақов  туралы  берілген  əңгімесінде, 
Құлтумаға байланысты мынадай қызық деректер келтірген: «Қосымжан Бабақов берген Құлтуманың, 
Біржанның, Ғазездің, Қапаштың, Ақан серінің əндерін осы жолдардың авторы да Латиф Хамидимен 
бірігіп  жазған  «Абай»  атты  операсында  пайдаланды...  Қосымжан  шын  мəнісінде  əннің,  оның 
тарихының  шежіресі,  мұрағаты  болатын.  Қайта  біз  өзіміздің  əлі  де  арылып  болмаған 
надандығымыздан  оның  көптеген  асыл  əндерін,  əдемі  əн  айналасындағы  əңгімелерін  жаза  алмай 
қалдық.  Соның  өзінде  де  ол  осы  жолдардың  авторына  Құлтуманың,  Қапаштын,  Балуан  Шолақтың, 
Жаяу Мұсаның, Ғазездің, Ыбырайдың, Біржанның, Ақанның біз естімеген көптеген əндерімен қатар, 
олардың  өмірбаяндарына,  өлеңдеріне  қатысты  талай  деректер  беріп  кетті.  Кеңестік  музыка  зерттеу 
ғылымы үшін ол үлкен қолқабыс деп қарау керек» [2]. 
Құлтуманың  «Шабыт  шақыру», «Бір  ақынға», «Термелер», «Билер  жөнінде», «Өмір  туралы», 
«Қарттық  жөнінде»  деген  белгілі  термелері,  өлеңдері,  нақылдары  əр  жылдары  шыққан  «Бес  ғасыр 
жырлайды» [3], «Жеті  ғасыр  жырлайды» [4], «Шешендік  шиырлары» [5], «Беташар:  Той-томалақ 
кітабы» [6; 199,200] деген жинақтарда жарияланды. 
Бізге  жеткен  осы  бір  азғантай  ғана  мұралар  мөлдірлігімен,  таза  тілімен,  дүниені,  болмысты 
образды  ойлар  арқылы  бейнелеуімен,  ақындық  ойлау  жүйесінің  ассоциациялық  байланыстарға 
жүгіну шеберлігімен, поэзиялық лексикасымен ерекшеленеді. 
Автор аталмыш еңбегін «Ойы ұшқыр, өлеңі сұлу Құлтума ақын» деп атауы да сондықтан болар. 
Ақынның шығармашылық туындылары тақырыбы жағынан алғанда, моральдық-эстетикалық сипаты 
күшті, ал əлеуметтік қырынан қарастырғанда, өз заманының қара нардай шөгіп жатқан қырсықтарына 
қарсылық жасайды. Халықтың қанын сорған ел билеушілерінің іс-əрекетін аяусыз суреттейді. 
Автордың  пайымдауынша,  ақынның  ғибратты,  парасатты  ойға  құрылған  нақыл-термелерінде 
мағыналы,  сұлу  тіршілік  кешуге  үндеушілік  бар.  Ақын  өз  шығармаларында  жақсы  адамның  «аты 
арып, тоны тозбайтынын», яғни халықтың этикалық кодексін алға тартады. 
Автордың зерттеп көрсеткеніндей, XIX ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішінде Құлтума 
ақынның қазақ əдебиетінде алатын орны алабөтен. Ақ жаңбырдай ақтарылған ақпа ақынның телегей-
теңіздей  бұрқанған  талантына  өз  тұстастары  да,  кейінгі  ақын-жыраулар  да  бас  иген.  Əрі  ақын,  əрі 
əнші, əрі композитор Құлтума Өтемісұлы — сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі болған. 
Монографияда  ақынның  айтыс-қағыстары,  өлең-жырлары,  музыкалық  шығармалары 
халқымыздың  өнерін,  даналығын  танытқандай,  ұрпақтар  ғибрат  алғандай  асыл  мұра,  əдеби  қазына 
екендігі жоғары пафоспен паш етілген. 
Автордың  байқағанындай,  қазақ  əдебиеті  мен  өнерінің  тарихында  өздерінің  ерекше 
шығармашылық қырларымен көзге түсетін бір топ ақын-композиторлар бар. Олар: Біржан сал, Ақан 
сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ т.б. 
Қазақтың  бұрын-соңғы  сал,  сері  ақындарының  дəстүрін  жалғастырып,  поэзия  мен  музыканы 
шебер  ұштастыра  біліп,  оны  жаңа  көркемдік  мазмұнымен  толықтыру  да,  қалың  бұқараның  ой-
армандарын  білдіретін  өршіл  сарындармен  байланыстыру  да  бұл  ақындардың  шығармашылық 
дүниесінен  мол  табылады.  Солардың  қатарында  тұрғандардың  бірі,  белгілі  айтыс  ақыны — атақты 
Құлтума Өтемісұлы. Өкінішке орай, қазақтың XIX ғасырдың екінші жартысында жəне XX ғасырдың 
басында  жасаған  əйгілі  ақындарының  бірі,  сазгер  əрі  əнші  Құлтума  күні  бүгінге  дейін  əдебиет 
тарихының шежірелі жинағынан қалыс қалып келген еді. Мұның басты себебі — тоталитарлық жүйе 
негізіндегі, өткен мұраға деген теріс көзқарас нəтижесінде, ақын мұрасының жөнді жинастырылмай 
қалуы  болатын.  Сондықтан  автор  ардақты  өнер  иесінің  мерейтойына  орай  біздің  заманға  жеткен 
азды-көпті  мұрасын  бөліп-жармай,  тұтасымен  жариялауды  жөн  көріпті.  Халқымыздың  өткен 
ғасырлардағы  əдебиет  əлеміне  көз  салсақ,  бірқатар  жыр  дүниелері  ежелгі  жыраулық,  ақындық 

Сегіз қырлы, бір сырлы телегей дарын... 
Серия «Филология». № 3(63)/2011 
105 
дəстүрде  танылса,  біразы  əнші-ақындығымен,  əнші-жыршылығымен  бой  көрсетеді.  Кейбіреулері 
тұтқиылда қолма-қол өлең сайысына түсер айтыскерлігімен танылады. 
Автордың пайымдауынша, айтыс — қазақ халқына Алланың берген таңғажайып тартуы. Бойына 
бірнеше  өнерді  топтастырған  синкретті  жанрдың  табиғаты  ауызша  жаралып,  ұрпақтан  ұрпаққа 
ауызша таралып келеді. Бұл өнердің тағы бір кереметі — талай азуын айға білеген ұлттардың ауызша 
қалыптасқан  дəстүрлері  жаңа заманның  қомағай  көмейіне  жұтылып  кетіп  жатқанда  көштен  қалмай, 
жазу-сызу  дамыған  ХХ  ғасырда  да,  электронды  технология  қарыштаған  ХХІ  ғасырда  да  өзінің  кез 
келген жағдайға бейімделе алатынын дəлелдеп берді. Оны аман сақтап тұрған тамыры тереңге кеткен 
ақындық мектептердің іргетасының беріктігі болса керек. 
Өткен ғасырларда қазақ даласының əр аймағында дамыған ақындық мектептер болды. Олардың 
көш  басында  айтулы  айтыс  ақындары  тұрды.  Мəселен,  Сүйінбай,  Құлмамбет,  Майкөт,  Жамбылдар 
бастаған Жетісу ақындарының мектебі; Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Тұрмағамбет, Нартайлар бастаған 
Сыр  сүлейлері  мектебі;  Біржан  сал,  Ақан  сері,  Үкілі  Ыбырай,  Жанақ,  Орынбай,  Кемпірбайлар 
бастаған  Арқа  сал-серілері  мен  ақындары  мектебі;  Абыл,  Нұрым,  Қашаған,  Ақтандар  бастаған 
Маңғыстау  ақындарының  мектебі;  Майлықожа,  Мəделіқожа,  Құлыншақ  ақындар  бастаған  Қаратау 
ақындары мектебі бабалар мұрасының бүгінде қаймағы бұзылмай жетуінің алтын көпірі бола білді. 
Қорғалжын-Теңіз аймағы да ежелден əн мен күйге, өлең-жырға өте бай екені қашаннан белгілі 
ғой. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырда өмір сүрген атақты ақындар, жыршылар, шежіре 
таратушылар,  имандылықты  уағыздаған  дастандарды,  қиссаларды  айтушылар  осы  маңай 
тұрғындарының сүйіктілері бола білген. Олар — əрі батыр, əрі ақын Тоқа, ақын-жырау Досмағамбет 
қожа,  Үлебай  ақын,  күйші-жыршы  Бікірдің  Ілиясы,  майталман  ақын  Түсіп,  атақты  суырып  салма 
ақын  Шаймерден.  Жəне  бұл  аймақ  Мариям  Жагорқызы  (М.Рекина)  мен  Рабиға  Есімжанова, 
Қосымжан Бабақов пен Жұмабике Серікбаева сынды саңлақтарды өмірге əкелген өңір. 
Бір  ерекше  айта  кететін  жайт,  ерте  кезде  ел  аралап,  талай  тойда  өлең  айтқан,  сан  айтыста 
сараман жүйріктікпен жүлде алған ақындардың көбінің-ақ өлеңі хатқа түспей, бірте-бірте ұмытылған 
ғой. Құлтума  мұрасы  да  дəл  осындай  халге  душар  болған. Автордың  топшылауынша, бізге  жеткені 
оның ағыл-тегіл төккен жырының жұрнағы ғана болуы мүмкін. Бірақ осының өзінен де айтулы өнер 
иесінің тіл кестесі, сөз өрнегі танылғандай. 
Құрманғазы,  Біржан  сияқты  өмірде  қанша  қорлық  көрсе  де  өз  орындарын  сезіп  кеткен 
жандардың бірі осы Құлтума. Бұған ел аузында əнге тіркеп айтып жүрген: 
Сұрасаң, менің атым — Құлтума-ды, 
Момыннан Құлтумадай ұл тумады. 
Қолға алып домбыраны шырқағанда, 
Тамсантып, шіркін, көмей бұлтылдады! — 
дейтін  əншінің  өзі  салған  автопортретіндей,  оның  асқақ  ойын,  асқан  талантын,  асқардай  дауысын, 
асқақ үнін, өмірде анау-мынауға имейтін алтын басын бір шумақ өлеңмен беріп тұрған сөзі дəлел. 
Құлтума жас кезінен өлеңдегі көркем сөз ұйқасын, айтылу, естілуін, орындаудағы екпін ырғағын 
дыбыстың  сан  алуан  толқындарына  бағындырған.  Оның  шығармаларында  мағынасыз  жолдар, 
орынды, орынсыз көркем сөздің артық-кем ұйқасы жоқтың қасы. Əрбір сөз орнында, өзіне ғана тəн 
мағыналық қызметін атқарып, жарастық тапқан. Ақын-композитор адам жанының ең бір түкпірінде 
жатқан құпия сырларын қозғайтын əдемі, үнді, ойнақы сөздер мен дыбысты шебер мəнерлей біледі. 
Артистерге тəн сан алуан құбылмалы мінез Құлтуманың өлеңдеріне əсерін тигізбей қоймайды. Оның 
жүріс-тұрысының шапшаң, түрлі өзгерістерге лезде ұшырауы бірде қайралған қылыштай өткір, кейде 
қалжың-əзілі  аралас,  кейде  терең  философиялық  мағынаға  тəн  жырлардың  пайда  болуына  əкеліп 
соғады.  Ақын  поэзиясына  өмірдің, адамның  жарастықты  көркем  көріністері, жастықтың  нəзік  сезім 
күйлері, сыршылдық тəн. 
Құлтума Өтемісұлы − өзі жасаған заманның перзенті, өзі өмір сүрген дəуірдің өнерпазы: ақыны, 
əншісі,  композиторы.  Өнер  адамының  өрге  жүзуі  өз  бойындағы  творчестволық  күшке,  өзі  өскен 
ұлттық  ортаға,  өнер-білім  дəнін  сепкен  жанға  рухани  азық  беріп,  ой-қиялын  дамытқан  туысқан 
халықтардың озық адамдарының ізгі ықпалдарына тығыз байланысты. Асылы, қазақ топырағындағы 
озық  бұқарашыл  идеялардың  қарыштай  дамуының  ең  күшті  себебі  өркениетті  елдер  мəдени 
жетістіктерінің  арқасы, XIX ғасырдың  екінші  жартысында  жасаған  революцияшыл  демократтар 
идеясына сүйенген орыстың бай классикалық əдебиеті, өнері. Шоқан, Ыбырай, Абайларды туғызған 
əдеби  орта  қандай  десек,  Біржан,  Ақан,  Құлтума,  тағы  басқа  өнерпаздардың  жетістіктері  де  сол 
қауымға  ұштасады.  Ұлы  Абай  қазақ  поэзиясында  жаңалық  жаршысы  болып,  оның  реалистік  бетін 

Əбдуов М.І., Қазбеков Т.Б. 
106 
Вестник Карагандинского университета 
ашса,  музыка  өнерінің  қазақ  топырағындағы  жаңа  бағытын  Біржан,  Ақан,  Құлтума  бастап  береді. 
Бұлардың  өнерімізді  дамытудағы  əсерлері,  олардың  өскен  орталары,  алған  өнегелері, 
творчестволарының қайнар көзі — бəрі сабақтас. 
Кезінде  Құлтума  ақын  өз  бетімен  ізденіп,  өнеріне  жаңа  ырғақ,  əуен  тауып,  оны  халқының 
керегіне жұмсай білді. Көршілес елдер, халықтар өмірімен танысты. Қазақ елінің біраз қалаларында 
болды. Көп нəрсені көріп білді, құлағына жаңа үн ырғақтары сіңді. Елі-жұртынан бөлініп, қалың қара 
шаруа  тобынан  оғаштанған  уақыты  болған  емес.  Өзінің  дер  шағындағы  талант  табыстарын  түгел 
дерлік  жас  ұрпаққа  арнап,  солардың  жүректерін  тебірентер  тамаша  туындылар  жасады.  Жоғары 
адамгершілік идеяларға толы өміршең поэзия, асқақ та əсем əн əуендерін қалдырды. Жастық шақтың 
кеудені  керген  армандарын,  басына  түскен  мұңын,  адамның  жан  сұлулығын,  мөлдір  махаббат 
сезімдерін  жылуы  мол  жалынды  жырмен  толғап,  əсем  əуенмен  аспандата  əндетті.  Көптеген  сазды, 
сəнді лирикалар қалдырды. 
Құлтума  поэзиясының  асыл  арнасы  қазақ  халқының  бай  ауыз  əдебиетінде,  музыкалық 
фольклоры қазынасында жатыр. Жасынан ел аралап ділмар шешендермен кездесіп, сөз сымбаттарын 
үйреніп,  шешендік  дəстүрлерін  игереді.  Төкпе  ақындар  өнеріне  де  жетік  болып,  талай  айтыстарға 
қатысады. 
Қазақтың  ақындар  айтысы — қазақ  халқының  өлең  өнері  мен  ақындық  шабыт  шалымының 
салтанатты  көрінісі.  Суырып  салма  ақындар  мен  төкпе  жыраулардың  көп  алдындағы  нақ  майданда 
өнер көрсететін сахнасы. 
Ақындар айтысының мазмұны сан-салалы, онда: салт жырлары, махаббат лирикасы, алма-кезек 
сайысқан  өткір  сын,  ойнақы  əзіл-қалжың,  жұмбақ  өлең,  ата  өлең,  тау  өлең,  қара  өлең,  қайым  өлең 
сияқты өлең түрлерінің бəрі айтылады. 
Қазақ  арасында  айтыстың  өрісі  өте  кең.  Ол  бала  туған  шілдехана  тойынан  бастап,  ұлы  дүбір 
мерекелердің бəрін өткізіп отырады. Жастарды сөз өнеріне баулитын жаттығу сипатты айтыстар кең 
өріс  алған.  Айтыс — қазақ  халқының  ақындық  өнерінің  тамаша  дəстүрі  жəне  ақындыққа  баулып 
шыңдайтын мектеп. 
Құлтума Өтемісұлы — аса дарынды айтыс ақыны. Құлтуманың айтыстары мол болуы да мүмкін, 
алайда бізге жеткендері көп емес. 
Ол  кезінде  Шөже,  Орынбай  ақындардан  тəлім  алып,  олармен  сөз  сайысына  түскен.  Біржан 
салмен  өнер  жарыстырып,  жақын  қарым-қатынаста  болған.  Біржан  сал  Құлтумаға  ұстаз,  жан  аямас 
асыл дос ретінде қазақ əнінің табиғаты мен оның қисапсыз құпия құбылыстары туралы ақыл-кеңестер 
беріп отырған. 
Қолжазба  деректеріндегі  сипаттауларға  жүгінсек,  Құлтума  ұзын  бойлы,  жазық  маңдайлы,  қыр 
мұрынды,  көзі  мойылдай  қара,  кеудесі  шалқақ,  жарқын  жүзді  кісі  екен.  Əн  шырқап,  өлең  төгер 
алдында  ұшар  құстай  қомданып,  дүр  сілкініп,  өзін  сергек,  ширақ  ұстайтын  көрінеді. «Еу,  деп» 
айғайлап  алып,  есіктен  төрге  дейінгі  аралықта  аққан  селдей,  ескен  желдей  ақындықтың  ырғағына 
тұтас беріліп, қанаттанып кетеді екен [6; 12]. 
Құлтума Жаяу Мұса, Басықараның Қанапиясы, Ақан сері, Балуан Шолақ, Əздембай, Ғазиз, Үкілі 
Ыбырай, Кемпірбай, Иман Жүсіп, Ағаш Аяқ, Сабырбай, Шашубай сияқты əнші, ақын, сал-серілермен 
қарым-қатынаста болған. Ол қазақ даласының түкпір-түкпірін аралай жүріп, Сыр бойында да кеңінен 
танылады. Осы жерде əйгілі ақын қыпшақ Ырысбаймен айтысқанда оны жеңіп шығады. 
Ақын  заман  жайын  сөз  еткенде,  ел  басшыларының  əділетсіздігі  мен  парақорлығын,  момынды 
аунатып  жеген  қорқау,  қомағайлығын  бүкпей,  ашық  айтады.  Халық  қамын  ойлайтын  ерлер 
болмайынша ел-жұрттың алдағы күні қараң деген қорытындыға келеді. Бұған «Базыл болысқа» деген 
өлеңіндегі пікірлері жарқын дəлел: 
Біз енді қайда барып сыя аламыз. 
Сынған бір шам үстіне пияламыз. 
Бұл күнде тұрымтайдай сиқымыз жоқ, 
Төсекте босқа отырып буланамыз. 
«Осы шал тамақ аңдып келді ме?» деп 
Айтуға аз нəрсені ұяламыз. 
Қарапайым  халық  ортасынан  шығып,  кедейлердің  ауыр  тұрмысын  сезініп  өскен  Құлтума 
парақор билер мен пасық байларға қарсылығын уытты мысқыл мен ащы шындыққа толы сатиралық 
өлеңдерінде айқын білдіреді. 

Сегіз қырлы, бір сырлы телегей дарын... 
Серия «Филология». № 3(63)/2011 
107 
Автордың аталмыш кітабында Құлтума ақынның өмір мұраты, заман бейнесі, тебірене жырлаған 
шығармалары, əрқилы нақылдары, толғаулары, айтыстары сегіз тарауға топтастырылған. 
Алғашқы  тарауларда  Құлтума  ақынның  ата-тегі,  өмір  сүрген  жылдары,  жастық  шағы,  айтыс 
ақыны  ретінде  таныла  бастауы,  атап  айтқанда,  Құлтуманың  Ырысбай  ақынмен  айтысы,  Намаз 
ақынмен кездесуі, Асаубай шешенмен қақтығысуы, Исабек ақынмен айтысуы, Құлтума мен Қожабай 
арасындағы сөз сайысы жайлы жазылған. 
Ортаңғы  тарауларда  Құлтума  ақынның  халық  арасына  кең  тарап  кеткен  нақыл-термелері, 
бəйіттері,  толғаулары  беріліп,  Құлтуманың  əнші,  домбырашы,  композитор  ретіндегі  бейнесі 
суреттелген. 
Ұлытау  өңірін  мекендеген,  Бағаналылардан  (Найман  руы)  шыққан  əрі  шешен,  əрі  би  Ерден 
батырдың тұлғасын Құлтума ақынның өшпестей өлеңмен сомдауына арнайы тарау арналған. 
Кітаптың  соңғы  тарауларында  Құлтуманың  өз  тұсындағы  білікті,  қадірлі  кісілермен  қарым-
қатынаста  болуы  жайлы  жазылып,  ақын  талантын  мадақ  еткен  мəнді  сөздер,  жанды  куəліктер 
келтірілген. 
Сөйтіп ұзақ жылдар бойы айтылмаған «үнсіз» жылдарды кешіп өткен Құлтума ақын алдымызға 
қайта  жарқырап  келді. «Өлген  тірілді,  өшкен  жанды»  демекші,  Тəуелсіздікке  қол  жеткізіп  отырған 
таңда Құлтума ақынның жалынды өлендері қайта оқылып, ұлтымыз  ардақты ұлының есімін мақтан 
ететін болдық. 
Тұтастай  алғанда,  көрнекті  ғалым  Рашит  Əл-Каренидің  (Кареновтің) «Ойы  ұшқыр,  өлеңі  сұлу 
Құлтума  ақын»  атты  кітабы  əдебиетіміздің  заманауи  талаптарынан  туындайтын  өзекті  тақырыпқа 
жазылған  еңбек  деп  бағалауға  болады.  Бұл  еңбек  əйгілі  айтыс  ақыны  Құлтума  Өтемісұлының 
мұрасын танып, бағалау барысында өзінің деректерімен де, ой-түйіндерімен де оқушы қауымға азды-
көпті көмегін, пайдасын тигізер деген үміттеміз. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1.  Каренов (Əл-Карени) Р.С. Ойы ұшқыр, өлеңі сұлу Құлтума ақын. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2011. — 176 б. 
2.  Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. — Алматы: Дайк-Пресс, 2001. — 335, 336-б. 
3.  Бес  ғасыр  жырлайды: XV ғасырдан XX ғасырдың  бас  кезіне  дейінгі  қазақ  ақын-жырауларының  шығармалары:  Үш 
томдық. — 2-т. / Құраст. М.Байділдаев, М.Мағауин. — Алматы: Жазушы, 1984. — 232-238-б. 
4.  Жеті ғасыр жырлайды: Екі томдық. — 2-т. — Алматы: Жазушы, 2004. — 50-55-б. 
5.  Шешендік  шиырлары:  шешендік  сөздер,  нақылдар  мен  толғаулар  жинағы / Құраст.  І.Есхожин. — Алматы:  Қайнар, 
1993. — 225, 226-б. 
6.  Беташар: Той-томалақ кітабы / Құраст., алғы сөзін жаз. Ж.Дəуренбеков. — Алматы: Өнер, 1991. — 256 б. 

108 
Вестник Карагандинского университета 
МЕРЕЙТОЙ  ИЕЛЕРІ  
НАШИ  ЮБИЛЯРЫ 
Əдеби тіліміздің бір ғасырлық тарихын зерттеген ғалым 
 
А.Байтұрсынұлы  атындағы  Тіл  білімі  институтының  бастауымен 
қазақ ғылымы белгілі тілтанушы, филология ғылымдарының  докторы, 
профессор Бабаш Əбілқасымовтың 80 жылдық мерейтойын атап өткелі 
отыр.  Ғылымдағы  жолын  қазақтың  əдеби  тілінің  тарихын  зерттеуге 
арнаған  ардақты  ұстаз,  көрнекті  ғалым  Бабаш  Əбілқасымов  туралы, 
оның қазақ тіл біліміндегі ерен еңбегі жайлы айту абзал деп есептейміз. 
Өйткені  бар  болмысымен  зиялылықтың  үлгісін  көрсетіп,  жүзінен 
жылылық  кетпейтін  ағамыз  əрі  ұстазымыз  біз  сияқты  көптеген 
жастарды  ғылым  нəрімен  сусындатып,  олардың  ғылымдағы 
ізденістеріне жетекшілік етті. 
Қазақ тіл білімінде əдеби тіл мəселелерін арнайы зерттеген ғалым 
Б.Əбілқасымовтың  алғашқы  ізденістері  ұлттық  баспасөзіміздің 
алғашқы қарлығаштары «Түркістан уəлаяты газеті» мен «Дала уəлаяты 
газетінің» тілін зерттеуден басталады. Себебі «жалпы газет-журнал тілі 
дегеніміздің  өзі  əдеби  тілдің  бірнеше  стильдік  тармақтарын  қамтиды»  дей  келіп,  зерттеуші-ғалым 
газеттер  бетінен  көркем  əдебиет  стиліне  жататын  туындыларды  да,  ғылыми  əдебиеттер  стиліне 
жататын мақалаларды да, тіпті іс қағаздары үлгілерін де кездестіруге болатынын айтады. Сондықтан 
«қазақ тіліндегі алғашқы газеттердің беттерінде жоғарыда аталған стильдердің негіздері қаланғанын 
көреміз», «қазақтың сан ғасырлық тарихында қолданылып келген сөз байлығын қағаз бетіне түсірді», 
«газеттер  арқылы  қазақ  жазуының  кейбір  заңдылықтары  қалыптасты,  қазақ  тілінің  грамматикалық 
жүйесі едəуір жетілдірілді», «газеттер жазба əдеби тілдің дамуына зор ықпал жасады». 
«Алғашқы газеттерде аударма тəжірибесінің бастапқы қадамы жасалынды», Б.Əбілқасымовтың 
тұжырымдауынша, «Түркістан  уəлаяты  газеті»  қазақ,  өзбек  тілдерінде  шыққандықтан,  ондағы 
материалдардың  бірінен-біріне  аударылып  берілуі  мүмкін,  бірақ  оның  түпнұсқасының  қай  тілде 
болғанын айыру қиын. Газеттегі ресми материалдардың орыс тілінен аударылып берілгені сөзсіз. Бұл 
материалдардың  орыс  тіліндегі  нұсқасы  сақталмағандықтан,  аударманың  тілі  жайында  айту  мүмкін 
емес. Мұнда аудармамен қатар қазақша жазылған материалдар да бар, орысшасы «Туркестанские ве-
домости»  газетінен  алынған  болу  керек.  Ал  «Дала  уəлаяты  газетінің»  орысша,  қазақша  мəтіндері 
сақталған, сондықтан оларды бір-бірімен салыстырып қарауға əбден болады. 
Қазақ газеттерінің қазақ халқының тарихындағы, мəдениетіндегі, əдеби тілінің қалыптасуындағы 
орнын  жоғары  бағалай  отырып,  ғалым  Б.Əбілқасымов 1971 жылы  жарық  көрген  «Алғашқы  қазақ 
газеттерінің  тілі»  атты  іргелі  монографиялық  еңбегінде  аталмыш  газеттердің  фонетика-
орфографиялық жүйесін, грамматикалық құрылысын, лексикасын жан-жақты қарастырады. 
ХІХ  ғасырдағы  əдеби  тіліміздің  сыр-сипатын  тереңірек  əрі  толық  ашу  үшін  көптеген  жылдар 
ізденіп,  тынбай  еңбек  еткен  ғалымның 1982 жылы  жарыққа  шыққан  «ХІХ  ғасырдың  екінші 
жартысындағы  қазақ  əдеби  тілі»  атты  монографиялық  зерттеуі  қазақ  баспа  нұсқаларының  тіліне 
арналады.  Қазақ  əдеби  тілінің  даму,  жетілу  жолдары  туралы  толық  мəлімет  беретін  бұл  еңбегінде 
тілдік  талдауға  түскен  нұсқаларды  ғалым  «ХІХ  ғасырдың  екінші  жартысында  жазба  түрде 
қолданысқа түскен қазіргі жазба əдеби тіліміздің даму, қалыптасу жолдарын дəлелдейтін, сол тұстағы 
қазақ  жазба  əдеби  тілі  жайында  түрлі  фактілер  беретін  аса  қажетті  тарихи  материал»  деп  табады. 
Бұл мұралардың бірқатары 1988 жылы шыққан «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ əдеби тілінің жазба 
нұсқалары» атты кітабында берілген. 

Əдеби тіліміздің бір ғасырлық тарихын... 
Серия «Филология». № 3(63)/2011 
109 
ХІХ  ғасырдың  екінші  жартысында  жазба  əдеби  тілдің  екі  түрі — «кітаби  тіл»  жəне  қазақтың 
жаңа жазба əдеби тілі қатар өмір сүргендігін зерттеушілердің біразы айтып жүр. Қазақ əдеби тілінің 
даму  ерекшеліктерін  жүйелі  əрі  жан-жақты  зерттеп  жүрген  Б.Əбілқасымов  ХІХ  ғасырдың  екінші 
жартысында Ыбырай мен Абай негіздеген қазақтың жаңа жазба əдеби тілі қалыптасқанға дейін қазақ 
қаламгерлерінің  пайдаланған  тілін  «кітаби  тіл»  емес, «қазақтың  көне  жазба  əдеби  тілі»  деп  атауды 
ұсына  отырып,  қазақ  жазба  əдеби  тілінің  қалыптасу,  даму  тарихын  үлкен  үш  кезеңге  бөліп 
қарастырады:  қазақтың  көне  жазба  əдеби  тілі  (ХVІ  ғасырдан  ХІХ  ғасырдың  ІІ  жартысына  дейін), 
қазақтың жаңа жазба əдеби тілі (ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін), 
қазақтың қазіргі əдеби тілі. 
Аталған  зерттеудің  жалғасы  ретінде  ХХ  ғасырдағы  қазақ  əдеби  тілін  жаңаша  зерделеген, 
қазақтың жаңа жазба əдеби тілі мəселелеріне арналған «ХХ ғасырдағы қазақ əдеби тілі» (2000 жылы 
шəкірті  филология  ғылымының  докторы,  профессор  Ш.Мажитаевамен  бірлесіп  жазған)  атты  еңбегі 
де əдеби тіл тарихын зерттеушілер үшін тілдік деректерге толы, белгілі дəрежеде жүйеленген құнды 
зерттеулердің қатарында саналады. 
Ғалым  қазақ  тіліндегі  ғылыми  əдебиеттің  алғашқы  нышаны  ретінде  қазақ  арасында  қолжазба 
күйінде тараған, кейін кейбіреуі басылып та шыққан «Шежіре» аталатын жазбалардың болғанын айта 
келе,  бұл  шежірелер  құрылысы,  баяндау  стилі,  көлемі  жағынан  əр  түрлі  болып  келген.  Ата-
бабалардың  аттарын  хронологиялық  тəртіппен  түзген  схема  іспеттес  қысқа  түрлері  де,  тарихи 
шығарма түрінде келетін күрделі туындылар да болғандығын дəлелдейді. 
Осындай шежірелердің ішінен Хиуа ханы Əбілғазы Баһадұрдың ХVІІ ғасырда жазған «Шежіре-и 
түркі» атты шығармасын атауға болады. Бұл шығарма — Шыңғыс хан тұсында, одан бұрынғы жəне 
кейінгі  дəуірлерде  Орта  Азия,  Қазақстан,  Таяу  Шығыс  елдерінде  болған  оқиғалар  мен  мемлекет 
басқарған  қайраткерлер  жүргізген  саясат  жайындағы  жылнама.  Қазақ  ғалымдарының  арасынан 
шығарманың  тілін  түбегейлі  зерттеген  Б.Əбілқасымовтың  пікірінше,  шежіре  деген  аты  болмаса,  ол 
жоғары ғылыми деңгейде жазылған шын мəніндегі тарихи шығарма деуге болады. 
Ғалым  «Əбілғазы  ханның  «Түркі  шежіресі»  жəне  оның  тілі»  атты  еңбегінде  оның  авторы, 
зерттелу  тарихы,  əдебиет,  тіл  ғылымдары  үшін  маңызы  жайында,  лексикалық  жүйесі  мен 
грамматикалық  құрылысын,  орфографиялық  ерекшеліктерін  сөз  етеді.  Шежіреден  біз  қазақ  халқын 
құраған рулар мен тайпалардың көне тарихы, тұрмыс-тіршілігі мен мəдениеті, этнографиясы жайлы 
көптеген  деректер  табамыз.  Б.Əбілқасымов  «Шежіренің»  негізгі  қолжазбасы  мен  баспа 
нұсқаларының  тілін  оның  көшірмелері  мен  қазақша  аудармаларымен  салыстыра  отырып  зерттей 
келе,  Баһадұр  ханның  «Түркі  шежіресі»  деректік,  əдеби,  танымдық  жақтарынан  өзге  шежіре  типті 
еңбектерден  өзіндік  ерекшеліктері  бар  шығарма,  оның  тіл  ғылымы, оның  ішінде  түркітану  ғылымы 
үшін  маңызы  өте  зор  деген  қорытынды  жасайды.  Сонымен  қатар  зерттеуші  кітаптың  «Түркі 
шежіресі» аталып, барша түркі халықтарының ортақ тарихын сөз етуге арналғандықтан, оны барлық 
түркілерге түсінікті тілде жазуды мақсат еткенін, ол тіл ретінде Əбілғазы ХІ–ХІІІ ғасырлардағы көне 
қыпшақ тілін негізге алғанын, сондықтан басқа жазба ескерткіштерге қарағанда шығарма тілі қыпшақ 
тобына  жататын  тілдерге,  соның  ішінде  қазақ  тіліне  мейлінше  жақын,  түсінікті  екендігін  айтады. 
Өйткені қазақ тілі — қыпшақ тілінің тікелей мұрагері. Ғалым Шежіренің тілдік ерекшеліктерін жан-
жақты сипаттаған, түпнұсқасын, оның транскрипциясын қоса берген монографиясын оқырмандарына 
2001 жылы ұсынды. 
Бабаш Əбілқасымов — он шақты монографияның, 200-ден астам ғылыми мақаланың, ғылыми-
көпшілік еңбектің авторы. 
Ғалымның  жетекшілігімен  көптеген  докторлық-кандидаттық  диссертациялар  қорғалды. 
Ізденушілерінің зерттеулері қазақ тіл білімінің сан-саласын қамтиды. 
Б.Əбілқасымов  ғылыммен  айналыса  жүріп,  жоғары  оқу  орындарында  білімді  жастарды 
тəрбиелеу ісіне де белсенді үлес қосып келеді. 
Қазақ тіл білімі ғылымында өзіндік орны бар, əдеби тіліміздің зерттелуіне үлкен еңбек сіңірген, 
үнемі ізденіс, үзіліссіз жазу үстінде отыратын тəлімгер ғалым ағамызға ұзақ жасаңыз дегіміз келеді. 
 
Мажитаева Ш.М., филол. ғыл. д-ры, профессор, 
Рапишева Ж.Д., филол. ғыл. канд., доцент, 
Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет