Алфавит, дыбыс пен әріп. Тіліміздегі әріптердің рет-ретімен түзілуін алфавит дейміз. Алфавит деген сөздің грек тілінің алғашқы екі әрпінің (альфа, бета) атынан алынғандығы, ондағы әріптердің жалғыз дыбыс болып та ( а, ә, е, и, о, ө, у, ұ, ы, і) екі дыбыс болып та айтылатын (е- йе, ю- йу, я- уа), қысқа й және үнді у, в /ве, г/ге, д/де, ж/же, з/зе, п/пе, т/те, ц/це, ч/че түрінде немесе ғ/ға, к/ка, қ/қа, х/жа, һ/һа, ш/ша, щ/ща, түрінде, немесе л/эл, м/эм, н/эн, р/эр, с/эс, ф/эф айтылатынын түсіндіру қажет.
Алфавитте дыбысты таңбаламайтын айыру (ъ) белгісі мен жіңішкелік (ь) белгілердің бар екендігін, айыру белгісі мен жіңішкелік белгілерінің тек орыс тілі арқылы енетін сөздерде ғана жазылатынын ерекше атау жөн.
Әрбір тілдің дыбыстары мен әріптерін жақсы білу, әрқайсысының өзіндік ерекшелігін ажырату- тілді игерудің негізгі жолы. Дыбысты естиміз, айтамыз. Дыбыс дыбыстау(сөйлеу мүшелері арқылы жасалады. Дыбыстау мүшелерінің қызметін түсіндіргенде оқулықпен қатар І.Кеңесбаев (Қазіргі қазақ тілі. Лексика. Фонетика. 1975.) пен Ш.Сарыбаевтың (Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері. 1956.) еңбектерінде айтылатын көп жағдайларды ескере отырып, оқушыға нақтылы мысалдар арқылы түсіндіру қажет.
Жазуда дыбыстың орнына қолданылатын шартты таңбаны әріп дейміз. Әріпті көреміз, жазамыз. Дыбыс- табиғи құбылыс, әріп- жасанды нәрсе. Әріптің таңбасы ыңғайсыз болса, оны қолдануға ыңғайлы таңбамен өзгерте аламыз. Мысалы, қазақ тіліндегі дауысты- ұ әрпін 1951 жылдың 15 тамызына дейін у әрпімен таңбалап келдік.
Тілде алфавиттің әр түрлі болуына байланысты әріптер де әр түрлі болады. Қанша дыбыс болса, сонша әріп болуы керек. Әріп пен дыбыстың саны бірдей болуы шарт емес. Әдетте дыбыстан гөрі әріптің саны көбірек болады. Дыбыс кедергіге ұшырамай (а, ә, ы), кедергіге ұшырап та (м, б, т) дыбыстар жасалуы мүмкін екенін білдіру қажет (М.Дүйсебаева).
Дауысты дыбыстарды оқыту. Тіліміздегі дауысты дыбыстар дыбыс жасауға қатысатын тіл, жақ, ерін сияқты актив мүшелердің қызметіне қарай жуан, жіңішке, ашық, қысаң, еріндік, езулік болып бөлінеді. Қазақ тілінде 12 дауысты дыбыс бар (а,ә,и,е,э,о,ө,ұ,ү,у,ы,і ). Дауысты дыбыс әріптерін жазбай, тек ауызша түсіндіру дұрыс емес, мұндай жағдайда айтылған ережелер есте ойдағыдай сақтала бермейді.
Дауысты дыбыстардың тілдің қатысына қарай жіктелуін түсіндірген кезде рентген сәулесі арқылы түсірілген суретті көрсете отырып түсіндіріледі. Дауысты дыбыстың тілдің қатысына қарай жіктелетінін таблица арқылы берген жөн.
Тілдің қатысына қарай
а, о, ұ, ы
Жуан
ә, ө, ү, і
Жіңішке
Бұл схемаға ал — әл, ауа — әуе, от — өт түрінде жуанды-жіңішкелі тіркесте келетін мысалдарды пайдалану қажет.
Ал қазақ тіліндегі и, у дауысты дыбыстары айтуда қосынды дыбыстар екенін тиісті мысалдар (жазұу, келүу) беру арқылы еске түсіріледі. Дауысты и, у, дыбыстары жуан да, жіңішке де айтыла береді. Ол ерекшелікті мына схема арқылы түсіндіру орынды:
қи, қиын,жиын ширақ (адам)
и ки, киім, жиі ширек (ғасыр)
у алу, қу, ағу,басу қону
білу, үгу, егу, есу көну
Қазақ тілінде и, у дауысты дыбыстарының бірде жуан, бірде жіңішке айтылуына екітүрлі жағдай әсер етеді. Біріншіден, дауысты и, у дыбысының жуан не жіңішке айтылуына сол сөз ішіндегі жуан, жіңішке дауысты дыбыстардың (алу, білу, басу, есу) әсері болады. Сондықтан и, у дыбыстары бірде жуан, бірде жіңішке айтылады. Екіншіден, дауысты и, у дыбыстарының жуан не жіңішке айтылуы сол сөз ішіндегі дауыссыз қ- ғ, к- г дыбыстарының әсерінен болады. Өйткені қазақ тілінде жуан буынды сөзде (қағаз,ғалым)- қ-ғ, ал жіңішке буынды сөздерде (гүл, кереге) к- г әріптері жазылады. Бұл қазақ тілінің сөздері үшін заңдылық.
Дауысты дыбыстың жақтың қатысына қарай ашық, қысаң болуын үйреткенде көрнекілікті (схема, таблица т.б.) пайдаланып құлаққа естілу сазына назар аударту керек (а,ә,о,ө,э- ашық дауыс., ы,і,и,у,ү,ұ- қысаң дауыс.).
Дауысты дыбыстың еріннің қатысына қарай еріндік (о,ө,ү,ұ,у), езулік (а,ә,е,э,ы,і,и) болып бөлінуін түсіндіру қиын емес.
Ашық, қысаң дыбыстардың және дауысты дыбыстың еріндік және езулік ерекшелігін байқату үшін салыстыру әдісін қолдану пайдалы. Яғни бір еріндік, бір езулік дыбысты қосақтап ( о- а, ұ- ы, о- е) айтсақ, дыбыстың еріндік, езулік болып жіктелу қасиеті бірден байқалып тұрады (А.Исабаев. Фонетиканы оқыту. 1965., К.Тұрғанов. Фонетиканы оқыту. 1975.).