3)өздік жұмыс ұғымы, оның түрлері, өздік жұмыстарға қойылатын дидактикалық талаптар
Оқушының өздігінен орындайтын жұмысы деп, берілген уақыт аралығында мұғалім басшылығымен, бірақ оның тікелей қатысуынсыз атқаратын белсенді танымдық іс-әрекетін айтамыз [3].
Оқушыларға өздік жұмысты орындату кезінде өздік жұмыстардың бір-бірімен тығыз байланысты мынадай екі міндетін ескеру қажет:
Оқушылардың танымдық қызметіндегі дербестікті дамыту және білімді өздігінен игеруге дағдыландыру;
Оқушылардың игерген теориялық білімдерін іс жүзінде қолдана білуге үйрету.
Оқушылардың өздігінен атқаратын жұмыстары ой еңбегін дамытуға бағытталады және берілген тапсырмаларды орындаудың ең тиімді тәсілдерін өздігінен іздестіруін мақсат етеді. Оқу сабақтарында және сабақтан тыс уақыттарда оқушылардың орындайтын өздік жұмыстарының мынадай түрлерін атап айтуға болады: оқулықпен, оқу құралдарымен және анықтамалық әдебиеттермен жұмыс істеу; есептер мен мысалдарды шығаруға және түрлі жаттығуларды орындауға байланысты өздік жұмыстар; үлестірмелі материалдармен жұмыс істеу; әртүрлі тақырыпқа байланысты баяндамалар, хабарламалар жасау; реферат жазу; көрнекіліктер дайындау; саяхат кезінде өлшеуге немесе есептеуге байланысты практикалық сипаттағы тапсырмаларды орындау және т.б.