- әлеуметтік педагогиканың өзінің әдіснамасы - ғылымтану ұстанымы тұрғысында әлеуметтік педагогиканың мәнін тану деңгейі: гносеологиялық (әлеуметтік-педагогикалық құбылыстарды тану); логикалық-гносеологиялық (таным логикасын танып-білу және технологиялық әлеуметтік-педагогикалық шындықты қалай танып-білу);
- әлеуметтік педагогиканы танып-білу және қайта құру әдіснамасы – субъекті (әлеуметтік-педагогикалық тапсырысты анықтаушы мемлекеттің және әлеуметтік-педагогикалық қызметті және оны бағалауды атқаратын маманның) ұстанымы тұрғысынан әлеуметтік-педагогикалық болмыстың сапасын танып-білу және бағалау деңгейлері: аксиологиялық (әлеуметтік-педагогикалық құбылыстарды бағалау), дүниетанымдық (әлеуметтік-педагогикалық болмысты танып-білуге, қайта құруға және бағалауға қажетті) және әдістемелік (әлеуметтік-педагогикалық болмысты танып-білу, қайта құру және бағалау технологияларын іске асыру тәсілдері).
Әлеуметтік педагогиканың әдіснамалық білімдер құрамындағы әдіснамалық ұстанымдар И.А. Липскийдің ғылыми еңбектерінде кеңінен талданған.
Әлеуметтік педагогикада ұстанымдар әлеуметтік оқыту және тәрбиенің негізгі заңдылықтарын көрсетеді, солардан туындайды және сондықтан, өзінің өмір сүруі мен әрекеттерінің обьективтік табиғатын құрайды. Олардың әрқайсысы әлеуметтік педагогтің теориялық негіздемелері мен практикалық қызметінің міндетті ережелері мен талаптарын ұсынады. Ұстаным нормативтік-реттеуші қызметтіатқарады, белгілі бір заңдылықтың, оның атқарылу шарттарын немесе практикалық қызметті күнделікті бақылаудың нәтижесін және одан туындайтын және белгілі бір ережелер, талаптар, ұсынымдар түрінде рәсімделген қорытындылар болып табылады.
Әлеуметтік педагогиканың оқулығының авторы, танымал ғалым Л.В. Мардахаев ұстанымдарды былайша бөліп қарастырады:
–ғылым ретінде әлеуметтік педагогика ұстанымдары. Олар: жалпы әдіснамалық сипатта және жалпы ғылыми пән ретінде әлеуметтік педагогикаға тән болады. Мұндай ұстанымдар: ғылымның заңға теңесетін бастапқы қалпы; негізінде заңдардың тобы жататын неғұрлым жалпы ереже; занның жекеше іске асырылуы. Мұндай ұстанымдарға ғылымилық, обьективтілік, тарихилық, практикаға байланыстылық жатады;
–практика ретіндегі әлеуметтік педагогика ұстанымдары (тікелей айтқанда, әлеуметтік-педагогикалық қызметті ұйымдастыруды негіздейтін ұстанымдар). Олар орындалуы әлеуметтік-педагогикалық қызметтің жоғары ұйымдастырылуын және тиімділігін қамтамасыз етуге ықпал ететін бастапқы базалық ережелерді, талаптарды білдіреді;
–әлеуметтік саланың мамандарын даярлау бойынша білім беру ұстанымдары. Бұл жоғары (орта кәсіптік) мектеп ұстанымдары, олардың талаптарын орындау мамандарды даярлаудың сапасын қамтамасыз етеді: Мұндай ұстанымдарға, сондай-ақ, жалпы сипат тән, жоғары (орта кәсіптік) мектептің заңдылықтарын көрсетеді және олардың талаптарын жоғары (орта) кәсіби мамандарды даярлауда ескеру қажет. Сонымен, бірге ғалым табиғатқа сәйкестілік, жеке тұғырлық, гуманизм, әлеуметтік-педагогикалық әрекеттің тұлғаға шартты шарттылығы, әлеуметтік педагогтің кәсібилігі мен әрекетінің нәтижелілігінің өзара байланыстылығы, мәдениетке сәйкестілік, әлеуметтік шарттылық, ортаға шартты байланыстылық, өмір мен тәрбие бірлігі тәрбие ортасының ашықтығы ұстанымдарының мазмұнын ашып көрсеткен.
Сондай-ақ, И.А. Липский әлеуметтік педагогиканың ғылыми-мәселелік алаңының дамуына болжау жасап, осы саладағы зерттеулердің деңгейлерінің иерархиясын құрастырып, ізденіс бағыттарының матрицасын ұсынған.
В.С. Торохтийдің басқаруымен даярланған «Әлеуметтік педагогика» оқулығы мен практикумында әлеуметтік педагогиканың ұстанымдары сипатталған. Автор табиғатқа сәйкестілік, мәдениетке сәйкестілік, гуманизм, әлеуметтілік сияқты төрт әдіснамалық ұстанымдардың ғылыми әлеуетін сипаттай келіп, қосымша осы әдіснамалық ұстанымдарды жүзеге асыруға қажет ұйымдастырушылық, кәсіптік және интегративтік ұстанымдарының зертеудегі мүмкіндіктерін баяндайды.
Қорыта айтсақ, әлеуметтік педагогиканың ұстанымдары – оның теориялық негіздерінің маңызды құрамдас бөліктері, өзінің мазмұнында олар тұлғаның әлеуметтік ортада әлеуметтенуін зерттеуге және әлеуметтік-педагогикалық үдерісте қолдануға қажет ережелер, талаптар жинағы десек болады. Аталмыш ұстанымдар ХХ ғасырдағы педагогиканың мазмұнынан да табылатын-ды.
Сондықтан, академик Төлеген Тәжібаевтың Қазақстанның ХІХ ғасырдағы оқу-ағарту ісі мен мектеп жайындағы екі монографиялық еңбегінде, педагогикалық психология саласында К.Д. Ушинский мен қазақтың ағартушы демократы, педагог Ы. Алтынсарин шығармашылығы және психология ғылымының салалары бойынша жүргізілген зерттеулерінде, 1962 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «ХІХ ғасырдың ІІ жартысында педагогикалық ой-пікірдің дамуы» атты еңбегінде мектепке дейін отбасы мен ата-аналар тәрбиесінің қазақ балаларына ықпалы неғұрлым өнегелі әрі табысты болатынын Қазан төңкерісіне дейінгі дәуірлерден алынған мысалдармен дәйектей отырып, сол себепті баланың сезімталдығы мен ақыл-ойының өсуі әлдеқайда шапшаң деген пікір айтады. Демек, академик баланың ақыл-ой саласында әлеуметтенуін мұқият зерттеп барып, осындай қортындыларды ұсынып отыр.
Сондай-ақ, Қазақстанда оқу-ағарту ісі мен білім берудің жай-жапсарын отбасы мен ауыл өңірінен басталатыны жөніндегі пікірлерін Төлеген Тәжібаев өзінің «Қазақстанда қазақ баларының ауыл мектептері мен тәрбиеленуі» деген ғылыми еңбегі мен зерттеулерінде арнайы зерделеген. Ғалымның қазақ баларының өнегелі өмірінің қалыптасуын ата-ана мен халықтың тіршілік тынысымен байыптап түсінуге болады деген тұжырымы - тәрбиеге әлеуметтің әсерлерін, тәрбиенің әлеуметтік тұғырын, сипатын ғылыми деңгейде пайымдағанының айғағы. Сонымен бірге, қазақ халқының бала тәрбиесіне деген көзқарасының ғылыми-тарихи очерктерінде де дәйекті түрде тұжырымдалуы халықтық тәрбиенің тұлғаның әлеуметтенуіндегі ықпалын көрсеткені деп ұғу қажет. Академик Төлеген Тәжібаевтың баланың жан-дүниесінің дамуы, халықтың тәлім-тәрбиеден бастау алса, ақыл-ойы сана-сезімі жақсы жетіледі деген ғылыми тұжырымы орыс педагогы К.Д. Ушинскийдің бастауыш мектепте бала тек ана тілінде білм алуы керек деген идеясын дамытып, білім беру жүйесіндегі осы уақытқа дейін мәселе болып отырған сұраққа жауабы деп пайымдаған жөн болар. Бала мінезінің жағымды, саналы болып қалыптасуы, ең алдымен, ата-ананың отбасындағы тәрбиесінде, халықтың игілікті салт-дәстүрін бойына сіңірген өсуінде деген ой қорытындының ұстаздың бүкіл ғылыми зерттеулерінде өзекті мәселе болуы отбасы педагогикасына, әлеуметтік педагогикадағы отбасының тұлғаны әлеуметтендіру мазмұнына және қазақтың этникалық педагогикасына қосқан шынайы үлесі десек артық болмас.
Академик Төлеген Тәжібаевтың еңбектеріне жасалған қысқаша талдаудың өзінен біз ғалым сол кездің өзінде әлеуметтік педагогиканың табиғатқа сәйкестілік, мәдениетке сәйкестілік, гуманизм, әлеуметтілік сияқтыұстанымдарын әдіснамалық, теориялық және тәжірибелік деңгейде шебер қолданып, осы ұстанымдар жүйесін педагогика мен психология ғылымдарына енгізуге ат салысқанын аңғардық.
Төлеген Тәжібаевтың педагогикалық-психологиялық мұрасын біздің еліміздегі мәңгілік ел идеясын жүзеге асыруда толығымен пайдалану мақсатында білім беру мен оның мәселелерін зерттеуді әлі де терең ойластырып, іргелі және қолданбалы жобаларды шынайы көкейкесті, саяси да ғылыми мәнді әлеуеті бар ізденістерге бағытталғаны абзал деп түсінеміз.