Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858—1931, Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған) — ойшыл, фольклор танушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы. Арғын тайпасы Сүйіндік руы Күлік бөлімінен шыққан. Араб және парсы тілдерін жетік білгенімен қоймай, көп тілді білген ғұлама.
Ол өлең жазумен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырумен де айналысты. Шежірелер мен айтыстарды, көптеген тарихи жырларды хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманаттады. Сонымен бірге, ол күллі ғұмырын қазақ халқын сауаттандыруға жұмсады десек те болады. ҚАЗАҚТЫН ЖЕРІ, “Күн батысы – Сырдария, күншығысы – ұзын аққан Ертіс, оңтүстігі – Жетісу өзені, солтүстігі – Еділ, Жайық. Бұл қазақ иесіз жатқан жерге келіп ие болған жоқ, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қазыбек би, Шақшақ Жәнібек батыр заманында жаннан кешіп, сусын орнына қызыл қан ішіп, жаудай алысып, жаттай салысып, күні-түні атысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз, сарбаздары жау жолында оққа ұшырап өліп, сөйтіп алған жері еді...”
Мәшһүр Жүсіп жинаған фольклор үлгілерінің басым көпшілігі – аңыз бен әңгімелер. Мұндағы аңыздар: жер-су аттары.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының аңыз-әңгімелерді, тарихи әңгімелерді, шешендік сөздерді қағазға түсірумен ғана шектелмей, фольклордың басқа да жанрлық түрлерін, атап айтқанда, тұрмыс-салт жырларын, эпос, ертегі, мақал-мәтел, ақындар айтысын, т.б. жинағаны белгілі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинаған фольклорлық үлгілерге жанрлық жағынан келетін болсақ, ел аузынан тұрмыс-салт жырларының 30-40 шақтысы топталған.
Мәшһүр Жүсіп фольклорды этнографиялық мәліметтердің көзі деп қарастыруын аламыз. Яғни, белгілі бір халықтардың шығу тегіне, рулық құрамына, қоныс аударуына, қалыптасуына, тіпті олардың тұрмыс-тіршілігіне, қоршаған табиғи ортасына, киетін киімдері мен кәсібіне, рухани мәдениетіне т.б. қатысты деректердің Мәшһүр жазбасында молынан ұшырасуы назар аудартады. Мәселен, “Бұл қазақ қай уақыттан үш жүз атанған” әңгімесі ішінде “Алаш” деген қай ел, не себепті олай айтылғандығы, “Жүз” деген атау қайдан шыққандығы төңірегіндегі аңызға ақын өз көзқарасын да бірге берген: “Бұрынғы заманда қазақтың Жүз деген де аталарының аты болса керек. “Жүз” деген атты ұруға, “Алаш” деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда “Алаш, алаш” деп шабыңдар, “Алаш, алаш” демегенді әкең де болса ұрып жық деп бата қылысыпты. Кеше “Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш, ұранымыз Алаш болғанда үш жүздің баласы қазақ емес пе едік” деп айтылған сөз сонан қалды. Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, өз алдына отау тіккен емес, әр жұртқа бұратана қоңсы болып жүрген.