Дүниежүзілік шаруашылықтың аумақтық құрылымы ─ аумақтық элементтердің бір-бірімен тығыз байланыстағы бірлестігі. «Аумақтық элементтер» деп шаруашылық іс-әрекеттердегі, адамдар қоныстануындағы географиясына орай пайда болған ірі қала агломерациясын, өнеркәсіп аудандарын, рекреациялық зоналарды, негізгі көлік магистралдарын айтамыз. Ол көрініс бірорталықты, көпорталықты немесе аралас болып келуі мүмкін.
Дамыған елдердің шаруашылығының аумақтық құрылымы. Экономикасы дамыған елдердің аумақтық құрылымына барлық аумаққа тірек болатын өнеркәсіпті аудандар мен орталықтардың, ірі қала агломерацияларының тығыз орналасуы, көлік тораптары мен магистралды жолдардың жиілігі, интенсивті ауыл шаруашылығының рекреациялық туристік зоналар, технопарктердің өркендеуі тән. Бұл құрылым ұзақ жылдар бойы қалыптасады.
Дамыған елдерде экономикалық аудандар жүйесінің төрт типі қалыптасқан. Жоғары дамыған аудандар өнеркәсіптің қарқынды дамуымен ғылымды көп қажет ететін өндіріс салаларын өркендетуге ғылым мен ғылыми қызмет көрсету және өндірістік емес салаларды тартуға қолайлы жағдай тудыруымен ерекшелінеді.
Жоғары дамыған ауданға АҚШ-тың халық саны мен экономикалық әлеуеті өте жоғары Калифорния штаты мысал болады. ЖІӨ көлемі жағынан бірқатар жоғары дамыған елдерден ғана артта қалатын, ғылымды ең көп қажет ететін өнеркәсіп салалары шоғырланған бұл штатты «Мемлекет ішіндегі мемлекет» деп те атайды. Калифорния штаты ЖІӨ жан басына шаққандағы мөлшері жағынан дүние жүзінде бірінші орын алады.
1990 жылдары Еуропада технопарктер және технополистер пайда бола бастады. Олар өндіріске жоғары технологияларды енгізуде жетекші рөл атқаратын инновациялық үрдістерді ұйымдастыруға негіз болды. Олардың ішіндегі біршама тиімділеріне Нидерландтағы Энсхед қаласындағы бизнес пен ғылым паркі (саябағы), Германиядағы Мюнхен агломерациясы, Франциядағы София-Антиполисі жатады.
Аумақтық құрылымда аса ірі қала агломерацияларындағы ғылыми зерттеу және тәжрибелік-конструктрорлық жұмыстардың (ҒЗТКЖ) рөлі артуда. Мысалы, Германиядағы ескі өнеркәсіп орталықтарындағы өндірістің қарқынды жаңаруы байқалатын Майн-дағы Франкфурт, Гамбург, Рейн-Рур конурбанизациясы (бірнеше ядролы, көпорталықты қала агломерациясы типі. Германиядағы аса ірі компьютер құрал-жабдықтарын шығаратын «Сименс» компаниясы елдің оңтүстік және оңтүстік-шығысы мен Берлин қаласында шоғырланған.