Халықаралық экономикалық құрамдасу дүние жүзінің барлық елдерін, дүниежүзілік шаруашылық пен халықаралық еңбек бөлінісін қамтиды.
Халықаралық экономикалық құрамдасу жекелеген ұлттық шаруашылықтар арасында терең, әрі тұрақты өзара байланыстарды дамыту және еңбек бөлінісін орнату негізінде елдердің шаруашылықтық және саяси бірігу үрдісі. Мемлекетаралық экономикалық құрамдасудың ең жоғарғы нышаны жалпы экономикалық, қаржы-валюталық саясат жүргізетін экономикалық және валюталық одақ болып табылады. Мемлекетаралық экономикалық құрамдасу бір-бірімен өзара байланысқан бірнеше сатыдан тұрады.
Бірінші кезеңде көршілес елдердің шекара аймағында экономикалық-географиялық жағдайы қолайлы шектеулі шағын аумақта кедендік және сандық жеңілдіктер берілген өнеркәсіптік тауарлардың халықаралық саудасы жүргізілетін еркін сауда аймағы (ЕСА) құрылады. Олардың қатарына Исландия, Норвегия, Швейцария және Лихтенштейн енетін Еуропаның еркін сауда қауымдастығы ─ ЕЕСҚ (ЕАСТ). Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық ұйымы ─ АТЭЫ (АТЭС) жатқызуға болады. Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық ұйымының мақсаты аймақтың экономикалық өркендеуі мен нығаюын қамтамасыз ету. Оның құрамына Аустралия, Бруней, Канада, Индонезия, Жапония, Корея Республикасы, Малайзия, Жаңа Зеландия, Филиппин, Сингапур, Таиланд, АҚШ, Тайбей, Қытай, Мексика, Папуа-Жаңа Гвинея, Чили, Перу, Ресей, Вьетнам кіреді.
Екінші кезеңде көршілес мемлекеттер өздерінде өндірілген өнімді өткізетін нарық қалыптастыру үшін белгіленген біртұтас кедендік тарифі бар және біртұтас сауда саясатын жүргізетін кедендік одақ құрады. Олардың қатарына Бельгия, Нидерланды, Люксембургты қамтитын Бенилюксті, Еуразиялық экономикалық қауымдастық шегіндегі (ЕврАзЭС) Қазақстан, Беларусь, Ресей Федерациясы енетін Кеден одағы жатады.
Үшінші кезеңде құрамына енетін елдердің шекарасы арқылы тауар мен қызмет көрсету, сонымен қатар, өндіріс факторлары қаржы еркін қозғалатын Жалпы нарық (ЖН) құрылды. Оның құрамына Боливия, Колумбия, Перу, Эквадор енетін Анд тобы; Кариб алабына жататын шағын мемлекеттер енетін Оңтүстік Америка елдерінің сауда-экономикалық одағы Кариб қауымдастығының жалпы нарқы (CARICOM); Гватемала, Гондурас, Коста-Рика, Никарагуа, Сальвадорды қамтитын Орталық Америка елдерінің сауда-экономикалық одағы болып табылатын Орталық Американың жалпы нарқы; Аргентина, Бразилия, Уругвай және Парагвайдың арасындағы келісімге сәйкес құрылған Оңтүстік Американың экономикалық және саяси одағы болып табылатын Меркосур (Оңтүстік конустың жалпы нарқы); Кеден одағына енетін Қазақстан, Беларусь, Ресей Федерациясы мемлекеттерінің құрамдасуы нәтижесінде түзілген Біртұтас экономикалық кеңістік жатады.
Төртінші кезеңде одаққа енетін елдердің бір-бірімен жақындасуынан ортақ ақшасы, заң шығарушы, атқарушы органдары бар экономикалық одақ құрылады. Оған Бельгия, Германия, Италия, Люксембург, Нидерланд, Франция, Ұлыбритания, Дания, Ирландия, Грекия, Испания, Португалия, Аустрия, Финляндия, Швеция, Венгрия, Кипр, Латвия, Литва, Мальта, Польша, Словакия, Словения, Чехия, Эстония, Болгария, Румыния енетін Еуропа Одағы мысал болады.