6-дәріс. Септік жалғау және көптік жалғау. Жалғауларды танып-танытудағы қайшылықтар


Көптік қосымшасының ерекшеліктері



бет3/4
Дата18.10.2023
өлшемі22 Kb.
#118008
1   2   3   4
Көптік қосымшасының ерекшеліктері
А.Байтұрсынұлы жалғауларды жай жалғау (көптеу, септеу), жақ жалғау (тәуелдеу, жіктеу) деп топтастырса, Қ.Кемеңгерұлы жалғаудың 3 түрін ғана көрсетеді. Олар: септеу, тәуелдеу, жіктеу. Ал көптік жалғауын жалғаулар қатарында танымайды. Ғалым көптік мән үстейтін қосымша ретінде -лар/-лер аффиксін ғана атайды да, оның жинақтау ұғымын білдіретін сөздерге жалғанбайтынын айтады. Жинақтау ұғымын білдіретін сөздерге Қ.Кемеңгерұлы аю-саю, түйе-мүйе сияқты екінші сыңары с, м дыбыстарына ауысқан қос сөздерді жатқызады.
Көптік мәннің берілу жолдарын түсіндіруде де ғалымның Н.Ильминский, М.Терентьев, П.Мелиоранский, И.Лаптев, Н.Созонтов еңбектерімен таныс болғаны байқалады. Алайда Н.Ильминский, П.Мелиоранский, Н.Созонтов еңбектеріндегі көптік жалғау халық, ру аттарына, жануар, дене мүшелерінің атауларына, қос сөздерге (бала-шаға) жалғанбайтыны туралы ойларын ғалым өз еңбектерінде келтірмейді. Бұл орайда Қ.Кемеңгерұлы мұндай сөздерге көптік жалғауының жалғана алатынын, алайда оның өзіндік стильдік жүгі, мағыналық ерекшелігі болатынын ескеріп, көптік қосымшасын жалғаулар қатарында қарастырмаған деп ойлаймыз.
Көптік жалғауын жұрнақ деп тануынан Қ.Кемеңгерұлының грамматикалық категорияның өзіндік ерекшелігін терең түсінген («категория» атауын өзі де қолданған) ғалым болғандығын аңғаруға болады. Қазақ тілінің өзіндік ерекшелігіне сәйкес‚ жалпы есімдер көптік жалғауы жалғанбай-ақ заттардың атын жинақтап көрсетіп‚ көптік ұғымды білдіре алады (ағаш‚ қағаз т.с.с.). Сол себепті көптік жалғаулы сөз бен көптік жалғауы жалғанбаған сөз бір-біріне қарама-қайшы жұп құрай алмайды. Екіншіден‚ категория ретінде танылу үшін оның ішінді біртектес‚ мәндес кем дегенде екі грамматикалық мағына‚ тұлға болуы қажет. Ал көптік форманы білдіретін -лар/-лер‚ -дар/-дер‚ -тар/-тер қосымшалары - бір жұрнақтың варианттары ғана. Яғни‚ ол парадигма құрай алмайды. Осындай ерекшелігіне байланысты зерттеуші көптік тұлғасын – септік‚ тәуелдік‚ жіктік жалғаулардың тобынан бөлек алып‚ оны форма тудырушы жұрнақтар қатарына қосқан. Оның үстіне жалғаулардың негізгі қызметі – сөздерді байланыстыру болса‚ көптік жалғауы (жіктік жалғауының ІІ жағынан басқа жағдайда) ондай қызмет атқара алмайды бала келді - балалар келеді т.с.с.
Ғалымның жалғауларға байланысты ой-тұжырымдары С.Аманжолов еңбектерінде де жалғасын тапқан. С.Аманжолов Қ.Кемеңгерұлы ізімен жалғауларды зат есім аясында ғана қарастырмай, жеке сөз етумен қатар барлық зат есімдерге көптік жалғауы жалғана беретінін айтады. Бірақ ғалым көптік қосымшасын жалғау ретінде таниды. Ал кейінгі еңбектерде бұл тұжырым ескерусіз қалып, «көптік категориясы морфологиялық, лексикалық, синтаксистік тәсілдер арқылы беріледі» деген пікір орныға бастайды. Соның нәтижесінде көптік кетегориясының морфологиялық тәсілмен жасалуына -лар/-лер жұрнағы; лексикалық тәсілмен жасалуына көптік жалғауын қабылдамай-ақ көптік мәні бар халық, ел аттары, ұсақ заттар, абстракт зат есімдер, жинақтық ұғымды білдіретін сөздер ретінде түлкі, қоян т.с.с. сөздер аталып, осы топқа ата-ана, ұсақ-түйек сияқты қос сөздер жатқызылып келді; ал синтаксистік тәсіл арқылы жасалуы деп сан есім мен зат есімнің тіркесуі‚ қайталама қос сөздер, топ, аз, әлденеше, көп т.б. сөздермен тіркесуі түсіндіріліп келді. Көптік категориясын осылайша сипаттаған еңбектердің қатарында Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев «Қазақ тілінің грамматикасы» (1944), «Қазіргі қазақ тілі» (1954), «Современный казахский язык» (1962)‚ А.Данияров «Категория множественности в современном казахском языке» (1965) [174]‚ «Қазақ тілінің грамматикасы» (1967); А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі» (1974) т.б. еңбектерді жатқызуға болады.
Ы.Маманов «Қазақ тіліндегі көптік форма» деген мақаласында:
- халық аттары, хайуан аттары, қосарлы дене мүшелерінің аттары т.б. сөздердің жинақтылық мағына білдіре алмайтынын;
- жинақтылық ұғымды қос сөздер ғана білдіре алатынын;
- көп, мол, қыруар, бірталай, әлденеше т.б. сөздердің білдіретін көптік ұғымы олардың ішкі семантикасынан екендігін, ендеше‚ олар грамматикалық көптік форма бола алмайтынын;
- сан есім және көптік ұғымды білдіретін көп, талай, бірнеше т.б. сөздер мен зат есімнің тіркесуі аналитикалық форма құрай алмайтынын, себебі олар біртұтас сөз дәрежесіне жетпегенін, түрлі сөз таптарына жататынын айта келіп, көптік форма лексикалық (семантикалық) және синтаксистік тәсілдер арқылы жасала алмайтынын дәлелдейді. Ғалым көптік форма тек қана -лар/-лер жұрнағы арқылы ғана жасалатынын көрсетеді [175].
Байқап отырғанымыздай, көптік форманың берілу жолын (-лар/-лер) көрсетуі, жинақтық ұғымды сөздерге қос сөздерді ғана жатқызуы жағынан Қ.Кемеңгерұлы мен Ы.Маманов еңбектері өзара сабақтас. Ы.Маманов Қ.Кемеңгерұлы тұжырымдарын одан әрі дамыта түсіп, -лар/-лер қосымшасы жалғанған сөздердің мағыналық ерекшеліктерін түсіндіреді.
Сонымен қатар С.Исаев «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты» атты кітабында, А.Айғабылов «Қазақ тілінде грамматикалық сан-мөлшер категориясы бар ма?» деген мақаласында көптік жалғауының сөздерді байланыстырушылық қасиеті жоқтығын айта келіп, оны форма тудырушы жұрнақтар қатарына қосу керектігін айтады. Ендеше, көптік қосымшасын жалғаулар қатарында танымай, жұрнақ ретінде түсіндіруі жағынан С.Исаев, А.Айғабылов еңбектері Қ.Кемеңгерұлы сипаттамаларына ұқсас.
Қ.Кемеңгерұлы сын есім, есімше, тұйық етістіктердің т.б. көптеліп, септеле алатынын, яғни‚ бүгінгі тілмен айтқанда, олардың субстантивтенетінін көрсетеді. Мұндай тұжырым А.Байтұрсынұлы еңбектерінде де кездеседі. Ғалым көптік, септік т.б. жалғауларды қабылдап, зат есімнің орнына жүре алатын сын есімдерді «затсымақ сын» деп атайды. Кейінгі ғалымдардың ішінде Қ.Басымұлы, С.Аманжолов еңбектерінде де басқа сөз таптарының затсымақтану қасиеті туралы айтылады. Сонымен қатар бүгінгі таңдағы грамматикаларда да басқа сөз таптарының субстантивтенуі кеңінен сөз болып келеді.
Бұл орайда -лар/-лер қосымшасының мәні мен қызметін әлі де нақтылай түсу қажеттігі байқалады. Сонымен қатар «көптік ұғымның морфологиялық, синтаксистік тәсілмен берілуі» сияқты қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан үңіліп, көптік қосымшасының морфемалар жүйесіндегі орнын айқындау қажеттігі туындайды.
Қазақ тіліндегі көптік қосымшасы (-лар,-лер,-дар,-дер,-тар,-тер) үндестік заңына сәйкес жалғанады.
Сөздің соңы дауысты дыбысқа не үнді р, и, у-ға аяқталса, көптік қосымшасы -лар,-лер түрінде жалғанады. Мысалы: бала-лар, тау-лар, жер-лер.
Сөз соңы ұяң не үнді л, м, н, ң дыбыстарына аяқталса, көптік қосымшасы -дар, -дер түрінде жалғанады. Мысалы: қағаз-дар, шамـ-ـдар, аңـ-ـдар.
Сөз соңы қатаң дыбысқа не б, в, г, д дыбыстарына аяқталса, көптік қосымшасы -тар, -тер түрінде жалғанады. Мысалы: кітапـ-ـтар, клубـ-ـтар, мектепـ-ـтер.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет