Септік жалғауларының мағыналары мен қызметі Кестеде көрсетілгендей, қазақ тіліндегі жеті септіктің сұрақтары мен жалғаулары әр түрлі болғандықтан, мағыналары мен сөйлемдегі қызметі де бір-біріне ұқсамайды.
1) Атау септігі
Атау септіктің арнаулы қосымшасы болмайды, ол зат есімнің негізгі және туынды түбір тұлғасымен сәйкес келеді. Атау тұлғалы сөздер көпше (құстар, үйлер), тәуелдеулі (қарындасым, ағаң) түрде қолданыла береді.
2) Ілік септігі (-ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің) Ілік септік қашан да меншіктілікті білдіреді. Әдетте ілік септікті сөз тәуелдік жалғаулы сөзбен байланысып, меншіктенуші болып жұмсалады да тәуелдік жалғаулы сөз соның меншігі, соған қатысты зат ретінде қолданылады. Кейде ілік септік жалғауы жасырын тұрғанымен, онымен тіркескен сөздің тәуелдік жалғауы сақтала береді. Мысалы: ауыл тұрғыны, қыстақ бастығы. Ілік жалғаулы сөз кімнің? ненің?деген сұрақтарға жауап беріп, сөйлемде анықтауыш қызметін атқарады. Мысалы: Әсеттің әні қандай! Радионың даусы қатты шықты. 3) Барыс септігі (-ға, -ге, -қа, -ке, -а, -е) Барыс септіктегі сөз іс-әрекеттің кімге, неге бағытталғанын, мақсатын білдіреді. Барыс жалғаулы сөз кімге? неге? деген сұраққа жауап беріп, сөйлемде толықтауыш болса, қайда? неге? (не үшін?) деген сұрақтарға жауап беріп, пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалы: Досыма хат жаздым. Дала аппақ қарға оранды. Қысқы демалыста ауылға қайттым. Ол оқуға кетті. Барыс жалғаулы сөз дейін, шейін, тарта, қарай сияқты шылаулармен де тіркесіп жұмсалады. Мысалы: Аттылар ауылға қарай беттеді. 4) Табыс септік (-ны, -ні, -ды, -ді, -ты, -ті, -н) Табыс жалғаулы сөз үнемі сабақты етістіктермен байланысып, амалмен, іспен тікелей қатысты болады. Табыс жалғауы кейде жасырын жұмсалады. Мысалы: Кеше кітап оқыдым.
Табыс жалғауының түсірілмей, ашық келетін тұстары:
(1) табыс жалғаулы сөз жалқы есім немесе тәуелдік жалғаулы сөз болса: Бүгін Айманды көрдім. Дәрісханадан дәптерімді таба алмадым; (2) табыс жалғаулы сөздің алдында анықтауышы болса: Кешегі баланы көрдім. Бұл фильмді көрмедім; (3) табыс жалғаулы сөз бен оны меңгеріп тұрған сабақты етістіктің арасында сөз тұрса табыс жалғауы түспей қолданылады: Кітапты кеше оқыды. Табыс септіктегі сөз өбиектіні білдіреді де сөйлемде тура толықтауыш болады. Мысалы: Мен ауылымды сағындым. 5) Жатыс септігі (-да, -де, -та, -те, -нда, -нде) Жатыс септік тұлғасындағы сөздер қимылдың, іс-әрекеттің мекенін, көлемін, мезгілін білдіреді. Олар кімде? неде?деген сұрақтарға жауап беріп, сөйлемде мекен, мезгіл пысықтауыш, жанама толықтауыш қызметінде жұмсалады. Сонымен қатар жатыс септік қосымшасы жалғанған сөздер кейде қолдану ретіне қарай сөйлемде баяндауыш та болады. Мысалы: Ер азығы мен бөрі азығы жолда. 6) Шығыс септік (-нан, -нен, -дан, -ден, -тан, -тен) Шығыс септігіндегі сөздер қимылдың, іс-әрекеттің неден, қайдан шыққанын, мезгілін, мөлшерін білдіреді. Шығыс септікті сөз кімнен? неден? деген сұрақтарға жауап беріп, сөйлемде толықтауыш қызметін атқарса, қайдан? қашан? деген сұрақтарға жауап беріп, мекен, мезгіл пысықтауыш қызметінде жұмсалады. Мысалы: Досымнан хат алдым. 1-ақпанда Үрімжіден шықтық. Шығыс септік жалғауы жалғанған сөздер кейде баяндауыш та болады. Мысалы: Ол Шинжяңнан. Шығыс септігіндегі сөз кейін, соң, бері сияқты шылаулармен де тіркесіп жұмсалады. Мысалы: Ол сабақтан кейін кітапханаға барды. 7) Көмектес септік (-мен, -бен, -пен) Көмектес септігіндегі сөз а) қимылдың ортақтығын білдіреді: Ағаммен бірге келдім; ә) істің құралын, тәсілін білдіреді: пышақпен кесті; б) тасымал орнын білдіреді: ұшақпен, пойызбен келді, т.б.; в) істің мерзімін білдіреді: түнімен жүрді; г) заттың тегін, неден жасалғанын білдіреді: таспен қалады, алтынмен қаптады;ғ) қимылдың амалын, мақсатын білдіреді: қатты желіспен шапты, ашумен істеді, т.б.
Көмектес септікті сөз басқа сөздермен тіркесіп, түрлі мағына беруіне қарай, сөйлемде толықтауыш та, пысықтауыш та болады. Мысалы: Ауылға ұшақпен қайттым. Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық. Олар ішкі бөлмеге кезекпен кіріп жатыр. Көмектес септік жалғауы үндестік заңына бағынбайды. Сөздің соңғы буыны жуан болса да, жіңішке болса да -мен, -бен, -пен түрінде жіңішке жалғанады. Мысалы: Тауға атпен шықтым. Зығырды елекпен еледі. Көмектес септік жалғауы жалғанған сөзімен қосылып жазылады. Оларды жалғаулық шылаулардан (мен, бен, пен) ажырата білу қажет. Егер қатысты сөзді -мен,-бен,-пен тұлғасынсыз айтуға келсе немесе жәнесөзімен алмастыруға болса, ол көмектес септігі емес, жалғаулық шылау болғаны, сондықтан ол бөлек жазылады. Мысалы: Тақтаға бормен жаздым – Қалам мен қарындаш.