Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті Филология институты 6В01701 – Қазақ тілі және әдебиеті 202 топ студенті Сержан Аяжан Сержанқызы Эссе Мамандығым – тағдырым Мамандық – біздің өміріміздің үлкен бір бөлшегі іспеттес. Әрбір адамның өзінің сүйіп шұғылданатын ісі, адалынан нан табуға тырысатын кәсібі, өзінің жан қалауымен таңдаған мамандығы болады. Өмірде екі нәрсені таңдаудан қателеспеу керек деп жатадығой, соның бірі мамандық таңдау. Себебі, мамандықты өзіңнің ризашылығыңмен, қызығушылығыңмен таңдау қажет деп есептеймін. Егерде таңдаған мамандығыңа қызығушылықсыз, басқа мамандықты қалаған болсаң төккен еңбегің текке кететін болады. Өйткені, ішкі жан дүниеңмен істеген ісің жемісті болады.
Мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Өмірде тек екі нәрседен қателеспеу керек. Оның бірі жар таңдаудан болса, екіншісі мамандық таңдаудан. Бұлай айтылудың себебі сенің таңдаған мамандығың сенің болашағың. Қазіргі таңда мамандықтың түрі көп. Таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Әлемде 40 мыңға жуық әртүрлі мамандықтар бар.
Менің таңдауым ұлағатты ұстаз болу, білімге құштар әрбір білім алушыларды біліммен сусындатып, тәлім-тәрбие беру болды. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – қазақ жастарының өз ана тілін, қазақ тілін білмейтіні мені ойландырады. Сол себепті менің таңдауым қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беру болды. Қазіргі таңның өзінде көптеген балалар қазақ тілін білмейді, біліп тұрсада сөйлегісі келмейді. Мысалға, мектепке оқу әдістемелік тәжірибеден өтуге барғанда қазақ балаларының бір ауыз қазақша сөйлей алмағанын көріп іштей ойландым. 21 ғасырда осындай болса, келешекте біздің тіліміздің болашағы не болмақ. Сол себептенде балларға қазақ тілінен білім беріп, оларға әдебиетшілеріміздің еңбектерін, зиялыларымызды, әдеби тарихымызды үйреткім келеді.
Мен мамандық таңдаудан қателеспедім деп ойлаймын. Себебі оқыту бұл ұлағатты да ұлы іс. Ұстаздық, бала тәрбиелеу – зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және азаматтық құндылықтарды ұрпақ бойына дарыту. Алға талпынған оқушының алдында ұстаздың жауапкершілігі зор. Сондықтан, оқытушылық жолды таңдауда, алдымен, мың ойланып, жүз толғану керек. Өйткені, ол – жауапты мамандық. Адамның адам болып қалыптасуында үлкен рөл атқарады деп ойлаймын.
«Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» - деп бекер айтылмаған. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие - әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық. Ұлы ғалым да, ақын да, президентте ұстаздың алдынан өткен, оларға білім берген ұлы тұлға болып саналады.
Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді.
Ұлы мұғалім шабыттандырады – деп ұлы ғалым Уильям Уорд айтқандай, білім алып, осы мұғалімдердің барлығы болуға тырысатын боламын.