-қалы (-келі), -ғалы (-гелі) жұрнақты көсемше: Мұнда қызу жұмыс басталғалы, жастар да тыным таппады («Лениншіл жас»). Базарәлі елге келгелі, айдай уақыт өтті (М.Әуезов). -ып, -іп, -пжұрнақты көсемше: Мұрат шығып үлгірмей жатып, Вагонга Ержан кірді (Т.Ахтанов). Түнде жылқышы ұйықтап қап, қалың жылқы егінге түсіп кетеді (М.Әуезов).
-са, се жұрнақты шартты райлы етістік: Үлкен алаңға келсек, көп елдің спортшылары сапқа тұрып қалған екен («Лениншіл жас»), Жампейістің үйіне барсам, Абылайдан басқа қонақ жоқ екен (С.Мұқанов). Әрине, ондайда контекстік талдам көмекке келеді. Себебі шартты райлы етістіктің басқа да мағыналық қызметі бар. Мұндайда сыңараралық сұрақ қоюдың мәні зор.
- Етістіктің есімшелі түрі де мезгіл мәнін береді. Бағыныңқы сыңардағы есімшелер әр алуан септік жалғауларымен тіркесіп, бағыныңқының баяндауышы болады: әсіресе, жатыс жалғауы икемдірек келеді: Станциядағы екі жылдық училищеге оқуға бергенде, мен он жаста едім (З.Шашкин). Құсы да, иесі де қоразданар, алпыс екі салалы түлкі алғанда (Абай). - Мезгіл бағыныңқы сөйлем барыс жалғаулы есімшеге шейін, дейін шылауларының түйдектелуі арқылы да беріледі: Бұл кісі әбден орналысып болғанға дейін, сен ешқайда кетпе (Ғ.Мүсірепов). - Шығыс жалғаулы есімше де, оған соң, бері, кейін шылауларын тіркестіру арқылы да мезгілдік мағына жасалады: Бала би атқа мінгеннен, жұртқа хабар тарады («Қазақ әдебиеті»). Қабылдау салтанаты біткеннен кейін, бізді қала аралауға шақырды («Жас Алаш»). - Келер шақтық есімше мен қимыл есіміне бұрын шылауының түйдектелуі де мезгіл бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлем жасайды: Құнанбай ел жайлауға шығардан бұрын, былтыр өзі Қарашоқыдан көшірген Бөкенші, Борсаққа Жігітек жерінің жапсарынан жайлау берген болатын (М.Әуезов).
-ша-ше жұрнақты есімшенің мезгіл мағына тудыруы жиі: Бір тізерлеп отыра қалып, биені қалқанындай бетке ұстап кезеніп үлгергенше, алдыңғы қазытық аты биеден бір-ақ адымдай жер жанап өте шықты (Х.Есенжанов). - Өткен шақтық есімшеден соң кезде, күнде, уақытта, жақта, мезгілде, сағатта, минутта сынды мезгіл мәнді сөздердің түйдектелуі де мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас жасайды: Біз тың жерді игере бастаған кезде, жаңадан құрылып жатқан совхоздар үшін егіннің гектарына 8 центнерден өнім алуды белгіледік (газеттен). - Етістікке –ысымен, -ісімен қосымшаларының жалғануы да мезгіл бағыныңқы сабақтас жасайды: Бұлар далаға шығысымен, басқалар да кетіп үлгерісті («Қазақ әдебиеті»). «Аманкелдіге» келісімен, бұл арман шыңына жетті (Ғ.Мұстафин).
-с жұрнақты болымсыз етістіктің жатыс, шығыс жалғауларында келуі де мезгіл бағыныңқы сабақтас жасайды: Бірақ Федя бір жасқа шығар-шықпаста, Анна Павловна өлімші науқас болды (И.Тихонов).
Үш ай өтпестен, жігіт Лондондағы орыс елшілігінің кеңсесінен орын алды («Қазақ әдебиеті»).
-Бар, жоқ сөздерінің жатыс септікте келіп мезгіл бағыныңқы сабақтас тудыру қабілеті бар: Күн жоқта, түнде жүзген Ай да сұлу (Т.Жароков).