9-апта.
Ақтамберді жырау (1675-1768 ж.ж.) – Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі Қаратауда туған, 1768 жылы Семей облысының Абай ауданындағы Жүрекжота деген жерде қайтыс болған. Жорық жырауы, әскербасы, қоғам қайраткері.
Қазақ халқы басынан кешірген ұлы күйзелістер кезінде өмір сүрген Ақтамберді 17 жасынан бастап қалмақтармен, Орта Азия билеушілерімен болған шайқастарға қатысады. Бұл соғыстарда ол батылдығымен ерекшеленеді, кейінірек әскербасылық қабілетімен де көзе түседі. Талай-талай ұрыстарда ысылып, батыр атанған Ақтамберді жырау тарихқа «Ұлы апат жылдары» болып енген оқиғалардың ішінде жүрді. Жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушылардың бірі болды.
Жоңғар мемлекетін талқандап, Қазақстанның шығыс өңірін жау қолынан босатқаннан кейін, Ақтамберді жырау қазақтарды ежелгі ата-бабалары өмір сүрген қоныстарына орналастыруға белсене атсалысты.
Ақтамберді өз қарамағындағы қазақ руларын отырықшылыққа үйретуге тырысты. Бұл бағытта арық қазуды, бөген салуды ұйымдастырып, қазақтарды егін шаруашылығына үйретуді қолға алады.
Ақтамберді жырау туындылары негізінен нақыл-өсиет түрінде келеді. Олардан көшпелі қазақ халқының ой-арманын, мақсат-мүдделерін білуге болады. Көшпенділердің өміріндегі үй жануарлары, әсіресе жылқының орны мен рөлі туралы ой -толғаулары өзгелерден биік туады. Ол жылқы малын «ер қанаты» дей келе, оны жауға қарсы шапқан батырдың серігі ретінде суреттейді.
Ақтамберді жырларының арқауы батырлыққа үндеу, жауға қарсы соғысқа жігерлендіру болып табылады. Ол жоңғарлардың билігінде қалған қазақ далаларын азат етуді, қазақ халқының өрлеуін, жоңғар басқыншыларын толығымен жеңуді армандайды. Көптеген өлеңдерде қазақ халқын жауға қарсы жан аямай күресуге шақырады. Ақтамберді жыраудың сұрапыл соғыстар кезінде туындаған өлеңдері XVIIIғасырдағы қазақтардың жауынгерлік өр рухын дәріптейді.
10-апта.
Тәтіқара – Абылай ханның тұстасы. Қалмаққа қарсы жорыққа қатысып, сол жорықтарды жырлаған ақын. Шоқан Уалиханов Тәтіқараның кезінде ірі ақын болғандығын айта келіп, оны Абылай қолының жыршысы деп орынды ескертеді және Абылай қолының жаудан сасқан бір шағында айтқан Тәтіқара өлеңінің мазмұнын баяндап береді. Профессор Е. Ысмайылов та Бұхар мен Тәтіқараны өзі көрген жортуыл туралы жырлар шығарған эпик ақын деп санайды. «Ер Тарғын», «Қобыланды» жырларды оқиғаның куәсі болған Сыпыра жырау шығарып, ал онан соң Үмбетей, Тәтіқаралар жырлап таратуы ықтимал – дейді.
Академик Ә. Марғұланның ескертуі бойынша, Тәтіқара жырау – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жасаған қазақтың ірі ақыны, жыршы-импровизаторы. Оның өлеңдері мен жырларынан тек ауыз әдебиетінің ерекшеліктері емес, жазба әдебиетке тән сипаттар да байқалады.
Тәтіқара Бөгенбай қолымен қалмаққа қарсы шабуылдарға қатысып, өзінің жалынды жырларымен күреске аттанған. Шайқастың нақ ортасында жүріп, халықтың көңілін көтеріп, жігерін оятып отырған. Мысалы, оның бір жыры «Қамыстың басы майда» деп басталады. "Әдебиет және Искусство” журналында 1946 жылы (7–8 сандары) жарияланған, бір өлеңінің шығу тарихы осындай. Ол қазақ қолының қысылшаң жағдайға ұрынған кезінде, жауынгерлердің ерлік намысын ояту ниетінде айтылған жалынды сөз:
Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы болат найза.
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда.
Мұнда Тәтіқара қол бастаған батырлар ісін, олардың ерлік дәстүрін үлгі ете сөйлеп, қалың қолды ілгері ұмтылуға үндейді. Алдағы судан да, жаудан да тайынбай, батыл шабуылға бастайды. Қазақтың қайтпас батырларының аттарын атап, олардың өшпес даңқтарын үлгі етеді.
Тәтіқара – кезіндегі шындықты жасырмай жырлаған батыл ақын. Ол Абылай бастаған қолдың жаумен кейбір айқаста табансыздық көрсеткен жерлерінің де болғанын жасырмайды.
Кейбір қолжазба деректерде Тәтіқараны Абылайға сын сөздер айта білген батыл ақын етіп танытады. Асылы, Тәтіқара да Бұхар сияқты ханның астам көңілін басарлық ауыр сөздер айтуға батылы жеткен, беделді адам болса керек. Кей тұста ақын Абылайды жақтаушыдан гөрі әшкерелеуші, сыншы болып танылады. Әр тұста ол хан жағында бола бермеген. Батырлар жағын, әсіресе Олжабайды қолдаған. Ал Олжабай мен Абылай немесе Бөгенбай мен хан арасы ашылғанда түгел өзгеріп, халық мұңын көтеріп отырған. Абылайға көңілі қалған тұста. Ол өзінің үскідей өткір тілін қадап, оның кемістігін бетіне басады. Абылайдың асқан, тасқан көңілін басуды қолдап "қан талауға” салуды керек қылады.
Үш жүздің баласы
Ақылдасып қолдасып
Хан көтеріп еді —
Үш жүздің баласын
Бір ұлындай көрмеді.
Ат құйрығын күзеңдер,
Аллалап, атқа мініңдер,
Ханталау қылып алыңдар!
Ақынның бұл сияқты батыл әрекеттері, әрине, ханға ұнамайды. Асылы, осындай, өктем сөздерден кейін Тәтіқара мен хан арасы алшақтайды. Халық аңызы бойынша, Тәтіқара сарай маңынан біржола қуылып, жасы ұлғая келе жоқшылық көріп өледі. Тәтіқара шамамен 1780 жылдары 75 жаста дүние салады. Тәтіқара ішер асқа, қонақасыға, қонар қонысқа зар болып, өз еңбегімен күнелткен, қара лашықты кедей болып, қиындық көріп өлген, сонда да ешкімге бас имей өткен, өткір тілді шешен ақын болған.
Достарыңызбен бөлісу: |