Егіншілік. Көшпелілердің отырықшылануы қала өмірінің өркендеуіне ғана емес, егіншіліктің дамуына да әсер етті. Қала тұрғындары санының өсуі ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға шығаруды ұлғайтуды талап етті. Суармалы егіс жүйесі жетілдірілді. Х-ХІІ ғасырларда қалалар төңірегін сумен қамтамасыз еткен арықтар қазылды. Күрделі суландыру жүйесі Отырар аймағынан кездеседі. Бұл өңірден магистральды каналдар, субөлгіштер, суқоймалары, қыш суқұбырлары, суды көтеруге арналған қондырғылар табылған.
Қалалықтардың тұрмысында бақша, жүзім өсіру, егіншілік, жекеменшікте мал ұстау маңызды рөл атқарды. Х-ХІІІ ғасырдың басы — Орталық Қазақстанда да егіншілік мәдениетінің өркендеу кезеңі болды. Бұл аймақтың өзен аңғарларындағы көгалды алқаптардан суару жүйелері табылды. Осы кезеңде қолөнер, сауда және ауыл шаруашылығы орталығы ретіндегі қаланың рөлі артты.
X - XIII ғасырлардағы қолөнердің даму ерекшеліктері. Қалалар мен оның тұрғындары санының өсуі қолөнер түрлерінің дамуына игі ықпал етті. Х-ХІІ ғасырларда қолөнер шеберханаларының саны артты. Мұның өзі айырбас пен сауданың ұлғаюына әкелді.
X-ғасырға қарай Қазақстан аумағында мұсылмандық бейнелеу өнері қалыптасты. Бұл ою-өрнекке негізделген жазу мәнерін орнықтырды. Мұндай үлгі исламды қабылдаған түркі сәулет өнерінің өркендеген кезеңінде пайда болды. Орта ғасырларда зергерлік өнер ерекше дамыды. Зергерлер полихромдық үлгі дәстүрін жалғастырды. Далада үлкен сұранысқа ие айылбас, үзеңгі мен кісе белдік қаптырмалары, сырға және басқа да әшекейлер полихромдық үлгіде жасалды. Жетісу әсіресе күміс бұйымдар өндірумен әйгілі болды.
Алтын кен орындары ханның жекеменшігі деп есептелді. Олар жат елдіктерден қорғалды. Бұл жерлерден тіпті керуендердің өтуіне де тыйым салынды. Орта ғасырларда көркем қолөнер өркендеді. Жылтыр бояулы құймалы қыш пайда болды. Өрнек салынған әшекейлі сырлы ыдыстар кең таралды. Құмыра жасайтын шеберлер ыдыстарға түрлі геометриялық, зооморфтық (хайуанаттар бейнелі) және әріптік өрнектер салды. Қазақстан аумағында шыны бұйымдарды өңдеу IX ғасыр, ал олардың жаппай таралуы X-XII ғасырларға жатады. Бұйымдардың ең кең тараған түрлері көзе, құмыра, тостаған, шамдар болды. Терезе әйнектері де жасалды.
Металл өндіру мен ұсталық кәсіп ежелден Қазақстан тұрғындары қолөнер өндірісінің маңызды саласын құрады. Ұсталық ісі өрістеді. Ұсталар әдетте жеке махаллаларға қоныстанды. Мыстан жасалған бұйымдар өндіру әсіресе қалаларда кеңінен таралды. Қолөнершілер мыстан ыдыс-аяқ, әшекейлер, қоладан ғажайып шырағдандар жасады.
Көшпелілердің материалдық мәдениеті. Көшпелілер арасында қолөнердің тері мен жүн өңдеу, металл балқыту, ағаш пен сүйек өңдеу, зергерлік кәсіп түрлері кеңінен дамыды. Қолөнер өндірісінің ең ежелгі салаларының бірі — тері мен жүн өңдеу еді. Әдетте әр көшпелі қажетті заттарды өздері дайындай алды. Далалықтар киізден үйге қажетті жабдықтардан бастап киімге дейін өздері жасады. Рубруктың деректері бойынша, «қыпшақтар үйді ақ киізбен жапты, киізге жарқырап тұруы үшін жиі-жиі әктас, ақ топырақ және сүйек ұнтағын септі, олар кейде қара киізді де пайдаланды. Ою-өрнектер мен аң-құстың бейнесін салып, түсті киіз басты».
Киіз үй мен арба жасайтын қолөнершілердің ерекше тобы болды. Олар өз кәсібіне қажетті ағаш өсетін жерлерде тұрды. Қолөнершілер түрлі еңбек құралдарын пайдаланды. Арбалар мен киіз үйдің ағаш құрылымын жасап сатты немесе азық-түлік пен малға айырбастады. Олар көбінесе тапсырыспен жұмыс істеді. Көшпелі қауымдағы қолөнершілер құрал-сайманын алып, ауылмен бірге көшіп жүрді. Металл балқытушылар мен ұсталар шағын тұрақтарда отырықшы өмір кешті. Археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылған бұйымдар мен жазба деректер көшпелілердің күнделікті өмірі, шаруашылығы, діни наным-сенімдері, қолөнері туралы жан-жақты білуге мүмкіндік береді.
Рухани мәдениет. Исламның таралуы. Қазақстан аумағындағы ислам тарихы. Ислам - ең ірі әлемдік діндердің бірі. VIII ғасырдың басында арабтар Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аумағына жорықтар жасады. Арабтар Мауараннахр қалаларын басып алды. Кейінірек осы жерден мұсылман мәдениеті белсенді түрде тарала бастады. Түркілер мен арабтардың 751 жылы Атлах шайқасында Қытай әскерін жеңуі түркілер арасында ислам мәдениетінің таралуына ықпал етті.
Исламдандыру үрдісі баяу жүрді және оның өзіндік ерекшеліктері бар еді. Исламды біртіндеп әскери іс-әрекетпен емес, бейбіт жолмен тарату саясаты енгізілді. Бұл жаңа дінді қабылдау үрдісін жеңілдетті.
Қарахандық билеуші Мұса 960 жылы Исламды мемлекеттік дін деп жариялады. Қарахандықтардың саяси және әскери жетістіктері исламның Орталық Азияда таралуына ықпал етті. Х-ХІІ ғасырларда ортағасырлық қалаларда мешіттер мен медреселер салу ісі белсенді жүргізілді. Бұл кезеңде исламның кең таралғандығын археологиялық қазбалардан табылған тұрмыстық заттар да дәлелдейді. Мәселен, ескі қола айнада «кімде-кім Аллаға сенсе, оған қауіп жоқ» деген араб сөзі жазылған. Түркілердің ежелгі діни сенімдері тәңіршілдік еді. Түркі исламы тәңіршілдік пен исламның жиынтығы болып табылады.
Түркілер исламды қабылдады, бірақ олардың діни нанымы Ш. Уәлиханов байқағандай, қосарлы сипатта болды. Түркі халқы жаңа дін исламға тәңіршілдік белгілерін бейімдей алды. Қыпшақтар қоныстанған солтүстік аймақтарға ислам кейінірек енді.
Достарыңызбен бөлісу: |