7-тақырып. Орта Азияның ортағасырлық мәдениеті



бет5/6
Дата09.03.2022
өлшемі1,62 Mb.
#27284
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
7-Лекция

Жібек жолындағы қалалар. Ортағасырлық авторлардың деректері мен археологиялық қазба жұмыстары Жібек жолы бойындағы халықаралық сауданың IX ғасыр мен XIII ғасырдың басында ерекше дамығандығын айғақтайды. Испиджаб, Кедер, Отырар, Тараз, Науакент, Баласағұн қалалары ірі сауда орталықтары саналды. Осы кезеңде Шу, Талас және Сырдария алқаптарында қала орталықтары қалыптасты. Бұл қала орындары Арал бойындағы құрғақ, шөлейт аймақтарда жақсы сақталған. Ұлтаралық және дінаралық төзімділік, өзге халықтың салт-дәстүріне құрметпен қарау Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың басты ерекшелігі болды. Каратада Ұлы Жібек жолы және Қазақстанның ежелгі қалалары көрсетілген.

II - V ғасырларда Жібек жолы сауда керуені шығыста Хуанхэден басталып, Қашғария мен Ферғанаға, одан әрі Самарқанд, Бұхара арқылы Сирияға өтті. VІ-ХІІІ ғасырларда Қытайдан Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы Батысқа өткен жол қызу тіршілікке толы болды. Жолдың мұндай сипаты бірнеше себептермен түсіндіріледі. 



Біріншіден, Жетісуда түркі қағандарының ордалары орналасты. Олар сауда жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті. 

Екіншіден, VII ғасырда Ферғана арқылы өтетін жол өзара қақтығыстар салдарынан қауіпті еді. 

Үшіншіден, бай түркі ақсүйек қауымы теңіздің ар жағынан келген тауарларды көтерме бағамен сатып алып отырды.

Жібек жолы жүзжылдықтар бойы өзгерістерге ұшырады. Жолдың бір бөлігінің маңызы ерекше артса, кейбірі, керісінше, жойылып кетті, ал енді бірі құлдырады. Мәселен, VI-VIII ғасырларда негізгі жол Иранды айналып өтті. Бұл Батыс Түрік қағанаты мен Византияның осы елге қарсы жасалған әскери-сауда одағына байланысты болатын. Құрлықтағы саяси жағдай елшілер мен көпестердің және басқа сапарға шыққан адамдардың жол бағыттарын таңдауынан айқындалды.

VI ғасырдың екінші жартысында түркілер Ұлы Жібек жолының біраз бөлігіне иелік етті. Нақты осы түркі кезеңінде Қытайдан Жетісу арқылы батысқа және Қазақстанның оңтүстігіне өткен Ұлы Жібек жолы бойында жандану байқалды. Бұл жолдың негізгі бөлігі еді және керуен саудасы мен елшілік сапарлары VІ-ХІІІ ғасыр басында осы жермен өтті. Бұл жағдай Жетісу мен Қазақстанның оңтүстігінде ежелгі қалалардың тез өсуіне жеткізді. Орта ғасырлық Сырдария қалаларына қазба жұмыстарын жүргізген кезде табылған заттар халықаралық сауданы зерттеуде маңызды дереккөздері болып табылады. Осындай жәдігерлердің қатарына Отырардан табылған күміс көмбе жатады. Күміс теңгелер Түркістан қалалары мен Кіші Азия, Еуропа және Еділ бойы қалаларының ақша сарайларында дайындалды. Қазбалар барысында тұрмыстық және зергерлік бұйымдар табылды. Оны Ұлы Жібек жолындағы қалалардың өзіндік «сыр сандығы» деуге болады.

Ұлы Жібек жолының бағыттары. Ұлы Жібек жолы жүйесіне керуен жолдарының бірнеше тармақтары енді. Бұл тармақтар тау жоталарындағы түрлі асулар арқылы шөлді айналып өтті. Жібек жолы Арал теңізі жанынан өтті. Сырдария жағалауымен, одан Шудан Жетісу арқылы Жоңғар қақпасына жетті. Осы аймақ Үндістанның түрлі дәмдеуіштер өндірілетін өлкесі мен тұт ағашы өсетін Сары өзеннің (Қытай) жағалауларына апаратын ең ыңғайлы жол болып есептелінді. Талас алқабындағы Тараз қаласы түргеш, қарлұқ, кейін қарахандықтардың экономикалық және мәдени орталығы болды. Сауда жолы Тараздан солтүстік бағытта Ертіске, одан әрі Енисейдегі қырғыздарға өтті.

VII ғасырдағы Қытай жол көрсеткіш кітапшасында «Ақ өзендегі қала» Испиджаб көрсетілген. Оны кейін «Сайрам» деп атаған. Испиджаб ірі негізгі сауда орталығы болды. Осы жерден жол одан әрі Сырдария арқылы өрлеп, Арал бойына жетті. Сырдария жағалауымен өткен керуен жолында ірі қалалар Отырар (Фараб) мен Шауғар орналасты. Бұл қалалардан оғыздар орталығы Янгикент қаласына қарай жол өтті. Х-ХІІ ғасырларда Ұлы Жібек жолының бұл тармағында Сауран, Жент, Ашнас сияқты қалалар бой көтерді.



Жібек жолы тек сауда жолы болып қана қалмастан, дүние жүзі өркениетін тоғыстырып, адамзат қоғамының дамуына өшпес үлес қосты. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларының Византия, Иран, Орта Азия, Кавказ, Алтай, Сібір, Шығыс Түркістанмен тығыз сауда байланыстары болғандығын ежелгі қолжазбалардағы мәліметтер дәлелдейді. Шаштан (Ташкенттен) жол Гизгирдқа, Испиджабқа келіп, одан әрі керуен Таразға бағыт алған. Тараздан солтүстікте Адахкет, Дех-Нуджикет қалалары орналасқан қимақтарға, оңтүстікте өздерінің туған өлкесінде - Шельдяни, Куля және т.б. қалаларға тірелген. Сондай-ақ Тараздан Төменгі Барысханға, одан әрі Құлан, Мерке арқылы Аспараға жететін болған. X-ғас. бастап Ӏле жазығындағы сауда жолы арқылы керуендер жүре бастайды. Осы жерден Ӏле Алатауының көпестері қазіргі Алматы мен Талғардың елді мекендеріне жолға шыққан. Талғарда жол қазіргі Шелек, Есік, Кеген аудандарында, Подгорныйға, одан әрі Шонжаға иек артады. Алакөл ауданында жол тармақталады. Екіөгіз, Қиялық, Көктем керуен жолдарымен Шығыс Түркістанға, Алтайға, Моңғолияға шығуға болатын еді. Сырдария қалаларын байланыстыратын жолдардың маңызы орасан зор. Ол Испиджабтан басталып, солтүстік-батыста - Арсубаникент, Арыс, Кедер, Шавгар, Сауран, Сығанаққа әкелетін. Сығанақтан Жентке және Янгикентке тірелген. Исфиджабтан солтүстікке қарай түскен жол Қүмкент, Аба - Ата, Созаққа барады. Одан әрі Орталық Қазақстанның жазық жерлері арқылы Кеңгір, Жезді, Нұра далаларына шығады. Атаулы керуен жолы XX ғ. басына дейін сақталып келді, тіпті, Ресей, Қазақстан және Орта Азияның қалалары мен елді мекендерін байланыстырып отырды, оған жақын жерлерде жәрмеңкелер ұйымдастырылды.Ұлы Жібек жолы көп халықтардың мәдениетін түйістіруімен бірге оның табиғатының ерекшеліктерін анықтауда тарихи қызмет атқарды.

Жібек Жолы географиясы Еуропадан басталып Мысыр, Сомали, Иран, Ауғанстан, Орталық Азия, Пәкістан, Үндістан, Бангладеш, Java-Индонезия және Вьетнам елдері арқылы, Қытайға келіп жетеді. Жер бетіндегі жолдары қызыл, ал теңіз беті жолдары көк түспен көрсетілген.





7.4. Орта ғасырдағы Батыс Европа мәдениеті. Романдық стилдегі ірі соборлар мен шіркеулер. Орта ғасырдағы Батыс Еуропа мәдениетінің қайнар бұлағы - романдық бастаудан нәр алатын Батыс Рим империясының мәдени дәстүрлері болып саналады. Орта ғасыр дәуірі мынадай үш негізгі кезеңнен тұрады:

1. Басталуы орта ғасырдағы кезең дәуір басынан басталып, X-XI ғасырға дейін.

2. Жоғарғы (классикалық) кезең ХІ-ХIVғасырлар.

3. Кейінгі орта ғасыр кезеңі ХІV-XVғасыр аралығында қамтиды.

Бірініші кезеңде: Орта ғасыр мәдениетінің басты ерекшелігі-мәдениеттің діннің ықпалында болуы болды. Яғни христиан діні және христиан шіркеулері қоғамда ерекше роль атқаруда болды. Бұл кезеңде «Роман стильі» қалыптаса бастады. «Роман стильі» сөзінің мағынасы «Рим мәдениетінің мирасқоры» дегенді білдіреді.

ХІ-ХІІІ-ғасырда Роман стильі сәулет өнерінде, мүсін өнерінде, ірі собарлар құрылысында кең етек жайды. Бұл кезеңде діни шіркеулер салуға ерекше бет-бұрыс кезені болды. Әсем шіркеулер салуда ою-өрнекпен ғимараттарды түрлендіруді қолға алынды. Орта ғасыр шіркеулері тасты күмбездерден салды.

Орта ғасырлық Еуропа қоғамы - діни қоғам болды, міне сондықтан да орта ғасырлық еуропалықтар нағыз діндар адамдар болды. Ғалым С. Аверинцевтің пікірі бойынша; «біздер күнделікті өмірде жаңадан шыққан газеттерді қалай үзбей оқитын болсақ, оларда Библияны (Інжілді) сондай құштарлықпен үлкен үміт-сеніммен оқитын болған»- деп жазады. Демек, орта ғасырлық рухани мәдениетте христиан діні орасан зор рөл атқарды. Осы дәуірдегі христиан идеологиясының адамгершілік бағыты - «Сенім», «Үміт» және «Махаббат» үштігінің бірлігіне тікелей байланысты болды. Бұл «Үштіктің» ішінде «Сенімге» үлкен мән беріліп, ол құдай жолына апарар «рухтың» ерекше бір жағдайы деп қарастырылды. Ал «Үміт» болатын болса, ол құдайдың көмегімен күнәдан арылуға тікелей байланысты. Бұл жолда қасиетті шіркеудің қағидалары мүлтіксіз орындалуы және тағдырға бой ұсынушылық басты шарттар болып саналады. «Махаббат» болса, ол ең бірінші кезекте құдай тағалаға деген махаббат, бұл адам баласының құдай жолына деген талпынысы болып табылады.

Ортағасырлық мәдениеттің басты ерекшелігі - мәдениеттің діннің ықпалында болуында, яғни христиан діні мен христиан шіркеуінің қоғамда ерекше рөл атқаруында. Рим империясы құлағаннан кейінгі мәдениеттің жаппай құлдырау процесі етек алған жағдайда, діни шіркеулер Еуропа елдері үшін жалғыз әлеуметтік институт болып қалды. Христиан шіркеулері үстемдік етуші саяси институт болуымен қатар, адамдар санасына да мейлінше ықпал етті. Өмірдің қиын жағдайында қоршаған дүние туралы білімнің шектеулі болуы, тіпті оған қол жете бермейтіндей жағдай орын алған кезде христиан діні халыққа дүние жөнінде, онда үстемдік ететін күштер мен заңдар жайында біртұтас білімдер жүйесін ұсынды. Бұл тарихи дәуірде шіркеу соборларында христиандық діни-уағыздардың басты қағидалары сенім-белгілері қабылдана бастады. Бұл қағидаларды барлық христиандар орындауға міндетті деп жарияланды. Христиандық ілімнің негізі - Иисус Христостың тірілгеніне, о дүниедегілердің тірілетініне, құдіретті «Үштіктің» бар екендігіне көміл сену болып саналды. «Үштік» ұғымы құдайдай дәріптелді. Ол өзінің үш бейнесінде де біртұтас: өйткені дүниені жаратушы: құдай-әке, құдай-бала, касиетті Рух және күнәларды өтеуші Иссус Христос - әрі мәңгілік, әрі бір-біріне тең. Христиан діні адам өзінің табиғатынан-ақ әлсіз және күнә жасауға бейім тұрады, міне сондықтан да оны шіркеудің көмегімен ғана құтқарып қалуға болады, деп үйретті. Шіркеудің коғамдағы ықпалы әр елде әртүрлі болғанымен тұтастай алғанда өте күшті болды. Жалпы алғанда, ортағасырлар дәуіріндегі еуропалық қоғамның бүкіл мәдени өмірі христиан дінімен тығыз байланысты болған, ал мұндай жағдай, яғни діннің дәл осындай биік дәрежеге көтерілуі ежелгі дүниеде де болмаған еді.

Шіркеу ілімі қоғамдық ой - сананың басты ұйтқысына айналды және философия, логика, жаратылыстану сияқты ғылым салалары христиан дінінің негізгі қағидаларымен сәйкестендірілді.

Батыс Еуропаның орта ғасырдағы өнер тарихына Франция мемлекеті шешуші рөл атқарды. Романдық стильдің аса көрнекті үлгісі - Париждегі Нотер-дам (Құдай-ана) шіркеуі болды. X-XII-ғғ.сәулет ғимараттарының материалы, негізінен, тастан болды, ал төбелері крест арқалы тәсілмен тұрғызылды. Бұл әдіс орта ғасырларда романдық стильмен қолданылған. Сәулет өнерінде романдық өнердің негізгі ғимараттары - ғибадатханалар мен шіркеулер болды. Олардың кұрылысы ерекше еді. Орта ғасырлардағы тұрғызылған алғашқы шіркеулер өте ауыр, қалың тастардан қаланды.

Осы кезеңде кітап безендіру ісі де жоғары сапаға ие бола бастады. Көбінесе монастырьларда монахтар "Библияны", тағы басқа кітаптарды көшіріп, көркемдеді. Мұндай кітап көркемдеуді "Миниатюра" деп атады.

Ұлттық көркемділік даналықты айқын танытатын романдық өнер - Германияда да кең етек жайды.1174-1234 жылдары салынған атақты «Вармс Соборы» болды. Собор қала үстінде қалықтап тұрғандай әсер береді. Италия еліндегі романдық стильде салынған. Флоренцияда салынған «Сан Миятьо» шіркеуі де романдық стильде салынған.

ХІХ ғ. өмір сүрген француз сәулетшісі О.Роденнің пікірінше: «Романдық сәулет өнері адам өмірінің бір қалыптылығын,тұрақтылығын паш ететін үнсіздігінен адамның мысын басып,оны шабындыра білді», деп жазады.

Орта ғасырдағы Батыс Еуропада шіркеулер салуда кең етек алған роман стильінің жалғасын «готикалық стиль» жалғастырды. ХІ-ХVI ғғ. пайда болған Еуропада «Готикалық стиль» өзінің алып асқақтығымен, әрі әсемділігі мен таң қалдырды». Романдық стильдің табиғи жалғасы ретінде үш ғасыр бойы Францияда салтанат құрған «Готикалық стиль» (гот тайпалық атымен аталған) өмірге келеді. Готика өнері алғаш Францияда жақсы дамып, кейіннен ол басқа елдерге тарады және XVI ғасырға дейін созылды. «Готика өнері» өзінің ерекшелігімен роман ағымынан дараланып тұрады. Сонымен қатар оның ғасырдан ғасырға өткен сайын көтерілгені, дамығаны байқалады. Мұндағы роман стилі ауыр қорғандардай монументтігімен көзге түссе, готика ағымы биік сымбатымен, аспанға ұмтылған инедей үңкір мұнараларымен таңырқатады. Роман мен готика ағымындағы ғимараттарды салыстыра қарастырсақ, ерекше қасиеттерді көруге болады. Роман ағымында салынған сәулет ғимараттарында ауыр төбені ұстап тұру үшін терезелер аз жасалынған. Ал готика стильінде терезелер өте үлкен, биік және жиі орналасқан. Кіре беріс есігінің маңдайша арқасы үшкірленіп бітетіндіктен, готика стильінде салынған ғимараттар өте жеңіл және әдемі көрінеді. Готика соборлары үшкір, ұзыншақ болып келеді. Готика стильіндегі салынған Сан-Франческо шіркеуі Италияның Ассизия қаласында орналасқан. Шіркеу әулие Франческо мазарының үстіне, 1228 жылы салынған. Сан-Франческо шіркеуі ЮНЕСКО- ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген және христиандардың Италиядағы мінәжат ететін жері болып табылады. Төбенің үстінде орналасқан бұл құрылыс «жоғарғы шіркеу» және «төменгі шіркеу» деген екі бөліктен тұрады. Сонымен қатар әулиелер жерленген жеке бөлме бар. Жоғарғы шіркеу ежелгі готика үлгісінде салынған. Жоғарғы және төменгі шіркеулер фрескалармен әсемделген және Рим, Тоскан суретшілерінің ортағасырлық туындыларымен безендірілген. Шіркеу орналасқан төбе «тозақ төбесі» деп аталған. Өйткені бұл жерде бұрын қылмыскерлер өлім жазасына кесілген болатын. Кейін, шіркеу құрылысы біткен соң, төбе атауы «жаннат төбесі» деп өзгертілді. Сан-Франческо шіркеуінің сәулеті, сыртқы түрі ерлердің Қасиетті Франциска монастырына қатты ұқсайды. Шіркеу үлгісін әулие Франческоның шәкірті Илиа Бомбардон сызып шыққан. Құрылыс жүмыстарының сапасы мен мерзіміне қарай отырып, сол заманда Италиядағы сәулет өнерінің жоғары деңгейде болғанын анықтауға болады. Төменгі шіркеу Рим үлгісінде салынған. Негізінен аркалар мен күмбездерден тұрады. Шіркеу құрылысы 1228 жылы басталған және әулие Франческоның рухына арналған. Төменгі шіркеуге кіре берістегі үлкен арка готика үлгісінде жасалған.







Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет