79.Тілдегі актив және пассив лексика түсінігіне қатысты ғылыми пікірлерді саралаңыз. Сөздің актив қабаттан пассив қабатқа өту себептерін түсіндіріңіз.
Актив сөздер – күн сайын жиі қолданылатын сөздер.
Ауызша сөйлеуде (оның диалог және монолог түрлерінде де) актив және пассив сөздер болады.
Пассив сөздер сирек пайдаланылатын, мән-мағынасын түсінгенмен, күн сайын қолданылмайтын сөздер. Мұндай сөздерге, көбінесе, ғылыми-техникалық атаулар және ескірген сөздер жатады.
Тілдегі сөздің көнеруі не бір жолата жоғалуыкүрделі құбылыс, ол өте ұзақ уақытты қажет етеді. Белгілі ұғымның көнеленуіне байланысты оны аңғартатын сөздің де қолданысы сирей бастайды. Демек актив қабаттан пассив қабатқа көшеді деген сөз. Одан әрі бірте-бірте ұмыт болып, тілде бүтіндей қолданылудан қалады, бірақ бұл процесс әр кезде бұл қалыппен жүре береді деуге болмайды. Кейде сирек қолданысқа түскен сөз актив қабатқа да оралуы мүмкін. Мысалы Айтбай Айғабылұлының деректеріне сүйенсек әулет сөзі бұрын «бір атаға жататын үрім бұтақ, тұқым зәузат» деген мағына беріп, рулық дәуірде актив сөздерге жатса.
Қазан төңкерісінен кейін сирек қолданылатын, тек өткен дәуірді суреттейтін шығармаларда кездесетін сөзге айналып еді. Қазір шахтерлер әулеті, қойшылар әулеті сияқты тіркестерде жиі қолданылып жүр.
Көнерген сөздерді Айтбай Айғабылұлы түсінікті, түсініксіздігіне қарай көне сөз,
көнеленген сөз деп екіге бөліп зерттеген.
а) Көне сөздердің мағынасы түсініксіз, олардың мағынасын тек этимологиялық талдау
арқылы ғана анықтауға болады. Ондай сөздер сөз тіркестерінде жиі кездеседі. Мысалы:
түмен басы (он мың), көз шірімін алу, кежегесі кейін тарту, сазасын тарту (жаза),кебін киген келеді, кебенек киген келмейді, аунап-қунап (сергу), қару-жарақ асынып (құрал).
ә) Көнеленген сөздердің қолданылудан қалғанмен мағынасы аздап түсінікті болып
тұрады.Мысалы, сауға (араша),ұлы (балық),садақ,жақ,жебе,сауыт, берен т.б.Мысалы; Ғ.Қалиев пен Ә.Болғанбаев тарихи сөздерді ішінара үш топқа бөліп зерттеген.
а) Әкімшілік, ел басқарумен байланысты туған тарихи сөздер: хан, ханша, ханзада, тақ ,тәж, уәзір, бек, бегзада, датқа, патша, ағасұлтан т.б.
ә) Әскери атақ пен қару-жараққа қатысты тарихи сөздер: садақ, жақ, жебе, қорамсақ,
оқшантай, сауыт, қалқан, айбалта, найза, жасақ, қосын, шеру, дулыға, байрақ, адырна, қозыжауырын, ақберен, шарайна, наркеске, кіреуке, аламан, алдаспан т.б.
б) Кеңес тұсында пайда болған тарихи сөздер: нарком, губком, совдеп, рабфак,
жалком, отарба, тоз, кедейлер комитеті, партия ұясы, қызыл әскер,қызыл отау, НЕП, қосшы, өзара салық, ұя хатшы, саужай т.б.
Тарихи сөз зат-ұғымның ескіруіне байланысты болса, архаизмдер ұғымның емес,
атаудың ескіруіне байланысты қалыптасады. Архаизмдер халықтың күнкөріс тіршілігіне, салт-сана тұрмысына, әдет
ғұрпына, дүниетанымына қарай әр дәуірде өзгеріп, басқаша сөздермен ауысып отырған немесе ескіріп біржола қалып қойған сөздер. Қазақ тілінде архаизмдердің мынадай түрлері бар.
а) Мата-кездеме атауларымен байланысты архаизмдер: торқа, мақпал, шайы, пайы,
мауыты, биқасап, борлат, ләстек, ақсаң, репес, манат, дүрия т.б.
ә) Салт-сана, әдет-ғұрыпқа қатысты архаизмдер: сауын айту, ұрын бару, жылу жинау,
жарысқазан, томыртқа т.б.
б) Киім-кешек, ыдыс-аяқ атауларына қатысты архаизмдер: шидем, шекпен, күпі, кебіс,
сәукеле, жарғақ, аба, кісе, қоқы, жағлан т.б.
в) Діни ұғымға қатысты архаизмдер: қиямет-қайым, мүфти, сәресі, дем салу, аптау т.б.
Көнерген сөздердің кейбіреулері жаңа мағына алып сөздік құрамдағы актив сөздердің
үйіріне қайта қосылуы мүмкін. Мәселен, жасақ деген архаизм қайтадан тіріліп, жасақшы деген жаңа сөз жасалады.Төре дегеннен төреші(арбитор)деген неологизм туып қалыптасты.
Бұған қарағанда көнерген сөздер де тарихи өзгеріп отыратын лексика-семантикалық
құбылыс екендігін көреміз.
Достарыңызбен бөлісу: |